1929 жылдың күзінде Қызылорда облысының Қазалы қаласында руы Матығұлдың Құрымбайы Бостыбайұлы Өтеген есімді халыққа қайырымды атақты бай 100 үй тігіп, 100 ірі қара сойып, ата-бабасына бағыштап үлкен ас береді. Асқа Ақтөбе мен Қармақшы аралығынан мыңдаған адамдар шақырылып, палуандар күресі, аламан ат бәйгесі, ақын-жыраулар сайысы өтетін болып, халық ақындары Байназар Өтепов, Нұрсұлтан Жұбатов, Жамал Қонақбаев сынды ақындар, Арал-Қазалы өңірінен Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Дәріқұл, Жәмет жыраулар шақырылады. Бұл кезде Нұртуған шайыр үлкен кеселді ауруға тап болып, Мырзас көлінің жағасына шатыр тіктіріп: «Өзіміздің ел қорғаған Сартай, Жанқожа, Ақтан, Жылқаман, Жылқайдар батырларымыз тұрғанда сонау сары ноғайдың батырларын жырға қосып, содан болды ма, жазылмас ауруға тап болғаным» деп мұңға батып жатқан кезі екен. Жаңаберген бастаған жыраулар Қазалыдағы асқа әуелі Мырзастағы қамкөңіл болып жатқан ұстаздары Нұртуғанға барып сәлем беріп, батасын алып аттанбақшы болып Мырзасқа келіп тоғысады.
Олар ізетпен келіп, кезекпен сәлем бергенде төсек тартып жатқан Нұртуғанның бетіне қан жүгіріп, қатты қуанады. Жыраулар Нұртуғанның бір-бір жыр-термесін орындап, көңілін көтеріп, сапар мақсаттарын айтып, ақ батасын сұрайды. Шәкірттерінің ықыласына, адал ниеттеріне қатты риза болып, қуаттанып қалған Нұртуған басын көтеріп, ақтарыла ақ батасын береді. Сөйтіп басындағы жастығының астынан бір парақ қағазды суырып алып: «Жолдарың болсын, қайыперен-қырық шілтен қорғаныштарың болсын. Мынау соңғы жазған жазбаларымның бірі еді. Осы жырымды ертең Қазалыда болатын аста реті келгенде жиналған халық алдында біреуің орындап берсеңдер!» – деп өтініш етеді. Әуелі туған бөлесі Дәріқұл жырау: «Қанеки, мен көрейін!» – деп қағазды қол созып алып оқиды. Сөйтсе, «Құлақ сал әсіретке, уа, Алашым!» деген кер заманның келеңсіз істерін бағамдап, болашағын болжап жазған жыры екен. Оқып болып ләм-мим демей, келесі жырауға ұсынады. Ол кезде «шаш ал десе, бас алатын» «Үштік» деген бәле бар, тырнақ астынан кір іздеген, сөз аңдыған сатқындар бар. Солардан қорқып қалған жыраулар да үндемей қалады. Ал, Нұртуған төсекке қайта шөге бастайды. Сол сәтте Нұртуғанның жиені Жәмет жырау ең жасы, ер көңілді батыл жігіт екен: «Мен айтамын! Нұрекеңнен қалған жан, тәуекел!» – деп еңкейіп келіп қағазды алады. Сонда Нұртуған қайта басын көтеріп: «Жәметжан, сен бұл өлеңді айтқанда, тіміскіленіп жүретін «Үштіктің» адамдары келіп сені ұстап алуы мүмкін. Сонда сен: «Бұл өлең менікі емес, Нұртуған деген баскесер бір түнде он шақты адамымен келіп байлап алып, Мырзас көлінің жағасына апарып, тамағыма қанжарын тақап тұрып: «Мына өлеңді ертең Қазалыда болатын үлкен аста орындайсың. Орындамасаң түбінде қатын, бала-шағаңды осы жерге әкеліп көзіңше бауыздап, артынан өзіңді бауыздаймын!» деді. «Жан үшін қорыққаннан айттым», – деп шырылда! Ал сендер айнала қоршап, оның растығын дәлелдеп жібермей тұрыңдар. Маған келе қойса төрімнен көрім жақын жатқан адаммын ғой», – деп ақ жол тілеп аттандырады.
