Сағатгүл Дүйсенқызы: КІТАПХАНАШЫЛАР ОҚЫРМАНДЫ ТАРТА БІЛУІ КЕРЕК

Сағатгүл Дүйсенқызы: КІТАПХАНАШЫЛАР  ОҚЫРМАНДЫ ТАРТА  БІЛУІ КЕРЕК

Жаһандану дейтін әлемдік үдерістің толқынына көміліп кетпей, ұлттық болмысымыз бен өзіндік қасиетімізді сақтап қалудың бір жолы ғылым мен білімде болса, екінші жолы ана тілімізде жатқандығын көзі қарақты қауым жақсы түсінсе керек. Бүгінде қазақ халқы үшін ұлт ретінде сақталып қалудың мүмкіндіктері толық бар деуге болады. Ендігісі сол жаһанданудың қиян-кескі бәсекенің бел ортасында жүріп, алға ілгерілеуде жатыр. Анығын айтқанда, ғылым мен білімге бастар жолға барыңды салмай, бәйгеден озбайтының белгілі.

«Артық білім – кітапта» дейді Абай атамыз. Ал бүгінгі біздер сол кітапты қалай оқып, кітаптан қалай пайдаланып жүрміз? Жалпы кітаппен сусындап өскен аға буындарымыздың жөні бөлек десек те, бүгінгі жастарымыз кітаптан алыстап бара жатқандай сезіледі. Қазір жастарды, балаларды кітаппен дос болуға қалай тартуға болады деген сұрақ біраз ата-аналардың көкейінде жүрген түйткілі десек, артық бомлас. Сұрақ көп, соған жарай пікірлер мен жауаптар (кейде сылтаулар десек те болатын шығар) да көп. Дегенмен әр сұрақты сол саланың маманымен кеңесіп барып зерттегенге не жетсін?! Біз осы жайлы сұрақтарымызға жауап алу үшін Астана қаласындағы «Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының» кітапханашысы Сағатгүл Дүйсенқызымен әңгімелесіп қайтқан едік.

– Қазір жастар кітап оқымайды деп жатырмыз. Сіз бұнымен келісесіз бе?

– Бұған келісе қоймас едім. Қазір адамдар кітапханаға бет бұрып жатыр. Қазір біз оқырмандарға кенде емеспіз. Көп адамдар «кітапханаға кім барады?» деп ойлауы мүмкін. Бұл теріс пиғыл, бізге келушілер өте көп. Тіпті «мынадай кітаптарды оқығымыз келеді» деп сұраныс тастайтын оқырмандарымыздың іздегенін тауып бере алмай қалатынымыз бар. Кітап оқу дағдысын қалыптастыру мәселесін зерделегенде әр кітпхананың жұмыс істеу тәсілі, оқырмандарға қызмет көрсету сапасына да байланысты шығар деп ойлаймын. Кітапханаға оқырман тарта білу керек. Соның ең бірінші тәсілі – кітапхананы дұрыс насихаттау. Біз оқырмандардың қызыққан кітабын дайындап, соның бүге-шігесіне дейін таныстырамыз. Онан кейін сол кітапқа деген әуестігі артқан оқырман қолына алған кітабын аяқтаған соң, міндетті түрде екіншісіне аңсары ауады. Осылайша сол кітаптың оқырмандары көбейеді. Біздің бұл кітапханамыз күрделі жөндеулерге байланысты жарты жылға жұмысын тоқтатқан еді, биыл қаңтардан бастап қайта жалғастырдық. Осы аралықта біздің тұрақты оқырмандарымыз кітапхананы сағынып қалғандарын айтып жатыр. 

Мұнда ата-әжелері немерелерін алып келеді. Әке-шешелері балаларымен келеді. Бірінші жазылған оқырманға бір ғана кітап береміз. Сонан кйін барып кітап саны көбеюі мүмкін. Өйткені біздер үшін әрбір кітап – құнды жәдігер. Жалпы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек. Кейбір оқырмандар жақсы бір кітапты оқуға алып кетеді де, сол күйі жоғалтатыны бар. Бұл дұрыс емес. Себебі бір басылған кітап екінші қайталай басылуы екіталай. Ал біз оның орнын қалай толтырамыз? Басқа оқырманға қалай тауып береміз? Осыны біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Кейде ойлаймын, кітапхана туралы заңнаманың бір тармағына оқырмандардың жауапкершілігі туралы мазмұндарды толықтырып енгізсе деп... 

Біз әрбір кітапқа жауаптымыз. Сондықтан оқырмандармен тығыз байланыста жұмыс істеп, соларға кітап оқу мәдениетін түсіндіріп, кітапты аялап ұстауға, күтуге, тоздырмауға шақырып отырамыз. Ал 5-сыныпқа дейінгі балаларға кітап бергенде ата-аналарға берілетін кепілдеме қағазына кітап оқу тәртібі жазылған. Осы арқылы балаларды жақсы әдет қалыптастыруға шақырамыз.

– Оқырмандардың жағдайы туралы айтыңызшы. Жылдан-жылға азайып бара жатқан жоқ па?

