Торғайлықтар болашаққа сеніммен қарайды

Торғайлықтар болашаққа сеніммен қарайды

 

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Қостанай өңірінде

                 

Ахаңның 150 жылдығы қалай тойланбақ?

 

Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспановпен болған сұхбат.

                                                                         

– Шоке, әңгімені бірден Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойынан бастасақ? Дайындық барысы қалай? Қандай игі істер атқарылуда? Торғай даласынан шығып, барша қазақ баласының мақтанышына айналған Ахаңа қандай құрмет көрсетілуде?

– Жангелдин ауданында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты атқарылған жұмыстар бір төбе!

Еске сала кетейін, 2018 жылы атақты жерлесіміздің туған жері Қарасу ауылы                                   А.Байтұрсынұлы ауылы болып қайта аталды және дүниеге келген  Сарытүбек қоныс орны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасымен аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілді.

Мерейтой қарсаңында Жангелдин ауданының инфрақұрылымын жақсарту бағытында, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылына да қатысты  бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтсам, аудан орталығында жаңадан дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, аудандық аурухананың хирургиялық кешені күрделі жөндеуден өтті, аудан орталығында көшелердің асфальт жабындысы жаңартылды.

Сонымен қатар Ақкөл, А.Байтұрсынұлы ауылдары аралығындағы Ұлыжыланшық өзенінің үстінен екі ауылды байланыстыратын көпір салынды, құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Нысанның жалпы құны 404 млн мың теңгені құрады. Сондай ақ Шұбалан – А.Байтұрсынұлы бағытындағы автомобиль жолының 87 шақырымында, су өткізгіш жасанды инженерлік нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, қазан айында пайдалануға берілді, 42 млн 569 мың теңге екі жылға бөлініп аудандық бюджеттен қаралды.

 – Ертеректе бір келгенімде Ахаң туған елдімекенде ауызсу мәселесі өзекті еді? Ол мәселе шешімін тапты ма?

– Қазір жағдай жақсарды. Үкіметте қаржыны аяп жатқан жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға 332 млн теңге жұмсалды. Сонымен қатар көршілес Ақкөл ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға 387 млн  теңге жұмсалды, аталған екі объект осы жылы пайдалануға берілді.

– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, шалғайдағы Ахаң туған өлкеге жүйрік көлікпен жетудің өзі мұң ғой? Қыста жағдай тіпті қиын. Жол өте нашар? Шоқалақ. Кедір-бұдыр.  Халықпен кездесу барысында көзіміз жеткен нәрсе, жол мехнаты, жол азабы жайлы арыз-шағымның көптігі. Осы проблема жайлы  айта отырсаңыз?

– Аудан орталығынан Ахмет Байтұрсынұлы ауылы 121 шақырым, оның 14 шақырымы Арқалық – Торғай облыстық маңызы бар жолға енгізілген, ал аудандық күтіп-ұстауда Шұбалаң – Қарасу жолы 107,6 шақырым құрайтын көтерме жол, барлығы дерлік ешқандай жабындымен қамтылмаған, тек 11,4 шақырымына ғана салыну кезіңде болу керек шебень төселген. Сондықтан осы 11,4 шақырымға асфальт төсеу  мақсатында осы жылы техникалық құжат жасалды. Құны 450 млн теңге. Қалған 96 шақырымның жер болып кеткен тұстарын көтеріп, қосымша су ағарлар салып, асфальт жабындысы төселген жағдайда, 2020 жылы жобаланған есептеу кезінде 6 млрд теңге қаражат қажет екендігі анықталған, бірақ тиісті құжат әлі жасалынған жоқ.

 Сонымен қатар осы жолда 3 көпір бар, биылғы жылы салынған көпір төртінші болып қосылып отыр және үш көпіргеде техникалық зерттеме жүргізіліп, барлығы да күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған болатын. Сондықтан 2019 жылы бірінші шақырымдағы көпір күрделі жөндеуден өтті, жоба құны 156 млн теңге. Ал екінші көпірге жобалық-сметалық құжат дайындалып тұр, жоба құны 213 млн теңге. Үшінші көпір 26-шы шақырымда, бұған ешқандай жұмыстар жоспарланған жоқ.

 

Ахаң тойына халық та ат салысуда

– Алты алаштың Ахметі атанған Ахаң дүниеге келген өңірде жерлестерінің қолдауымен «Қоржын үй» тұрғызылыпты. Оны арнайы барғанда көрдік. Жақсы бастама. Дегенмен мемлекеттен қолдау керектігі байқалады...

