Құт қонған Қарағанды

Құт қонған Қарағанды

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты дәстүрлі экспедициясы Қарағанды облысында

«Qazaqstan dauiri» газеті 17 жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясын үздіксіз жалғастырып келеді. Биыл да бұл экспедициямыз «Ауыл аманаты – ел аманаты» деген атпен жолға шықты. ҚР Ауыл шаруашылығы, ҚР Оқу-ағарту министрліктері, Ардагерлер кеңесі, «Аманат» партиясы, «ЕлАна» әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен  «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты экспедициямыз Ұлт ұясы Ұлытаудан кейін қасиетті Арқа елінде жалғасын тапты. Қарағанды өңіріндегі сапар алдыменен Шет ауданының Ақсу-Аюлы селосында тұрғындармен кездесуден басталды. Экспедицияны аудан әкімі Мұхит Сайлауұлы Мұхтаров қарсы алып, кездесуге өзі қатысып,  ауданның негізгі көрсеткіштері жайлы айтып берді. Қарағанды облысы бойынша «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Б.Алтынбековтың төрағалығымен және қоғамдық кеңес төрағасы, ауыл ақсақалдары, сала бөлім басшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты. Сондай-ақ, жиынның мақсаты ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын насихаттау, ауылшаруашылық саласының дамуы, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ауыл мектебінің қазіргі жай-күйі және «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы сынды мәселелер талқыға салынды. Сонымен қатар кездесуге қатысқандар арасында аталмыш мәселелерге байланысты туындаған сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауабын ала алды.

Экспедиция мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын насихаттау. Ауылшаруашылығы саласының даму бағдары, ауылдардағы жаңашылдықтар, игі істерді,  көкейтесті мәселелерді көтеру, жаңа ауылдың бейнесін,  инфрақұрылымын, структурасын жасау. Сондай-ақ, жоба жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіріп, кәсіпкерлердің іскерлігі, көкейтесті мәселелері, жаңашылдықтары туралы насихаттауды көздейді. Осылайша, жастарды ауылға тартып, жұмыссыздықты азайтуға деген жаңаша ұсыныстарды көтереді. Бұл ауылдарды түлетуге мүмкіндік береді.

Ауылды дамытатын – сонда тұратын азаматтар

Қашанда халқымыз үшін ауыл руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Ауыл идеологиясы ұлт пен мемлекеттің идеологиясының мәйегі, күретамыры және өркендеу түбірі болып келді. Ал ауылды дамытатын, жанашырлықпен қарайтын сол жердің тұрғындары екені сөзсіз. Осы тұрғыда Шет ауданында көтерілген өзекті мәселенің бірі осы, мемлекет тарапынан ауылға қолдау жоқ емес, бар. Бірақ шаруа қожалықтарына берілетін субсидия, гранттар жергілікті әкімнің рекомендациясымен берілсе деген ұсыныс көтерілді. Ауылдың дамымай отырғанының себебі – шаруалардың кепілге қоятын дүние-мүлкі банкте және АКК-да көк тиынға бағаланады. 5-10 млн теңгеге бағаланған жағдайда ауылды көркейту мүмкін емес. Ал қазір мемлекет 2,5 пайызбен 5 млн теңге беріп, ауылды жарылқамақшы. Ауылды дамыту үшін мемлекет бірінші кезекте заңмен реттеп, кепілсіз қаражат беруі керек. Ауылдарға адам тарту мәселесі де өзектілігін әлі күнге дейін жойған жоқ. Шет ауданы әкімінің айтуынша, шаруа қожалыққа беріліп жатқан мүмкіндіктер аз емес, мысалы айлығы 300-400 мың теңгені құрайтын тракторшы шаруалардың бос жұмыс орындары толып жатыр екен.

 

