Тарихтың қаралы беттері: жазықсыз жапа шеккендер

Тарихтың  қаралы беттері:  жазықсыз жапа шеккендер

31 мамыр – халқымыздың жүрегінде өшпес жара қалдырған тарихи күндердің бірі.

Бұл күн – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Қазақстан халқы осы күні өткен тарихқа тағзым етіп, жазықсыз жапа шеккен азаматтарды еске алады. Тәуелсіз еліміздің тарихында бұл датаның орны ерекше, себебі ХХ ғасырдың ең ауыр қасіреттері қазақ халқының тағдырына үлкен өзгеріс әкелді.

1930-1940 жылдары Кеңес Одағы кезінде халыққа қарсы жаппай қуғын-сүргін саясаты жүргізілді. Қазақтың көптеген зиялы қауым өкілдері «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, атылды немесе лагерьлерге айдалды. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды ұлт мақтаныштары болды. Олар ел үшін еңбек еткеніне қарамастан, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды.

Қуғын-сүргін жылдарындағы ең ауыр қасіреттердің бірі – лагерьлер жүйесі еді. Кеңес үкіметі бүкіл ел аумағында ГУЛАГ деп аталатын еңбекпен түзеу лагерлерінің жүйесін құрды. Қазақстан аумағында да осындай ірі лагерьлер орналасқан болатын. Олар: ҚарЛАГ, АЛЖИР және СтепЛАГ.

Сонымен қатар қазақ халқы ашаршылық нәубетін де көрді. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан миллиондаған адам қаза тапты. Мал-мүлікті тәркілеу, күштеп ұжымдастыру саясаты халықты ауыр жағдайға душар етті. Көптеген отбасы туған жерін тастап, шетелге көшуге мәжбүр болды. Бұл кезең қазақ халқының демографиялық және рухани дамуына айтарлықтай зиян келтірді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастады. Қуғын-сүргін құрбандары ақталып, олардың есімдері қайта жаңғырды. Бұл тақырыпты зерттеуге көптеген тарихшылар мен ғалымдар үлес қосты. Әсіресе академик Манаш Қозыбаев қазақ тарихындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін мәселелерін терең зерттеген ғалымдардың бірі болды. Сонымен қатар Күләш Ахметова, Талас Омарбеков секілді зерттеушілер архив деректерін жинап, тарихи шындықты ашуға еңбек етті.

Бүгінде Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер орнатылып, музейлер ашылған. Жыл сайын түрлі еске алу шаралары өткізіліп, құрбандар рухына Құран бағышталады. Бұл – халқымыздың өткеніне деген құрметінің белгісі.

Әлі есімде… Күннің аптап ысып тұрған шағы. Отбасыммен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейіне жол тартып барамыз. Ол кездегі мендік бала көңіл алаңсыз күйде айналаға жалтақтаумен болды. Әне-міне дегенше музейге де келіп жеттік. Табалдырықты аттап басқаным сол еді, бойымды бір үрей биледі. Ұзын дәлізде кетіп бара жатып оң жағыма бет бұрғанымда сәбиін көтеріп тұрған әйел мүсінін көріп денем түршікті. Мүсіншілердің шеберлігін айтсаңызшы… Қазақ зиялыларының түрмеге жабылған әйелдерінің жүзінен қорқыныш пен ертеңгі күнге деген алаңдаушылық қатар көрінеді. Қақаған қара суықтан еріндері көк тартып, көздерінен жалындаған от сейілген тұтқындарға ұзақ көз тастауға батылым жетпеді. Сол сәтте менің жасым небәрі 11-де болатын. Ақыл тоқтатып, бұндай саяси оқиғаларға аса бір жауапкершілік танытатыншағым болмаса да, тулап соққан бала жүрегім көп дүниені түсінгендей күй кешті.

Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүрген музей қызметкері бізді келесі бөлмеге апарды. Ол жерде қазақ зиялыларының фотосуреттері мен жазбалары жазылған бірнеше тақталар тұр. Әрқайсысына қызығушылықпен көз тастай келе Тұрар Рысқұловтың әйелімен бірге түскен суретін көзім шалды. Сурет астындағы мына өлең жолдарын оқып тұрып тұңғиыққа баттым:

Туылған тар заманда Тұрар едім, 

Елім деп еңіреген ұлан едім. 

Қолымда құдіретті билік болса, 

Тарихты тура жолға бұрар едім. 

Расында, сол кезеңде көптеген зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлұлындай ұлттың болашағы үшін еңбек еткен талай тұлғалар болды. Бұл – тек жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас халықтың басына түскен ауыр сынақ еді.

Музейдің ішін толық аралап болған соң, сыртқа шықтық. Бір кезде алыстан ұзынша келген бірдеңені көзім шалды. Жанына жақындап қарасам – тұтқындар отырған абақты екен. Түсіндірме жұмыстарын жасап жүрген орта жастағы әйел кісі жанымызға келді. Түрме – бүгінгінің абақтысындай емес. Кең әрі жатуға ыңғайланып салынбағаны көрініп-ақ тұр.

Қызметкердің айтуынша, тұтқындарға 4 сағаттан артық ұйықтауға рұқсат етілмеген. Күндерінің 4 сағатын ғана отырып ұйықтаумен өткізіп, қалған уақытта аяқтарынан тік тұрған деседі. Ішімде «Қалай шыдаған екен?» деген аяушылық сезімі оянды. Бір күн ішінде өткеніме көз тастап, сан алуан сезімді бастан өткере отырып, бүгініме шүкір айттым. Қорытындылай келе, 31 мамыр – халқымыздың қасіретті тарихын еске түсіретін маңызды күн. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының тағдыры ешқашан ұмытылмауы тиіс. Олардың көрген азабы мен қайсарлығы бүгінгі ұрпаққа үлкен сабақ болып қала береді.

Аяулым РЫСҚАЛИ, 

Алматы қаласы №181 ЖББМ 

11-сынып оқушысы 

 

02.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26349
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25790
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43186
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38988
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43585