Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысқан Үкімет отырысында елдегі кадр даярлау және жұмысшы мамандықтарды дамыту мәселелері талқыланды.
Жиынды бейінді мемлекеттік органдардың басшылары өнеркәсіп, энергетика, газ саласы және экономиканың басқа да секторларындағы жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мамандар даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Бұл тақырып Шығыс Қазақстан үшін өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардың қарқынды дамуына байланысты ерекше маңызды. ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, биылғы жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 17 440 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша олардың 13 641-і немесе жылдық жоспардың 78 пайызы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 9 976 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.
Жаңа жобаларға қажетті кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Зайсан және Катонқарағай аудандарында салынып жатқан әуежайлар үшін 46 маман сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқудан өтті. Сонымен қатар жыл басынан бері өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 5 270 жұмыс орны құрылды. Жоспар бойынша 4 142 жұмыс орнын құру қажет еді. Осылайша, көрсеткіш 127 пайызға орындалды.
Бүгінде ШҚО бойынша Электрондық еңбек биржасында 7 540 бос жұмыс орны тіркелген. Вакансиялардың басым бөлігі білім беру және тәрбие, өндіріс, көлік және логистика, медицина, құрылыс және энергетика салаларына тиесілі. Бұл ретте сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтардың бірқатары бойынша жалақы деңгейі аталған салаларға мамандар тартудың негізгі факторларының бірі болып отыр.
Өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарды қолдау мақсатында биыл Шығыс Қазақстанда әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы тұрғындарға 300 грант беру қарастырылған. Бірінші лек аясында жалпы сомасы 205 млн теңгені құрайтын 119 грант берілді.
Кадр даярлау жұмыстары өңір экономикасының нақты қажеттіліктерін ескере отырып жалғасып жатыр. Биыл облыста 440 жұмыссыз азаматты сұранысқа ие 79 мамандық бойынша оқыту жоспарланған. Қазірдің өзінде 241 адам оқуға жіберіліп, оның 156-сы қажетті даярлықтан өтті.















