«Ұлттық экспорттық стратегия» бағдарламасы аясында елімізде 2019 жылы шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын ілгерілету жөнінде жол картасы бекітілген-ді. Мақсат – отандық экспорттаушылардың өз өнімін сыртқы нарыққа шығару кезінде кездесетін ішкі және сыртқы кедергілерді азайту. Ұлттық экспортты қолдау арқылы ел экономикасын дамытуға ықпал ететін іс-шаралар Ақтөбе өңірінде де іске асырылып жатыр.
Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішевтің айтуынша, бүгінде өңірде экспорттық әлеуетті арттыруға бағдарланған 70-тен астам орта және ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселесі талқыланған аппараттық жиында айтылғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы экспорты 2,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде шикізаттық емес өнімнің тауар айналымы – 1,3 млрд АҚШ доллары.
Бүгінде ақтөбелік өндірушілердің өнімдері Қытай, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания және ТМД елдеріне экспортқа шығарылып отыр. Өңірдің шикізаттық емес экспортында 4 жетекші кәсіпорынның үлесі көп. Олар – «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосылыстары зауыты» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе май экстракциялау зауыты» және «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
– Біз экспорттаушы кәсіпорындарды қолдау мақсатында тұрақты негізде «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» ұлттық компанияларымен бірлесіп, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Мәселен, ақпараттық-түсіндіру семинарларын өткізіп, шетелден сауда серіктестерін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, былтыр «KazakhExport» АҚ өкілдері Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысқан. Кездесулердің қорытындысында «Kazakh Export» АҚ-дан «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Максимус», «Геом», «Арт Трейд ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сақтандыру қолдауын алған.
Өңірдегі компаниялар 2020 жылы іске қосылған Экспорттық акселерация бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Аталған бағдарлама шеңберінде отандық өндірушілерге «QazTrade» желісі бойынша экспорт үшін тиімді бағытты таңдау, тауарды импорттаушы елдің стандарттарын алуға дайындау, әлеуетті сатып алушыны табу, келісімшарт мәтінін жасауға, оңтайлы логистикалық маршрутты анықтау бағытында қолдау көрсетіледі. Былтыр акселерация бағдарламасынан «Зерде Керамика-Ақтөбе» ЖШС, «Максимус» ЖШС, «Айс-плюс» ЖШС, «Темір Сервис» ЖШС (химия өнеркәсібі), «Нұралы» ШҚ (тамақ өнеркәсібі) және «Қайсар және КО» ЖК (жеңіл өнеркәсіп) сынды 6 компания өткен. Сонымен қатар «QazTrade» желісі бойынша «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС және «Вибро Мастер Қазақстан» ЖШС өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жылжытуға жұмсалған шығындарды өтеу түрінде 11,9 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алды.
– Өткен жылдың нақты мәліметтері мен кәсіпорындардың болжамды деректері негізінде биыл шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 1,5 млрд доллар деңгейінде болады деген үміт бар, бұл өткен жылғы деңгейден 200 миллион доллардан көп. Көрсеткіштің артуы ферроқорытпа өндірісінің 21 пайызға өсуіне байланысты болып отыр. Көлемді ұлғайту экологиялық меморандум шеңберінде Ақтөбе ферроқорыту зауыты балқыту цехтарының газ тазарту жүйелерін жаңғырту есебінен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ рельстер өндірісінің 22%-ға өсуі күтіліп отыр. Ақтөбе рельс арқалық зауытында 2023 жылдың мамыр айында қолданыстағы желіні жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өндіріс көлемі былтырдан бастап 1,4 есе өсіп, 185 мың тонна рельс шығарылды, ал 2022 жылы 133 мың тонна релсь шығарылған болатын. Мұның бәрі облыстың шикізаттық емес экспортының өсу динамикасына оң әсер етеді, – деді басқарма басшысы.
Жиында өңір басшысы Асхат Шахаров облыстың экспорттаушы кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау шараларымен кеңінен қамту үшін тиісті шараларды атқару қажеттігін жеткізіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Облыста инвестиция көлемі триллион теңгеге шыққанымен, тікелей инвестиция көрсеткіші аздау болып тұр. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, отандық өнімді көбейту мәселесі өте өзекті. Бұл бағытта министрліктермен тиісті байланыс орнатуымыз керек. Жалпы, жұмыс қарқыны жаман емес. Жаңа келіссөздер жүргізіп, ниет білдірген инвесторларды өңірге тарту маңызды, – деді облыс әкімі.