Түркістанда түркі әлемінің сәулетшілері мен реставраторлары бас қосты

Түркістанда түркі әлемінің сәулетшілері мен реставраторлары бас қосты

Түркістанда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы басталды. Халықаралық симпозиумның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Мароккодан келген  ISESCO жоба менеджері Осама Элнахас, сонымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстан Түркі әлемі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары және де халықаралық ұйымдардан сарапшылар қатысты.

Симпозиумда қандай мәселе көтерілді?

 «Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын арқау еткен халықаралық жиынның Түркістан қаласында өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттау жолындағы игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойған болатын. Бұл бағытта қазір облыс орталығында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде архитектуралық нысандарға бай өлке. Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін» деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозуим жұмысына сәттілік тіледі.

Құттықтау сөз алған Ақтоты Райымқұлова қордың негізгі қызметі мен атқарылған жұмыстары туралы баяндады. «Қор жанынан құрылған Түркі мемлекеттерінің тарихшы-сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесі құрылып, ортақ мұрамызды сақтаудағы маңызды бастама болғаны сөзсіз. Кеңес жұмысы алдағы уақытта да түркі елдерінің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып, ғылыми негізде тұрақты диалог алаңына айналарына сенім мол. Өйткені мұндай басқосулар бізге тарих пен мәдениетіміздің тамырын терең түсініп, ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы заманауи әдістер мен тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қор тарапынан Түркі елдерінің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемінің келешегі – 2040», «TURKTIME» стратегиялық құжаттарында көрініс тапқан бастамаларды басшылыққа ала отырып, түптамыры бір, дәстүрлері ортақ түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани сабақтастықтарын жетілдіру бағытында өз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Симпозиум түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғау мен дамытуға тың серпін беретініне сенемін. Бірлігіміз нығайып, рухани тамырымыз тереңдей берсін», – деді қор президенті.

Әрі қарай пленарлық отырысқа ұласты. Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.  Әзербайжан Республикасы Археология және антропология институты директорының орынбасары Заур Гасанов, Өзбекстанның халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры Мавлюда Юсупова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен профессор, т.ғ.д.  М.Қожа баяндама жасады.

Симпозиум түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіруге арналған. Алдыңғы қатарлы мамандар, сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен зерттеушілер сәулет мұрасы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу үшін бас қосады. Халықаралық шараның негізгі мақсаты – Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау. Сәулет және реставрация саласындағы шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген Ақтоты Рахматуллақызы симпозуим жұмысына кеңірек тоқталып өтті. «Осы күндері Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан қаласында Түркі дүниесіне өте маңызды шаралар өтіп жатыр. Бұл ең алдымен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркі дүниесінің мәдениеті және мұрасын сақтау қорының ұйымдастыруымен, үлкен реставраторлар мен тарихи архитекторлардың үлкен симпозиумы басталып жатыр. Жалпы біздің Түркі дүниесінің материалдық ескерткіштері ерекше. Басқа елдерге қарағанда, басқа жердегі ескерткіштерге қарағанда біздің ескерткіштеріміз ерекше. Неге ерекше? Бұл біздің жалпы табиғатымызға байланысты, жалпы біздің мәдениетімізге, өркениетімізге байланысты. Сондықтан біз Түркі мәдениеті және мұрасы қорының жанынан реставраторлар мен тарихи архитекторлардың ассоциациясын құрдық. Түркі дүниесінің ең белді тұлғаларын жинап, жалпы біздің Түркі дүниесінің ескерткіштерін қалай сақтау керек, оларды қалай жаңғырту керек, реставрация жасау керек, музейлендіру керек деген сұрақтар бойынша қазір бір халықаралық тәжірибені жинақтап, осындай отырыстарды, оқу бағдарламаларын жасап жатырмыз».

Симпозиум аясында сәулетшілер мен реставраторлардың ұйымдастыруымен Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу жоспарлануда. Бұл түркі өркениетінің сәулет ескерткіштері мен тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытында ұйымдастырылып отыр дейді ұйымдастырушылар.

– Бұл симпозиумға әлемнің белгілі реставратор, ғалымдары келді. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде архитектуралық нысандарға бай өлке. Осы ретте ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген, Халықаралық маңызы бар, архитектуралық ерекше нысанымыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесін атап өтпеске болмайды. Облысымызда  республикалық маңызы бар  – 30, жергілікті маңызы бар – 46 архитектуралық ескерткіштер бар. Симпозиум барысында тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау,  сақтау және  қалпына келтіру бойынша өзекті мәселелер қозғалды. Симпозиум барысында Түркістан облысындағы ескерткіштердің жай-күйімен танысу да жоспарланған, – деді  Түркістан облысының мәдениет басқармасының тарихи мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың бөлім меңгерушісі Раушан Тұрсынова.

