2024 жылы әлемде талай-талай ірі оқиғалар туылды. Жаңа жыл қарсаңында көптеген басылымдар ұлу жылындағы әлемдік ірі істерге қысқаша шолу жасап көрген. Алайда әрбір басылым бірауызды пікірге келді дей алмаймыз. Көпшілігі өздерінің мүдделері мен абыройларын алға шығаруды мақсат еткен сыңайлы. Біз өз тарапымыздан осыларды қорытындылай отырып, өзіміз де біраз сараптама жасауға ұмтылған едік. Сонымен 2024 жылы әлемде айрықша із қалдырған, адамзат тарихына естелік болып енетін оқиғаларды былай тізбектеп шықтық.
Ғалам мен ғылым бәсекесі
1. Қытай ықпалының артуы.
Қытайдың экономикалық қуаты мен ғылым-технология жақтардағы жылдам өсуі АҚШ бастаған алпауыт елдерді кәдімгідей алаңдата бастады. Мұны жоққа шығармайтын АҚШ басылымдары «Әлем China Impact 2.0 нұсқасына дайындалуда» деп жазып жатыр. Қытайдағы өндірістің жылдам артуы, экспорттың ұлғаюы көптеген елдердің ішкі өндірісін тежейтін құбылысқа айналды. Себебі бағасы арзан Қытай тауарлары жер-жаһанды жаулап алды десек те болады. Бұл жағынан ең көп зиянға ұшыраған ел – АҚШ дейді мамандар.
Қытайдың жылдам дамуы Американың арқасында жүзеге асты деп есептейтін сарапшылар, АҚШ-та күнделікті тұтыну бұйымдарының басым бөлігі Қытайдан жеткізіліп отырғандықтан, бұл елде кемінде 1 миллион өндірістік жұмыс орны жабылып қалғандығын айтып отыр. Ал Қытайдың арзан тауарларының ішкі нарықты жаулап бара жатқандығы Еуропа одағы бастаған көптеген беделді ұйымдарды да алаңдатып отырған бітеу жараға айналды.
ЕО Қытай импортының ағынын тоқтату немесе бәсеңдету үшін бірқатар шаралар қабылдады. Бразилия мен Үндістан АҚШ-тың Қытайдан келетін тауарларына қарата жаңа тарифтер енгізу саясатын барынша қолдайтындығын білдіріп жатыр. Ал Қытайға қарата «Сауда соғысын» ашқан адамның Ақ үйге қайта оралып жатқандығын ескерсек, алдағы уақытта біраз өзгерістер туылатындығына күмәніміз жоқ дер едік.
2. Ғарыш саласын игерудегі бәсекелестіктің артуы.
2024 жылы ғарыш саласын игеру жағында бәсекелестік қыза түсті. Бұлардың бастылары қатарында мына жаңалықтарды айта кету керек. 2024 жылы ғарышты игерудің кейбір маңызды сәттері мыналарды қамтиды: Жапония 2024 жылы қаңтарда ай кратеріне SLIM (Lunar Exploration Intelligent Lander) қонды және қазып алған топырақ үлгілері мен өзге де деректерді жерге жіберді.
NASA-ның Perseverance ровері Марстағы микробтық өмірдің дәлелін тапты. Қытайдың ғарышты зерттеу мекемесі дайындаған «Чанъэ-6» атты ғарыш кемесі 2024 жылы 3 мамырдан 25 маусымға дейін 53 күндік ғарыш сапарына барып қайтты. Олар айдың арғы бетінен алынған үлгілерді әлемде алғаш рет жерге алып келді. Сол арқылы дүниежүзінде бірінші рет адамзаттың Жер шарының арғы жағындағы геологияны түсінудегі олқылықты толтырды.
