Түркиядан келген әріптесім қатты ауырды. Емін іздеп біраз емханаларды шарлады. Әрине, ол алдымен ауруының себеп-салдарын анықтап алуға тырысты. Дәрігерлердің тілімен айтсақ, нақты диагноз қоюға. Сонымен не болды дейсіз ғой. Дәрігерлер түрлі-түрлі диагноз қойған. Нақты айтсақ, 6 дәрігер 6 диагноз қойып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Әрі-сәрі күйге ұшыраған түрік бауырым қайсысына тоқтарын білмей басы дал болды. Ақыры ауруы дендеп бара жатқан соң Түркияға тартты. Ол жақтан көп ұзамай құлан-таза айығып қуанып қайтты.
Жуырда теледидардан сұмдық оқиғаны естіп жағамды ұстадым. Бұл оқиға Ақтөбе облысында өткен. Аудан орталығы Шалқардағы ауруханаға Бершүгір ауылынан ыстығы 39 градусқа көтерілген сәбиін көтеріп бір келіншек ақ халаттылардан көмек сұрап келеді. Мұндағы дәрігерлер баланы дұрыс қарамай бір дәрі береді де, таксиге мінгізіп «Ақтөбеге бар» деп жібереді. Бала жолда қайтыс болады, келіншектің жарасы ашылып кетіп, қансырап, әзер аман қалады. Ант қабылдаған дәрігерлеріміздің немқұрайдылығы, салғырттығының кесірінен осындай жан шошырлық жағдай болған. Ақ халаттылардың барлығын айыптап, қаралаудан аулақпыз. Бірақ айдай шындық осындай келеңсіз оқиғалар жер-жерде жиі болып жатады. Мұның себебі неде? Дәрігерлердің кінәсінен, білімсіздігінен, салғырттығынан адамдардың қаза табуы жиілеп барады. Себебі, біздіңше, көптеген дәрігерлерде иман, ұят жоқ. Ол, әлбетте, отбасы тәрбиесінен басталады. Одан кейін оқу орнында тәрбиелік жұмыстар дұрыс жүргізілмейді. Оқуды олардың жүректеріне иман, нұр құюмен бастаған жөн сияқты. Дәрігерлердің басты емі жылылықтан басталатынын ұстаздары қайта-қайта үйретіп тұрулары тиіс. Қатты ауырып келген науқасты шетелдерде есік алдынан күтіп алып, жалма-жан діттеген бөліміне апаратын қағілездіктерінен үлгі алуымыз керек. Ал бізде ше? Ұзақ күттіріп, шаршатып барып емдей бастайды. Біздегі төлем жасаған бөлім мен тегін қарайтын дәрігерлердің емдеуі жер мен көктей. Ақша беріп, көңілін ауламасаң, дәрігерлер «тұяғын қимылдатпайды». Керенау, салғырт қарап, өліп бара жатсаң да оларға бәрібір. Ондай оқиғалар жетіп артылады. Біздіңше, медицина саласына жаңаша реформа қажет. Содан соң бұрын Кеңес кезінде жоғары оқу орнының мерзімі бес-ақ жыл болатын. Қазір бақандай 9 жыл! Неге мұншама ұзақ? Адам тағдырын шешетін дәрігерлер үйленбей ме, тұрмысқа шықпай ма? Ау, олар да адам баласы ғой. Кеңес кезіндегі медицина қызметкерлерінің біліктілігін әлем мойындайтын. Сонда 9 жылда болашақ дәрігерлерге не үйретеді? Сонымен ант қабылдадың ба, жұмысыңа, адам тағдырын шешуге адал болуың тиіс, қадірлі ақ халатты абзал жан! Бұл – заң.