1963 жылы негізі қаланған, кезінде кеншілер қаласы ретінде танылып, бүгінде 30 642 ден аса халық саны бар, бүкіл елімізге белгілі болған бұл қаланың жағдайы көз тартарлық.
Қала келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Көркейіп келе жатқан Қаратаудың ажары тазалығына да байланысты. Ал, туған қалаға деген сүйіспеншілік тазалықтан басталады. Өйткені, ұқыптылық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық.
Қаратау қаласының тазалығына «ТОО Қаратау саябақтары» және «Таза қала» мекемелері қамтамасыз етеді. Қаратау қаласының «Шанхай», «Городок», «Флора саяжайы» аумағындағы жеке тұрғын үйлер тазалығына жауапты «Қаратау саябақтары» мекемесі аптасына бір күн қоқыстарды тасымалдайды.
Бұл мекеме аптасына 9-10 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарады. Келесі кезекте «ТОО Таза қала» мекемесі қала орталығындағы жеке үйлердің тұрмыстық қалдықтары мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы 44 қоқыс алаңшаларынан 10-11 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарып тазалығын күнделікті қамтамасыз етуде. Жалпы қаладағы көшелер саны – 130.
Дегенмен, Қаратаудағы аулалардың бәрі таза, мін жоқ деп айта алмаймыз. Есіктерін тарс жауып алып, үй тазалығын ғана ойлайтын тұрғындарға қынжыласың. Немқұрайлылығына амалсыз бас шайқайсың.
Халық даналығы «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың бұны айтуға тілі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Тазалық – денсаулық кепілі. Таза ауада тыныстап, көркем табиғатта демалғыңыз келсе, тазалықты өз ауламыздан бастағанымыз жөн.
Осы мақсатта күнделікті аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлынан бастап, тазалық барысын сүзгіден өткізіп, бақылап отырамыз.
Тазалық пен тәртіп өзге де өзеті мәселелер секілді, күн тәртібінен түскен емес.
Осындай бақылау барысында қаладағы қоқыс жәшіктеріндегі мына жәй көңілімізге кірбің түсірді. Қорқыныш ұялатты десек те артықтық етпес.
Қасиетті Рамазан айының өткені кеше ғана, бір түйір нанның, бір тамшы судың қадірін білуіміз қажеттілігін айтсақ, орынсыз дей қоймассыз.
Қалада тұратын қайсыбіріміз болмасын, таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, үйдегі қоқысты ала кету әдетімізге айналған. Сондай сәттерде қаланың қай бұрышындағы қоқыс жәшігінінің маңайы қалтаға салынған, тіпті кейбірі жерде де шашылып жатқан наннан көрінбейтінін жиі ұшырататын шығарсыз?
Осыны көргенде ішім ашиды, себебі әлеуметтік желілерде Жер шарының басқа бір бөлігінде кейбір мұсылман бауырларымыздың сәресі мен ауызашарға түйір нан таппай қиналып жатқаны жайлы деректер өте көп. Ал мына жақта біз… нанды таңдап жеп, қалғанын қоқысқа тастап…
Әйтпесе басымыздан небір тарих өтпеді емес қой: бір үзім нан түгіл, бір уыс бидайға зар қылған аштықты қазақтай көрген ел жоқ шығар?! Бейімбеттің «Күлпашын» оқыған жан тіпті бүгінгі мынау иттің басына іркіт төгілген заманда отырып та аштықтың қасіретін сезінер еді…
Амалсыз байға жалданып, бір тілім етті қойнына тығып үйде қалған Мақтым мен Қалиына жан ұшыра жүгірген Күлпаштың олардың құшақтасқан күйі қатып қалған мүрделерін көрген сәті денені түршіктіріп жібереді.
Мәселе сол «Күлпашты» оқымайтын болғаны ғой бүгін көпшіліктің. Одан да өзге нан қадірін ұқтыратын шығармалар қазақ жазушыларында жетерлік…
Мысалы, аштық болмай-ақ, бертіндегі заманды бейнелейтін Шерхан Мұртазаның «Интернаттың наны» шығармасы қандай?!. Сонда ашқұрсақ интернат оқушыларының тіпті нанды тойып жеуді армандайтынын, сөйтіп, бір баланың түнде ел жатқанда көрпе астына тығылып, ауылдан алып келген таба нанын жеп жататыны… Міне, нан қадірін білгісі келгендер осыны оқыса дейсің…
Тобықтай сөздің түйінін айтқанда Қазақта «Ас атасы – нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені – нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Адам баласы кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды, наннан зерікпейді, жалықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да – орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Өзге халықты қайдам, қазақтың нансыз күні жоқ деуге болады. Қазақта «Қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесек те, амандық болсын» деген де сөз бар ғой… «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы – сол нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Тіпті адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады екен, бірақ нанның өзін ешқашан баспаған. Нанның қасиетті Құраннан да жоғары бағаланатынын осыдан-ақ білуге болады.
Шүкіршілік етудің ғана арты – ризық. Нанның да наласы бар. Сондықтан нан қадіріне жетіп, ұрпағымызға дұрыс үлгі етелік!