– 2010 жылы А.Байтұрсынұлының 140 жылдығы қарсаңында А.Байтұрсынұлы және Ақкөл ауыл тұрғындарының демеушілігімен, яғни асар әдісімен тарихи деректерге сүйене отырып, тұлғаның туған үйінің орнына сол кездегі үлгіде «қоржын үйі» тұрғызылғаны рас. Және ол коммуналдық меншікке енгізілген. Жыл бойы Ахмет Байтұрсынұлы және Аккөл ауылы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен күтіп ұсталынып келеді.

Алдағы уақытта яғни 2022 жылы киелі нысанның өзіне жөндеу жүргізуге, соның ішінде сол кезеңдегі қазақы үй келбетіне келтіруге әлі де талай жұмыс жасалмақ. Мысалы төбесін ашып жабуға, қабырғаларын қайта өндеп өзгертуге және аумағын абаттандыруға, тас төсеніштер төсеуге, сыртқы қоршауын кеңейтуге жоспар жасап отырмыз. Жоба 2022 жылы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылады деп күтілуде.

Сонымен қатар демеушілік негізінде келушілер түсетін үй салу жобасы жасалған. Осы жұмыстарға дайындық негізінде киелі нысанға 2020 жылы демеушілер есебінен 1,2 км электр желісі тартылды және әкесі Байтұрсын, ағасы Қали және басқа да туыстары жерленген қорым қоршалды.

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына дайындық барысы қалай? Осы жайлы кеңірек айта кетсеңіз?

– Аудан бойынша мерейтойды тиісті ақпараттық мәдени іс-шаралармен сүйемелдеу мақсатында іс-шаралар жоспары жасалды.

Бұл жерде ең бастысы 2022 жылдың қыркүйек айында аудан орталығында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу және оған Ахмет Байтұрсынұлының жақын туыстарын, зерттеушілердін қатысуын қамтамасыз жасау.

Ал жыл басталысымен ауданның кітапхана, тілдерді дамыту орталығы, мұражайлар кешені және білім саласының мамандарының ұйымдастыруымен аудан ішілік іс-шаралар жүргізе бастайды.

Жалпы мерейтойлық іс-шаралардың өз деңгейінде өткізуімен ауданның-әлеуметтік экономикалық дамуына жаңа серпілістер болады, оның ішінде инфрақұрылым жақсартылып, жолдар жөнделсе киелі орынға барушылар, Ахмет Байтұрсынұлы туғандарының қорымына барып дұға бағыштап өңірмен танысушылар саны артады деп күтілуде. Сонымен қатар осы киелі орыннан қашық емес аумақта 2020 жылғы көпшіліктің назарына жақсы танылған «Тұзды көл», «Ыстық су» табиғи орындары, «Қыз моласы», Сырлы там» деп аталған ерте кездің қорымдары, тарихи орындар ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудырары ескерілуде.

Сондықтан тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп келеді, алдағы уақытта да нәтижеге жету үшін атқарыла береді.

Ақкөл – Ахмет Байтұрсынұлы ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі басты мәселесі проблемасы саналатын, екі ауылдың арасындағы Ұлыжыланшық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына 404 млн теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жылдың шілде айында халыққа пайдалануға берілді.

 

Аудан көлемінде серпіліс бар.....

– Ахаң жайлы  сауалдарға нақты жауап бергеніңізге рахмет. Енді ауданның инфрақұрылымын жаңарту барысы жайлы әңгіме өрбітсек?

– Ауданның инфрақұрылымын жаңартуға да жыл сайын мән беріліп келеді. Оған дәлел ретінде есепті уақытта «Шұбалаң-Көкалат» аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарын кезен-кезенмен жүргізу үшін «Алюминстрой» ЖШС1 млрд 815 млн теңгеге шарт жасалынған. 2019 жылдан басталған жоба 2022 жылы толық аяқталатын болады. Барлығы 39 шақырым жөндеуден өтеді. Торғай ауылының Алтынсарин, Қожмұхамбетов көшелеріне 90 млн 106 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Есепті мерзімде барлық құрылыс жұмыстарына 1 млрд 158 млн теңгеден астам қаржы тартылды.

