Әр қырыққан сайын ешкі бір өліп тіріледі екен. Біздің елімізде де жыл сайын көктем келгенде шенеуніктеріміз зәресі ұшып, есік-тесіктерін бітеуге тырысып, тасқынға дайындала бастайды. Көктем тасқыны әр облыста әртүрлі жүреді. Сондай-ақ әр жыл өзіндік қиындықтарымен, ауыртпалықтарымен келеді. Мысалға алдыңғы жылы (2024) алапат тасқын болды. 10 облыста төтенше жағдай жарияланып, зияны, залалы бастан асты. Ауылдар су астында, адамдар баспанасыз қалды. Тұрғындар егінін еге алмай зор зардап шекті. Әлбетте, мемлекет амал жоқ мұндайда қол ұшын созады. Өздеріңіз білесіздер, бюджет қоржынына молынан қол салынды, осының кесірінен тасқын болмаған өңірлерде де қаржы жағынан тапшылық көрді.
Біздің таңғалатынымыз төтенше және су шаруашылығының мамандары неге тасқынның алдын алмайды? Астарында тікұшақ, қолдарында заманауи техникасы бар олар неге ауыл-ауылды зерттеп, су кетеді-ау деген тұстарын жөндемейді? Кейде біз осы әлдекімдер тасқынды қасақана жасай ма деген ой туындайды. Себебі тасқын кезінде де оның қаржысынан жымқырғандар болғанын қалай жоққа шығарамыз. Елде жемқорлық деген пәле үстемдік етіп тұр ғой.
Мәселен 2024 жылы тасқынның салдарынан туындаған қаншама қаржы жұмсалғанын білсең, төбе шашың тік тұрады. Мысалға әлеуметтік көмекке 13,3 млрд теңге, компенсацияға 10 млрд теңге, АӘК-ке 650 млн теңге, қираған үй-жайларын жөндеуге 118,7 млрд теңге, шағын және орта бизнес шығынын өтеуге 12,7 млрд теңге, фермерлерге көмек ретінде 3,5 млрд теңге жұмсалды. Барлығы 300 млрд теңгеден асады!
Ал биыл қалай болмақ? Биыл қыста кейбір жерлерде төтенше жағдай болған. Мысалға Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында қар үстіне жаңбыр жауып, соның нәтижесінде мұз құрсанып, көктайғақ болып, ағаштар құлап, электр желілері үзілген. Бес-алты күндей жарық болмаған. Мал жайыла алмай қалған. Енді қазір жер-жерде жаңбыр үздіксіз жауып тұр. Үкімет өткен аптада бір отырысын осы тасқынға арнады. Мамандардың болжауынша, табиғаттың бұл жағдайы 2024 жылға ұқсас. Үкіметтің айтқанына сенсең, төтенше жағдайларға тиісті орындар тас түйін дайын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, 2024 жылы да осылай айтылған. Қызық болғанда сол жылы отырған лауазымды тұлғалар қазір де сол орындарында. Сол кезде олар неге жазаланбады? Қып-қызыл шығынның болуына солар кінәлі емес пе? Біз мынаны ұғуымыз керек. Сылдыр сөз күркіреп ағатын тасқынға бөгет бола алмайды. Бұған нақты жоспар, мықты мамандар қажет. Бізге жетпейтіні осы. Әзірге тасқынға тосқынымыз мықты болсын деп тілейміз.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
















