Ұлттық мерекелердің маңызы мен мәнісі немесе қазаққа қандай мереке қастерлі?

Ұлттық мерекелердің маңызы мен мәнісі немесе қазаққа қандай мереке қастерлі?

Бұл мақала наурызда жазылған болатын. Түрлі себептермен кешігіп, бүгінгі Республика күнінде жариялаудың сәті түсіп отыр. Автор осы күнді қайта тірілту жөнінде жақсы ұсыныс айтқан. Сондай-ақ, мақалада басқа да толғамды пікірлер көп. 

Шетелдерде бұл мәселеге қалай қарайды?

Әлемде қанша ұлт болса, сонша мереке бар. Бірақ мерекенің де мерекесі болатыны белгілі. Қай ұлт болмасын жалпыхалықтық тұрғыда белгіленген мерекелері мен атаулы күндері болады. Оның арасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ата-баба дәстүріне сай тойланатындары өз алдына бөлек әңгіме, сонымен бірге өздері тұратын мемлекеттің барлық тұрғындарына (діні мен нәсіліне қарамай) ортақ мерекелер де баршылық. Мысалы, «тәуелсіздік күні», «қорғаныс күні», «конституция күні», «ту күні» болып жалғаса береді. Осындай ізгіліктен туған мереке-тойлардың қатарын іші пысқан кейбір әлеуметтік топтардың «ойлап тапқан» жасанды тойлары да атаулы күндердің тізімін толықтырып жатқанын көзіміз көріп жүр. Әрине, ұлттық мәдениет қалыптастырумен қатар рухани құндылық қатарында саналатын ізгілікті, қуанышты, өнеге болатын оқиғаларды әр халық өзінің талғамына сәйкес жатсынбай қабылдайды. Алайда, өнеге болу емес, өрісті тарылту, таңдандыру емес, тіксінту секілді жағдайлар тудыратын жағымсыз мерекесымақтар да бүгінде аз емес. Мысалы, Үндістанда бір-біріне бояу шашатын фестивалі бар. Мұны үнді телесериалдарынан байқаған боларсыздар деп ойлаймын. Болгария мен Португалияда көшелерде қызанақпен атқыласып, бір-бірін «қан-жоса» ететін шара жылда өтеді. Оның да өзіндік мәнісі бар. Испанияда жалпыұлттық коррида (бұқалар шайқасы) мерекесі өтетіні бүкіл әлемге әйгілі. Коррида –  испан рухы мен ұлттық бірегейлікті білдіретін өнер түрі және ұлттық мереке ретінде есептеледі. Жапондар болса «Жалаңаштар күнін» атап өтуді 767 жылдан бері жалғастырып келеді екен. Бұл үшін халық Сайдажи шіркеуіне жиналып, ұятты жерлерін бір жапырақ шүберекпен бүркейді де, құлшылық жасайды екен. Осылайша олар өздеріне молшылық пен табыс тілеуді әдетке айналдырған. Сөйтіп, шіркеуде құдайына жалбарынып тазаланып алған сабаздар одан әрі шеруді көшелерде жалғастырады. Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Әулие Валентин күні» («Ғашықтар күні» деп жалған мағына береді) деген шығып, эпидемия сияқты елді түгелдей жайлады емес пе? «Әулие Валентин күнінің» екпіні сәл саябырсып еді, орнына Хеллоуин деген мереке пайда болды. Ақыры не болды? Көшелерде құшақтасу былай тұрсын, сүлікше сорысатындар мен  біржынысты делқұлылардың «махаббат машақатының» көбейгеніне куә бола бастадық.