Мемлекет басшысы өз жолдауында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Ауданымызда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2021 жылы 7 маман тұрғын үймен қамтылып 19 млн қаржы жұмсалды, 26 маманға  7,5 млн теңге көтерме жәрдем ақы төленді. Бұл жобада аудан халқының тұрақтануына және ауылдық жерлерге сырттан жас мамандарды тартып қоныстануына өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Ауданда 22 мектеп (15 орта, 3 негізгі және 4 бастауыш), өнер мектебі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Оқушы саны 2360 бала. Есепті мерзімге 3 балабақшада 180 бала, 41 шағын орталық топтарында 537 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу үлесі 86,2 пайызға жетті.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, ғимараттарды жөндеуден өткізуге бағытталған қаржы көлемі жылма-жыл артып келеді. Облыстық бюджеттен бөлінген 17 млн 500 мың теңгеге Міржақып Дулатов орта мектебінің спорт залын, мектептің ішкі қабырғаларын және мұражай кабинетіне, Жармағанбетов орта мектебі спортзалының төбесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Албарбөгет орта мектебінің төбесіне 8 млн 280 мың теңгеге ағымдағы жұмыстары жүргізілді. Интернат ғимаратына 9 млн 700 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жармағанбетов орта мектебіне және Сарысу негізгі мектебіне жалпы соммасы 26 млн теңгеге блокты-модульді қазандықтары орнатылды.

Ел болғасын өзекті проблемалардың болары сөзсіз? Аудан әкімі ретінде солардың қалай  шешіліп жатқанын, үкімет ұсынған бағдарламалардың қалай жүзеге асырылғанын  айтып өтсеңіз?

– Торғай ауылы халқының басты мәселелерінің бірі болып табылатын, Шоқан Уалиханов атындағы Торғай орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы соммасы 324 млн 702 мың теңге бөлінді. Қазіргі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Желтоқсан айында толығымен аяқтау күтілуде.

            Ұлт саулығы – біздің жемісті болашағымыздың негізі. Денсаулық сақтау саласында аудан халқына 1 аурухана, 2 ФАП және 17 медициналық пункттері қызмет  көрсетеді. Медициналық мекемелерде 14 дәрігер, 115 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда. 9 дәрігер және 29 орта буын медицина қызметкерлері жоғары және бірінші санаттағы мамандар.

            Жалпы ауданның қоғамдық саяси ахуалы тұрақтылығымен ерекшеленеді. 6 дәстүрлі діни орын  – 2 мешіт, 4 намазхана қызмет жасайды.

Мемлекет басшысы өз жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мемлекеттің күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі екенін атап көрсетті. Осыған орай қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бағдарламалық құжаттарды мүлтіксіз іске асыру бойынша Жангелдин ауданы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясы бекітілген ережеге сәйкес жұмыс атқаруда. Аудан қызметкерлері арасынан есепті жылы сыбайлас жемқорлық  фактілері тіркелмеген.

            Жергілікті атқарушы органдарымен барлығы 49134 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 47840 электронды түрде, 257 халыққа қызмет көрсету орталығында, 37 мемлекеттік органдарда көрсетілген.

2021 жылдың 10 айының қорытындысы көрсеткендей ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң сипатта. Бірақ, жеткен жетістіктермен тоқтауға болмайды. Атқарылатын жұмыстар әлі алда. Алдағы уақытта да істелуге тиісті ауқымды міндеттер тұр.

– Сұхбатыңызға рахмет

 

«Жол картасы» жолға қойылуда

Біз келер қарсаңда Жангелдин аудандық филиалы жанындағы аумақты дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында аудан әкімі Ш.Оспановтың қатысуымен  төмендегі өзекті  мәселелер қарастырылыпты:

1. «Nur Otan» партиясының Жол картасының Жангелдин ауданында жүзеге асырылуының барысын қарау және  18.10.2021ж. облыстық селекторлық кеңес отырысының хаттамалық шешімінің 2.2.3. тармағын орындау мақсатында «тәуекел» тұстарын азайтуға шаралар қабылдау туралы;

2. Аудан бойынша ауылдарға апаратын жолдардың күзгі-қысқы ұстауға әзірлік жайы және қазіргі жай-күйі туралы;

3. Әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету объектілерінің жылу беру науқанына дайындығы туралы.

