Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын екенін айтып, елді мекендерді көркейтуге айрықша назар аударған еді. «Мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз» деген еді Президент. Осы жақсылықтың шарапаты тиер деген үмітпен біз бүгін тағы бір ауылдың түйінді мәселелерін сөз етпекпіз.
Талас ауданындағы Үшарал ауылының тұрғындарымен кездесуге барған облыс әкіміне де, депутаттарға да мұндағы халық мектептің қысқы жылуы мен қос елді мекеннің жайын айтып, мұң шағады. Аталған округке қарасты Арал мен Қайыр елді мекендерінің жолы нашар, ауыз суы жоқ.
– Осы Арал ауылында өсіп, мал бағып, қазір зейнетке шыққан ардагермін. Мына көршілес Қайыр ауылымен бірге екі елді мекеннің небәрі он бір-ақ километр жолы бірнеше жылдан бері жөнделмей, әбден ығырымызды шығарды. Асфальттамаса да шебен тас төсеп берсе ғой, тым болмаса. Ауылдың маңында ақ кесене, көк кесене деген тарихи орындар бар. Біз бала кезімізде баратынбыз, көк кесене қирап қалды, ақ кесенені қайта жаңартыпты. Қазіргі балалар да сол жерлерге экскурсияға шығып, ертедегілерден қалған жәдігерлерді көзбен көріп, тарихты таныса қандай ғанибет. Бірақ, оған апаратын жол да құм. Жолдан бөлек, ауыз суымыз да қиын. Ауылдың кіреберісінде құдықтың суы тұщы, содан тасып әкеліп, ішіп отырмыз. Ауылымызға газ кіргізілген, бірақ мектебімізге әлі тартылмаған, оның зардабын қыста балалар тартып жүр. Қанша дегенмен көмір жаққанның машақаты көп қой. Осы мәселелерді тұрғындармен кездесуге облыс әкімі, аудан әкімі, депутаттар келсе де айтамыз, бірақ әлі шешілмей жатыр. Жиналыстарда билік өкілдерінің «жасаймыз» дегенін айтып келіп, ауылдастарымызға біз өтірікші болдық, – дейді ауыл ақсақалы Айтуған Оспанов.
Замандасының сөзін қостаған аралдық ардагер Шертай Әділбеков те өз пікірін айтты.
– Аралда 30 үй, Қайырда 30 үй бар. Екі ауылда да 9 жылдық мектептері мен медпункттері де жұмыс істейді. Міне, осы 60 үйдің адамдары, мектепке баратын балалар жолдың азабын тартып-ақ келеді. Осыдан 45 жыл бұрын салынған жол әбден тозған, ой- шұқырына көліктер батып кетеді. Осының салдарынан адамдар ауылдан көшіп кетіп жатыр. Біз өзіміз туып-өскен алтын бесігімізді тастап кеткіміз келмейді. Ауыз су үшін құдық қазылған, бірақ әлі іске қосылмаған. Ішетін суымызды есек арбамен тасып әкелеміз.
Бүгінгідей техника қарыштап дамыған заманда біз әлі сол баяғы күйде қырық шұрық жолда тепеңдеп, жауын-шашында лай-батпақ кешіп, ішер суымызды арбамен алыстан тасып жүрміз, – дейді ауыл тұрғыны.
Бұл мәселені депутаттар да жиі қозғап жүр екен.
– Ел арасында жүргендіктен, депутаттық мандаттың артында үлкен міндет тұрғанын жақсы түсінеміз. Депутат деген аты үшін ғана депутат болмау керек, елмен, халықпен бірге жүріп, солардың мұң-мұқтажын біліп, оның шешілуіне ықпал етуге тиіспіз. Облыстың барлық өңірінде өзекті мәселелер жетерлік, соны орны-орнымен көтерген жөн. Бұл біздің жұмыстың, депутаттық мандаттың бір парызы деп есептеймін. Бұған дейін де халық қалаулысы бола жүріп, елмен, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп келдім. Жүрген жерімде көп мәселелерді көтеріп жүремін. Мені азамат ретінде де, депутат ретінде де ауылға қатысты барлық мәселе толғандырады.
Сайлауалды бағдарламамда алдыма ауылдағы өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ететін мақсаттарды қойдым. Ең алдымен, қолға алған мәселемнің бірі – Талас ауданындағы бірқатар ауылдық округтер бойынша әлі күнге жылу жүйесі табиғи газға қосылмаған әлеуметтік нысандардың жайын көтеру болды. Мәселен, елді мекен толықтай табиғи газға қосылғанымен, Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев орта мектебі, ауылдық мәдениет үйі мен спорт кешені, Бозарық негізгі мектебі, Арал ауылындағы Талас негізгі мектебі, ауылдық медициналық пункт, Қайыр ауылындағы Абай негізгі мектебі мен осындағы медициналық пункт, №1 фермадағы бастауыш мектептің жылу жүйелері әлі күнге табиғи газға қосылмай отырғанын айтуға болады. Алдағы уақытта бұл мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешу жайы менің жіті назарымда болмақ. Арал мен Қайыр ауылдарындағы тозған жолы мен ауыз су мәселесін де билікке жеткізіп жүрмін. Осындай өзекті мәселелердің оң шешілуі жолында жұмыс жасай бермекпін, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәнкебаев.
Бұл жайдың мәнін ауыл әкімінен де сұрадық.
– Бұл мәселелерді ауыл тұрғындары көптен айтып жүр. Біз де зерделеп, шешілу жолдарын қарастырудамыз. Екі елді мекеннің 11,5 километр жолын жөндеуге 252 миллионға сметалық құжаттарын жасап, тиісті қаражатты сұрап отырмыз. Қаржысы жартылай биылға және келесі жылға бөлінуі мүмкін. Ауыз су жүргізудің де құжаттарын әзірлеп жатырмыз, қажетті қаражатты республикалық бюджеттен сұралды. Бұйыртса, 2024 жылға болып қалуы керек. Ауыл тұрғындарының көбіне көтеретін тағы бір мәселесі – Үшарал ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектепке газ кіргізу келесі жылдың жоспарына қалып тұр. Қазандығын жөндеу биылға жоспарланған, биыл мектептің жылуы қалпына келтіріледі. Қатты отынмен жылытылатын мектептің биылғы жылу маусымына қазіргі күні 350 тонна көмір түсірілді. Бұл қыста мектеп оқушылары қысылмайды деп ойлаймын, – дейді Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуов.
Үшаралдықтардың үш тілегі – жол жөндеу, ауыз су жеткізу және мектептерге газ кіргізу көп ұзамай жүзеге асып, елді қуантса дейміз. Әйтпегенде, халқы қоныс аударып кетсе, қаңырап қалған жұрттан ауылды таппай қалуымыз әбден мүмкін. Ауыл жоғалса, елде береке де болмас.