Түркі халықтарына Қытайдың ықпалы: үміт пен күдік Астанада Орталық Азия мен Қытай қатысқан саммит өтті

Түркі халықтарына Қытайдың ықпалы: үміт пен күдік  Астанада Орталық Азия мен Қытай қатысқан саммит өтті

2025 жылғы 16 маусым күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келді. 17 маусымда Астанада екінші «Орталық Азия+ Қытай» саммитіне қатысты. Қытай мен бес бірдей Орталық Азия елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысатын бұл саммит өңірлік ықпалдастық пен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге маңызды шара ретінде қарастырылып отыр.

Астана төрінде өтетін бұл басқосу символдық мәнге де ие. Себебі бұл – Орталық Азия мемлекеттерінің өз аймағында шет мемлекеттің басшысымен алғаш рет өткізгелі отырған бас деңгейдегі саммиті. Оның ұйымдастырылуы Қытайдың Орталық Азия елдерімен байланысын күшейтуге ұмтылып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тұста жаһандық күштер тепе-теңдігі өзгеріп, Ресей мен Украина, Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс ушығып жатқанын ескерсек, саммиттің саяси мәні арта түседі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай көшбасшысын әуежайда өзі қарсы алды. Екі ел арасындағы байланыс бұрыннан тығыз. Ал Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгеруі мен дипломатиялық тәжірибесі мұндай кездесулерге ерекше реңк береді. Қытай тарапы бұл кездесуде аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша терең пікір алмасу болатынын мәлімдеді. Си Цзиньпин саммитке қатысумен қатар, Орталық Азия елдері басшыларымен жеке-жеке жүздесіп, стратегиялық ынтымақтастықты талқыламақ.

«C5+1» форматы: Қытай мен АҚШ арасындағы бәсеке ме?

Сарапшылар бұл саммитті «C5+1» форматы аясында қарастырады. Себебі бес Орталық Азия елі мен бір держава қатысады. Мұндай формат алғаш рет 2015 жылы АҚШ-тың бастамасымен жүзеге аса бастаған, бірақ ол кезде кездесулер тек Сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізілген еді.

2022 жылы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди бес елдің басшыларымен онлайн саммит өткізіп, оларды 2025 жылы Үндістанға шақырды. Ал 2023 жылы Си Цзиньпин Сиан қаласында Орталық Азиядағы осы бес елдің президенттерін қабылдады. Одан кейін, сол жылдың қыркүйегінде АҚШ Президенті Джо Байден олармен БҰҰ аясында Нью-Йоркте кездесті. Бұл АҚШ Президенті деңгейінде өткен алғашқы саммит еді.

Бірақ АҚШ-тың сауда саясаты, атап айтқанда, Дональд Трамптың жоғары тарифтері бұл бастамаларға кедергі келтіруі мүмкін. Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанға 10% кедендік салық салынса, Қазақстаннан импортқа 27%-ға дейін салық енгізілген болатын. Кейін бұл салықтар уақытша тоқтатылып, барлығына 10% деңгейінде теңестірілді.

Қытай жағы мұны пайдаланып, өзін АҚШ-қа қарағанда сенімді серіктес ретінде көрсетуге тырысуда. Биыл сәуірде Қытай СІМ басшысы Ван И АҚШ-тың біржақты сауда саясатын, протекционизм мен жаһандануға қарсы үрдістерді сынға алды.

 

Орталық Азия Қытай үшін неге маңызды?

Орталық Азия – уран, мұнай және сирек кездесетін металдарға бай өңір. Сонымен қатар бұл аймақ Қытай – Еуропа арасындағы сауда дәлізі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Қытай үшін маңызы жылдан-жылға артып келеді. Пандемиядан кейін шетел сапарларын сиреткен Си Цзиньпин Қазақстанға үшінші рет келіп отыр: ол бұл елде 2022 және 2024 жылдары болған.

Орталық Азия – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ілгерілетудегі маңызды бөлігі. Бұл жоба Азия, Африка, Еуропа мен Латын Америкасын автожол, теміржол және порттар арқылы жалғауды көздейді. Сарапшылар Астанада өтетін саммитте бұл бастама мен тұрақты энергетикалық ынтымақтастық басты тақырып болатынын айтады.

Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстанды жалғайтын 8 миллиард долларлық теміржол жобасы да саммит күн тәртібінде болады. Құрылыс шілдеде басталып, 2030 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұл Қытайға Орталық Азияға тіке шығуға тағы бір мүмкіндік және Ресей инфрақұрылымына тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар, кедендік рәсімдерді жеңілдету, тарифтерді төмендету және сауда кедергілерін азайту бойынша келісімдер де жасалмақ.

 

Орталық Азия Қытайға қаншалықты тәуелді?

