Шикілігі көп ардагерлер заңы қайта қаралуы тиіс

Шикілігі көп  ардагерлер заңы қайта қаралуы тиіс

 

ҚР Парламенті назарына!

Ардагерлер қоғамының көптен күткен «Ардагерлер туралы» заңы 2020 жылы мамырда қабылданғаны баршаға аян. Бұл заңды Парламентке ұсыну үшін кезінде Елбасы тиісті адамдармен өткізген кеңесінде, Парламенттің ресми өкілі тарапынан (атын атамай отырмын, кәзір өмірде жоқ) «Қоғамдық бірлестіктер туралы заң бар, әлеуметтік жеңілдіктер туралы да заңымыз және оны іске асыратын арнаулы мемлекеттік органдар бар, соның үстіне тағы да заң қажет бола ма» дегендей пікір білдіргесін, мәселе аяғына жеткізілмей қалып, содан бірнеше жылдар бойы Парламент қоржынында жатқан заңды ардагерлер ұйымының кәзіргі төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы күн тәртібіне енгізуге қол жеткізді. Біраз жыл Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жасаған мен үшін, біздер үшін көптен күткен заңымыз қолға тиіп, оның аясында жұмысқа тың серпін туғызатын оң тұжырымдар бар екеніне қуаныштымыз. 

Арнайы аға ұрпақ үшін заң болғаны, әрине, қуанышты-ақ. Десек те жаңа заңымыздың   аға-апалардың ойынан шықпаған жерлері де баршылық. Оны Заңның жоба кезінде тиісті басқармаға ауызша да, жазбаша да жеткізгенбіз.

 

2 миллиондай ардагеріміз неге ұмыт қалды?

Осы мақалада оларды қайталамай, тек кейбіріне ғана тоқталып кеткім келеді. Біреуі және ең маңыздысы – еңбек зейнеткерлерінің заңнан тыс қалуы, яғни олар «ардагер» деген ұғымға да енбеген. Бұл тездетіп түзететін қате деп санайтынымды, орталығымыздың меңзеуімен, кезінде кешіктірмей Парламентке тікелей жолдағанмын. Олай болмағанда, еңбек зейнетіне шыққандарды қоғам өмірінен сырт қалдырудың қаншалықты орынсыз болатындығын айтпасақ та түсінікті.

Күні бүгін бұл Заң бойынша бірлестігіміз (Ауғандар мен Чернобыль т.б. ұйымдарын айтып отырғаным жоқ) тек ҰОС ардагерлері мен тыл еңбекшілерін ғана біріктіретін ұйымға айналып тұр. Ал бұл категориядағылар  күрт азайып отырғандығы елге мәлім. Жастары 80-нен жоғары ғой. Олардан басқа зейнет жасындағы Социалистік Еңбек Ері мен Еңбек Даңқы орденінің толық иегерлері елімізде қалмаған шығар, әйтеуір біздің облысымызда ешкім қалған жоқ, ал «Қазақстанның Еңбек Ерлері» негізінен еңбек жасында болар деп топшалаймын. Арасында зейнеткерлер болса – саусақпен санауға болар.

Сондықтан, аталған Заңның қамтуындағылар қатарына (7-бап) еңбек зейнетіндегі екі миллионға жуық ардагерлерімізбен толықтыру кезек күттірмейтін шаруа деп санаймын. Еңбек зейнеткерлері қатарында қаншама қоғам қайраткерлері, ғалымдар, шебер өндіріс ұйымдастырушылар, танымал жазушылар мен өнер қайраткерлері,  лауреаттар мен чемпиондар бар екендігі белгілі. Оларды ардагерлер қоғамынан сырт қалдыру меніңше жөнсіз көрінеді.

Сонымен, жаңа заңның республикадағы бүкіл ардагерлер қоғамын біріктіріп, ұйымдық жағынан нығайта түсудің орнына, оның кейбір баптары ұйымды бөлшектеуге соқтырмақ, біраз бастауыш буындарымыз тарайды. Қалса – жаңа мақсатқа бейімдеген аздаған ғана құрылым  қалуы мүмкін. Олардың атын да өзгертуге тура келеді. Соңғы ардагерлер съезінде де бұл мәселе нақтыланбай, «ұсыныс дайындайтын топ құрумен» ғана шектелді.