– Мұнда оқырман тарта білу мәселесі алға шығады. Ол сол жердегі кітапханашылардың қызмет істеуіне тікелей байланысты. Әрбір кітапхана қызықты шараларды ұйымдастырып, оқырманды тарта білсе, кітаптарды насихаттай білсе, өнімі жақсы болар еді. Яғни қоғам назарын бұру үшін кітапхана заманауи әдістерді пайдалана білуі керек. Мысалы біз оқырмандардың қандай мазмұндағы кітаптарға қызығушылығы бар дегенді жіті бақылаймыз. Қазіргі балалар фантастикалық кітаптарға құмар болып келеді. Онан кейін ертегілерге қызығады. Ал жоғары сынып оқушылары болса белгілі мамандыққа байланысты кітаптарды сұрап жатады. Өкінішке қарай, кейде оқырмандарымыз сұраған кітаптарды тауып бере алмай қаламыз. Мұндайда соған баламалас, деңгейлес келетін басқа кітаптарды ұсынамыз. Сөйтіп, оқырманның сұранысын қанағаттандыруға тырысамыз.

Кітапханамыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына түрлі жарнамалар мен хабарлады шығарып отырамыз. Парақшаларымызда 10000-нан астам тіркелушіміз бар. Олар сол арқылы біздің жаңалықтарымызды біліп, іс-шараларымыз бен жаңа кітаптар туралы ақпараттан хабардар болып отырады.

Оқырмандарды қызықтырудың тағы бір тәсілі ретінде балалардың оқыған кітаптарындағы мазмұндарды қамтитын оқиғаларды немесе сөйлемдерді үлкен экрандарға ребус түрінде, жұмбақ түрінде шығарып, балаларды соған жауап беруге, баяндауға, жазуға ынталандырамыз. Мұндағы мақсатымыз – балаларды кітап оқуға, сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, жазу қабілетін ұштауға жетелеу. Өйткені қазіргі таңда көзін ашқалы смартфонға тәуелді болып қалған  балалардың тілі жай шығып жатыр. Сөйлеген күннің өзінде тым қарапайым, әуелі өз ойларын өздері жеткізе алмайтын балалар көп. Бұдан бөлек ақын-жазушыларымыздың атаулы күндеріне орай Астанадағы мектеп оқушылары арасында мәнерлеп оу сайысын өткізіп келеміз. Сөйтіп, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, мәнерлеп оқуды дағдыға айналдыруға шабыттандырып отырамыз.

– Сіздер мектептермен тығыз байланыста шығарсыздар?

– Мен өз басым мектептерге барып, жауапты кадрларымен сөйлесіп, кітапханамызда болатын іс-шаралар жайлы құлағдар етіп отырамын. Кейде қаламгерлерімізбен кездесулер өткізіледі. Кітаптың тұсаукесері, тарихи сағаттар болады. Сондайда мектептің жауапты тұлғаларымен алдын ала келісіп, оқушыларды осында шақырамыз. Бұл өз кезегінде балалардың тұлғаларымызды танып-білуіне, шығармашылығымен танысуына, кітаптарына деген қызығушылығын оятуға септігін тигізетін жақсы бір тәсіл екендігіне көз жеткізіп отырмыз. 

 

 

– Жалпы кітапханалардың қорын толықтыру, өзге де қажетті шарт-жағдайлар туралы не айтар едіңіз?

– Мен кітапханашы ретінде мекеменің шешімдері мен қаржылық мүмкіндіктері жөнінде хабарым жоқ. Ал жоғары жақтан кітапханаға, руханиятқа көңіл бөлу мәселесі дәріптеліп жатқандықтан, кейбір ойларымды айта кетейін. Қазір басылып шығып жатқан кітаптардың тиражы өте аз. Ол бір кітапханаға жетсе, екіншісіне жетпейді. Біздің оқырмандарымыз интернеттен түрлі кітаптарға қатысты ақпараттарды көріп алып, бізге келіп сол кітапты сұрайды. Ал олардың сұрағаны бізде жоқ болып шығады. Сондықтан Үкімет осы жағына назар аударып, кітап қорының жедел толығуына көңіл бөлсе деймін. Елордамыздың іргесі күн сайын кеңейіп, халық саны жылдам өсіп жатыр. Сондықтан кітапхана жетіспейді десек те болады. Онан кейін типтік жүйедегі кітапханалар аз. Көбісі жалға алған нысандарда жұмыс істеп тұр. Олардың аумағы кішкентай. Есесіне оның маңайында халық көп тұрады. Яғни сұранысты қанағаттандыруға қауқарсыз дегендей. Астана қаласы әкімдігіне қарасты Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 18 кітапхана бар. Бұған жаңадан 4 кітапхана қосылып жатыр. Сонда жалпы 22 кітапхана болады. Жаңадан беріліп жатқан кітапханалардың аумағы, шарт-жағдайы көңілге қонымды десек те, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 18 кітапхананың жағдайы әртүрлі. Сондықтан арнайы кітапхана ғимараттары болса деймін.

– Жақсы ойларыңыз бен құнды пікірлеріңізге рақмет айтамын!

Әңгімелескен – 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ

 

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2301
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 8322
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 12209
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 8368
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 8530