Алаштың алтын бесігі – Ақтоғай

Экспедициямыздың келесі аялдаған жері Ақтоғай ауданы болды. Бұл аудан орталығына тоқтай сала алдымыздан Алаш алаңы қарсы алып, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының атамекені деген жазу көзге түскенде ерекше сезімге бөліндік. Осы уақытқа дейін бірі білсе, бірі білмес, алаш қайраткері, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, ұлт-азаттық күресінің саяси ұйымдастырушы-жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлының арғы атасы Бөкейханды 14 жасында Абылайдың ақылшысы, даланың данагөй абызы Қазыбек би мен шекшек Нұралы би 1748 жылы Самарқанның билеушісі Көкжал Барақтан болашақта Орта жүзге хан сайлау үшін қаракесек еліне алып келген. Осылайша қазақ жерінің жазиралы өңірі Қарқаралының құйқалы пұшпағы төре тұқымдарының құт-берекелі қонысы болған. Расымен де Алаштың кіші отаны десек те артық кетпеспіз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» депті бабаларымыз. Одан бөлек алашқа есімі мәшһүр Қарамеңді, Жидебай, Сана, Шабанбай, Жалаңтөс секілді би-шешен, батыр-баһадүрлер ел бірлігін ту еткен, Әлихан, Әлімхан, Ақбайдың Жақыбы тәрізді Алаштың көсемдері дүниеге келіп, кіндігін кескен, Күләш, Манарбек, Әсет, Шашубайдай бұлбұл үнді әншілер, Нарманбет пен Жазықтай дүлдүл ақындар, Аққыз бен Мағауиядай бармағынан бал тамған күйшілер шыққан Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына біз де ел аманатын арқалап келіп қалдық. Ақтоғай ауданының тұрғындары мен аудан әкімі Руслан Айтыкенұлымен кездесуден кейін байқағанымыз қазақы қаймағы бұзылмаған, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ауылдың бірі екен. «Текті жердің баласы тектілігін жасайды» демекші, бұл ауылда біз көтеріп жүрген мәселенің бірі ұлттық идеологияның қайнар көзі екеніне көзіміз жетті. Қазіргі кезде дүрбелеңі көп бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұрамыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбеюде. Әсіресе жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! Кезінде Семенов-Тянь-Шанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» – деген екен. Біздің экспедициямыз көтеріп жүрген мәселенің бірі – білім саласы. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 7724 мектеп бар, оның ішінде қалалық жерде – 2445, ауылдық жерде – 5279 мектеп бар екен. Бұл барлық мектептің 75 пайызы. Демек, орта білімнің деңгейі ауыл мектептерінің аяқ алысына, жалпы жағдайына тікелей байланысты. Осыдан-ақ ауыл мектебін елдегі барша білім ошағының діңгегі деуге болады. Ал оның ахуалы қалай? Оқушы санының жылдан-жылға азаюы білім сапасына да, ауыл мұғалімдерінің айлығына да әсер етеді. Мұғалімдердің айтуынша, мектепте 1 ғана 11-сынып бар, көп сыныптарда оқушы саны аз. Сыныпта бос парталар көбейген сайын қорқыныш үдей түседі. Себебі мектеп жабылса, ауылдың іргесі құлайды. «Бастауыш сыныптарда 6-8 оқушыдан отыр. Келесі жылы сынып болу-болмауы белгісіз. Мұның себебі, қазір халық көбіне облыс орталықтарына немесе ірі қалаларға қоныс аударғысы келеді. Шалғай елді мекендерден көбі қашады», – дейді педагог. Сөзінің жаны бар, «100 мектеп» бағдарламасымен салынған алыс ауылдағы мектептердің ашылуынан жабылуы жылдам болған жайттар кездеседі. Өйткені оқушы жоқ, осындайда жергілікті атқарушы органдарға мемлекет қаржысын тиімді пайдалануды тапсырған ескертулер еске түседі. 

Ал қала маңындағы ауылдарда керісінше бала саны көп, орын жоқ. Неге? Өйткені алыс ауылдан дорбасын арқалап, қалаға көшкісі келгендер шаһар ортасынан үй алуға немесе салуға қалтасы көтермегендіктен, іргедегі елді мекендерге қоныс тебеді. Бірақ жергілікті әкімшілік мәселені шешуі керек қой. Күні кеше ғана мемлекет басшысы да педагогтер съезінде осы мәселені көтерген болатын: «Тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды. «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет», – деді Президент. Ауыл мұғалімдерінің тағы бір проблемасы – ғаламтор мәселесі. Білімді цифрландыру жайлы сөз қозғалып жатады. Бірақ жапондардан озып тұрған ғаламтормен оны жүзеге асыру мүмкін емес. Педагогтердің «қағазбастылықтан арылайық» деген бастамасымен қолға алынған дүние сол мұғалімдердің қолын байлап отыр. Анығында, ауыл мұғалімдерінің қолында тұсау бар. Осыдан кейін ауыл мектептерінің мәселесі толғандыра бастады. Өйткені проблема интернеттің қолбайлауымен шектелмейді. Бұл мәселені шешу үшін Президентіміз тапсырма беріп, алты ай уақыт берген екен: «Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек. Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек. «Дипломмен – ауылға!», тәжірибемен – қалаға, бұл бағдарлама ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығын шешуге, мамандардың сапалық құрамын өсіруге септігін тигізгені рас. Алайда, сарапшылардың айтуынша, аталған екі мәселе де толығымен шешілмей тұр. Себебі жас мамандардың басым бөлігі 3 жылдық тиісті еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін қалаға қайтып кететін көрінеді. «Көптеген ауылдық мектептерде педагог мамандардың жетіспеушілігі бар. Жыл сайын ауылдарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жас педагогтер бағытталады. Әкімдердің бастамасымен жас мамандарды қолдау бойынша нақты шаралар іске асырылады.  Бірақ тұрақты кері байланыс жоқ. Жас мамандардың көбі екі жылдай жұмыс істеп, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтып кететіні жаңалық емес. Дені оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты кетіп қалады. Еліміздегі ауыл мектептерінде 1,5 миллионға жуық бала білім алуда. Ал әр мектепте орта есеппен 100 адам жұмыс істейді. Біз жоғарыда жазған әрбір жайт – осынша баланың, оған қоса жарты миллионнан асатын ауыл мұғалімдері мен мектеп қызметкерлерінің сапалы білім төңірегіндегі елдің үдесінен шығып, мемлекеттің белгілеген биік межесіне жетуіне кедергі келтіретін түйткілдер. 