Екіншіден, егер ардагерлер ұйымын осы күйінде сақтайтын болып, жоғарыда көрсетілген ұсыныс қабылданса, яғни егеменді қазақ елінің ілгері дамуына ардагерлеріміздің пайдасы бар деп шешілсе (онда еш күмән жоқ), ардагер ұйымдарын біріктіріп ұстайтын мемлекеттік орган құру қажеттігі туралы Заңда айтылуы тиіс еді деп ойлаймын. Мәселен, тіл жөнінде заң шыққасын Тіл комитеттері, жастар туралы заңға оған Жастар саясаты мекемелері, сол сияқты тиісті заңдар өмірге келуіне орай Дін істері  басқармалары(тіпті оның бірнеше тармақтары да құрылған, өзінің баспасына дейін бар), ал Ассамблеяны бюджеттік қаржыландыру жағынан – әкімдікте бөлім, өзінде қоғамдық келісім мекемесі жұмыс істеп тұр, оның өз алдына зәулім ғимаратына дейін бар. Оқырманның дұрыс түсінгенін қалаймын, мен де осы мекемелердің болғандарына қуаныштымын, қолдаймын, ризамын. Әңгіме, ардагерлер қоғамының өз алдына заңы шыққанда ілгерілеудің орнына, кері кетіп қалу қаупінің  туындауында.

Бұған қоса айтарым, шынтуайтқа келгенде, ардагерлер ұйымдары түрлі санатта еңбек ететін, не бизнестері барлардан тұратын немесе құрамына әркім өз еріктерімен кіріп - шыға беретін, не бір нақты мәселелерін шешуге орай біріктірілген, мақсатына жеткесін тарап та кететін қауымдастық емес. Өз қатарына ешкімді үгіттеп тартпайды, тек еңбек жолын аяқтаған, жасы зейнеткерлікке жеткендерден тұрады. Сондықтан «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға әбден жатпайтын ұйым деп қарауымыз керек. Яғни табиғаты, кем дегенде, жартылай мемлекеттік мекеме болуы қажет еді. Кейбір Еуропа елдерінде арнайы министрлік те бар көрінеді. Жалпы ардагерлер ұйымы, соғыстан аман оралғандардың ұрпақтары сол жылдары күрт өсуіне байланысты (олар да қазір 70 жастың төңірегінде), өзінің саны жағынан да көбейді, болашағы алдында саналатын ұйым екенін де ескеру қажет еді. 

Республикадағы Ауған соғысы ардагері бірлестігінің төрағасы, Парламент депутаты Б.Смағұл «Ардагерлер комитетін» құру туралы ұсыныс жасап жүр. Тап осы жағдайымызда комитет құрылатын болса бізің ардагерлер ұйымдарымыз, айтқанымыздай, еңбек зейнеткерлерінен бөлек бірлестік болып қана қалады.

 

Соғыс кезінде аналардың жанкешті еңбегін кім ескереді?

Келесі. Сталинград майданындағы жағдай қиындағанда Гурьев мұнайын тікелей майданға жеткізу үшін Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Гурьев-Астрахан теміржол табанын салу жөнінде шешімі болған еді. Оны орындауға елде қалған кариялар мен әйелдер, жасөспірім балалар рельс астына жолтабан салуға түгелдей мобилизация жасалды. 

Себебі елімізде Гурьев облысы «соғыс жағдайында» санатына енгізілген-ді. Сондықтан үйде қалған еңкейген қариялар мен сәби балапандардың жағдайлары, күн көрісі ескерілместен, қолына күрек ұстай алатындар «жолға» айдалды. Мәселен біреулердің сауып отырған жалғыз түйесі не сиыры, екіншілер  – үстіндегі киіз үйлерімен алынды.

«Жол» деп аталатын бұл құрылыстың қауырттылығы мен адам төзгісіз ауырлығы сөзбен айтып жеткізілмейді. Азаматтар соғысқа аттанғанда аналардың құрсағында қалған сәбилер аптап ыстықта айдалада, сораң шөбін ғана паналады, кейбірі соған байланып қойылды. Аналар жер қазу нормаларын орындай алмаса кешке нан-шәйін да толық алмай қалатын болды. Міне осы «құрылыс» туралы облыстық газетте оған қатынасқан ғылым докторы Дүйсен Мырзағалиев, партия ардагері Айдын Оразов, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Нұр-Мұхамбет Есеналиев т.б. сияқты белгілі азаматтардың мақалаларын  ұйымдастырдық, өзіміздің ширек ғасырлық жиналысымыздың баяндамасында мәселе көтерілді. Соның арқасында облыс Әкімі қолдап «жолға» қатысқандарға қалада монумент орнату мәселесі жоспарланды. Жалпы ұзындығы 300 шақырымға жуық, соғыс кезінде кариялар мен әйел-балалар күрекпен дорбалап тасып салған сол жолтабан 1971 жылы ҚСРО Қатынас жолдары министірлігі (МПС СССР) қабылдаған Гурьев-Астрахан темір жолына толығымен пайдаланылды.   

Кезекті бір мереке қарсаңында осы «жолға» қатысқандардың қалғандарына түгел егемен еліміздің орденін (мәселен «Айбын» орденін) тапсырса ешқандай артықшылық жоқ. Күні бүгінге дейін олар бұрынғы-кәзіргі (тәуелді-тәуелсіз) мемлекеттеріміз тарапынан ескерусіз қалып отыр. Осы сияқты соғыс салдарынан ел басына түскен қауырт жағдайлар басқа аймақтарда да жоқ болмас деймін. Жалпы осы соғыс және тыл ардагерлеріміздің өңірлеріне түгелдей орден тағатын кез жеткен сияқты. Тау алыстаған сайын биіктейді емес пе?