Осы орайда айта кетуге тиіспіз. Жастар санасы бұл күнді «махаббат күні», «адалдық күні», «сөз байласатын күн» деген сияқты ұғатындықтан, одан біржола бас тарту оңай емес. Сол себептен «Әулие Валентин күнін» жастар санасынан мүлде өшіріп, ұлттық рухтағы мағына беру үшін  дәл осы күнді «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деп ауыстырған болатын. Бұлай атау өзін-өзі ақтады ма, жоқ па, оны білмеймін, бірақ көрші өзбек ағайындар бұл орайда бізді жолда қалдырғаны анық. Өзбек билігі  «Әулие Валентин күнін» атап өтуге ресми түрде қатаң тыйым салып, оны  «Бабырдың күні» деген атаумен алмастырған болатын. Осы күні өзбек жастары Ұлы Бабырдың поэзиясына, әсіресе Шығыс шайырларының ғашықтық ғазалдары мен жырларына үңіліп, өздерінің сүйіспеншілік, адамгершілік, тазалық, адалдық жайлы ой-түсініктерін тереңдете түсіп отыр. 

Осындай кездейсоқ енген кейбір мерекелердің елімізде жат ағым мен жат қылықты, арсыздық пен көргенсіздікті, имансыздықты насихаттайтындығынан, олардан мән кете бастады. Мұның бәрі адамды жолдан адастыру үшін әдейі ойлап табылған жабайы, бүлдіргі мерекелер екендігіне дау жоқ.

Біздіңше, қандай бір мереке болмасын, оның мақсаты мен идеясы болады. Ал кез келген мерекенің мақсаты – қатыгездікті емес, қайырымдылықты, қаталдықты емес, мейірімділікті  насихаттау. Ел назарын қайырымдылық істерге, бауырмалдыққа, ізгілікке, бірегейлікке, ауызбіршілікке аудару болса керек. Ендеше, адамгершілікке жат, пиғылы мен ниеті теріс мұндай мерекелер мен фестивальдерді, атаулы күндерді қазақ еліне ендіруге  бола ма? Болмайды! Мұндай мерекелер мен тойларды қазақ ешқашан қабылдамайды. Бұл анық.

Олай болса Қазақ еліне қандай мерекелер мен атаулы күндерді атап өткен жөн? 

Біздіңше, ең алдымен қазақ халқының тарихы мен рухына сай келетін мерекелер болмағы ләзім. Ол атаулы күндер жастардың бойында ұлттық рух пен ұлттық намыс рухын егу парыз. Мәселен, «Жоңғар құрсауынан азат болған күн», «Абылайдың ақ туы көтерілген күн», «Қазақ хандығы құрылған күн», «1916 жылғы  ұлт-азаттық көтерілісі күні», «Түркістандықтардың бірлігі  күні», «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі күні» тағы басқа. Осы атаулы күндердің қай-қайсысы да мемлекеттік тұрғыдан кеңінен атап өтуге тұрарлық, елімізде жалпыхалықтық мәнде қастерленуге әбден сұранып тұр.

Бізде мұның қайсысы маңызды?

Енді өзімізге оралайықшы. Біз «Тәуелсіздік күні», «Конституция күні», «Алғыс айту күні», «Астана күні», «Тұңғыш Президент күні» деген атаулы күндерді қоспағанда, көбінесе сол КСРО-дан мұраға қалған «қызыл күндерге» малданып әлі отыр екенбіз. Мысал керек пе,  мінекейіңіз: «Жаңа жыл», «Халықаралық әйелдер күні» және «Жеңіс күні» дегендер сонау кеңестік заманнан бері аттан  түспей келе жатыр. «Жаңа жылды Наурыздан бастайық» деген ұсыныстардың айтылғанына да біраз уақыт болды. Бірақ Наурыз тек  көктем мейрамы ретінде ғана мерекеленіп жүр. Халықаралық әйелдер күнін тойлау туралы идеяның авторы бүкіл дүниежүзі пролетариатының көсемі В.Ленин екенін енді біліп жатырмыз. Сөйтсек, 8 наурыз күн көсемнің Германиядағы әріптесі және серігі Клара Цеткин дегеннің туған күні екен. Бұл әйел туралы сан алуан пікірлер бар екені белгілі. 1910 жылы Копенгаген қаласында өткен феминисткалар мен әйел социалистердің халықаралық конференциясында алғаш рет әйелдердің теңқұқықтық пен эмансипация жолындағы күресіндегі ынтымақтастық күні ретінде пайда болды. 1975 жыл – Халықаралық әйелдер жылы болып аталғаннан кейін, сол жылдан бастап БҰҰ ресми түрде Халықаралық әйелдер күні етіп бекітті. Бұл мереке көбіне бұрынғы Кеңестер Одағына тәуелді және жартылай тәуелді елдерде ғана тойланып келген, қазір соның сарқынымен әйелдер күнін атап өтіп жатыр десе болады. Тәжікстанда 2009 жылдан бастап бұл мейрам Ана күні деп аталады. Түркіменстанда Халықаралық әйелдер күнін 21 наурызда Наурыз мейрамымен бірге атап өтеді. Латвияда, Эстонияда 8 наурыз 1991 жылы КСРО құрамынан шыққаннан кейін демалыс күні болуын тоқтатты. 