Отырыста күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Жангелдин аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сундетбаев партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы бойынша осы кезеңге айқындалған іс-шараларының атқарылуы және «тәуекел» қаупі бар тармақтарына тоқталып өтіпті. Аудандық филиал төрағасы тиісті жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп және оның орындалуын қадағалауды жүктепті. Сонымен бірге, қалған екі мәселе бойынша «Жангелдин ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы Т.Амиров білдірмесі тыңдалды. Өз сөзінде Талғат Қойшыбекұлы ауылдарға апаратын жолдардың көпшілігіне қатты жабынды төселуіне қыруар қаржы талап етілетінін және бұл бірден шешілетін шаруа қатарына жатпайтынын, сондай-ақ кейбір жолдардың, оның ішінде Қызбел, Ақшығанақ, Шилі бағыттарындағы көтерме жолдардың жер қыртысы тектоникалық қабатындағы ерекшеліктеріне көлік құралдарының да әсері барын жасырмай жеткізді. Күрделі жөндеу болмаса, ағымдағы жөндеумен аталған жолдарды жақсы сапалы деңгейге жеткізу қиындығын да айтып берді.

  Әрине, жұмыстар жүргізілуде, дегенмен халықтың заманауи өскелең талаптарынан шығуға, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 2025 жылға дейінгі Жол картасында көрсетілген тармақтарының бірінде көрсетілген жол мәселесі шешілуі күн тәртібінен түспейтіні және қоғамдық кеңестің тұрақты бақылауында «тәуекел» тұстары көрсетілген хаттамалық шешімнің 2.2.3. тармағын орындау бойынша нақты атқарушыларға тапсырмалар беріліп оны қатаң бақылау  болатыны еске салынды.

 

Бір ауданда  – бес мұражай

Қазақстанның кез келген аудан орталығында бір мұражай болатыны белгілі. Алайда облыс орталығы емес,  бір ғана ауданда 5 мұражай бар десе сенер ме едіңіз? Жангелдин ауданының орталығы Торғай кентінде бір емес, қатарынан 5 мұражайдың жұмыс істеп тұруы таңданарлық дүние емес пе. (Аудан орталығында 5 мың ғана халық тұрады) Мұражайы көп Торғай кентін аралап, оның тарихымен мұражай жәдігерлері арқылы танысуға мүмкіндік мол бұл жақта..

Бізді «Жангелдин мұражайлар кешенінің» директоры атақты қоғам қайраткері, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған «Қазақ» газетін қайта жаңғыртқан марқұм Қоғабай Сәрсекеев ағамыздың туған қарындасы Сәрсекей Гүлбану Құлетқызы  құшақ жая қарсы алды.

 «Біз мұражайларды таныстыруды Шақшақ Жәнібек тархан мұражайынан бастағанымыз жөн, себебі бар тарихтың бастауы осы жерде» – деді Гүлбану Құлетқызы.

Мұражайда ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің тарихына байланысты мүліктік және құжаттық материалдар жинастырылыпты. Жәнібек тархан мен халқымыздың сол жылдардағы азаттық жолындағы күресін айқын көрсететін Орынбор қаласының мұрағаттары мен мұражайларында сақталған материалдар тың деректерге толы.

Екінші Аманкелді батыр көшесінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайы да тылсым сырға жетелейді.

Торғайдағы үшінші мұражай халық ақыны Нұрхан Ахметбековке арналыпты. Сырт қарағанда шағын болып көрінгенімен мұражай іші ақынның сирек кездесетін қолжазбаларына, отбасынан қалған жәдігерлерге толы болып шықты.

Төртінші Әліби Жангелдин тарихи-мемориалдық мұражайы – ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Мұражай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, атақты саяхатшы Ә.Жангелдиннің өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында ашылған.

Бесінші мұражай ұлт ұстазының  өзінің атындағы көшеде орналасқан Алтынсарин мұражайы.  Мұражай залдарын аралау барысында бүкіл ұлтқа танымал, қазақ баласы үшін тұңғыш мектеп салған Ыбырай бабамыздың ағартушылық жолының ізін аңғаруға болады. Мұражай жәдігерлері ағартушының туған халқына жан аямай еңбек етіп, ұрпақтарына үлгі-өнеге боларлық, тәлім аларлық, рухани нәр боларлық бай мұра қалдырғандығын дәлелдегендей алдымызда сайрап тұрды.