2024 жылы 17 желтоқсанда «Шэньчжоу 19» экипажы қытайлық астронавттардың 9 сағаттық көліктен тыс бір рет әрекет ету рекордын жаңартты. Көптеген елдердің аэроғарыш өнеркәсібі де жаңа қадамдар жасады: американдық «Starship» бірінші рет «таяқша зымыран» қалпына келтіру технологиясын тексерді, ал жапондық H3 зымыраны мен еуропалық Ariane 6 зымыраны алғаш рет сәтті ұшырылды.
Өкінішке орай, ғарышты зерттеу саласындағы бәсекелестік тек коммерциялық және ғылыми мақсаттарға арналмағандығын ерекше айта кеткен жөн. Мұнда геосаяси бәсекелестікке негізделген әскери мақсаттардың да көрініс беріп жатқандығын айта кету керек. 2024 жылы мамырда АҚШ шенеуніктері Ресейді ғарышта спутникке қарсы ядролық қаруды орналастырды деп айыптады. Сонымен бірге Қытайдың ғарыштағы әскери спутниктерінің санын айтарлықтай арттырып жатқандығы да назардан тыс қалған жоқ. Сондықтан АҚШ әлем елдерін ғарышты милитаризациялауға жол бермеуге бағытталған Артемида келісіміне қол қоюға шақырып жатыр. Қазірге дейін бұл келісімге 52 мемлекет қол қойған. Дегенмен бұл тізімде Қытай мен Ресей жоқ...
3. Жасанды интеллектінің (AI) жылдам дамуы.
Жасанды интеллект революциясы ғылыми фантастиканы ғылыми фактіге айналдырған үлкен өзгерістердің басы болғандай.
Қазір Жасанды интеллекттегі соңғы жетістіктер мен олардың практикада қолданылуы адамдарды алаңдата бастады. Өз кезегінде жасанды интеллект генетикалық жағдайларды талдау, денсаулық сақтауды жақсарту, өндіріс тиімділігін арттыру және т.б. үшін пайдаланыла бастады.
Тіпті Нобель сыйлығын тағайындау комитеті физика бағыты бойынша Нобель сыйлығын Джон Хопфилд пен Джеффри Хинтонға «Жасанды нейрондық желілер арқылы машиналық оқытудағы іргелі жаңалықтары мен өнертабыстары үшін» берді. Ал химия бойынша Нобель сыйлығын Хассабис пен Джон Юнгпер қатарлы ғалымдарға «50 жастағы мәселені шешетін жасанды интеллект үлгісі: белоктардың күрделі құрылымын болжау» жасағаны үшін тағайындады.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында Жасанды интеллектті қалай реттеу керектігі туралы пікірталастар артып келеді. Кейбір мемлекеттер бұл саланы реттеуге бағытталған заң жобаларын да қабылдап үлгерді.
Соғыс салған жаралар
4. Суданда азаматтық соғыс.
2023 жылы сәуірде Суданда басталған азаматтық соғыс 2024 жылы да тоқтаған жоқ. Шайқас генерал Абдель Фаттах әл-Бурхан басқаратын Судан Қарулы Күштері (SAF) мен Мохамед Хамдан «Хемедти» Дагало басқаратын Жедел қолдау күштері (RSF) жасақтарының арасында жүріп жатыр. Екеуі 2021 жылдың қазан айында төңкеріс жасап, билікті басып алу үшін бірігіп, ақыры келіспей қалған болатын. Жылдам қолдау күштері жиырма жыл бұрын Дарфурдағы геноцидке жауапты болған, Судан астанасы Хартумды және Дарфурдың көп бөлігін басып алған аты шулы джанджавидтерден шыққан. Қыркүйек айының соңында Судан қарулы күштері Хартумды қайтарып алу үшін жаппай шабуыл жасады. Олар қаланың бір бөлігін қайтарып алды, бірақ Жедел қолдау күштерін толығымен шығара алмады. Соғыс жалғасып жатқандықтан, Судан халқы ауыр зардап шегуде. Қайтыс болғандардың нақты саны белгісіз.
