Селжұқтар жеңіске жеткен күн

Селжұқтар жеңіске жеткен күн

26 тамыз түркиялықтар үшін маңызды дата саналады. Бұл күн – түріктердің Анадолы қақпасын ашқан күні. Бұл күн – Ататүріктің гректерді ойсырата жеңген күні. Биылғы сол атаулы күнде Президент Реджеп Тайып Ердоған Муш қаласындағы Малазгирт ұлттық саябағында ұйымдастырылған Малазгирт жеңісінің 951 жылдығына арналған шараға қатысып, халық алдында сөз сөйледі.

– «Малазгиртті ешқашан ұмытпаймыз, ұмытуға жол бермейміз, жүрегімізде, санамызда мәңгі сақтаймыз. Біз отанымызды бөлшектеуге, мемлекетімізді жоюға тырысқан ешкімді аямаймыз. Ешқандай шабуылға, ешқандай ойынға, тұзаққа жол бермейміз. Туымызбен азаттығымызды нысанаға алған ешкімді кешірмейміз», – деді түрік Президенті.

Малазгирт – Түркияның шығысындағы Муш провинциясына қарасты шағын қала. Бұрынғы атауы – Манзикерт (грекше: Manzikert) Аумағы 1527 шаршы шақырымды алып жатыр. Халқы негізінен ауылшаруашылығымен шұғылданатын бұл өңір түріктердің ата-бабаларының Анадолы жеріне аттаған алғашқы қақпасы саналады.

Малазгирт шайқасы

Бұл туралы сөз қозғаудың алдында осыдан он ғасыр бұрын қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүріп, тарих сахнасында Селжұқтар әулеті, Селжұқ Сұлтанаты деген атпен танымал болған көшпенді түріктер туралы деректерді келтіре кеткен жөн. 

«Селжұқ әулеті (1038-1194) – түркі-оғыз әскерінің сол қанатын құраған Қынық тайпасынан шыққан әулет. Әулеттің негізін қалаушы – Селжұқ. Олардың әуел бастағы атамекені Оңтүстік-батыс Қазақстан аймағы мен Сырдарияның орта бөлігі болған. Кейбір топтары Сығанақ пен Қаратауды мекендеген. Х ғасырдың орта шенінде басқа оғыз тайпаларымен қақтығысып қалған селжұқтар Сырдарияның төменгі саласына қоныс аударып, ислам дінін қабылдады. Олар 1010-32 жж. Зарафшан мен Нұрата тауларына қарай ойысты, 1038-40 жж. Ғазнауи сұлтандығынан Хорасанды (Иранның солтүстік-шығыс облысы) тартып алып, Селжұқ сұлтандығын құрды. Селжұқтардың алғашқы билеушілері ағайынды Тоғрылбек (1038-63) пен Шағрыбек (1038-59) болды. Селжұқ әулетінің белгілі сұлтандары: Алып Арслан (1063-72), Мәлік шах I (1072-92), Санжар сұлтан (1118- 57) секілді тұлғалар болған. ХІ ғасырдың аяғына қарай Селжұқ әулеті билеген мемлекет әлсіреп, ұсақ иеліктерге бөліне бастады. ХІІ ғасырдың аяғына қарай Селжұқ әулетінің билігі мүлдем жойылды», – дейді тарихи деректер.

Осы Селжұқ сұлтанатының дәурені жүріп тұрған шақта айналасындағы елдермен түрлі қақтығыстарға барып, іргесін кеңейтіп отырғаны мәлім. Бұл кезде Константинополды (қазіргі Стамбул) орталық еткен Византия империясының да айдарынан жел есіп тұрған шақ еді.

IX Константин (1042-1055) мен Константин Х (1059-1067) билігі кезінде Византия империясы Македония әулеті кезіндегі аса қуатты әскери әлеуетінен біртіндеп айырыла бастайды. Ысқақ І-нің екі жылдық билігі (1057-1059) империяға қысқаша реформалар әкелді, бірақ Византия әскерінің жағдайын жақсарта алмаған.

IX Константин тұсында Византия алғаш рет армяндардың Ани қаласын өзіне қосып алмақ болған Селжұқ әскерлерімен бетпе-бет келеді. 1064 жылы селжұқтар Аниді басып алғаннан кейін Византия империясы онымен бітімге келуді жөн көрді. Мұрагер Константин Х селжұқтардың кезекті шапқыншылығына қарсы тұра алмады. Сөйтіп, Зария (қазіргі Кайсери) мен Армения 1064 және 1067 жылдары селжұқтардың иелігіне өтті.