 Ал Жеңіс күні деп аталатын  9  мамырды тойлаудан соңғы уақытта алыс-жақын біршама ел ресми түрде бас тартты. Көптеген әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар бұл шын  мәнінде жеңісті емес, соғысты насихаттайды деген пікірде. Бұған келісу-келіспеу әркімнің өз құзырындағы нәрсе, әрине. Біздің ойымызша, Ресей биыл бұрынғы одақтасы Украинаға  ашқан соғысынан соң, көптеген елдер бұл күнді тойлаудан мүлде бас тартатын шығар... Сол секілді бұрынғы Еңбекшілер күні Татулық пен бірлестік мерекесі ретінде «қайта жаңғырған» 1 мамырды қазақтың ұлттық тарихына қатысы бар деп айту қиын. Бұл – біртұтас Кеңес халқын қолдан жасау үшін Мәскеу метролитетінің ойлап тапқан жасанды мерекесі. Бізбен тағдыры ортақ, тілі, діні, ділі бір Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан елдерінде бұл күн жұмыс күні болып есептеледі, 9  мамырды мүлде тойламайды. Ал 1 мамыр мерекесі бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деп есептеледі. Бірақ бұрынғы КСРО-дан мұраға қалған жасанды «қызыл» мереке екені көзге ұрып-ақ тұр. Кез келген жасанды нәрсе түптің түбінде бір құлайды, ұмытылады, жойылады.

Сондай-ақ біздің елімізде мамандыққа байланысты кәсіби мерекелерді атап өту үрдісі қалыптасқан. Бір қызығы, мұндай атаулы күндер бұрынғы Кеңестер Одағы құрамында болған мемлекеттердің басқасында жоққа тән екен. Ал бізде әртүрлі еңбек ұжымдарында тойланатын, азаматтардың жекелеген санаттары атап өтетін 40 кәсіби мереке күні бар болып шықты. Бұл аз ба, көп пе?.. Мысалы, Теміржолшылар күні, Ұстаздар күні, Орманшылар күні, Отан қорғаушылар күні, Өрттен қорғаушылар күні, Медицина қызметкерлері күні, Полицейлер күні... тағысын тағылар. Осы кәсіби мерекелердің ішінде Отан қорғаушылар күні (7 мамыр), Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске  алу күні  (31 мамыр), Мемлекеттік рәміздер күні (4  маусым), Баспасөз күні (28 маусым), Қазақстан Халқы тілдерінің күні (22 қыркүйек), Ұлттық валюта күні (15 қараша)  ресми мереке күні ретінде аталып өтіп жүр. Әрине, кәсіби және рухани-тарихи күндерін атап өтуге біздің еш қарсылығымыз жоқ. Бұлар жын-шайтандар күнін тойлағаннан көрі әлдеқайда пайдалы ғой деушілер де  табылар. Бірақ біз үшін ең бастысы ұлттық биік сананы көтеруге қызмет жасайтын мерекелердің көбірек болғаны пайдалы. Шын мәнінде, мұндай мерекелер қанша көп болса да, артықтық етпейді деп ойлаймын. 

Олай болса, бүгінгі Қазақстан Республикасында қандай мерекелерді  жалпыхалықтық тұрғыда ресми түрде тойлайды, соған келейік. 

Қазақстан Республикасында кең көлемде аталып өтетін жалғыз Ұлттық мереке 16 желтоқсан – Қазақ елінің тәуелсіздігі күні. Заңға сәйкес бекітілген жалғыз Ұлттық мереке – осы!

