«Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы болатыны құлағыма жеткенде, «қатысамын» деп бірден елең ете түскенім жоқ. Өйткені, біріншіден, онсыз да қарбалас іс-тірлігіміз биылғы қоғамдық саяси маңызы зор ірі оқиға, шаралар қосылған соң, бұрынғысынан бетер қыза түсіп, уақыт аса қат категорияға айналды. Екіншіден, «бұндай мәртебелі конкурста биіктен көріне аламын ба, босқа арамтер болмаймын ба?», - деген күмән да тежеді. Сөйтіп жүргенде, басшылық бар, өзге әріптестерім бар, «бағыңды сынап көр, барыңды салсаң, құр қалмассың» деп сенім білдіргені қозғау салды. Сондықтан, мақтан үшін емес, өзімді сынау үшін, әріптестерімнің арасында додаға түсіп ысылу үшін, «мемлекет осындай сайыс ұйымдастырып, мүмкіндік сыйлап жатқанда неге шегіншектеуім керек» деп тәуекел еттім.
Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін тарату, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар ҚР мемлекеттік қызметшілерін анықтау және ынталандыру, жетілдіруді мақсат тұтқан байқау өңірлік және республикалық екі кезеңнен тұрды. Әуелі кейстік тапсырмаға - жазбаша және бейне жауап бердік. Келіп түскен тапсырмаға сәйкес, патриотизм мәселесіне арналуы тиіс эссемді «Патриотизм құндылығын арттыру үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар қабылдау қажет?» деген тақырыпта жаздым. Шартқа сай, бес жүз сөзден аспауы шарт осы эссемнің мән мазмұнынан хабар беру үшін, сол шығармамнан «... патриотизмді арттырудың бірден бір болмаса да, аса пәрменді шарасының бірі, бәлки бірегейі – адамдардың бойында «мен - осы елдің иесімін, мен осы жердің қожасымын!» деген сезім қалыптастыру. Сонда ол елін ешкімге таптатпайды және ешқашан тастап кетпейді. Патриот болу мен өзін қожайын сезіну – синоним ұғымдар. Басқаша айтқанда, өзін ел-жердің қожайыны сезіну – патриотизмнің прагматикалық қыры» деген үзінді келтірсем жеткілікті шығар деп ойлаймын. Мен бұл ой-пікірімді жергілікті жағдайларға қатысты мысал, уәж келтіре отырып жеткізуге тырыстым.
Келесі саты - мемлекеттік қызмет саласында іске асырылатын немесе іске асырылған жобалар/идеялар бойынша презентация ұсыну міндетін - «Ақсуат ауылы тұрғындары үшін 4 G желісін қолжетімді қылу» жобасы арқылы жүзеге асырдым. Бұл презентациям барысында Ақсуат ауылы тұрғындары үшін 4 G желісін қолжетімді қылудың маңызын және осы жобаны салыстырмалы түрде алғанда аз шығынмен жүзеге асыру амал, мүмкіндіктерін баяндадым.
Нәтижесінде, республикалық конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанып, Мемлекеттік қызметкерлер күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Есқалиев Ғали Нәжімеденұлының қолынан Алғыс хат алдым.
Мен бұл табысыма өзіме сенім білдірген, қолдаған азаматтардың арқасында жеттім деп есептеймін. Әсіресе, қолдауы үздіксіз білініп отырған аудан әкімі Тілек Габдушев Александрұлына, Теректі Жаңалығы Басылымы басылымына шын ризашылығымды білдіргім келеді.
Өз басым, осы конкурста жеңімпаз атанбасам да қатысқаныма өкінбес едім. Өйткені, бұл сайыста алдыңғы қатарда көріну үшін, ойланасың, ізденесің, оқисың, тоқисың – осының бәрі адамды бір биікке көтеріп тастайды. Конкурс – өтеді, бітеді, ал жинаған багажың - олжа болып қалады. Сондықтан, «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы - өз қатысушыларын жаңа бір белеске көтеретінімен құнды деп санаймын. Жеке өзіме келсек, жоғарыда аталған олжамен қатар, «байқаулар әділ өтеді екен» деген сенім сыйлағанын, жеткен жетістігім – қанат бітіргенін айтқым келеді.
Сенім білдірген, қолдау көрсеткен барша жанға тағы рақмет айтамын! Еліміз гүлденіп, көркейе берсін!