 

Болашағы зор, кәсіпкері мол Амангелді

 

Амангелді ауданы халқы тығыз орналасқан.  Халық саны статистикалық мәліметтерге сәйкес 2021 жылдың 1 қыркүйегінде 16 004 адамды құрапты. Аудан экономикасының негізгі капиталына құйылған инвестиция 1 млрд 797 млн теңге.

Аудан экономикасының  негізгі саласы – ауылшаруашылық өндірісі. Биыл 18 млрд 453,9 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өнімнің физикалық индексі 85,9 пайызды құрапты. Жыл басынан бері  4 217,4 тонна ет, 33 576,3 тонна сүт,  7 млн 184,9 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Амангелді ауданы бойынша 185 шаруашылық субъектілері ірі қара малды асылдандыру жұмыстарымен айналысуда. Оларда 17314  бас ірі қара аналық cиыр малы бар. Асылдандыруға қатынасу үлесі 70,5%). Бұл қожалықтарға мемлекет тарапынан жалпы көлемі 173 млн теңге субсидия төленген.

Аудан бойынша 18 мектеп (13 орта, 4 негізгі және 1 бастауыш) бар. 1 психологиялық педагогикалық түзету кабинеті, саз мектебі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және «Шұғыла» балалар шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Оқушы саны 2 691 бала. Қосымша біліммен 2664 оқушы қамтылған.

 Ауданның денсаулық сақтау саласында аудан халқына 1 орталық аурухана, 2 ФАП және 17 медициналық пункттері қызмет  көрсетеді. Медициналық мекемелерде 21 дәрігер, 125 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді.

Амангелді ауданы әкімі Талғат Тойшыбекұлы Карбозовпен сұхбат.

– Талғат Тойшыбекұлы, өзіңізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Амангелді ауданы Облысқа жақындығымен, Арқалық қаласына іргелес жатуымен халыққа қолайлы аудан. Ауданыңызда кәсіпкерлер де көп, шаруа қожалықтары да жетерлік. Жаңа нысандардың көптеп ашылуы және демеуші азаматтардың жанашырлық істері де көңіл қуантады. Ел жұртыңыз аман ба?

  Рахмет. Қош келдіңіз! Үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығынан бастап мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерімен жұмыстың жаңа форматына көшкені жөнінде айтып өткім келеді. «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Респубпикасының әкімшілік рәсімдік-процессуалды кодексінің талаптарына байланысты азаматтардың өтініштерін сапалы қарауға мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтілді.

Ауданымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар өз жалғасын табуда. Бағдарламаның «Туған жер» арнайы жобасы «Атамекен» кіші бағдарламасының «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты бойынша биылғы жылы құны 407,8 млн теңге болатын 18 әлеуметтік маңызды жобалар белгіленіп, жүзеге асырылуда.

– Тәке, атқарылып жатқан  әлеуметтік маңызы күшті жобаларды атап өтсеңіз? Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген ғой бабаларымыз!

Жақсы айттыңыз? Бұл бағыттағы айтулы жобамыз балалар мен ересектерге арналған жабық бассейн құрылысы. Жоба құны 125 млн теңге. Бұл құрылыстың демеушісі жерлесіміз, белгілі меценат Сапар Ысқақов басқаратын «Тілеп» қайырымдылық қоры.

Оқушыларды ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін толық меңгертуге баулу мақсатында 1,5 млн теңге тартылған қаражат есебінен Тасты мектебінде Рәзия Миргалиевна атындағы цифрлық технологиялар кабинеті орнатылды. (Демеушісі: Разия Кәрімқызының ұрпақтары). 

Құны – 1 млн теңге болатын «Амангелді ауылдық округінде Д.Божманов көшесін жарықтандыру» жобасы жүзеге асырылды.  Дүйсен Божманов атындағы көшеге 150 ваттық  жаңа заманауи шамдар ілінді. (Бұл шамдарды  әкесінің атындағы көшені жарықтандыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын кәсіпкер, жерлесіміз Дулат Дүйсенұлы Божманов демеушілік жасады).

 

                         Туристік кешеннің жоба құны – 750 млн теңге

 

Сәт Есенбаев ауылында ақын Сәт Есенбаевқа арналған кесене салынды. Құрылыс жұмыстарына ақын атамыздың ұрпақтары 20 млн теңгеге демеушілік жасады.

Амантоғай ауылындағы балабақша ауласына 3,0 млн теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сыртқы қоршаулар орнатылып, тас төсеніш, жиектастар орнатылды, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Балабақша ауласына 100 түп ағаш отырғызылды.