Кейбір мәліметтер бойынша, соғыстан болған ауру мен аштықты қосқанда, қаза болғандар саны 60 000-нан асады дегенді айтады. Елдегі ішкі былықтардың кесірінен 50 миллионға жуық халықтың 11 миллионға жуығы босқынға айналған.
Судандағы тұрақсыздықтарға қарата БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің Судандағы қақтығыстар бойынша жасаған мәлімдемелері мен болымсыз қадамдары жауласқан тараптарды ымыраға келтіре алған жоқ.
5. Орыс-Украин соғысы жалғасып жатыр.
Украинадағы соғыс үшінші жылға аяқ басып барады. Ресей әскерлері шілде айынан бері украин жасақтарын Украинаның шығысындағы майдан шебінен ығыстырып жатыр. Ресейдің «ет тартқыш» стратегиясы арқылы басып алған аумақтарындағы бодауы қымбаттап бара жатыр.
Ақпарат көздері қазірге дейін орыстардан 115 000 әскер өліп, 500 000 адам жараланған деген болжамды айтуда. Кейбір деректер Ресейдің 70000 әскері өлді деп отыр. Ал Украина тарапынан 43 000 сарбаз қаза тауып, 370 000-ы жараланған деген дерек бар.
Англиялық сарапшылардың болжамы бойынша орыс-украин соғысында 2023 жылы Ресейдің 253000 әскері қосыннан шыққан. Яғни өлгендер мен жараланғандар саны осыншалық болған. Ал 2024 жылғы болжам бұл санның күрт өскенін көрсетіп отыр. Яғни Ресей армиясы құрамынан былтыр өлгендер мен жараланғандарды қосқанда 430000 әскер зардап шеккен.
Киев тамыз айында солтүстік шекарасы арқылы шабуыл жасап, Ресейдің Курск облысындағы біраз аумақты басып алған еді.
Бұл әрекет Мәскеуді Украинаның шығысында соғысып жатқан қарулы күштерін басқа жаққа бұруға бағытталған деген болжамдар шыққан болатын. Дегенмен, Ресей басқаша шешім қабылдағандай. Курскідегі майдан шебіне шамамен 13 000 Солтүстік Корея әскерін тартты. Соңғы деректер бойынша Ресей тұлқұжаты беріліп, «Орыс әскері» етіп жасандырылған корейлердің 3000-нан астамы қырылып қалды деген хабарлар таралып жатыр.
Украиналықтар батыстың озық қару-жарақпен қамтамасыз етуде баяу қимылдарына шағымдана бастаған еді. Қараша айында Вашингтон бұрыннан келе жатқан саясатын кері қайтарып, Киевке Ресейге қарсы АҚШ-та жасалған ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануға рұқсат берді. Джо Байдан қызметінен кетер алдында қомақты қаражатпен қолдауға шешім қабылдап үлгерді. Ал Трамптың «Президент болып сайланар болсам, орыс-украин қақтығысын тез арада тоқтатар едім» деген сөзінің аяқ жағы сұйылып кеткендей...
Дағдарыстар мен толқулар
6. Қазіргі саяси партиялардың дағдарысы.
Сарапшылар 2024 жылы көптеген ықпалды елдер мен ұйымдарда саяси партиялардың түрлі кедергілерге төтеп бере алмағандығын әлемдік ірі оқиғалардың қатарына жатқызып, оған біраз мысалдарды көлденең тартқан екен. 2024 жылы әлемдегі 80-ге жуық мемлекетте 4 миллиард халқы бар ұлттық, штаттық немесе жергілікті сайлаулар өтіпті. Мұнда көбінде билік басындағы партиялар мен саяси тұлғалар күтпеген өзгерістерге тап болған. Олардың қатарында мынадай мысалдарды айта кеткен. Үндістанда, Жапонияда, Оңтүстік Африкада және басқа елдерде ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен партиялар билікке бақылауды күшейтуге үміттеніп, сайлауға қатысқанымен жеңіліске ұшырап, орындарынан айырылып, коалициялық үкіметтер құрды; Ұлыбритания мен АҚШ-та сайлаушылар билік басындағы партияларға сенімсіздік танытты.
