Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысына қатысып, ведомствоның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады.
2025 жылы министрлік республика бойынша 9 өңірде сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялауға арналған 30 жобаны іске асырды. Ведомство белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізіп қана қоймай, оларды артығымен орындады. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған 9 жобаның орнына 15 жоба аяқталды, оның екеуінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нәтижесінде 1599 км сумен жабдықтау желісі және 8 су құбыры нысанының алаңы салынды. 277 елді мекенде тұратын 514 мың адам сапалы су жеткізу және сумен қамтуды жақсарту мүмкіндігіне ие болды. Оның ішінде жалпы саны 115,5 мың адамды құрайтын 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылды.
Айта кетейік, 2021-2023 жылдар аралығында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 6 жоба аяқталса, соңғы екі жылда 22 жоба жүзеге асырылды. Бұл жалпы саны 722 мың адам тұратын 326 елді мекендегі сумен қамту жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Биыл 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің үш облысында 5 жоба бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл жобалар аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылыстарын салу көзделген.
Сонымен бірге министрлік жерасты суын кешенді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеуге кірісіп жатыр. Бұл құжатты іске асыру жерасты су ресурстарын игеру тиімділігін арттыруға, елді мекендер мен экономика салаларын ұтымды әрі тұрақты сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің су қорын сақтау мен дамытуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жерасты суының 4 мыңнан астам кен орны барланған. Оларда бекітілген пайдалану қоры жылына шамамен 15,7 млрд текше метр.
Аграрлық секторда негізгі басымдық заманауи әрі үнемді суару әдістеріне көшуге берілген. 2025 жылы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында су үнемдеу технологиялары 153,5 мың гектар алқапта енгізілді.
Мысалы, 2024 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны жылына орта есеппен 30 мың гектар болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 150 мың гектарға дейін артты. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жердің жалпы көлемі 543,5 мың гектарға жетті.
2030 жылға қарай су үнемдейтін суару жүйелерін қолдану алаңын 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер арқылы жергілікті бюджеттерге 228 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл алдыңғы үш жылғы кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
«Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы вегетация кезеңінде Қазақстанның оңтүстігіндегі өзен бассейндерінде су ағынының қысқаруы күтіледі. Министрлік 2026 жылғы суару маусымына дайындықты бастап кетті. Суару каналдары мен гидротехникалық құрылыстарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірлерде фермерлермен кездесулер өткізіліп, су үнемдеу қажеттілігі және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері түсіндірілуде. Атап айтқанда, желтоқсан айының басында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында көшпелі кеңестер өткізілді. Онда су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау және су үнемдеу технологияларына жедел көшу қажеттілігі атап өтілді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Судың «қара нарығына» қарсы күрес мақсатында Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленді. Құжат су ұрлығымен және заңсыз су пайдаланумен тиімді күресу үшін құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құруды көздейді.
Өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін жаңа Су кодексі қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптарын бекітті.
Бұл үшін жеті жылдық мерзім бөлінді, оның ішінде 2 жыл өтпелі кезең және 5 жыл жоспарларды іске асыру кезеңі. Бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайталама және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік беріп, шамамен 1,5 млрд текше метр су үнемдейді.
Жыл басынан бері министрлік шаруаларға су беру бойынша келісімшарттарды электронды форматта жасасуға көшуді жүзеге асыра бастады. Енгізіліп жатқан биллинг жүйесі аграршыларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерісті қамтиды.
Жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысудың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызметі















