Тәуелсіздік қазаққа не берді?

Тәуелсіздік қазаққа не берді?

Егемендік жайлы толғау

Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Көп-көрім уақыт. Ширек ғасыр. «Осы 30 жыл қазақ халқына не берді?» деген сауал көпшіліктің көкейінде кілкіп тұрғаны анық. Иә, 30 жылда жеткен жетістік пен кеткен кемшілік орасан. «Ойпырмай» деп таңдай қаққан сәттер мен «Әттеген-ай» деп «аһ» ұрған мезеттер де аз емес. Жақсылық пен жамандық итжығыс түсіп жататын заманда, қуаныш пен өкініштің ғасырдың иініне мінгесіп жүретіні түсінікті жайт.

Ел болғасын екіұдай пікір айтылуы да заңдылық. Біреудің көңілі толады, енді біреудің реніші басым. Біреу тоқ, біреу жүдеу. Біреу жайдарлы, біреу ашулы. Бұл әлмисақтан адам адам болып жаратылғалы тайталасып келе жатқан үрдіс. Қалай десек те тәуелсіздік тұғырына қонған күн, қазақ үшін құтты мереке! Бір елдің боданы болып мөлиіп жүргеннен, азат елдің ауасын еркін жұтып күлген қандай?! «Ашыққан қарын тойынар, жабыққан көңіл жұбанар» дейді атамыз қазақ мұндайда. Сонымен тәуелсіздік қазақ мемлекетіне не берді? Осы жайлы әңгіме өрбітпекпіз. Ең бірінші бергені саяси тұрақтылық! Егер тұрақтылық болмаса, ертеңге деген үміт, болашаққа деген сенімнен жұрдай болар едік.

Nur-Sultan (formerly Astana)

Саяси тұрақтылық – басты жеңісіміз

Саяси тұрақтылық сөз болғанда айналып өте алмайтын тағы бір шындығымыз – геосаяси тұрғыда қиын жерде орналасқанымыз. Біз тарихи әдебиеттегі бейнелі тілмен айтсақ, «аю» мен «айдаһар» атанған алып империялардың арасында сан ғасырлар бойы амалдап өмір сүріп келе жатқанымызды ұмытпауымыз керек

Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көлкөсір табиғи байлығы, көптеген елдің қуат көздеріне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзіндік салмақты орны һәм саясаты бар мемлекет екенін көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энергетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» (Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы салиқалы сұхбат // Алтын Орда. 2007. 17-19 сәуір), – деп жазуы бекер емес. Қауіп қайдан төніп тұрғанын осыдан-ақ сараптай бер.

Екінші мақтанышымыз жергілікті жұрттың ұлттық рухы оянып, санасы биіктеп, ең бастысы халық санының артуында жатыр. Бұған да тәубе деуіміз керек. Әйтпесе ұланғайыр жерінен айырылып, жер бетінде босып жүрген ұлттар қаншама... 1913 жылы «Қазақ» газетінде қайран Ахаң, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әлхамдуллаһи, әйтеуір қазақ 6 миллионға жеттік» деп қуанған екен. Сол қуанышты кеңес үкіметі ұзаққа жеткізбеді. Қолдан аштық ұйымдастырды, зиялыларды қынадай қырды. Тұтас ұлтты жойып жіберуге шақ қалды. Оны қазақ қалай ұмытар?! Тура бір ғасырдан аса уақыт өткеннен кейін республикадағы қазақ халқының көрсеткіші енді-енді көтеріле бастады, кейбір деректер бойынша Ахаң шаттанған заманда 1-2 миллион болған «өз ағамыз» өзбектер қазір 30 миллионнан асып кетті. Көршілеріміз сияқты еселеп өсудің орнына қазақ халқы өзінің атамекенінде тұрып-ақ азшылыққа ұрынды. Оның себебі мен салдары әбден зерттеліп, том-том кітап болып сөреде тұратын кезең де келер... Жә, делік. Осыдан екі-үш ай бұрын ғана 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жетіпті. Санақтың нәтижесі жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндаған премьер-министр Асқар Мамин осылай деді. Қазақстандықтардың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. «Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған» делінген Ақорда хабарламасында. Қазақстанда халық санағы 10 жылда бір рет өтеді. Бұған дейінгі санақ 2009 жылы өткен еді. Санақ қорытындысы бойынша елдегі халық саны 16 миллион 9 мың болғанын ұмытпаған жөн.

Сарыарқаға астана тұрғызу – сарабдал саясат жемісі

Астана в 2002 году и в 2015 | Пикабу

Осы жерде айта кетер бір жайт, қазақ халқының санының өсуіне үлкен серпін берген Тәуелсіздік жылдарында шетелден елімізге миллионнан астам қазақ оралуы. Тәуелсіз елге бет түзеген көштің тізгінін ұстаған азаматтардың қатарында шеттегі қазақтардың оқыған жастары мен элитасы көп болды десек қателеспейміз. Олар жас мемлекеттің керегесін бірге көтерісіп, уығын бірге шаншысты. Олар бүгінгі демократиялық дүмпудің 70 пайыздан асуына үлкен себесін болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша әлем қазақтарына арнап үндеу жариялап, алыстағы қандастарды Отанға оралуға шақырды. Сол мезетте жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» деген керемет мақаласы жарық көрді. Осыдан кейін қазақ көші селдей құйлып жүре берді... Бұл тәуелсіздік жыылдарындағы үшінші қуанышымыз.

Төртінші мақтаныш, тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейінгі ел билігінің жедел қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі – астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру болды. Астана – Елбасының төлтумасы еді. Оған ешкімнің таласы жоқ. Қазақстанның астанасын жанға жайлы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде бастама көтерген де мемлекет басшысы.

«Ел экономикасы әлі түзеліп кете қоймаған тұста осының бізге қаншалықты қажеті бар еді?» деушілердің де қарасы аз болмағаны белгілі. Алайда саяси шешім жасалды. «Шегірткеден қорыққан егін екпейтіні» белгілі. Ол кезде болашақ астана Целиноград болатын. Қаптаған өзге ұлт жайлаған Сарыарқа – сыңсып жататын жел мен бұлтқа мұңын шағып. Қаланың маңайы батпақ пен шалшық, қамыс пен қоғаға толы еді... Шыны керек, сол уақытта республиканың жаңа астанасы – Ақмола болатынына жұрттың көбі әсте сене қойған жоқ. Басқасын айтпағанның өзінде, тәуелсіздік алғанына көп уақыт өте қоймаған қазақ елінің бұдан басқа да бірінші кезекте шешуге тиісті көкейкесті әлеуметтік-экономикалық мәселелері шашетектен еді. Осындай қысылтаяң шақта: «Жылы орынды суытып, қысы қытымыр, жері батпақ, адам тұруға қолайлы жағдайы жоқ Ақмолаға көшудің қаншалықты қажеті бар?» – деп ашық та, жасырын да қарсылық білдіргендер аз болған жоқ.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев кейінірек бұл туралы «Еуразия жүрегінде» деген кітабында былай деп жазғаны бар: «Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың көбі менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды».

Бесінші үлкен жетістік: шекараны шегендеу. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан үзінді: – «Егер келіссөзге екі жақ қатысса және аяқталмай қойса, онда ол келіссөздің шекара мәселесі туралы болғаны» – белгісіз бір автордың юмормен айтылған осы сөзі шекара жайындағы әңгіменің қашанда шетін шығатынын көрсетеді. Тағы бір автордың «Саяси карталар қанмен боялады» деген сөзін де кездестіргенім бар. Құдайға шүкір деп айтайық, тәуелсіз Қазақстанның тарихы осы екі сөзді де теріске шығара алды. Егемендіктің елең-алаң шағынан бастап жүргізілген көп векторлы сыртқы саясаттың арқасында алыспен де, жақынмен де бірдей орнықты қарым-қатынас қалыптастырудың сәті түсті. Әсіресе, айналамыздағы елдермен мемлекеттік шекараларымызды заңды түрде, біржолата бекітіп алғанымыз – ерекше жетістігіміз. Сізге сұхбат кітабының келесі тарауының тақырыбына қатысты алдын ала жазба түсіргенімде ол әңгімені шекара мәселесін шешудің жай-күйіне арнауды ұсынғаным да сондықтан еді. Жалпы, тәуелсіз елдің басты белгісі – заңды түрде белгіленген өз территориясы болуы. Бәрі де осыдан басталады. Демократиялық қағидаттар халықаралық қарым-қатынастарда орныға қоймаған өткен замандарда бір елдің бір елге басып кіруі, сол жерді өз иелігіне айналдыра салуы қалыпты жайға айналып кеткен. Есте жоқ ескі кезеңдерді қозғамай-ақ қояйық, бергі уақыттың өзінде шекаралас елдердің арасында жер үшін қаншама қанды қырқыс болғанын білеміз. Сондықтан да мен 1992 жылдың өзінде-ақ, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғаннан кейінгі Бас Ассамблеяның алғашқы сессиясында қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың қандайлық зардаптары болуы мүмкін екенін айтқан едім.

Біз сөз етіп отырған бес жетістік ұлттық реңді айшықтайтын факторлар. Егемендіктің басты атрибуттары саналады. Сондықтан ерекше тоқталып отырған жайымыз бар.

Ұлттық жобалар дәуірі жайлы толғам

ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ | Qazaquni.kz | Қазақстан жаңалықтары | Қазақ үні сайты

30 жылдың ішінде Қазақстанда экономика, мәдениет пен руханиятты дамытуға арналған біраз мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Оның біразы іске асты, біршамасы тоқырауға ұшырады.

Алдымен «Қазақстан-2030» стратегиясы басшылыққа алынды. Ал 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясы жарияланды. Соның аясында салалық бағдарламалар қабылдана бастады. Жалпы, тәуелсіздік жылдары біраз құжаттар қабылданды. Атап айтсақ:

Негізгі бағдарламалар:

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы;

Бизнестің жол картасы;

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы;

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы;

«Рухани жаңғыру» бағарламасы (президенттің мақаласы негізге алынды);

Цифрлық Қазақстан

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағарламасы; 

«Еңбек» бағдарламасы.

Бұдан бөлек, білім, денсаулық, ұлттық қауіпсіздік, экспорт, тіл саясаты, туризм, агроөнеркәсіп кешені, аймақтарды дамыту, жемқорлықпен күрес, дағдарысқа қарсы шаралар және тағы басқа маңызды бастамалар қолға алынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде ауқымды бағдарламалардың дәуірі өтті деп санайтынын айтып қалды. Сол себепті мұндай құжаттарды ұлттық жобаларға айналдыруға тапсырма берілді. Осылайша негізгі мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік ашпақ.

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл. Ширек ғасырда еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Оны хронологиялық тізбекке салсақ былай өрбітуге болады.

1991 жылы Қазақстан егеменді ел екенін жаһанға жария етті. Еліміздің Тәуелсіздігін ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары, екінші Қытай, содан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Ал «Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады» деген сөз ақиқат болмай шықты. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашқан, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов айтты. Сонымен қатар осы жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті.

1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. Осы жылы мемлекеттік рәміздер – Әнұран, Елтаңба және Туды жасауға конкурс жарияланды. 1992 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңға қол қойды.

1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды. Осы жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңге айналымға енді.

1994 жылдың 16 ақпанында Елбасы Н.Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады.

1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

1996 жылы Қазақстанның араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылды. Осы ұйымның құрылуына сол кезде біраз жұрт күмәнмен қарағанымен, ШЫҰ өзінің шынайылығын, қажеттілігін танытты. Бүгінде бұл ұйымның әлемдегі беделі айтарлықтай жоғары.

