Қарашаның 4-жұлдызында ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-дегі кезекті брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы келіп қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру және Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді.
– Биыл Солтүстік Қазақстан облысы үшін оңай болған жоқ. Барлығыңыз білесіздер, тарихта болмаған су тасқыны үлкен сынақ болды. Өңірдің инфрақұрылымы біршама зардап шекті, тұрғындардың үйлеріне зақым келді, барлығы 4000-ға жуық үйді су басты. Оның жартысы Петропавл қаласында. Су тасқыны кезінде барлық адамдар бір үйдің баласындай болып көмектесті. Осы үшін барлық жерлестеріме алғыс айтамын, – деп сөз бастаған әкім аймақтағы апатқа арнайы тоқтала келіп, қол ұшын созған барлық адамдарға алғысын арнады.
– Ел Үкіметі барлық қажетті көмек пен қолдауды көрсетті. Ақшалай өтемақы толық көлемде төленді. Барлығы біз уәде еткендей баспана алды. Президенттің шақыруына жауап беріп, тұрғын үй сатып алуға және салуға қаражат бөлген меценаттарға солтүстік қазақстандықтар үшін ерекше алғыс айтамыз, – деді Ғауез Торсанұлы.
Петропавлда жаңа «Бірлік» шағынауданы пайда болды. Онда қазірдің өзінде 700 отбасы тұрады. Балабақша ашылып, мектеп құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар зардап шеккендерге 1394 пәтер сатып алынды. Барлық ауданда механикаландырылған бригадалар ұйымдастырылды. Олар жазғы кезеңде 241 үйді қалпына келтіріп, 2 мыңнан астам үйді бұзды. Сондай-ақ иелері 1 658 үйді өз бетінше жөндеді. Әрбір зардап шеккен тұрғынға жөндеуге өтемақы төленді.
– Су тасқынының алғашқы күнінде Петропавл сумен жабдықтаусыз қалғанын бәріңіз білесіздер. Содан кейін бірінші көтергіш сорғы станциясы қатты соққыға жығылды, электрмен қамтамасыз ететін 4 электр фидері мұзбен кесілді. Станцияның өзі толығымен су астында қалды. Су тасқыны кезінде стандартты емес шешімдер қабылданды. Біз шұғыл түрде Пестрое көліне қалқымалы сорғы станциясын қойдық. Бір түнде біз құбырларды жеткізуді ұйымдастырдық және оларды бүкіл жағажай арқылы тарттық, понтонға қалқымалы станция орнаттық. Ал бір күннен кейін біз облыс орталығына су бердік, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі сонымен қоса бүлінген инфрақұрылымдардың жай-күйіне де арнайы тоқталып, атқарылған шаруалары туралы толық мәлімет беріп өтті.
– Петропавл мен Қызылжар ауданында 8 қорғаныс бөгеті нығайтылып, салынды. Нәтижесінде бөгеттердің биіктігі 7 метрге дейін көтерілді. Осы мақсатта 158 бірлік техника жұмылдырылып, 1,5 млн тонна инертті материалдар әкелінді. Облыс бойынша ұзындығы 130 шақырым 60 қорғаныс біліктері мен бөгеттері бар, – деді әкім мырза.
– Су тасқыны және одан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысының экономикасына кері әсерін тигізді. Алайда негізгі салалар бойынша оң өсім байқалады. 10 айдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығында – 130,2%-ға, өнеркәсіпте – 100,1%-ға, құрылыста – 127,3%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй бойынша – 122,9%-ға, инвестицияларда – 109,4%-ға өсу байқалды. Егін жинау науқанының нәтижелерін атап өткім келеді. Биыл ол соңғы 13 жылдағы ең табысты жылдардың бірі болды. Шаруалар 18,6 ц/га өнімділікпен 6,2 млн тоннадан астам астық жинады, бұл астық егетін өңірлер арасында ең жоғары өнімділікті құрайды және жалпы бастыру бойынша республикадағы екінші нәтиже, – деді облыс әкімі.
Жалпы СҚО-ның негізгі өндіріс бағыты ауылшаруашылығы саласы болып табылады. Астықты мол өндіретін бұл өңірде мал шаруашылығын дамытуға да мол мүмкіндік бар. Таяу жылдардан бері аймақта тауарлы сүт өндірісі жақсы дамыды. Тіпті Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі боларлық деңгейге жетті десек, қателеспейміз. Бүгінгі жиында өңір басшысы осы жетістіктерге арнайы тоқтала кетті.
«Мал шаруашылығы саласында өңіріміздің сүт-тауар фермаларын салудағы жетістігін атап өткім келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша СҚО тәжірибесі бүкіл республика бойынша таратылады. Қазіргі заманғы цифрлық фермалардың құрылысына өткен жылы республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 19 сүт кешенінің 11-і аяқталып, іске қосылды. Фермалар толық қуатына шыққан кезде қосымша 70 мың тонна сүт өндіріліп, 500 жұмыс орны құрылады. Құс еті бойынша импортты толық алмастыру үшін өңірде қуаттылығы жылына 6,5 мың тонна болатын 2 ет құс фабрикасы салынды. Петропавлда қуаттылығы 10 мың тонна құс фабрикасының құрылысы жалғасуда. Бұл өңірдің құс етіне деген қажеттілігін жабуға және экспортқа шығуға мүмкіндік береді.
Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мысалы, «Зенченко и К» КС қуаттылығы жылына 13 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдеу цехын салады. Компания жұмыс істеп тұрған сүт зауытын кеңейтуде. Қайта өңдеу қуаты 1,5 есеге – жылына 54 мың тоннаға дейін артады. Бұдан бөлек, серіктестік 8 мың басқа арналған сүт фермасын салуға кірісті. Кешен елдегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі кешен болады. «Евразиан милк» ЖШС (Eurasian milk) қоюландырылған сүт өндіру цехының құрылысын жүргізуде, қуаты шикізатты өңдеу бойынша жылына 92 мың тоннаға дейін өседі.
Бұлар өңірдің брендіне айналған өндіріс ошақтары еді. Сондықтан оқырман қауымға түсінікті болуы үшін сандық мәліметтерге аранйы тоқталуды жөн көрдік. Жалпы облыс көлемінде білім беру, денсаулық сақтау, инвестиция тарту салаларында да көрсеткіштері жаман емес екен. Алдағы уақытта оларға да арнайы тоқталып материалдар дайындайтын боламыз.
Жиналыс соңында аққайыңдарымен аты шыққан, астығы мен ақ сүті кемерінен асып жатқан Қызылжар өңірінің бағындырар белестері мол болсын деген тілекпен тарқастық.