1068 жылы IV Роман билікке келгеннен кейін әскери реформалар жүргізеді. Ол Кіші Азияға екі рет қосындарын жіберіп, селжұқтарға шабуыл жасайды. Әуелі Алеппо маңындағы қалаларды басып алып, Икониядағы (қазіргі Кония) селжұқтардың қоршауын бұзған византиялықтар көп өтпей жеңіліске ұшырайды. Селжұқтардың жеңісіне қарамастан, сол кездегі сұлтан Алып Арслан Египеттегі Фатимидтер әулетінің қаупіне байланысты Византиямен соғысты жалғастыруға құлықсыз болды. Ол көп ұзамай Византиямен татуласу туралы ұсыныс жасайды. Екі жақ 1069 жылы бейбітшілік туралы келісімге қол қояды.

1071 жылы ақпанда IV Роман селжұқтарға бейбіт келісімді жаңарту үшін елші жібереді. Бұл кезде Алып Арслан өз әскерін Эдессаны қоршауға кетіп бара жатқан екен. Сұлтан Византия елшісімен келісім-шартқа отырған соң, Фатимидтер әскеріне қарсы соғысу үшін қосындарын Алеппоға ауыстырады. IV Роман осы орайды пайдаланып, Арменияға сәтті шабуыл жасап, бұрын Византия айырылып қалған жерлер мен бекіністерді қайтарып алады. Бұл жеңістерден кейін византиялықтар селжұқтардың бетін біржолата қайтаруға кіріседі.

1071 жылы тамызда IV Роман үш рет жорық жасайды. Оның құзырында Шығыс Рим армиясынан басқа, Франк, Нормандия жерлерінен, сондай-ақ қыпшақтардан құралған жалдамалы әскерлері бар еді. Жалпы саны 40 000-нан асатын қуатты қосынды жасақтаған IV Роман өзіне сенімді түрде селжұқтарға қарсы жорықты бастайды.

Селжұқ әскері бұл кезде Сирияның Алеппо қаласында Фатимидтер әскерін қоршап тұрған кезі екен. Алып Арслан византиялықтардың төніп келе жатқан қалың қолына қарсы шығу үшін Алеппо майданына өзінің ұлы Мәлік пен әскери қолбасшы Низамды қалдырып, 20 000 атты әскерді бастап соғысқа кіреді. Тарихи деректерден белгілі болғандай, Алып Арслан өз жауынгерлерін рухтандырып, шайқаста шейіт болудан қорықпайтындығын дәлелдеу үшін сауыттың ішінен кебін киген деседі. Екі жақ 1071 жылы 26 тамызда жоғарыда сөз етілген Манзикертте (қазіргі Малазгирт) бетпе-бет келді.

Әскер саны жағынан селжұқтардан екі есе көп Византия қосындары алдымен шабуылға өтіп, селжұқтардың ортасын жарып кіреді. Селжұқтар шегіне соғыс салады. Византияның шабуылдаушы әскерлері едәуір ілгерілеген тұста, селжұқтың садақшы жасақтары екі бүйірден қыса шабуылға өтіп, жауды жайпап жібереді. Шабуылдап кіргендердің тірі қалғандары шегінуге мәжбүр болады. Осындай қысылтаяң сәтте жалдамалы әскерлердің қатарында соғысып жатқан қыпшақтар майдан даласын тастап, селжұқтарға барып қосылады. Бұл Византия әскерлері үшін үлкен күш жоғалту еді. Осылайша саны көп болғанымен сағы тез сынған византиялықтар селжұқтардан жеңіліп қалады. Бас қолбасшы IV Роман қолға түседі. Мұны өлдіге жорыған тылдағы әскердің басшысы Андроника IV Романның өлгенін айтып жар салып Константинополдағы патша тағына ие болу үшін асығыс шегініп кетеді.

Селжұқтарға тұтқынға түскен IV Романды Алып Арслан өлтірмепті. Бір аптадай қолында ұстап, лайықты құрмет көрсетеді. Әрі Византия билеушісі ретінде Антиохияны, Эдессаны, Иераполисті және Манзикертті және басқа да Анадолы қалаларын селжұқтарға беру туралы уәдесін алады. Екіжақты шарттар жасалғаннан кейін IV Романның жанына қорғаушы әскерлерін қосып беріп, мол сый-сияпатпен еліне қайтарады. Алайда Константинополға қарабет болып барған билеушіні ондағылар қылмыскер ретінде бағалап, екі көзін ойып алып, иен аралға жер аударып жібереді. Ол келесі жылы сүргінде жүріп қайтыс болады.

