Елімізде таяудағы маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясының ашылуы. Айтулы ұйымның 30 жылдық мерейтойына орай шақырылған бұл маңызды жиналыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасады. Ол сөз арасында ел ішіндегі кейбір қауесеттерге қатысты ойларын жасырған жоқ. Мысалы: «Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында еліміздің тыныштығына, береке-бірлігіне сызат түсіретін кейбір қауесеттерге қарата, болашаққа бағдар боларлықтай біраз ойларын ортаға салып өтті. Осы тұста Тоқаев меңзеген ұйымдар мен арандатушылар кімдер деген мәселе туралы көңілге түйген кейбір ойларымызды Президенттің пікірлерімен астастыра отырып баяндай кетуді жөн көрдік.
Соңғы бір айдың көлемінде әлеуметтік желі беттерінде «алдағы болатын Ассамблеяның жиналысында жалпыхалықтық референдум жарияланады, оның мақсаты – Қазақстанды Ресейге қосу, сондықтан бұл мәселеде бей-жай қалмаңыздар» деген ұран жиі айтыла бастаған еді. Бұл әлдебір топтардың мүшелері арқылы қауесет боп тарағанымен, кейін белсенділердің «мен бұған қарсымын» деген сарындағы мәлімдемелеріне ұласып жатты.
Ендеше, Қазақстан билігі, Үкіметі, Ресей және Қытаймен қатынасы туралы өткір сындар айтып, түрлі шулы мәлімдемелер таратып отырған, Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыз...» кімдер болды?
Бұл сұрақ қойылғанда ең алдымен екі адамның аты аталары сөзсіз. Оның бірі Францияда қашып жүрген, тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әбіләзов болса, екіншісі тіркелмеген «Атажұрт» партиясының жетекшісі ретінде танылған, АҚШ-та тұратын Серікжан Біләшұлы.
Бірінші адамнан гөрі екінші азаматтың әлеужелідегі абыройы артып келе жатқандай... Өйткені, Серікжан қазақтілді. Оның үстіне, қытай, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтіндіктен, Қытай туралы сыни пікірлерді жиі айтады. Дегенмен бұл екі азамат та ел ішіндегі әрбір өзгерістер мен халықаралық жағдайларды «басқаша» пайымдап жүр. Соның кесірінен қашқын олигарх Мұхтар Әбіләзовтың елдегі біраз азаматтарға кесірі тиіп жатыр...
Референдум туралы айтылмады...
Қазіргі күрделі жағдайлардан алып қарағанда ел ішіндегі тыйылмай тұрған сыбайлас жемқорлықтар мен өзге де қитұрқылықтар, зат бағасының үздіксіз қымбаттай түсуі сынды түрлі проблемалар, көптеген азаматтардың ренішін тудырып отырғаны анық. Алайда, бізге ең керегі – өзара татулық пен бейбіт өмір екенін соғыс өрті шарпыған елдерге қарап-ақ білуге болар еді.
Мемлекет басшысы: «Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады.
Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн.
Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал грант алушы отандастарымыздың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің үйретуімен немесе әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді», – деді.
Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы тып-тыныш өте шықты. Әлдекімдер жанталаса жарнамалағандай, мемлекет үшін тағдыршешті сипаты бар референдум туралы ештеңе айтылған жоқ.
Мүдде мен достық
Серікжан Біләшұлы Қытайдағы қазақ мәселесін көтерумен елге 2017 жылдары танымал болған азамат еді. «Ата жұрт еріктілері» деп аталатын ұйым да сол кезде пайда болды. Қытайдағы қазақ мәселесі де, тағдыры да қазақстандықтарды бейжай қалдырмайтыны анық. Оның үстіне, Қытайдағы қазақтар Қытай елі мен Қазақстан елін байланыстыратын көпір іспетті деуге болады. Қазақстан билігі сонау 1991 жылдардан бері салмақты саяси дипломатия арқылы Қытаймен байланысты нығайтып келеді. Ақпараттық соғыс пен дипломатиялық майданда қазірге дейін Қазақстан ұтылған жоқ. Сондықтан кез келген мәселені қоламтаны қоздатпай, салқын дипломатиямен шешуді дәстүрге айналдырғаны анық. Алайда Серікжан Біләшұлы секілді азаматтардың сөзіне иланған біраз жұрттың Синфобияға ұрынуы мәселені шешу жолы емес дер едік.
Есесіне, біз Қытай тарапының артықшылықтарын, ғылым мен техникасын үйреніп, елдің болашағы үшін күресуіміз керек еді. Соғыстан, дауласудан, қырғи қабақ болып жауласудан да ешкім жеңбейтіні анық. Қытай – алып базар, айдыны кең өркениет әлемі. Дұрыстап пайдалана білгендердің үлкен нарықтан өз үлестерін алып жатқандығын да ұмытпаған абзал.