Франция президенті Эммануэль Макронның оңшыл партиясы Еуропарламент сайлауында жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін мерзімінен бұрын парламенттік сайлауды тағайындау туралы шешімі кері нәтиже берді және ол президенттік лауазымынан айырылуы мүмкін. Германияның басқарушы коалициясы оның құрамдас партиялары қыркүйектегі штат сайлауында нашар нәтиже көрсеткеннен кейін ыдырап кетті.
2024 жылы дүниежүзінде үкіметке қарсы көңіл күй өршіген жыл болды. Экономикалық жағдайларға қанағаттанбау қалыпты жағдайға айналған. Вашингтонда орналасқан Pew зерттеу орталығының (Pew Research Center) 34 елде жүргізген сауалнамасы сайлаушылардың шамамен үштен екісі өз елінің экономикалық жағдайына көңілі толмайтынын көрсеткен.
7. Жаһандық жылыну үдеп барады.
Ғалымдар ондаған жылдар климаттың өзгеруі, ғаламдық жылынудың жылдамдап бара жатқандығын айтып дабыл қағып келе жатыр. Фактілер де олардың ескертулерін растап отыр. Қазір атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі көтерілгендігі белгілі болды. 2024 жыл тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Мұнда алғаш рет жаһандық орташа температура өнеркәсіпке дейінгі уақыттан 1,5°C жоғарылағандығы анықталды.
АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфералық басқармасы 2024 жылдың алғашқы он айында Америка Құрама Штаттарында ауа райына байланысты 24 табиғи апат орын алып, кем дегенде 1 миллиард доллар шығын әкелгенін хабарлады. 2024 жылы Оңтүстік Американың солтүстігінде рекордтық деңгейдегі қуаңшылық болды.
Соның салдарынан әлемдегі ең үлкен өзен жүйесі Амазонканың бір бөлігі кеуіп кеткен. Кейбір мамандар климаттың өзгерісінен келіп шығатын салдарлардың бірте-бірте апатқа айналатындығын айтып жатыр. Солардың қатарында теңіз суының тұщы ауызсу көздеріне енуі уақыт өте келе айқын болады деп отыр. Ғалымдар климаттың өзгеруінің салдарын азайтуға және жасыл экономикаға көшуді жеделдетуге бағытталған бірқатар технологиялар бойынша прогреске қол жеткізді. Дегенмен, олардың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жеткен жоқ.
8. Таяу Шығыстағы толқулар.
2023 жылдың қазан айында Хамастың Израильге шабуылынан туындаған оқиғалар 2024 жылы бүкіл Таяу Шығыста қайталанды. Израиль Газа секторына бағыттаған шабуылдарын үдете түсті. Соның салдарынан қаза тапқандар саны қазір 50000-ға таяған. Газаның солтүстігі ашаршылықтың алдында тұр. Израиль көптеген тактикалық жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде ХАМАС жетекшісі мен оның ұйымдастырушысы Яхья Синварды өлтіру бұл ұйымға бағытталған шабуылдың жетістігі еді. Бірақ ХАМАС-ты біржолата талқандауға қол жеткізе алған жоқ.
2024 жылы сәуірде Израиль Иранның Дамаскідегі консулдығы деп есептеген ғимаратты бомбалады. Бұл Иранның Израильге бұрын-соңды болмаған зымырандары мен дрондармен шабуыл жасауына себеп болды. АҚШ пен Батыстың көмегімен Израиль шабуылдың алдын алды. Израиль Иранның әуе қорғанысына шектеулі әуе шабуылдарымен жауап берді. Шілде айында Израиль ХАМАС-тың жоғары лауазымды жетекшісін Тегеранда Иранның жаңа президентінің инаугурациясына қатысқан кезде өлтірді.