1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. Осы жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін Алматыдан Ақмолаға шығарып салу рәсімі өтті. Сондай-ақ, 3 желтоқсанда Премьер-Министрдің кеңсесі Ақмолаға көшті.

1998 жылы елордамыз Ақмолаға Астана аты берілді. Сондай-ақ осы жылы елімізде зейнетақы реформасы басталды. Мемлекет зейнетке шығу жасын әйелдер үшін 58 және ерлер үшін 63 жасқа дейін ұзартты

2000 жылдың 10 қазанында Астанада халықаралық экономикалық ұйым ретінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Аталған қоғамдастықты құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері қол қойды. Кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, қоғамдастық алынып тасталды.

2001 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті. Осы жылы көптеген ауқымды шара ұйымдастырылып, Рим папасы Иоанн Павел II Астанаға келді.

2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сонымен қатар осы жылы киелі Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті.

2003 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі саналары анық.

2004 жылы 24 желтоқсанда «Ақорда» резиденциясыны ашылды. Ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метр. Сонымен қатар осы жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар.

2005 жылдың желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды.

2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Ә.Назарбаев;

2007 жылы Қазақстан халқы үшін аса маңызды «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттік бюджеттен аталған бағдарламаны жүйелендіруге, сақтап және дамытуға 4 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы кезеңге 2,7 миллиард теңге, соңғысына 5 миллиардтан аса бөлінді. 

Елдікке бастар жолдар....

2008 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам 6 шілде – Астана күні тарихқа енді. Сонымен қатар елордадағы «Қазақ елі» монументі ашылды.

2009 жылы Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтті. Ел тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өткізіліп отырған ұлттық халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны 16 миллион 4 800 адам болғандығын көрсетті.

2010 жылы Қазақстан Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете бастады. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өткізілді.

2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Олардың 32-сі – алтын, 21-і – күміс және 18-і – қола. 2012 жылдың 22 қарашасында Қазақстан 2017 жылы елде әлемдік көрме өткізу құқығына ие болды. Халықаралық көрме бюросы мүшелерінің қатысуымен Астана 103 дауыс жинады.

2013 жыл Тұңғыш Президент жариялаған «2050 Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бойынша жұмыстардың қолға алынуымен ерекшеленді. Сонымен қатар осы жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті.

2014 жылдың тамыз айында үкіметте қайта құру жұмыстары өтті: 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Қаржы полициясының қызметі мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес істері жөніндегі агенттікке берілді. Бұдан өзге энергетика, мәдениет және спорт, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері құрылды.

2015 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды.

2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның өз алдына егеменді ел болып жарияланғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды.

2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойы тойланды.

2019 жыл Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

2020 жылы тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғаларға, соның ішінде, әсіресе Қазақ мемлекеттілігінің бастауы саналатын Алтын Орданың 750 жылдығы және басқа да маңызды жайттарға көңіл аудару кеңінен жалғасын тауып, ұлтымыздың ұпайын түгендер шаралар жүзеге асты.

2021 жыл тарихи және межелі жыл болмақ. Қазақстан 10 жылдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдағы жылдарға көп нәрсе жоспарланған. Ең бастысы жаңа демократиялық мемлекет, жаңа қоғам құрудың негізгі шарттары қаланбақ.

Көңілге кірбің түсірген әттеген-айлар

Тәуелсіздік жылдарындағы ең қанды оқиға – Жаңаөзен оқиғасы. Ол 2011 жылдың 16 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында болған қақтығыс.

Анықтап айтсақ, 16 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласының орталық алаңына еңбек дауына байланысты жеті айдан бері ереуілге шыққан «Өзенмұнайгаз» мекемесінің бұрынғы қызметкерлері мен жергілікті құқық қорғау органдары арасында қақтығыс болды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан қару қолданылып, оқ атылды. Қаладағы тәртіпсіздіктер коммерциялық нысандар мен мемлекеттік органдардың ғимараттарына ауысты. Полиция оқ қару қолдануы салдарынан ереуілшілер тарапынан көп адам опат болып, көбі жараланды. Оқиға ертесіне де жалғасты. 17 желтоқсан күні Маңғыстау ауданының орталығы болып саналатын Шетпе станциясында жергілікті тұрғындар Жаңаөзендегі ереуілшілерді қолдау мақсатында жолаушыларды тасымалдайтын поезді басып алды. Поездың алдында жатқан шпалдарды бұза бастады. Поезд өртке айналып адамдарға қауіп төнді. Полиция қызметкерлері қару қолдану салдарынан бір адам оққа ұшты.