 

Түркі әлемінің рухани мұрасы ұлықталды

 

Симпозиум аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қос бірдей тағылымды іс-шара өтті. Соның бірі – «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесінің ашылуы. Түркі әлемінің ортақ мұрасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, еліміздің және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Түркі тілінің байлығын, тарихи сабақтастығын және мәдени мұрасын тереңінен сипаттаған көрмеде аталған оқу ордасының  ректор Жанар Темірбекова бұл шараның рухани-тарихи маңызға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ бауырлас елдің өкілдеріне алғысын жеткізді. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова да пікір білдірді. Қатысушылар бұл жиынның жастарымыз бен болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, оларды тарихпен таныстыруға, түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті қаншалықты бай болғанын көрсететін қазына екендігін айтты.

Көрермен назарына көрмеден соң «Мың заман – бір Түркістан» спектаклі ұсынылды. «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен музыкалық драма қойылымының қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина.  Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады. Сонымен қатар Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы көрсетілді. Қиын күндерге қарамастан, татулығын сақтаған түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды. Жиын соңында спектакль жоғары бағаланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Түркі халықтарының даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым соңында көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.

 

Түркі әлемінің сәулетшілері мен реставраторлары тәжірибе алмасты

 

Симпозиум аясында екі ғылыми секция өтті. Алғашқысы «Түркі өркениетінің тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштерін зерттеу» тақырыбына арналды. «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Модератор ретінде Өзбекстанның Халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры Мавлюда Юсупова қатысты. Секция барысында Венгрия, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің сәулетші-ғалымдары мен реставраторлары тарихи ескерткіштерді заманауи тәсілдермен зерттеу, цифрлық технологияларды қолдану, дәстүрлі құрылыс әдістерін сақтау, профилактикалық консервация және қайта қалпына келтіру мәселелері бойынша баяндамалар жасады.

Келесі секция «Сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру» тақырыбында өрбіді. Модераторлықты Катар еліндегі Шейх Фейсал бен Қасим Әл Тани мұражайының ғылыми реставрация зертханасының кеңесшісі, доцент Румейса Хасанзаде атқарды. Онда Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен келген сарапшылар тарихи ғимараттарды бұзбай зерттеу әдістері, құрылымдық ағаш материалдарын бағалау, артефактілерді сақтау, мембраналық материалдарды пайдалану, сондай-ақ дәстүрлі реставрациялық тәсілдер бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстандық реставратор Элина Алтынбекова Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігіне жүргізілген пәнаралық зерттеулер нәтижесін ұсынып, тарихи мұраға ғылыми көзқарастың маңыздылығын атап өтті.

Жиын қатысушылары түркі дүниесінің сәулеттік және тарихи мұрасын сақтау жолындағы өзара тәжірибе алмасудың, инновациялық әдістерді ендірудің және халықаралық әріптестікті нығайтудың маңызын ерекше атап өтті. Шара барысында ұсынылған баяндамалар мен ғылыми пікірталастар түркі әлемі елдерінің ортақ мұрасын қорғаудағы нақты нәтижелерге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

 

Өңірдің киелі орындары түркі әлемінің назарында

 

Жиынның қонақтары Түркістан қаласы мен Отырар аудандарының киелі орындарын аралады. Алдымен Арыстан баб кесенесіне зиярат етуден бастады. Бұл кесене көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші саналады. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб қабірінің басына арнайы салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.

Танымдық сапар әрі қарай Отырар қалашығында жалғасты.  Отырар – Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Араб жазбаларында бұл қаланы Фараб деп атаған. Отырар жеріндегі алғашқы қоныстар VIII ғасырда пайда болған. Жібек жолының бас тармақтарының бірінде орналасқандықтан қала дамып, тез арада көркейе бастады. Шеберлер мен өнерпаздар шоғырланған үлкен сауда орталығына айналды. Бұл жерде сарайлар, керуен сарайлары мен қала көшелері пайда болды.

Күннің екінші бөлігінде киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимаратта Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт сынды арнайы бөлмелер бар. Шетелдік қонақтар сәулет өнерінен бөлек, қазақ руханиятының мол мұрасымен, ұлттық салт-дәстүрімен танысты.