АҚШ-қа табаны тигеннен кейін Серікжан неше түрлі мәлімдемелер жасайтын болып алды. Мәселенің мәніне бойлап көрген кейбір журналистердің болжауынша, заңсыз көші-қон мәселесі де бар көрінеді. Тіптен, АҚШ-қа барып «арманына жеткісі келген» кейбір азаматтар, ата-бабасы көрмек түгілі атын естімеген алыс аймақта кеме апатына ұшырап ажал құшты. Бұған да кінәлі сол арандатушы топтар екені белгілі. Осылайша, түрлі топтар мен азаматтардың тіліне ерген біраз ағайындарымыз заңсыз жолдарды баса отырып АҚШ-қа жетті. Қазір АҚШ билігі елге заңсыз кіріп алған мигранттарды кері қайтарып жатыр. Қайтқысы келмеген азаматтар түрлі айла-шарғыларға басып, өздерін «саяси босқын» ретінде көрсету үшін дәлелдер жинап жатқан көрінеді.
Олардың бұл «материалдарының» АҚШ-та қаншалық кәдеге жарайтыны белгісіз. Алайда күндердің бірінде Қазақстанға қайтып келер болса, құзырлы органдардың тексеруіне түспей қоймайтыны анық... Ал Трамп сайлауалды бағдарламасында заңсыз миграциямен күрес жүргізетіндігін жариялаған тұста, Серікжан Біләшұлы «саяси белсенділік таныта алмасаңдар, АҚШ-тан қуып жібереді. Онда өз обалдарың өздеріңде» дегенге саятын үндеуін жариялады. Байқап отырсаңыз, бір-бірімен сабақтасып жатқан дүниелер бар екені даусыз.
Серікжан АҚШ-қа барғаннан кейін басты нысанасы Қазақстан билігі болды. Ол әсіресе Қазақстан – Қытай арасында визасыз режим енгізу туралы Қаулы күшіне енген кезде «Қазақстан енді құрыды, билік тәуелсіз мемлекетті қиратып бітейін деп жатыр» деп жар салған еді. Көзі қарақты азаматтар бұл мәселеге сабырмен қарай білді. Негізінде екі ел арасында, белгілі мерзімге визасыз режим енгізу туралы жоба сонау 2013 жылдары ортаға қойылған болатын. Мамандар бұл шешімнің ел экономикасы мен әлеуметтік саласына оң өзгерістер әкелетіндігін де болжаған еді. Халықтың көбі визасыз режим басталғаннан кейін Қазақстанда туризм, сауда, логистика салаларына ықпал ететіндігіне сенді. 2023 жылы басталған бұл өзгерістен бері қарай не болып жатқандығы да көз алдымызда тұр. Қазақстан азаматтары Қытайдың ішкі қалаларына барып, ондағы дамыған өндіріс пен қайнап жатқан сауданы көздерімен көріп, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндіктер тапты. Ал мемлекеттік деңгейде Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізінің маңыздылығына айнала жұрттар қызыға қарап отыр.
Тіркелмеген «Нағыз ата жұрт партиясы» 2022 жылдың қарашасында өткен Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында тіпті де үдей түсті. Алайда Қазақстандағы сайлау тыныш өтті. Халық әлдекімдердің тіліне еріп, ереуілге шыққан жоқ. Осыдан кейін тіпті де уыттанып алған Серікжан енді Ресей – Украина арасындағы соғысқа басқаша сипат беруге, басқаша пайдалануға тырысқандай болды. «Мына билік құрымай, Қазақстан азаттыққа жете алмайды. Мына билік Қазақстанды Ресейге қосып беріп тыныш табайын деп жүр» деп ұрандайтын болды. Алайда ол барынша сұрқия етіп сипаттап отырған Қазақстан билігі, шебер дипломатиялық қарым-қатынастар мен дұрыс шешімдерінің арқасында батыстың санкцияларынан аман-есен өтіп, арбасын дөңгелетіп келе жатыр.
Сөздің соңына қарай Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінен үзінділер келтіре кетейік.
«Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенген, көршінің қасынан табылған. «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ұғым дінімізде және дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді», – деді Мемлекет басшысы.
PS: Басында шетелдерде құқықтары тапталып жатқан қазақтардың мәселесін көтерумен атын шығарған Серікжан, арада көп өтпей тәуелсіз Қазақстанның билігіне қарсы екендігін көрсетіп алғандай... Ал оның көксегені Қазақстанның билігін қолына алу ма, әлде батыс елдерінің жымысқы жоспарын жүзеге асыру арқылы бейбіт елдің берекесін кетіру ме? Бұны көзі қарақты оқырман өздері бағамдай жатыр...
Гүли НҰРГЕЛДІ