Жәмет жолда келе жатып бас-аяғы алты шумақ жырды жаттап алып, оны тез орындап шығатын төкпе мақам іздейді. Өзі білетін мақамдардан оған лайық ертерек өткен Бижан жыраудың төкпе мақамы дәл келіп үйлесе кетеді. Кең ауқымда дүрілдеп өткен аста аламан ат бәйгесіне желден жүйрік тұлпарлар қосқан шабандоздар, айтулы түйе палуандар, арқалы ақын, жыраулар қатысып, өнер көрсетеді. Арал өңірінен келген ақын-жыраулар Нұртуғанның, өздерінің жауһар жыр-термелерін, асқақ үнді әсем ән-мақамдарымен жырлап, жиналған халықты дүр сілкіндіріп, шаттыққа бөлейді. Кезек Жәмет жырауға келгенде, батырға да жан керек дегендей, Нұртуғанның «Құлақ сал әсіретке, уа, Алашым!» термесін Бижан жыраудың төкпе мақамымен Тәңірге сиынып, тез-тез төгіп айтып шығады. Айтқандай, бола берген кезде «Үштіктің» тыңшылары келіп ұстайды. Ұстазы Нұртуғанның берген ақыл-кеңесін қолданып және айнала қоршаған атақты ақын-жыраулардың көмегімен олардан зорға құтылып, бәрі де ауылдарына абыроймен оралады. Ал, бұл жырға тыйым салынып, мақам белгісіз болып, осы кезге дейін айтылмай, ешкімнің есінде қалмаған. Тек құйма құлақ ұстазым Үмбетәлі жырау арқылы маған жетіп, менің ұлым музыка зерттеушісі Жандос Мұратұлы Сыдықовтың Арал, Қазалы өңірі жырауларының ән-мақамдарын жинақтап шығарған «Жыр мәйегі – мақам» атты ғылыми кітабы халықтың рухани асыл қазынасына қайта қосылып байытты. Бұл өсиет жыр 1994 жылы менің орындауымда «Қазақстан» телеарнасының «Алтын қорына» қабылданды.
ҚҰЛАҚ САЛ ӘСІРЕТКЕ, УА, АЛАШЫМ!
Нұртуған Кенжеғұлұлының
соңғы өсиет жыры
Құлақ сал әсіретке, уа, Алашым!
Бұл сөзім кең даланы араласын.
Бір тиын ақылсызға жоқ керегі,
Пікірлік қымбатсынбай мұны аласың.
Аюдың ақ дәрісі пұлы қымбат,
Жүректің ішсе жазады дақ жарасын.
Ұлтына дегдар асыл тек тұрмайды,
Теңгерді бір нәсілсіз аттың басын!
Қарқылдап қара қарға жүр шалықтап,
Аққудың есіттірмей ауазасын!
Ақ үйрек, мұзды балақ қайбыртіп жүр,
Меңгеріп көлдің құсын қара лашын.
Құладүн күйге келіп қу ілгесін,
Алтайы тасалап жүр тау жырасын!
Текірек-шоқыраққа көзім түседі,
Байқатпайды көкмойынның шын жорғасы.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Күміс деп ұстағаным құр қорғасын!
Заманың астаң-кестең бұлты айналса,
Басында кетсе қалам неғыласың?
Отырып қали жайда жазсам қағаз,
Не жаман, не жақсыны айырасың!
Нұртуған Кенжеғұлұлы, 1929 жыл
АЗАМАТТАР, АРҒА СЫН!
(Нұртуған ақынның жолымен)
Қулар менен жылпостардың күні
туып жатқасын,
Батыраштар мен Қотыраштар биліктің
ұстап тұтқасын.
Шымшықтар да ән салып жүр өз
дауысына мәз болып,
Бұлбұлдармен қатар тұрып өнердің
дәмін татқасын.
Шалқыған көңіл орталанып бара жатыр,
байқаймын,
Байқаймын да өртеніп өзек, «әттең» деп
басты шайқаймын.
Тас керең, мылқау дүниенің
ортасында жалғыз қалғандай,
Шошып кетіп ашынғаннан шығады
жан айқайым.
Кім ұмытар Нұртуғандай әулие
ақын жорғасын,
Айтып еді-ау «шын күміс деп ұстағаным
құр қорғасын».
Аққулардың есіттірмей әуезін қара қарғалар,
Айтқаның, ата, шыныменен
келді ма деп қорқасың...
Ұлы Абайдың айтқан көріп баяғы
бір жартасын,
Сұмдық сезім миды мүжіп, ойға
түсіп жортасың.
Өмірді түзеу, не бүлдіру адамдардың қолында,
Сондықтан да тыңдаңыздар,
азаматтар, арға сын!
Уа, ағайын! Рухы мықты ел мәңгілік
Рухы әлсіз ел әнгүлік,
Рухы мықты ел болу үшін бірлік керек!
Бірлік бар жерде тірлік бар,
Тірлік бар жерде елдік бар!
Осыны ұққан қазақтың
Қай ісінде кемдік бар?!