Екі айдан кейін Иран Израильге тағы бір зымырандық шабуыл жасады. Бұл қақтығыстарға талдау жасағанда Ирна жеңілді деуге болады. Қазан айының соңында Израильдің әуе шабуылдары Иранның зымырандық өндірісі базасына соққы беріп, парсылардың әуе қорғанысын істен шығарды. Қыркүйек айының ортасында еврейлер Израильдің солтүстігіне жасалған зымырандық шабуылдарға жауап ретінде жасырын операция жүргізіп, жарылғыш пейджерлерді пайдаланып, Хезболланың ондаған мүшелерін өлтірді. Екі аптадан кейін израильдік әуе шабуылынан Хезболланың ұзақ жылғы жетекшісі Хасан Насралла қаза тапты. Содан кейін Израильдің құрлық күштері Ливанның оңтүстігіне басып кіріп, Хезболла күштеріне шабуылды бастады. Хамас пен Хезболланың әлсіреуі Түркия қолдайтын сириялық күштерге желтоқсанда Башар Асад үкіметін құлатуға мүмкіндік туғызып, Иранды аймақта одан әрі оқшаулады.
9. Автократиялық осьтің көтерілуі.
Геосаяси бәсекелестіктің қайта оралуы Қытай, Ресей, Иран және Солтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанынан айқын көрініс бергендей. 2024 жылы аталған төрт ел арасындағы қарым-қатынастар тереңдей түсті. Иран Ресейге мыңдаған дрондар сатты.
Солтүстік Корея Ресейге миллиондаған артиллериялық снарядтар берді, ал Қытай Ресейдің қорғаныс-өнеркәсіптік базасын қалпына келтіруге көмектесті. 2024 жылы 18 маусымда Путин Пхеньянға ресми сапармен барып қайтты. Бұл сапардың аясында екі ел ортасында 24 жыл ішінде бірінші рет жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Солтүстік Корея қазір Ресейге жәрдемдесу үшін 13000 әскер жіберді деген деректер айтылып жатыр.
Қытай мен Ресей бірлескен әскери жаттығуларын көбейтті, соның ішінде осы жазда бомбалаушы ұшақтар Аляска әуе қорғанысының сәйкестендіру аймағынан ұшып өтті. Ресей бұл үш елге өте сезімтал әскери, ғарыштық және бақылау технологияларын береді. Бұл төрт елдің өзара жақындығы алдағы уақытта қалай дамитындығы уақыттың еншісінде болмақ.
10. Дональд Трамптың сайлауда жеңіске жетуі.
Көптеген сарапшылар АҚШ-тағы президенттік сайлауда Трамптың демократ Камала Харристі жеңуі Америка тарихындағы ең үлкен саяси қайтып оралу болды деп есептеп отыр. Оның қайта оралуы оның республикалық базаға деген ерекше тартымдылығымен, экономикаға және заңсыз иммиграцияға халықтың наразылығымен және Джо Байденнің қоғамдық мақұлдау рейтингтерінің төмендігімен байланысты болды.
Демократтар Харристі президенттікке кандидат ретінде мақұлдады. Алайда бұл сайлау күні жеңіске жете алмады. Оның орнына Трамп жеңіп, «бұрын-соңды болмаған және күшті мандатқа» ие болды. Республикашылдар Конгрессті бақылауды жеңіп алды, бірақ олардың Өкілдер палатасындағы бақылау шегі АҚШ тарихындағы ең аз болды. Трамптың Ақ үйге оралуы АҚШ-тағы президенттік сайлауда сыртқы саясат сирек маңызды болғанымен, олар АҚШ сыртқы саясаты үшін өте маңызды деген сөзді дәлелдейді.
Ендігі мәселе Трамп міндетіне кіріскеннен кейінгі болатын өзгерістерде болмақ.