Тараз – тарих пен болашақтың қиылысында

Тараз – тарих пен болашақтың қиылысында

Екі мыңжылдықтың сырын сақтаған, жарты миллион тұрғыны бар Тараз соңғы жылдары ірі аумақтық және инфрақұрылымдық өзгерістер арқылы жаңа даму кезеңіне өтті. Байзақ пен Жамбыл аудандарынан бірнеше елді мекеннің қосылуы қаланың шекарасын 19 мың гектардан 31 мың гектарға дейін кеңейтіп, тұрғындар санын 437 мыңнан 482 мыңға ұлғайтты. Соның нәтижесінде Әулиеата және Жібек жолы атты екі аудан құрылып, басқарудың аумақтық нақтылығы артып, жергілікті қызмет көрсетудің жеделдігі күшейді.

 

«Біздің басты мақсатымыз – қала халқының сапалы қызмет алуын қамтамасыз ету. Жаңа аудандар қосылған соң жауапкершілік те күшейді, әрбір шағын аудан мен қосылған ауылдардың мәселесі жеке жоспармен шешіледі», – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Даму логикасы үш басты бағытқа сүйенеді: көлік-тораптық қолжетімділік, инженерлік желілерді жаңғырту және урбанистік сапаны арттыру. Бірінші бағытта Абай даңғылы бойымен теміржол арқылы өтетін автомобиль және жаяу жүргінші көпірінің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, республикалық бюджеттен 16,9 млрд теңге сұратылды. Мемлекет қажетіне алынатын нысандарды өтеуге 1,8 млрд, бұзуға 285,04 млн теңге қарастырылып, 2026 жылға аяқтау межеленген. Бұл шешім тек бір көлік торабын жеңілдету емес, күнделікті уақыттың құнын қайта есептеу. Қисынды модельдеу бойынша шығыс-батыс тасымалындағы «тар мойынды» босаңсыту қала ішілік логистикада жанармай мен адам-сағат шығынын жүйелі қысқартады.  Екінші ірі жоба – Абай даңғылын Сыпатай батыр көшесі мен Жамбыл даңғылына орталық эстакадамен жалғау. Ол көпір жүктемесін төмендетіп, өнеркәсіп аймағы мен шығыс қақпаға тікелей қолжетімділікті күшейтеді.

Инженерлік қауіпсіздіктің өзегінде экология тұр. Бүгінде сарқынды сулар Жамбыл ауданындағы 217 гектар сүзу алаңдарына шығарылады, бұл Аса өзені мен жерасты сулары бойынша үлкен мәселеге алып келеді. Сондықтан құны 47 млрд теңгелік, тәулігіне 80 мың текше метрлік жаңа тазарту кешенінің жобасы әзірленіп, сараптама мақұлданды. Қаржыландыруды «Бәйтерек» холдингі арқылы, оның еншілестері мен мемлекеттік бағалы қағаздар тетіктерін тарта отырып, құрастыру көзделген. «Бұл тек инженерлік нысан емес, қаланың экологиялық иммунитеті. Ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз осы жоба сапасымен өлшенеді», – дейді әкім.

Тұрғын үй сұранысының серпіні аумақ кеңеюінің тікелей салдары. Коммуналдық қордан пәтер кезегінде 23 мыңнан астам азамат тұр. Осының өзінде «Шапағатта» 16 үйдің 12-сі тапсырылып, қалған төртеуі салынуда. «Ұлы Далада» 34 үйдің 12-сі пайдалануға беріліп, 22-сі құрылыс кезеңінде. «Балаусада» 22 көпқабатты үй бой көтеріп жатыр. «Қарасай» шағын ауданы нақты жоспармен әлеуметтік және коммерциялық объектілермен бірге дамиды.

Нарықтан жеке секторлар да тартылып, Жамбыл даңғылы бойында үйлер көтеріліп, 120 нөмірлік «Hilton» қонақүйін салу жоспарланған. Бұл қонақжайлылық пен іскерлік туризмнің мультипликаторын күшейтетіні анық. Жекеменшік үй салу үшін жер теліміне сұраныс аса жоғары: 2005-2025 жылдар аралығында кезекке тіркелгендер саны 130 479 адамға жеткен. Мұны шешу үшін мемлекет қажетіне 564,6 гектар қайтарылып, 16 шаруа қожалығының алқаптары тұрғын массивтерге инфрақұрылым тарту үшін мемлекеттік меншікке өтті.

Инженерлік инфрақұрылымда ауызсу – өмір сапасының өлшемі. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2023-2025 жылдары 10,2 млрд теңгеге 641,7 км су құбыры жүргізіліп, 56 мыңнан астам адам және 11 258 үй сапалы сумен қамтылды. Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған, Қызылабад, Жиделі, Қарасай, Тектұрмас, Родничок, Ақжол, Қайнар сияқты елді мекендердің тұрғындары алғаш рет толыққанды таза суға қол жеткізді. Қосылған Бектөбе, Қызылшарық, Түрксібте жүйелер салынғанымен, баланстық және техникалық ақаулар реттеліп, іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 10 көшеде 9,8 км желі жаңартылды. Төрткүл массиві мен Айша-бибіден Сүлейменовке дейінгі магистралдық су құбырлары, сондай-ақ басты мұнарадан тарайтын магистралдарды жаңғырту бойынша жобалар мемлекеттік сараптамаға жолданды. Абай даңғылы, Қойгелді, А.Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан, Ниетқалиев көшелері бойынша реконструкция жобалары да дайын.