Қазір интернет заманында соғыста қаза болғандардың мәңгілікке қалған жерлері көптеп табылуда, оған ұрпақтарының басына барып Құран оқып, елдің топырағын салып, мауқын басып келуіне мемлекет тарапынан көмек осы заңда болуы қажет еді деген ойымызды да жасырмаймыз.

Сол сияқты «ардагерлер» санаты қатарына бұрынғы «Ветеран труда» және өзіміздің «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталғандар жататын болса және «Еңбек ардагері» медалін ұжымы ұсынысымен, ардагерлер кеңестерінің қолдауымен, арнайы жарлықпен, не үкімет атынан, қазіргідей Министірлер емес, жергілікті жердің басшыларының шешімдеріне сәйкес берілетін ереже болса жақсы болар еді. Бұл медаль әлі зейнеткерлікке шықпаса да, бір жерде ұзақ та өнімді, үлгілі еңбек еткендерге марапат ретінде берілуі мүмкін болуы керек деп ойлаймын.

Оған қоса еш медалі, не ордені жоқтардың арасында да ардагер, не ақсақалдарымыз, шүкір, жеткілікті ғой, оларды өздерінің айналасы құрмет тұтып  өзгеге паш ете жүреді.

Бұғаналары әбден қатпай жатып қан кешуге тап болған, неміс фашисттерінің ажал оғына тайсалмай елінің болашағы үшін, бүгінгі ұрпақ үшін кеуделерін тоса білген, жауыз басқыншыны өзінің ініне қуып тығып, тапап талқандаған, күлін көкке ұшырған соғыс ардагерлеріне және күндіз-түні аянбай еңбек етіп жанұясын, майдангердің ұрпағын асырап, әскер қажетіне жылқы өсіріп берген, солдатқа жылы киім-кешек тігіп, тоқып салып тұрған, Жеңіс үшін тапқан-таянған қаражатын отанына тапсырып отырған тыл еңбеккерлеріне бүгін қандай сый көрсетсе де артық болмайды және олардың бастан кешкендерінің орнын еш нәрсемен толтыра алмаймыз.

Ал, бізде әлі күнге дейін тыл еңбеккерлерін «медалі бар», «медалі жоқ» деп екі топқа бөледі. Соңғы тобына мемлекеттің жәрдемақысы алты мыңдай ғана. Өздері саны жағынан да жедел азаюда. Сондықтан екі топты біріктіретін уақын келген сияқты.

Сонымен барлық зейнеткер «ақсақал» емес деген қағида өмірде орын алғаны жөн деп ойлаймын. Ал ардагердің бәрі зейнеткер емес, яғни еңбек жасындағылар да ардагер аталуы мүмкін болатын ереже қалыптасса. Осы сияқты, мәселер Заңымызда орын алса, не бұл туралы тиісті орындар шешім алатындай міндет жүктелсе аталған Заңның мәртебесі арта түсер еді-ау.

 

Қазіргі ардагерлеріміз де жетімсіремеуі керек

Қазіргі егеменді жағдайымызда аға ұрпақ өкілдерінің тәжірибесін, білімін, адами әлеуетін пайдалану үшін оларды толық емес жұмыс күні болатын еңбек түрлеріне тарту, қолдарынан келетіндерін екінші жеңіл мамандықтарға (аудармашы, сағатшы, есепші, тігінші т.б.) зейнет жасына жақындағанда-ақ үйрететін курстар ашу, денсаулықтарын мемлекет тарапынан толық ақысыз қамқорлыққа алу, сөйтіп азды-кем нәпақа табуына да жағдай жасау осы заңда көрініс тапса, оларға еш артық етпес еді.

Сонда мәселен, жетпістен асқандарды санаторийлерге қабылдамау, алпыс беске келгендерге министріміздің соңғы кезге дейін екпе қажет емес деп жүргені, депутаттық сайлауларға түсуіне кейбір биресми шектеу (бұлай болғанда - жастарға, әйелдерге, ассамблеяға, мүгедектерге сияқты ардагерлерге де белгілі бір квота берілсе жақсы болар еді) сияқты бүгінгі түсініксіз көзқарастар орын алмас еді. Германия, Израиль т.б. елдер пандемияға қарсы екпені, дәрігерлер қауымымен бірге, аға ұрпаққа салудан бастаған, біз де қариясын сыйлаған халық едік дейміз. Аталған елдердің медицинасы, ғалымдары бізден төмен, білмейді деп ешкім айта алмас. Қарттарымызды төрге оздырып, бар құрметімізді көрсететін салтымызға көлеңке түсірмейік деймін. 

 

Қ.Ризуанов, Атырау облысының Құрметті азаматы
14.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380