Спорт – денсаулық кепілі, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы.  Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Ақсай ауылында «Мектепке тағзым» акциясы аясында Бүйректал жалпы білім беретін орта мектебі ауласынан ашық спорт алаңы ашылды. Жоба құны – 2 млн теңге. Аталған алаңды ашуға ауылдың шаруақожалықтары  қаржылай көмек көрсетті. Осылайша мектеп оқушылары мен ауыл жастары жылдың кез-келген уақытында спортпен айналысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы Амангелді ауылындағы туристік кешен салу, жоба құны – 750 млн теңге. Демеушісі меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының басшысы Сапар Ысқақов. Аталған нысан 3 жыл бойы жүзеге асырылатын болады.  2021 жылға 200 млн теңге қаражат жұмсау көзделген.

Ауданымыздағы үлкен округтердің бірі Үрпек ауылына кіре берісіне құны 5 млн теңге болатын арка орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 2 млн 500 мыңға құрал – жабдықтары сатып алынды. Демеушісі Үрпек ауылдық округінің тумасы Бейбіт Төлекбаев.

Үштоғай ауылында әмбебап спорт алаңын салу жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны – 10 млн теңге.Демеушілік жасаған «Нұрлы жол» ЖШС директоры Шаяхметов Мубарак Сандибекұлы.

Ауданымызда биылғы жылғы атқарылған жұмыстардың бір қатары осындай. Алдағы уақытта ел игілігі жолындағы жұмыстарды жалғастырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауында жарияланған міндеттер бойынша жұмыс жасайтын боламыз.

Қаншама игі істер жасалып жатыр. Сырттағы жұрт мұның бірін білсе, бірін білмейді.  Туған жерге туын тіккен азаматтардың ісі берекелі болғай. Ендігі сауал: Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жайлы болмақ? Әңгімемізді осы төңіректе өрбітсек?

Жақсы сұрақ қойдыңыз. Бұл кезек күттірмейтін бағдарламалар ғой. Біз қазір үш бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Бірінші бағыт: Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бағдарлама бойынша жоспарланған 10 жұмыссыз адам Арқалық қаласында қысқа мерзімді кәсіптік білім алып,  9-ы тұрақты жұмысқа орналасты.

Екінші бағыт: Жаппай кәсіпкерлікті дамыту. «Еңбек» бағдарламасының «Игілік» бағыты бойынша өз ісін бастап, дамытуға барлығы 11 адамға жалпы сомасы 31,0 млн теңге несие Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілді.

«Іскер» бағыты бойынша 1 адам 14,8 млн теңге несие алды («Ақбота Ж» ШҚ, трактор сатып алды). Қазіргі таңда қаражатты игеру көрсеткіші 102 пайызды құрады (жоспар 44,7 млн теңге, игерілгені 45,8 млн теңге).

Жеке ісін ашуға несие беру бағыты бойынша 40 адамға барлығы 23,4 млн теңге қайтарымсыз гранттар берілді. Жаңадан 40 жұмыс орындары ашылды.

Үшінші бағыт: Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Ақылы қоғамдық жұмыстарға жыл басынан бергі уақытта 270 адам жіберілді.  Ағымдағы вакансиялар бойынша 288 адамға жолдама берілді. 2021 жылғы кешенді жоспар бойынша жұмыспен қамту іс-шараларына 797 адамдар тартылу керек, есептік кезеңге орындалу көрсеткіші – 782 адам немесе 98,1 пайыз. Жастар тәжірибесіне 12 жас маманға жолдама берілді. Әлеуметтік жұмыс орнына 41 адам жіберілді. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша барлығы 159 отбасы 871 адамға 42 млн 022,3 мың теңге қаражат тағайындалып, төленді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 30 маманға 8,5 млн теңге көтерме жәрдемақы төленді, 7 маманға 30,6 млн теңге тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит рәсімделді.

– Уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

                                   Туған жерге туын тіккен меценат

 

Кәсіпкері көп аудан демекші, елімізге танымал мецанат Сапар Ысқақұлы осы өлкенің тумасы. «Туған жерге туыңды тік!» деген ұстанымға берік адам. Жомарттығымен аты шыққан азамат ауданның қақ ортасына құны 125 миллион теңгеге  жабық жүзу бассейнін салып тастапты. Қазақ баласы үшін таңсық спорт түрі. Кім біледі, бір заманда осы арада жетілген, дайындығын шыңдаған балалардың әлем таныған спортшыға айналмасына кім кепіл! Бұл спорткешенінің құрылысы  2020 жылы  басталып, бар-жоғы бір жылда салынып біткен. 2021 жылы бірінші маусымда ашылған.