Жаңаөзен оқиғасы – тәуелсіздік жылдарындағы жылнамаға жазылған қанды оқиға. Оның ақ-қарасын, әділ бағасын келер ұрпақ береді... Одан кейін жер мәселесі де халықтың ашуын туғызып, шеруге шығуға итермеледі. Бұл іске Еласының өзі араласып, бес жылға мораторий жариялауға шешім қабылданды. Отқа оранған бес сәби, ту биіктен үш баласын лақтырып кейін өзі мерт болған әйел де қоғамды дүрліктірген оқиғалар санатында. Өздерінің құқықтарын талап еткен «аналар шеруі де» тәуелсіз елдің тарихына жазылар ақтаңдақ тұстар... Халық сынына ұшыраған тағы бір ауқымды бастама ол – LRT жобасы. Астанадағы жеңіл рельсті көлік құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан «Астана банкінде» тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді. Сөйтіп қыруар қаржы қолды болып, жобаға басшылық жасағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Миллиондарды жымқырып шетел асқандар қаншама... Жемқорлық проблемасы да егемен елдің даңқына күйе жағып, жетістіктеріне селкеу түсіріп тұрғаны өкінішті. Ашық ақпарат көздерінің жазғандарына көз жүгіртсек, Қазақстан жемқорлық пен парақорлықтан халықаралық рейтингте 180 елдің ішінде 100-ші орында тұр.

Ал мемлекеттік тіл мәселесі де оң шешімін таппай, егемендіктің еркіндігіне кедергісін келтіруде. Үкімет пен Парламент қазақшаға құрмет көрсетпегесін, басқаларға бірдеңе дей қоюдың өзі қиын-ау...

Ел ертеңіне сенім зор...

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», деген еді. Өткен уақытты сараласақ, Тәуелсіздіктің 30 жылында ел тарихында үлкенді-кішілі көптеген жұмыстар атқарылды: экономикамыз қарқынды дамып, әлеуметтік салаларда бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткіздік. Сонымен қатар мәдени-рухани өмірімізде де бірталай өзгеріс орын алды. Кемшіліктер де жетіп артылады.

Тәуелсіздіктің 30-шы жылына аяқ басқанда Қазақстан өрлеу мен тұрақты даму дәуіріне айналарына үміт көп. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты» дегені дәтке қуат. Демек, елбасы саясаты әлі күшінде. Бағдарламалары өз орнында. Олай болса, жарқын болашаққа жол ашық. Көш жүре түзелетінін ескерсек, жоғарыда біз атап өткен кемшіліктер күндердің күнінде кеңшілікке айналарына сенейік, ағайын! 

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Қарағанды облысының әкімдігі кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотекаға қаражат бөлді
Show more
Жомарт Шаймұрат - 2022-01-24 25
2
Қарағандылықтар газға қосылған кезде қандай жеңілдіктер алады
Show more
Жомарт Шаймұрат - 2022-01-24 48
3
Қарағандылық конькиші Екатерина Айдова олимпиаданың ашылуында Қазақстанның көкбайрағын алып шығады
Show more
Жомарт Шаймұрат - 2022-01-24 25
4
«ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАРДАН» ҚАНДАЙ САБАҚ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК?
Show more
Пікірлерді жинақтаған Ш.Жамбыл. - 2022-01-24 22
5
"Ұрып-соғуға, азаптауға дайынмын". Ермек Нарымбай Қазақстанға оралады
Show more
- 2022-01-23 87