 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына қалай көмектеседі?

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған. Қарағанды облысында бағдарлама осы жылдың басында басталды. Қазірдің өзінде 70-ке жуық ауылдық округ қамтылған. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту үшін «ұзақ және арзан ақша» алу мүмкіндігін пайдаланады. Қазіргі уақытта 203 жобаға жеңілдетілген шағын несиелер берілді, жыл соңына қарай олардың саны үш есеге артуы мүмкін. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған. 

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Қарағанды облысында 2023 жылға оны іске асыруға 3,4 млрд теңге бөлінді, 600-ден астам жобаны қолдау жоспарлануда. Қазіргі уақытта 247 жоба мақұлданып, 203-і бойынша қарыздар берілді, тағы 44-і бойынша шарттар жасалуда, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының шағын несиелеу, өңірлерді дамыту және ауыл шаруашылығы кооперациясы бөлімінің басшысы Қуандық Ахметов.

Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Міндет – бастапқы капиталдың көмегімен олар кәсібін ашып, кірістер есебінен қаржылық жағдайын жақсартуы үшін. Осылайша, мемлекеттік жәрдемақылар қажет болмайды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары құрылуда.

Қуандық Ахметовтың айтуынша, аудан тұрғындары бағдарлама туралы біледі. Ақпараттық топтар ауылдарға барып, мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктері мен шарттары туралы халықты хабардар еткен. Ақшаны кәсібін жаңадан бастаушылар да, бизнесі бар кәсіпкерлер де ала алады. Фермерлерге кооперативтерге бірігу тиімді. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін қарыздар 8000 АЕК-ке дейін (27,6 млн теңге) құрайды. Бір жарым-екі жылға дейін жеңілдікті демалыс қарастырылған. Ауылдық жылжымайтын мүлік кепіл бола алады.

Облыста 35 ӘКК микрокредит алды, тағы 5-і жуырда несиелерін алады. Негізінен ақша мал шаруашылығын дамыту үшін мал сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ, шағын ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер техниканы жаңартады. Мысалы, Ақтоғай ауданында Сарытерек ауылындағы ӘКК жобасы қолдау тапты. Маусым айында қуаттылығы күніне 1000 литр қымыз өндіретін ферма іске қосылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кооператив қажетті ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға 21 млн теңге несие алды.

Жеке кәсіпкерлер үшін қарыздың ең жоғары мөлшері – 2500 АЕК (8,6 млн теңге). Бағдарлама ауылдық жерлерде әлеуметтік мәселелерді шешуге де ықпал етті. Абай ауданында инватакси болған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызметті Топар кентінің тұрғыны Ольга Матакова ашты.

– Идея біраздан бері ойымда болған, бірақ дұрыс көлік қажет болды. Ауылға бағдарламаны түсіндіретін үгіт-насихат тобы келді. Мен оны сынап көруді шештім және бәрі ойдағыдай шешілді. Мен несие алуға өтініш бердім, ол мақұлданды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін арнайы машина сатып алдым. Ол арбаға ыңғайлы болу үшін пандуспен жабдықталған, – дейді кәсіпкер. 

«Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының дамуына көмектеседі. Бұл бизнес өкілдері үшін жақсы ынталандыру. 

 

«Ұстаз – ұлы есім»

 

«Ұстаз – ұлы есім» демекші, Балқаш өңіріндегі сапарымыз ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтаудан басталғаны бекерден-бекер емес деп ойлаймыз. Себебі экспедициямыздың маңызды тұстарының бірі – ұрпақ тәрбиесі, қазіргі білім саласындағы үш ауысымды мектеп, мұғалімдердің мәртебесі, хиджаб мәселесі сияқты олқылықтарды түзеу, жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіріп, көкейтесті мәселелері көтеруді көздейді. 

Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Қазақ ССР-нің білім беру саласының үздігі», «КСРО білім беру үздігі», белгілі ұстаз Қамар Адамбековаға ескерткіш тақта орнатылды.  Ашылу салтанатына қала әкімдігінің өкілдері  мен ардақты ұстаздың жақындары жиналды. Ұлағатты ұстазға арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Мұқашева, қалалық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова және қызы Ботагөз ұстаз жайлы терең тоқталып, ескірмес естелікпен бөлісіп, сағынышпен еске алды.

– Ардақты ұстаздың асыл бейнесі әлі көз алдымызда. Ол кісінің киген киімі, сөйлеген сөзі, берген сабағы, тәрбиесі бізге өмірлік сабақ болып қалды. 50-60 жыл жас ұрпаққа тәрбие берді. Жас ұрпақпен бірге жас ұстаздарды тәрбиеледі, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова. Сонымен қатар, жиналғандар өзі іргетасын қалаған Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектепте ардақты ұстазға арналып ашылған көрмені тамашалады. Айта кетейік, халық арасында абыройлы ұстаз бола білген Қамар Ықыласқызы өзінің еңбек жолын 1964 жылы Қарағанды қаласындағы №74 орта мектепте аға тәлімгер, бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. 1969 жылдан бастап Балқаш қаласында биология пәнінің мұғалімдігінен директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, мектеп директоры лауазымына дейін көтерілді. 36 жыл істеген еңбек жолының 29 жылын 2004 жылы қазақ тілінде лингвистикалық бағытта оқытатын мектеп мәртебесін алған №16 мектепті басқаруға арнаған. Директорлық қызметіне қоса, мемлекеттік міндетті де бірге жүктеп алып, облыстық  мәслихаттың  депутаттық жұмысын да адал атқара білді. 19 жыл бойы облыстық  мәслихаттың депутаты болып, оның ішінде 1988 жылға дейін облыстық Кеңестің депутаты болып сайланды. Білім беру саласындағы көп жылғы еңбегі үшін, «Қазақ ССР-нің білім беру саласының үздігі», «КСРО білім беру үздігі» төсбелгілерімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының тәуелсізідігіне 10 жыл»  мерейтойлық медаліне ие болды. 1994 жылы Қ.Адамбековаға «Тәлімгер-мұғалім» атағы берілді. 

Тақтаның ашылуынан кейін Балқаш қаласының оқушылар сарайында жастармен кездесу өтті. Жастармен ұлттық идеология тақырыбында әңгімелер қозғалды. Біздің санамыздағы ұлттық рух негізінен дінімізден, тілімізден, салт-дәстүрімізден нәр алып, нығайып, дамып отырады. Сол себепті ұлттық рухымызды байытқымыз келсе, дінімізді сақтап, тілімізді жетілдіріп, салт-дәстүрімізді өркендетуге тиіспіз. Бүгінгі күні қоғамымызда шындап қолға алынбай, ақсап жатқан басты проблема осы болып отыр. 

Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп!

Қасиетті домбырамыздан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп ата жолынан адастыруға тырысып, тамырымызға балта шабуда. Тіпті, ұлыстың ұлы күні саналатын «Наурыз» мейрамын да қаралаушылар баршылық. 

Қара жамылып, паранжымен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды. 

Радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының өкінішке толы адасқан өмірі қоғамға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағанымызды көрсетеді. Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген сенімі берік намысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз. Бірігуге емес бөлінуге, өнегеге емес, өсекке өңешімізді созамыз. Өзіміздің асылымыздан жеріп, өзгенің жасығына үйірміз. 

Танымымыз тарылып, нанымымыз лайланып, қоғамның түсінігі қырыққа бөлінуде.

Жүзін тұмшалап, бетін бүркеп, қара матаға сүрінгендер мен етегін ашып, абыройын шашып, тәнін сатып тағдыры бүлінген қыз тәрбиесін қалай түзейміз? 