Жылумен қамту – қысқы тәуекелдің негізгі көзі. Тозу деңгейі 67,8 пайыз болып келген М-1 магистралы Сыпатай батыр, Қ.Тұрысова және Төле би бойында 4 602 метрге толық ауыстырылып, Төле би бойындағы қосымша 1 536 метр жаңғыртылды. «Ұлы Дала» шағынауданында магистралдық әрі ішкіжелілік тораптар кеңейтілді. М-3 магистралы Жамбыл мен Төле биден Д.Қонаев және С.Сейфуллинге дейін модернизацияланды. Барлығы 27,3 млрд теңгелік 11 жоба қаржыландыруға жолданды. Олар жүзеге асса, жылу желілерінің тозу деңгейі 51 пайызға дейін төмендейді. «Қыстың сабағын жазда оқимыз: біз құбырларды ауыстырмайынша, жылу толық жүрмейді», – дейді әкім.

Қалалық қозғалыстың әлеуметтік өлшемі – қоғамдық көлік. Шаһарға 2023 жылы 73, 2024 жылы 155, 2025 жылдың басында 15 автобус жеткізіліп, жыл соңына дейін тағы 82-сі келеді деп күтілуде. Парк 330-дан 437 бірлікке өсіп, олардың 75 пайызы үш жылға дейінгі жаңа техника. Былтыр 5, биыл қосымша 2 бағыт ашылып, жалпы саны 43-ке жетті. Өткен жылы 80, биыл 75 аялдама орнату жоспарланған. Әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңы бағыттарын субсидиялауға 2024 жылы 5,3 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылға 5,2 млрд қарастырылған.

Қауіпсіз әрі жайлы түнгі орта – әр шаһарға қойылатын басты талап. Былтыр 76 көшеге жарық қойылып, биыл 85 көшені қамту жоспарланған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен 266 млн теңгеге 10 шағын аудандағы 353 аула мен 79 кіреберіс жол жарықтандырылды. С.Сейфуллин көшесі мен Жамбыл даңғылының жаяу жүргінші аймағы да шамдармен толықты. Қалаға қосылған 14 елді мекеннің 38 көшесін жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзір, 2026 жылға жоспар дайын.

Урбанистік сапаның үшінші тірегі – жасыл инфрақұрылым. 2024 жылы 20 гектарға 20 мың ағаш егілді, 2024 жылдың көктем-күзінде жалпы қалалық сенбіліктерде тағы шамамен 6 мың көшет отырғызылды. 2025 жылы қосымша 5 мың ағаш жоспарланып, оның 4 мыңы көктемде егілсе, қалғаны күзге жоспарланған. Арық жүйелерін жаңғыртуға 2023-2024 жылдары 1,4 млрд теңгеге 40,3 км лоток ауыстырылып, 2025 жылы 600 млн теңгеге тағы 17 км қалпына келтіру көзделген. Ұлы Даладағы Түйте каналының бойы абаттандырылып, кезекте Үшбұлақ пен Қарасу-2 тұр. Бірінші кезеңде тиісінше 1,2 км және 1,275 км жағалауы көгалдандырылып, спорт, воркаут және қарттарға демалыс аймақтары салынады.

Әлеуметтік көрсеткіштер де тұрақтылықты сипаттайды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болып, өткен жылғы мәнді сақтады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 48 956 теңгеге, жылдық өсім 10 пайызға жеткен. 2025 жылғы өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 22 243 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, соның 5 522-сі қазірдің өзінде еңбекке тартылды. 3 049 отбасыға 404,1 млн теңгелік әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 1 538 отбасы 43,5 млн теңгеге тұрғын үй көмегін, 1 511 отбасы (7 765 адам) 360,6 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмекті алды.

Мәдениет пен туризм – қалалық брендтің негізгі сипаты. Бұл ретте «Тектұрмас» кешеніндегі «Көне қамал» нысаны пайдалануға беріліп, Құмшағалда 140 орындық мәдениет үйі салынды. Қосылған елді мекендердегі мәдени инфрақұрылымның тозған нысандарын жөндеу жоспары бекітілді (Бектөбе, Шайқорық мәдениет үйлері; Қоныртөбе, Сұлутөр, Шайқорық кітапханалары). 

Қай қырынан қарасақ та, Тараздағы инвестициялық шешімдер әлеуметтік қайтарымы өлшенетін көрсеткіштермен байланыстырылып отыр. Салынып жатқан көпірлер уақытты үнемдейді, сумен қамту денсаулықты қорғайды, жылу желілері тәуекелді азайтады, жасыл белдеу климаттық жайлылықты күшейтеді, қоғамдық көлік қолжетімділігі кірісті арттыруға жанама әсер етеді. Шаһардың келесі межесі – іске қосылған жобалардың операциялық тәртібін мінсіз ету. Су есептерін автоматтандыру тариф әділдігін, жылу желілерінде цифрлық мониторинг апаттық жағдайларды азайтуды, қоғамдық көлікте деректерге сүйенген маршруттық жоспарлау күту уақытын қысқартуды қамтамасыз етеді.

«Ең қиыны артта емес – алда, өйткені кез келген нысанды салу оңай, күтіп пайдалану қиын. Бірақ біз толық жауапкершілікті сезінеміз», – деп түйіндеді шаһар басшысы. 

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, 

Жамбыл облысы Тараз қаласы

 

18.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17816
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17670
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32855
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31426
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35096