Қыс бойы тыныққан диқандар ерте көктемде егістік танапқа шықты. Жылдағыдай егін егу жұмыстарына дайындық басталып, несібесін жерден іздейтіндер науқандық жұмысқа кірісіп кетті. Мол өнім алу осы кездегі еселі еңбекке тікелей байланысты екенін олар жақсы біледі.
Диқандар үшін өткен жыл оңай болған жоқ. Су тапшылығы орын алып, егінге қауіп төнді. Десе де жамбылдық диқандар мол өнім алып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Биыл да өткен жылғы су тапшылығының орын алу қаупі жоғары. Дегенмен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы шаруалардың басын қосып, ақпан айынан бастап, дала жұмыстарын бастау керектігі алға тартқан болатын. Біз бұл жұмыстарды үйлестіргенімізбен жауын-шашынның түсуінен .сіт күткен едік. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, наурыз айы берекелі болды. Жауын жауып, соңы қарға айналды. Бұл ауа-райы шарауалардың тілегі еді.
Биыл 33091 гектар жаздық арпа, 3698 гектар дәнді және дәнді бұршақты дақыл, 1800 гектар майлы дақыл, 385 гектар картоп, 8220 гектар көкөніс, бақша, 700 гектар қант қызылшасын егу жоспарланған.
Бір қиындығы, соңғы жылдары өңірде егінсу тапшылығы кәдімгідей сезілуде. Осы жылы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасынан және Қырғыстан Республикасында орналасқан «Чоң-Қақпа» су қоймасынан 21 мың гектар егістік жерді суғаруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар ауданда орналасқан 22 су қоймасы мен бөгеттен 721 гектар егістік жер суғарылады. Биыл шаруа қожалық иелері 34 ұңғыма қазуды жоспарлауда. Өткен жылы істен шыққан 9 ұңғымаға У.М.Ахмедсафин атындағы ғылыми-зерттеу институты зерделеу жүргізіп, нәтижесінде Қарасу ауылдық округіне қарасты 1 ұңғыма қайта қалпына келтіруге жарамды екені анықталып, 51,6 млн теңгеге жобалық сметалық құжаттары дайындалды.
Ауданда су үнемдеу технологияларын қолданудың маңызы да артып келеді. Былтыр ауданда тамшылатып және жаңбырлатып суарылған алқаптар көлемі 5622 гектарды құраған еді, биыл бұл көрсеткішті 7302 гектарға жеткізу көзделген. Каналдарды тазалау жұмыстары да өз жемісін беруде. Ақбастау ауылдық округінде ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын 3 канал, Ерназар ауылдық округінде ұзындығы 14,4 шақырымды құрайтын 3 канал қоқыстан және қамыстан тазартылды. Ал, Аса ауылдық округіндегі «Қуат» каналының 10 шақырымы асарлатып тазалануда.
2021 жылы аудан бойынша 454 млн 260 мың теңгеге 104 техника алынып, техника 10 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда қолда бар трактор, соқа, тырма, дәнсепкіш, қопсытқыш, тұқым улағыштың барлығы дерлік дала жұмыстарына кірісіп кетті.
Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 780 тонна кепілдендірілген дизель жанармайы бөлініп, таратушы операторлары белгіленді. Бұған қоса, арзандатылған бағамен минералдық тыңайтқыштар алу, тұқым дайындау жұмыстары да қолға алынған. Дала жұмыстарының қарқын алғанын атап өтер болсақ, бүгінде Қарасу ауылдық округінің шаруалары бұл істе белсенділік танытуда. Округте 1704 гектар жерге егін егіледі. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы орындау азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады. Былтыр қуаншылыққа қарамастан Қарасу ауылдық округінде егіс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді. Округтегі дала дүбіріне 10 дана трактор, 12 дана соқа, 6 дана дән сепкіш, 13 дана тырма, 5 дана тегістеуіш, 17 дана қопсытқыш тартылған.
Ауылдық округте жалпы көлемі 1704 гектарға егін егу жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдар – 910 гектар, майлы дақыл – 180 гектар, көкөніс пен бақша – 60 гектар, картоп – 5 гектар, мал азықтық дақылдар 455 гектар жерге орналастырылады. 180 гектар егістікке күздік бидай егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 гектарға артық.
Елді мекенде ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін 68 шаруа қожалық егін егу жұмыстарын жүргізуде жанар-жағармайдан тапшылық көрмейді. 45 тонна жанар-жағармайға сұраныс берілген. Оператор анықталған. Агроқұрылымдарға жеткізіп беруді қоса алғандағы құны литріне 196 теңге болып бекітілген.