Орта Азия елдері Қытайға айтарлықтай тәуелді деуге болады. Ең алдымен Қытай – бұл бес елдің басты сауда әріптесі. Мысалы:

Қазақстан 2023 жылы Қытайдан 18,7 млрд долларлық өнім импорттап, 15 млрд долларлық тауар экспорттаған (импорттың 30%, экспорттың 16%);

Тәжікстан – 36,8 млрд доллар импорт, 2,5 млрд доллар экспорт (импорттың 56%, экспорттың 16%);

Қырғызстан – 36,8 млрд доллар импорт, 8,87 млрд доллар экспорт (импорттың 29%, экспорттың 26%);

Өзбекстан – 12,7 млрд доллар импорт, 1,82 млрд доллар экспорт (импорттың 32%, экспорттың 6%);

Түрікменстан – 9,57 млрд доллар импорт, 96,3 млрд доллар экспорт (импорттың 20%, экспорттың 62%).

Қытай сонымен қатар, инвестиция көлемін де арттырып отыр. Мысалы, Қазақстанға 26 млрд долларлық инвестиция құйылмақ.

 

Қытай Ресейдің орнын басып жатыр ма?

Бұл сұрақтың жауабы күрделі. Кеңес Одағының мұрагері ретінде, Ресей – Орталық Азиядағы дәстүрлі ықпалды держава. Аймақтан миллиондаған адам Ресейде жұмыс істейді. Қазір Ресей Тәжікстан мен Қазақстанға газ жеткізіп отыр.

Соңғы үш жылда Қытай Ресейден озып, аймақ елдерінің басты сауда серіктесіне айналды. Бұл – Ресейдің Украинадағы соғысымен тұспа-тұс келген үрдіс. Кей сарапшылар мұны Ресейдің Батыс санкцияларын айналып өту жолы ретінде қарастырады. Дегенмен, Ресей әскери-саяси тұрғыдан маңызды одақтас болып қала бермек. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан – Ресей, Армения және Беларусьпен бірге ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) мүшелері. Яғни, бұл елдерге сырттан шабуыл жасалса, келісім бойынша бір-біріне ара түсе алады. Ал Қытай мұндай әскери кепілдік бере алмайды. Дегенмен Қытай төрағасы осыдан бұрынғы сапарында «Қытай тарапы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, өз бетімен таңдап алған даму жолын ұстануға, мемлекеттің гүлденуіне қажет ішкі және сыртқы саясатын іске асыруға бағытталған күш-жігерін қолдаудан айнымайды. Қазақстанның ішкі істеріне киліксе, кімге болса да қарсы тұрады», – деп мәлімдеген болатын.

Алайда Қытаймен ынтымақ – тек мүмкіндік қана емес. Ол біртіндеп тәуелділікке айналуы да мүмкін. Сауда балансының Қытай пайдасына едәуір ауытқып кеткені – осының бір белгісі. Қытайдан келетін импорт отандық өндірісті тұншықтырып, технологиялық тәуелділікке ұрындыруы ықтимал.

Тағы бір ескеретін жайт – Қытайдың сыртқы саясаты экономикалық қақпан құрумен сипатталады. Кейбір елдер Қытайдан алған несиесін қайтара алмай, ұлттық инфрақұрылымын (порт, теміржол, кеніш) кепілге беруге мәжбүр болған мысалдар бар (Шри-Ланка, Пәкістан, Лаос). Қазақстан да Қытайдан 9 млрд долларға жуық сыртқы қарыз алған. Бұл – елдің қарыз құрылымында айтарлықтай үлес. Сондай-ақ Қытайға шекаралық аймақтардағы жерді жалға беру мәселелері ел ішінде үнемі әлеуметтік наразылық тудыруы мүмкін.

Қазақстан Ресеймен ҰҚШҰ аясында әскери-саяси одақтас. Ал Қытай – әскери одақтардан тыс, бірақ экономикалық жағынан үстем ел. Осы екі алып арасында теңгерімді саясат ұстану – Қазақстан үшін күрделі міндет. Қытайдың өңірдегі ықпалы артқан сайын, Ресеймен қайшылыққа түсу қаупі де жоқ емес.

Қытай мен Батыс арасындағы текетірес жағдайында Қазақстанның Қытайға жақындауы Батыс елдерінің санкциясы мен саяси қысымына әкелуі мүмкін. Ал Қытай үшін Қазақстан – энергия көзі әрі құрлықтағы геостратегиялық өткел. Сондықтан бұл қатынаста Қазақстан өзінің егемендігі мен ұлттық мүддесін қорғауға аса сақтықпен қарауы тиіс.

Қытай – Қазақстан үшін аса маңызды серіктес. Бірақ бұл серіктестік тек «мұнай мен темір жол» аясында шектеліп қалмауы керек. Инвестиция мен нарықтан пайда таба отырып, Қазақстан технологиялық тәуелсіздік, өнімді экспорт, жер ресурстарының қауіпсіздігі мен ұлттық өндірісті қорғау мәселесін назардан тыс қалдырмауы тиіс.

PS: Ұтымды саясаттың өзегі – теңгерім. Қазақстан Қытаймен байланысты дамыта отырып, өз шекарасының, өз байлығы мен болашағының иесі екенін ұмытпауы қажет. Мүмкіндік бар жерде қауіп те бар. Ал қауіптің алдын алу – көрегендік пен қырағылықтың ісі.

Қалиякбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

19.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14423
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14344
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29490
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28119
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31653