Мемлекеттік мерекелерге мына төмендегі атаулы күндер жатады: 1-2 қаңтар – Жаңа жыл; 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні; 21, 22, 23 наурыз – Наурыз мейрамы; 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні; 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні; 9 мамыр –  Жеңіс  күні; 6  шілде –  Астана күні; 30 тамыз – Конституция күні; 25 қазан – Қазақстан Республикасы күні; 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. 

Сонымен бірге діни мейрамдар – мұсылмандық Құрбан айт пен христиандық Рождество демалыс күндері болып бекітілген. Әлеуметтанушылар арасында соңғы діни мейрамға байланысты әркелкі пікірлер айтылады. Өйткені сырт көзге бейкүнә болып көрінгенімен, оның  қазаққа тигізетін зияны жеткілікті көрінеді. Солардың ішінен екі  уәжге ғана тоқталайық. 

Біріншіден, еліміздегі қазақ  ұлты мен басқа диаспоралардың сандық үлестеріне үңілсек, Қазақстандағы жалпы халықтың 70 пайызы қазақтар болып табылады, басқа мұсылман халқының (өзбек, ұйғыр, әзербайжан, қырғыз т.б.) үлес салмағы 15 пайызды құрайды. Қалған 15  пайыз христиан дінін ұстайтын ұлт (орыс, украин, беларусь т.б.) өкілдері. Бұл не  деген сөз? Яғни 85  пайыз мұсылмандар өздерінен сан жағынан 5-6  есе  аз христиан дінінің мерекесін тойлауға мәжбүр болып жүр деген сөз. 

Екіншіден, христиандардың өздерінің де  біркелкі ұстанымда емес екендігі белгілі. Православие дініндегі және соған жақын ағымдағы орыстар, украиндар, беларусьтер, осетиндар мен  армяндар Ғайса пайғамбардың туған күнін, яғни «рождествоны» 7  қаңтарда атап өтсе, қазақстандық немістер, поляктар, гректер, украиндардың бір бөлігі оны желтоқсанның 24-інде тойлайды. Қарасаңыз, елімізде грек, армян, осетин, украин, беларусь диаспорасының тым мардымсыз екенін ескерсек, біз «Рождество» деп демалыс жариялап, тойлап жүрген 7  қаңтар бүкіл христиандардың діни мейрамы емес, тек қана орыс диаспорасының ұлттық мерекесі болып шығады. Ал мұсылмандық Құрбан айт жер бетіндегі барлық мұсылмандарға ортақ, яғни оның қазақтық, өзбектік, арабтық, тағы басқалық нұсқалары жоқ. Сонда еліміздегі 85  пайыз мұсылман өздерінің ортақ мейрамын мерекелеу үшін, тек бір ғана ұлттың, яғни жалпыхристиандық емес, жалғыз «Орыс православие шіркеуінің» діни мерекесін тойлауына мәжбүр. Бұл – көпе-көрнеу  күштеу, теңсіздік және әділетсіздік емес пе?..

 

Қандай мерекелерді тойлаған жөн?

Қазақ билігінің бастамасымен еліміздегі мерекелер саны соңғы кезде  тағы  екі  мерекемен толықты. Олар: 1 наурыз – Алғыс айту күні  (2016 ж.)  деп белгіленсе, 1  шілде –  Ұлттық домбыра күні (2018 ж.) болып бекітілді. Бұл атаулы күндер мемлекеттік мереке ретінде белгіленбесе де, идеяны барлық қазақстандықтар зор  қуанышпен қарсы алғанын атап өту керек. Алғыс айту күнінің мақсаты – қазақ халқына, жақын адамдарына, алғашқы ұстаздарға, жалпы қайырымды жандарға алғыс айту арқылы бірігуге, тұтасуға шақыру  болса, Ұлттық домбыра мейрамының мақсаты – «нағыз қазақ –  қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын (Қ.Мырза Әлі) айтпақшы, ұлттық дәстүрге тағзым ету, қастерлеу арқылы ұлттық өнерді ұлықтау болып табылады. Әдемі ме, әдемі! Қазақ баласына керек мереке ме, керек мереке!

Олай болса бұдан былайғы уақытта қазаққа қандай мерекелерді тойлаған абзал? Жоғарыда тізімі көрсетілген ұлттық және мемлекеттік мерекелердің қайсысын қастерлеп, қайсысынан бас тартқан жөн?

Бұл жерде мәселе өте күрделі екені түсінікті. «Мына мереке қазақ үшін ауадай қажет, мынасының түкке қажеті жоқ» деп кесіп айту қиын. Десе де, ұсыныс айту, ұсынысты ортаға салу біздің азаматтық құқымыз, ал оны қабылдау-қабылдамау тиісті орындардың құзырындағы шаруа. 

Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасының ресми атап өтетін мерекелері  тізімінен Жаңа жыл күнін алып тастау туралы ұсыныстардың көп болғанына қарамастан, одан біржола бас тарту оңай емес сияқты. Өйткені 1 қаңтар – халықаралық қауымдастық қабылдаған ресми жаңа жылдың басы. Юлий Цезрь б.д.д. 45 жылы қолданыстағы күнтізбеге өзгеріс енгізіп, жылдың басын 1 қаңтардан бастауды бұйырғанға дейін адамзат баласы жаңа жылды қақаған қаңтарда емес, жердің көбесі сөгілген көктемде қарсы алған екен. Сөйтіп, Рим патшасы табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей Иусус Христостың туған күніне орайластырып, жаңа жыл мерекесіне тұңғыш рет діни мағына берді. Содан бері христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Ресей де солай – ХV ғасырға дейін Жаңа жылды 1 наурызды тойлап келген орыстар 1699 жылы Петр І-нің бұйрығымен Жаңа жыл күнін 1 қаңтарға ауыстырды. Орыс патшасы мұны Голландиядан үйренген болатын. «Патшаң шайтан болса да, әмірін періште тұт» демекші, бізге ортақ қазан жасап берген 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап біз де қақаған қаңтарды жыл басы деп қабылдадық. Содан әлі айырылмай келеміз. Жеңіс күні (9 мамыр) туралы да, шамамен, осыны айтуға болады. Бірақ бұл мерекелердің әйтеуір бір Қазақстанның күнтізбесінен сызылып тастайтынына сенеміз. Енді Халықаралық әйелдер күні (8 наурыз) қазаққа керек пе деген мәселеге орай мынаны айтқым келеді. Сөз жоқ, аналар, әйелдер, әпкелер, қыздар мерекесі керек! Бұл мерекесіз нәзік жандарды елестету мүмкін емес. Бірақ ерлермен құқылығы тең болмақ түгілі, оларды жарты жолда қалдырып кеткен қазіргідей күрделі қоғамда әкелердің орны ойсырап қалғандай көрінбей ме сізге? Мысалы, өзіміз күнде тілге тиек ететін АҚШ-та Әкелер күні деген мереке бар екен. Ол отбасылық мереке ретінде 1916 жылдан бері тұрақты тойланып келе жатыр. Бұл күні америкалықтар көзі тірі әкелерге қызыл раушан гүлін сыйласа, өмірден өтіп кеткен әкелердің басына арнайы барып, ақ раушан гүлін қояды. Жалғызбасты әкелерге материалдық көмек көрсетіледі. Бұл тамаша мереке әкелердің жауапкершілік сезімін арттырумен қатар, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты, яғни ұрпақ сабақтастығын нығайтуда үлкен рөл ойнайды деседі. Айтпақшы, осы Әкелер күні мерекесін бүгінде шығыстағы көршіміз Қытай, Үндістан бастап, әлемдегі бірқатар елдер атап өтуді үрдіске айналдырып үлгерді. Бала үшін әлемдегі ең қадірлі, ең ақылды, ең күшті, ең жеңімпаз тұлға болып табылатын Әкенің рөлін арттыру бүгінгі қазақ қоғамының да ең өзекті мәселесі. Сондықтан Қазақстанда әкелердің жауапкершілігін арттырып, ұрпақтар сабақтастығын одан әрі нығайту үшін Әкелер күні мерекесі белгіленсе, нұр үстіне нұр.