Алып кешеннің басшылығына кезінде боз кілемнің шаңын қаққан, омырауына алтын мен күмісті үзбей таққан  Нұрлыбек Еренғайыпұлы Әбдіхалықов тағайындалыпты.  Нұрекеңді білуші едік. (Бізде спорттан қара жаяу емеспіз. Еркін күреспен, бертінде бокспен шұғылдандық ).

 Нұрекең самбодан спорт шебері, қазақша күрестен Қазақстан чемпионы болып заманында дүрілдеген құрыштан құйылған азамат болатын. Әлі де сол қалпы. Бабында секілді. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деген рас-ау...

 Аузын ашса көмейі көрінетін, сөзі мен ісі қабысқан, уәдеге берік, қиналғанға серік  болуға дайын азамат өзіне артылған аманатқа адал екені көрініп тұр. Қалайда жасөспірім спортшылардың жүзу спортынан жақсы жетістікерге жетуіне бар күш-жігерін салып жатқанын байқау қиын емес. Алла Тағала өзі қолдасын дейміз.

Қазіргі таңда спорт кешеніндегі бассейінде 100-ге тарта бала жүзу спортына жаттығуда. Жүзге тарта бала!  Оларға екі бапкер тәлім беруде.  Штатта 13 адам жұмыс істеп жатыр.  Облыстық бюджет қаржыландырады. Бұған қалай қуанбайсың.

 Қуанышты жаңалық бұл ғана емес, Сапар Ысқақұлының қолдауымен «Көпфункционалды туристік комплекстің» құрылысы басталып кетіпті. Құрылыстың басталған уақыты 05.08.2020ж. Құрылыстың аяқталуы 2023 ж. IV тоқсанында. Жобаның құны 750 миллион теңге.

                        Аманкелді орта мектебі күрделі жөндеуден өтті

 

«Nur Otan» партиясы Амангелді аудандық филиалының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуының бір көрсеткіші Амангелді ауданындағы білім ошақтарының қара шаңырағы атанған Амангелді жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтті. Білім әлеміне қанат қаққан шәкірттеріне 1967   жылы алғаш рет есігін  ашқан оқу ордасына 2004  жылы жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында   толық күрделі жөндеу жасалған мектеп бүгінде заманауи жаңа ғимаратқа айналып отыр.

       Әлеуметтік маңызы бар нысанның әрін кіргізуге республикалық бюджет тарапынан 331 млн 671 мың теңге қаражат бөлінген.  Бұл қаражатқа мектептің жылу жүйесі ауыстырылып, есік-терезе, төбе шатыры жаңартылыпты. Акт зал,  алғашқы әскери даярлық пәні бойынша «Саптық жүру» алаңы, дене шынықтыру пәні бойынша жүгіру, баскетбол, футбол, волейбол алаңдары мен 3 пен 5 жас аралығындағы тәрбиеленушілер үшін ойын алаңдары  да күрделі жөндеу жұмыстары барысында жасалған.  Екі ауысымда оқитын оқушылар үшін  20 оқу кабинеті талапқа сай жабдықталған. Жиһаздар да жаңа үлгіде .

 Қазіргі уақытта аталған білім беру ұйымында  337 оқушы білім алуда. Оқушыларға 58 педагог сабақ береді.   Заман талабына сай жаңаша кейіпке енген мектеп оқушылардың сапалы білім алуына толықтай мүмкіндік беріп отыр.

Кейкі  батырға тағзым

 

Арқалыққа жол тарттық.  Кейкі батырдың кесенесіне аялдап,  құран бағыштадық. Азаттық үшін күрескен арыс – күре жолдың бойында қасқиып тұр. Ынжық ұрпағына ызаланып тұр ма екен...

– Ей,  батыр баба,  сенің өршіл рухың алдында басымды иемін!  Сен азат қазақсың! Сен ғажап қазақсың!

Сені өлтірген сатқындар  жүрегіңді кеудеңнен суырып алғанда түкті көріп, дүниеден түңіліп кеткен!