Осы жеңістен кейін селжұқ түріктері тұтас Анадолы жерін өздеріне қаратып алады. Ал әскери жақтан құлдырап, түрлі экономикалық дағдарыстарға ұшыраған Византияның ішінде үш жылға жалғасқан ішкі соғыс басталады. Бұл империяның күйреуіне әкеліп соқтырған басты себептердің бірі дейді тарихшылар.

Селжұқ мемлекеті ыдырап кеткенімен де оның қол астынан бөлініп шыққан әмірліктер кейін келе Османлылардың гүлденуіне өз үлестерін қосты. Әрі кіші Азия жерінде халықтардың бірігу процесі басталды. Олар қазіргі Түркия түріктері еді.

900 жылдан соң қайталанған жеңіс

 1922 жылы 26 тамызда Мұстафа Кемал түрік топырағын басқыншы жаулардан азат ету үшін өз қосындарын бастап гректерге қарсы шабуылға шығады. Ататүріктің «Сарбаздар, сіздердің бірінші нысаналарыңыз Жерорта теңізі» деген бұйрығымен басталған шайқасы 30 тамызда грек әскерінің жеңілуімен аяқталды. Осылайша Анадолы жері, құрдымға кеткен империяның талан-таражға түскен аумақтарынан шетелдік дұшпандарды қуып шығып, бұл жердің қожасы түріктер екендігін әлемге паш етеді.

Түркия тарихшылары бұл екі соғыстың көптеген ұқсастықтары бар екендігін үнемі айтып келе жатыр. Мысалы, екі соғыс та тамыздың 26-сы күні болған екен. Әрі түріктер өздерінен әлдеқайда көп, қару-жарағы сай әскерлермен бетпе-бет майданға түскен. Екеуінде де жаудың қолбасшылары түріктерге тұтқын болады. Ұқсастық тұрғысынан ең таңғаларлық нәрсе – Алып Арслан мен Ататүріктің соғысқа дейінгі және одан кейінгі мінез-құлықтарының бір-біріне сәйкес келуі.

Мармара университеті Тарих факультетінің оқытушысы, профессор Вахдеттин Энгин мырза: «бұл ғажап ұқсастықтарға таң қалмау мүмкін емес. Сол кездегі Ататүріктің көмекшісі болған Исмаил Хаккы Текченің естеліктерінде айтылуынша, Ұлы шабуыл күні Мұстафа Кемал паша: «Тәңірім, Кожатепедегі шайқаста түрік әскерін жеңіске жеткізе гөр. Түрікшілдік пен исламның жау табанына тапталуына жол бере көрме», – деп дұға қылыпты. Ал Селжұқ сұлтаны Алып Арсланның соғыс алдында айтқан осыған ұқсас дұғасының қысқаша мазмұны: «Раббым, мен саған тәуекел еттім және сен үшін соғысамын. Аллам, ниетім таза, маған көмектес!» – деп дұға етіп, үстіне кебін киіп соғысқа араласқан екен. Бұл екі қолбасшының да соғыс алдында Алладан рухани сезіммен жәрдем сұрағанын көрсетеді.

Манзикерт шайқасында Византия жасақтарының бас қолбасшысы IV Роман Диоген тұтқынға алынып, Алып Арсланның алдына әкелінді. Ал 1922 жылы 26 тамызда басталған соғыстың Трикопис шайқасында Грекия армиясының бас қолбасшысы тұтқынға алынып, Ататүріктің алдына әкелінді. Әрі екі түрік қолбасшысы да өз дұшпандарына мейірім танытып, оларды өлім жазасына кеспейді. Демек, бұл мінез-құлықтары, яғни жау болса да онымен жақсы қарым-қатынаста болуы – түркілер иелігіндегі өркениеттің айқын көрсеткіші», – дейді профессор Вахдеттин Энгин «https://www.milliyet. com.tr» сайтының журналистіне берген сұхбатында.

PS: Түркия жұрты үшін 26 тамыз осылайша қастерлі дата ретінде тарихқа енді. Түркияның әр кезеңдегі басшылары бұл дәстүрді ұмытқан емес. Бұл дәстүрдің бауырлас түркі елдеріне үлгі боларлық маңызы бар дер едік. Бізде де сондай тарихи орындар бар. Қазақ даласын басқыншылардан тазарту үшін шешуші шайқастар өткен өңірлер күні бүгін сайрап жатыр. Ұрпағын аман алып қалу үшін үдере көшкен жұрттың жау қолынан қаза тауып, көмілмей қалған сүйектері күні бүгін ақсөңке болып далада жатыр. Біз соларды қаншалықты еске алып жүрміз? Қанды қасап қырғыннан тұрсадағы біздің тарихымыз еді ғой ол...

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
08.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 127
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 126
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 642
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 760
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 673
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 685

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8821
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8219
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11446
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9201
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10430