Қазақстанда тілі мен дініне, нәсілі мен кәсібіне қарамай бүкілхалықтың басын біріктіретін ұлттық мереке ретінде жылда ресми жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоятын Тәуелсіздік күнінен соң Әз-Наурыз мейрамын ауызға аламыз. Жасыратыны жоқ, қарапайым халық арасында мерекелерді тек қосымша демалыс күні ретінде қабылдайтындар да аз емес.

Қоғамды тұтастандыратын, құр даңғазалықтан ада, ешқандай саясат араласпаған, бүкілхалық жаппай қатысып, жұртшылықты жақсылыққа, теңдікке үндейтін, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын тұрақты дәстүрі мен жоралғысы бар, беретін өнегесі бар, түрлі этнос өкілдерінің басын қосатын тылсым күшке ие, еш жасандылығы жоқ бір мереке болса, ол осы Наурыз мерекесі шығар. Наурыз мереке болған соң, ол нақты мазмұнға ие болып, қоғамдық санада өз орнын алуы тиіс. Бұл жайлы кезінде баспасөз бетінде мәселе етіп көтеріп, тиісті орындарға жіберген болатынбыз. Көп жыл бұрын айтылған сол ұсынысымыз биылғы Наурыз мерекесінде өз жемісін бергенін көріп қуандық. Шүкір! Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ерекше еңбегі сіңген қайраткерлер мен ерлерімізді түрлі марапаттармен атап өтті. Азаматтарға дәл Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетілуінің зор символдық мәні бар. Сөйтіп, Президент Наурыз мейрамы қарсаңында өзінің халықшыл көреген басшы екенін паш етті. Енді осы үрдіс өз жалғасын тапса игі.

Наурыз  – жаңа жылдың басы. Бұл жағынан оның 1 қаңтардағы жаңа жылдан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ Наурыздың басты идеясы – ескі жылдың орнына жаңа жылдың келуі емес, теңесу, тең болу идеясы екенін ұмытпаған жөн. Яғни күн мен түн, ақ пен қара, жылу мен суық, жаз бен қыс қана емес, мәңгі бітпейтін жаңа мен ескінің айқасы, жамандық пен жақсылықтың күресі қас пен көздің арасында бір сәтке болса да итжығыспен аяқталады. Жақсылық пен жаңа күннің жарығы үдете күш алып, жанталаса қарсыласқан түнек пен жамандықты тәубесіне түсіріп, кеудесін басады. Шешуші шайқаста жеңіліп, есеңгіреп, басылып қалған түнек-қыс қапелімде ес жия алмай, кері шегінеді. Осы сәттен көктем мен жаз маусымы басталады. Ал күз түсе түнек қайтадан күш жинап, жарықты ығыстыра бастайды. Бұл күрес жылма-жыл қайталана береді.

Бұл күні әр адам көңілдегі кірбіңнен арылып, араздасқандар татуласуға тиіс. Бұл күні бақай есеп пен пендешіліктен тазарып, бір-бірімен төс қағыстырып, емен-жарқын күй кешеді. Көріседі, көңілдегісін ақтарады. Сондықтан да ол ақ түйенің қарны жарылған қуаныш күні – Ұлыстың Ұлы күні деп аталады. Көрісу дегеннің өзі ұлыс күнгі сәлемдесу, яғни сол мезгілдегі шат-шадыман көңіл күйдің көрінісі. Жер аяғы кеңіп, тіршілік атаулының жаңарғанына риза кейіптегі адамдардың бір-біріне көрсеткен ілтипаты мен ізеті.

Егемендік туралы декларацияның маңызын ұмытпайық!

Қазақстан халқы бірлігі күні елімізде 1996 жылдан бері аталып өтіп келеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, қоғамдық келісім – Қазақстан өмірінің негізгі өзегі. Мұны осы жерді мекен еткен әрбір азамат жан-тәнімен түйсінуі тиіс. Сол кезде елдегі қоғамдық-этносаралық келісім мен саяси тұрақтылықтың ғұмыры ұзақ болады. Ол үшін өзі тұрып жатқан елдің тілі мен мәдениетін, дәстүрі мен тарихын сыйлау жауапкершілігінің маңызы мен мәні зор. Өйткені қазақ халқының қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге шыдамдылық, түсіністік таныта білуі, оның момындығы немесе жігерсіздігі емес екенін түсіну керек. 