Қазіргі қазақтың жүрегінде түк жоқ,  мүк көп!

Қайран баба, кешір біздей, жалпақ шешей жалтақ ұрпағыңды! Кешір! Кешір!..

Елі үшін, азаттық үшін  бас көтерген халықтың сүт бетіне шығар қаймақтарының басын кесіп алу, қас дұшпанның ең сорақы, ақтауға келмейтін  жауыздықтарының бірі. Бұл атам заманнан келе жатқан қанды тәсіл.  Тарихта мұндай қаніпезерліктің жүздеген емес мыңдаған мысалы бар. Басты кесіп алып қана қоймай, оны бағанға,  халық көп жүретін жерлерге іліп қою да елді шошытудың, рухты өлтірудің таптырмас айласы. 

Шошынған жүректен,  тапталған рухтан,  жер болған намыстан,  мүжілген жігерден бұдан кейін еңсе көтеру оңай болмайтынын қалай білген жауыздар!

Әріге бармай-ақ қояиық, теріскейдегі көршіміз Санкт-Перебургте мыңға тарта бас кунсткамерада әлі күнге рухтары шырқырап жатыр! Мың бас!

Мұны маған ертеректе жазушы Думан Рамазан айтқан. Қамығып айтқан, жабығып айтқан!

 Еркіндікті аңсаған,  озбырлыққа шыдамаған мың бас «тұтқында» жатыр! Олар әр ұлттың рухы мықты ұландары еді...!

Көкейдегі сұрақ: Ол бастар несімен қауіпті, несімен айбарлы? Неге оларды әлі күнге Ресей мемлекеті қыруар қаржымен «күтімде» ұстап отыр. Бұл не үшін керек оларға?

Елдегі «оқымаған» шалдар айтады:  Ол бастар жерге қайтса,  тұтқындағы рухтары да елге оралады. Ондай қайсар рухтардың ұрпағына қайтқанын кім жақсы көреді? Сондықтан  ол «бастарды» «тұтқыннан босату» қиын шаруа.

Негізі айтқан сөздерінің «жаны» бар секілді.

 Өзге «бастарда» шаруамыз  жоқ, орыс өлкесінде «сақтаулы тұрған»  қазақ  рухының көшбасшылары Кенесарының,  өзге де бізге беймәлім батырлардың бастары  ел үшін өте құнды.

 Әупіріммен Кейкінің басы қасиетті Торғайға оралды. Келешекте елдің де рухы оянарына сенім мол...

Торғай – Арқалық тас жолының бойында, Тасты ауылының  қырқасында Кейкі батырдың кесенесі тұр. Бассыз көмілген зиратына да қаншама жыл халық зиярат жасап,  дұға етіп келді.

 Кейін Кейкінің Ресейге «сапарлап» кеткен басы қайта оралып,  қайтадан арулап көмілді.  Жүрек жұтқан батыр бабамыздың жатқан жері жайлы,  топырағы торқа болғай!

Жүрек жұтқан демекші,  Кейкі батырды сатқындар орға жығып, қастандықпен өлтіргені белгілі. Ел аузында мынадай аңызға бергісіз әңгіме бар.

Кейкі батырды қапысын тауып өлтірген жауыздар басы кесілген денені көмуге апара жатып: «Осы Кейкі көзсіз батыр ғой. Оны талай рет көрдік.  Мұнда бір гәп бар болуы мүмкін.  Осының жүрегін жарып  қарайықшы. Кім көріп тұр дейсің» деп,  есіл ердің кеудесін паршалап, жүрегін суырып  алған ғой. Сонда өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалыпты. Батырдың жүрегінде түк бар екен. Ол түк қара қошқылданып, айбар шашып тұрыпты» деседі.

 Әлгілер бұл ғажап оқиғаны халықтан қанша жасырса да, түнде түстеріне кіріп шошытқан көрінеді.  Сосын жұртқа жария етпеске амалдары қалмапты...

Жүрегінде түгі бар Кейкі батыр, елінің бостандығы үшін күрескен Кейкі батыр, өлімінің өзімен елге аңыз болған Кейкі батыр халқының жадынан жер беті жойылғанша шықпақ емес.  Әлі талай ұрпақты Алланың қалауымен рухы желеп-жеберіне сенемін!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
25.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 136
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 135
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 650
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 769
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 683
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 693

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8830
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8228
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11455
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9212
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10439