 

«Біз мәдени мұра арқылы Түркі дүниесінің тарихын біріктіргіміз келеді»

 

«Халықаралық Түркі мәдени мұрасын сақтау қоры құрылған күннен бастап түркітілдес халықтардың ортақ құндылықтарын сақтау, қалпына келтіру және дәріптеу бағытында жұмыс істеп келеді. Біздің міндет – өткенді құрметтеп, соның негізінде келер ұрпаққа мұра қалдыру. Түркі әлемі – терең тарихы мен бай мәдениеті бар үлкен өркениет. Бұл мұраны сақтау тек бір елдің ғана емес, бүкіл түркі жұртының ортақ парызы деп білеміз. Қазақстанда нақты жобаларды бастап кеттік. Солардың ішінде ең ауқымдысы – Жамбыл облысындағы Құлан қалашығын қалпына келтіру және музейлендіру жұмыстары. Бұл қалашық – біздің дәуіріміздің VI-VIII ғасырларына тиесілі, Түркі өркениетінің гүлдену кезеңіне тән бірегей ескерткіш. Мұндай нысандар өте сирек кездеседі. Сондықтан біз бұл жобаны ерекше ықыласпен қолға алдық. Жұмысқа Қазақстанның кәсіби реставраторлары, сонымен қатар халықаралық мамандар тартылып отыр. Бұл – тек реставрация емес, үлкен ғылыми-мәдени зерттеу және халықаралық ынтымақтастықтың көрінісі. Сонымен қатар біз Қырғызстанда, Түркияда, Әзербайжанда да бірқатар тарихи нысандарды қалпына келтіріп жатырмыз. Қарахандар дәуірінің сарайы, Жақметлі мешіті, Алыкул Осмоновтың музей-үйі – соның дәлелі. Бұл жобалар жергілікті реставрация ұйымдарымен бірлесіп, біздің қордың қаржылай қолдауымен іске асып жатыр. Әр елдің өз кәсіби тобы бар, ал біз ортақ платформа ретінде біріктіруші, қолдаушы, үйлестіруші рөл атқарамыз.

Қазақстан тарапынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды аса құнды мұраға қатысты да ұсыныс түссе, біз оны да қарастыруға дайынбыз. Себебі Ясауи бабамыздың кесенесі – түркі руханиятының символы. Бұл жерде біз қандай да бір бастама тек жергілікті тараптан ұсынылған жағдайда ғана іске асатынын атап өткім келеді. Қордың рөлі – бастамашы болудан бұрын, қолдаушы болу. Біз тек ескерткіштерді ғана емес, жалпы мәдениетті жаңғыртуға күш салып отырмыз. Кітаптар шығару, оқу-әдістемелік бағдарламалар әзірлеу, халықаралық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар өткізу – біздің тұрақты жұмысымыздың бір бөлігі. Тәжірибе алмасу, түркі елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту да негізгі басымдықтардың бірі. Қордың болашағы – Түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасын сақтаудағы сенімді серіктеске айналу. Бізге жүктелген міндет үлкен. Алайда халықтың қолдауы мен елдердің сенімі бізге күш береді. Бүгінгі басталған іс ертеңгі ұрпаққа қалатын мұра ғой. Сондықтан бұл жұмыстар біздің жауапкершілігімізде деп білеміз.

Қатысушылар  – әр елдің танымал тұлғасы. Өйткені олардың әрқайсысы академиялық білімімен қатар, өз елінің бай тарихын зерттеп жүрген жандар. Бүгінде тарихтан бізге жеткен ауыз әдебиеті, фольклор сияқты ата-баба мұрасын жастарға жеткізу мақсатында оқу бағдарламаларын жасап жатырмыз. Мұнда да тек тәжірибемен алмасу ғана емес, осындай жаңа дүниелермен, жетістіктермен бөлісуді мақсат етіп отырмыз. Барлық құнды пікірлер мен әрбір баяндамалар негізінде бір оқулық шығады. Сонымен қатар жас реставраторларға арналған жалпы Түркі дүниесі бойынша Қазақстанда, Қырғызстанда, Түркияда, Венгрияда (Мажарстанда), Өзбекстанда Түркі мәдениеті және мұрасы атты орталықтарды ашып жатырмыз. Бұл орталықтар университеттердің жанында құрылып отыр.  Соның бірі Түркістандағы Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан да орталық аштық. Онда жалпы біздің мұрамызды, мәдениетімізді сақтау бойынша оқу бағдарламаларын, тәжірибе алмасу бағдарламаларын бастап кеттік. Түркістанның бұдан әрі де керемет шаһар болып дамуына осындай халықаралық кездесулер өз септігін тигізеді деп ойлаймыз», – дейді Халықаралық Түркі мәдени мұрасын сақтау қорының Президенті.

 Тұрсынай ШАМЕТОВА

20.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14420
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14342
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29487
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28116
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31651