Отан қорғаушылар күні мерекесі – тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық қауымдастықта өз орнын белгілеуде және жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызды факторлардың бірі болып табылады. Қазақстандықтар үшін аса қажетті мереке екені даусыз. Бірақ Отан қорғаушылар күнін атап өту датасын басқа бір уақытқа ауыстырған жөн. Ал Астана күні мерекесіне (2006 ж.) келсек, оған еш қарсы емеспіз, бұл да ел тәуелсіздігі мен Жаңа Қазақстанның жаңа тарихындағы халқымыздың жасампаз жетістіктерін бейнелейтіндіктен,  өте-мөте қажет мереке. Дегенмен мұның да атап өту уақытын қайта қарау керек сияқты. Өйткені  Астана күні мерекесі негізінен бірінші президентті мақтау мен дәріптеуге, яғни жаппай жағымпаздану күніне айналып кеткені жалпыға белгілі. Осы дұрыс па? Ал  2012 жылдан бері кең көлемде аталып келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деген мереке күнін күнтізбеден мүлде сызып тастаса да артық болмайды. Бұл мереке өз миссиясын толығымен орындады, ол қазіргі жаңа кезең, сындарлы өзгерістерге, уақыт рухына жауап бере алмайды, күні өтті.

Енді еліміздегі жалғыз Ұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнін атап өтуді 16 желтоқсаннан бүгінде Қазақстанның Республикасы күні ретінде тойланып жүрген 25 қазанға ауыстыру керек деп есептеймін. Себебі 1990 жылы қазан айының дәл осы күні, яғни 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Осылайша қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасын салды. Бұл декларацияның қабылдануымен дербестігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. 2001 жылдан бастап бұл күн мемлекеттік масштабта өз алдына жеке мереке ретінде тойланып жүр. Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі осы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күннен басталады. Бұған ешкімнің дауы болмауы тиіс. «Егемендік» пен «тәуелсіздік» терминдері екі түрлі сөз болғанымен, бір ұғым. Сондай-ақ бұл екі мерекенің атқарып тұрған саяси-қоғамдық, тарихи-әлеуметтік функциялары да бірдей және бір-бірін қайталап тұр. Бір-бірін қайталайтын мұндай мерекелер бізге соншалықты қажет пе? Сол себепті Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсаннан 25 қазанға ауыстыру керек! Ал 16 желтоқсан – Қазақстанның Демократиялық жаңару күні болып қала берсін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: 

Қазір өзгерістер уақыты. Біз жаңа Қазақстан дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Бүгінде қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасау қолға алынды, еліміз дамудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл не деген сөз? Яғни төрткүл әлем сүйсінетін әрі мойындайтын толыққанды мемлекет құру үшін қазіргі уақыттың жауапкершілігі үлкен деген сөз. Бұл орайда ұлттық және мемлекеттік идеяны ұлықтауда мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің рөлі зор екені мәлім. Ендеше, тарихи төл дәстүрімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір жасанды, күшеншек интернационалистік әуендегі атаулы күндерді атап өтуде алдына жан салмайтын қазақстандықтардың басын бір тудың астына біріктіретін, республика бойынша атап өтуге лайық, қазіргі жаңғырған жаңа Қазақстанның сұранысына жауап бере алатын тарихи-ұлттық мерекелердің атқаратын функциясы мен уақытын қайта қарауды және мерекелер санын ұлғайту мәселесін жалпыхалықтық талқыға салуды ұсынамын. Одан қазақ ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Қазақ мемлекетінің тәуелсіз ел ретіндегі қоғамды біріктіруші, тұтастандырушы функциясының ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттік мерекелерді ұлттық рухта ұйымдастыра, ұжымдастыра білуінде емес пе! 

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, мәдениеттанушы
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380