Салт-дәстүрін талақ етіп, ұлттың ұлы болуға емес, жат ағымның құлы болуға мойынсұнған, ағайыннан ақиларын артық көрген ұл тәрбиесінің бүлінуін қалай жөнге саламыз?

Төл мәдениетімізге, ұлттық тәрбиемізге мән беріп, жат ағымдардың шабуылына тыйым салғанда ғана өнегелі ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз.

Бізге қазір ұлттық идеология ауадай қажет, бұдан былай бұл проблеманы бір күн де кешіктіруге болмайды. Біз қазір осы сұрақты күн тәртібінде бірінші кезекке қойып, ақпарат құралдары арқылы қоғамдық пікірді осы мәселеге аударып, зиялы қауым бұған белсене қатысып, кең талқыға салып, бір тиянақты тұжырымға келіп, оны өмірде іске асырудың жолдарын іздеуіміз керек. Балқаштағы кездесуде де мұғалімдердің жанайқайы осы екенін француз тілінің мұғалімі, ардагер ұстаз Несіпқайша Ғылымжанқызы айтып отыр. Мектептегі хиджаб мәселесі заңмен нақты бекітілсе дейді. Осы тұста педагогтер съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселені қозғағады: «Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң, өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек», – деді Президент. Ол зайырлы деген сөздің мазмұнына үңілді. «Бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – деді ол.

 

Әкім болсаң, халқыңа жақын бол!

Көкшекөлдің жағасындағы Қоржынтүбекте орналасқан Приозерск қаласында экспедициямыз өз жалғасын тапты. Көлге етене еніп жатқан түбекке осыдан елу жыл бұрын әскери қаланың алғашқы қазығы қағылып, бүгінде еліміздің қорғаныс қуатына, тәуелсіздік игілігіне қызмет етіп келеді. Приозерскінің өз орны бар. Сондықтан әскери сынақ полигонының әкімшілік, әлеуметтік тұрмыстық орталығы болып табылады. Эскпедициямыз аясында аудан мен республикада маңызы бар қалаларда әкім сайлау науқаны басталғанын да айтып кеткеніміз жөн. Приозерск қаласының бәйгеге түсіп жатқан әкімі Мансұр Талғатұлымен танысып, алдағы додада сәттілік тіледік. Айтып кетейік, елімізде биыл алғаш рет аудан және облыстардағы маңызы бар қала әкімдерін халық сайлайды. Сайлау 5 қараша күні өтеді. Бұл сайлау пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ. Яғни, сайлау барлық облыстың қала аудандарында емес, мәслихат бекітіп берген жерлерде ғана өтеді. 5 қарашада елімізде 42 аудан мен үш қала әкімі сайланатын болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға қатысуының маңыздылығы туралы айтты. «Екі жылдан астам уақыт бойы ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін азаматтардың өздері сайлады. Енді бізге аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауды сынақтан өткізу керек», – деді Президент. Бұл саяси науқанға еліміз дайын ба? Осы жөнінде де газетіміздің келесі нөмірінде тоқталып өтеміз. 

 

 

Экспедицияның қорытындысы Астанада биліктің өкілдерімен болатынын айтып өтейік. Сонда әрбір ауыл-аймақтағы осы жоғарыда айтып өткен мәселелерді көтеруіміз қажет.

Көкейтесті мәселелер:

1. Қазақы қасиетімізді жоғалтпау үшін, ұлттық идеологиямызды ұлықтайық! 

2. Діни радикализмге қатаң тыйым. 

3. Білім саласындағы олқылықтар, ауыл мектептерінің жағдайы. 

4. Мұғалімдердің мәртебесі. 

5.  Ауыл әкімдерінің қаражаты, ауылдың жергілікті тұрғындарына қолдау көрсету маңызды. 

Осылайша Қарағанды облысындағы  «Ауыл аманаты – Ел аманаты» атты экспедициясымыз өз мәресіне жетті. Экспедиция барысында бізбен бірге болған Қарағанды облысындағы Аманат партиясының филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков пен партиялық бақылау инспекторы Абай Арыстанбекұлына ерекше алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте келесі облыстарға жол тартатын боламыз.

 

РАУАН МУТАИР
12.10.2023

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 88
  Алтын қолды дәрігер
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ, Алматы қаласы - 08.12.2024 32
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 97
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 101
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 109
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 101
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 109
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 97
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 93
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 90
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 106
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 100
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 98

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10378
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9358
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12598
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11570
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16581