Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – заман талабы. Бабаларымыздың «Тарта жесең, тай қалар, тартпай жесең, не қалар?» деген тәмсілі даналықтың шыңы екен-ау. Дәл бүгінгі күннің сұранысына жауап берер нақты ұстаным осындай-ақ болар. Қаржылық сауаттылық адамды үнемге, тиянақтылыққа баулиды. Қаржылық сауаттылықтың төмендігінен барын шашып, бағын қашырып жүрген жандар қаншама.
Бүгінгі қоғамда қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не активі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды.
Қаржылық сауатты адам өз бюджетін жоспарлаудан, бар қаржысын көбейту жолдарынан, банк өнімдері мен салық заңнамасынан хабардар болуы керек. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі 2021 жылы 40%-ға жуықтаған. Жалпы сарапшылардың пайымынша, мамандығына қарамастан, қаржылық сауат негіздерін түсіну, өз бюджетін жоспарлай алу материалдық игілікке ұмтылатын әрбір адам үшін маңызды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы бірнеше жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2021 жылы 4-тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек.
Белгілі экономист Мақсат Халық өзінің берген сұхбаттарының бірінде «Жалпы мектептен бастап қаржылық курстары өтуі қажет. Мәселен, бастауыш сыныптарда «Қаржылық әліппе», «Қаржылық сауаттылық», «Экономикаға кіріспе» деген секілді пәндерді қоюға болады. Ал жоғары сыныптарда, яғни 7-8 сыныптан бастап «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәндері тереңдетіліп оқытылуға тиіс. Бұрын «Әмиян» деген бағдарлама жасадық. Түсірілім кезінде 9 жастағы балаларды байқап қалдым да, «қиналып қалады-ау, игере алар ма екен» деп уайымдадым. Бірақ соңында сол балалар өте білімді, басқаларымен салыстырғанда өте пысық болып шықты. Дүкенде сауда жасағанда «маған түбіртекті беріңіз, ол – менің тұтынушылық құқығым» деп айта алатындай дәрежеге жетті. Сондықтан балаларға ерте жастан, бастауыш сыныптан бастап қаржылық сауаттылығын ашатын курстар берілуі керек. Гарвардтың ғалымдары да балаларды 7 жастан бастап қаржылық білімге баулуға болатынын дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек университеттерде де жеке пән ретінде оқытылуы керек. Бұл қарапайым қаржыға байланысты түсініктердің қалыптасуына, қаржы алаяқтарынан қорғануға, оларға қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді» дейді.
Мемлекеттің қаржысын басқару ісінің де түйткілдері көп. Қаржыны басқару стратегиялық және оперативтік басқару болып ажыратылады. Стратегиялық басқаруды дәстүр бойынша мемлекеттік биліктің және басқарудың жоғары органдары – Парламент, Президент аппараты, Үкімет, Қаржы министрлігі, Экономикалық даму және сауда министрлігі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технология министрлігінің Инвестиция жөніндегі комитеті басым инвестициялық жобалар бойынша инвесторлардың ұсыныстарын қарайды, оларды сараптау, тиімділігін анықтау, салықтық және кедендік преференциялардың мөлшерлері, іске асыру ұсыныстары, контракттарды дайындау жөнінде басқа мүдделі ұйымдармен жұмысты үйлестіреді. Сөйтіп, инвестициялық жобалар қаржылық ілеспемен, оларды іске асыру, жүзеге асыруға бақылаумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасында қаржыны басқару негізінен бюджет жүйесін және салық жүйесін ұйымдастыру бағыттарында жүзеге асырылады. Жалпы мемлекеттік қаржыны мемлекеттік уәкілетті органдар – Қаржы министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі басқарды.
Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығының жобасын дайындады.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды. «Жарлық жобасында мемлекеттік қаржының шоғырлануын қамтамасыз етуге, бюджеттің теңгерімі мен тұрақтылығын қалпына келтіруге, бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға, борыштық саясатты күшейтуге, Ұлттық қор активтерін орта есеппен тұрақтандыруға және одан әрі нығайтуға бағытталған шаралар көзделген», – деп түсіндірді министрлік.
Құжат мына бөліктерді қамтиды: ағымдағы жағдайды талдау, бюджеттік саладағы мемлекеттік реттеуді бағалау; мемлекеттік қаржыны басқарудың негізгі мәселелері, жаңа жағдайларда бюджеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асырудың негізгі принциптері мен тәсілдері.
– Сондай-ақ мемлекеттік қаржы менеджментін дамытудың пайымдауы берілген.
Барлық мәселелерді ескере отырып, 2030 жылға дейінгі бюджет саясатының негізгі міндеттерінің бірі бюджеттің кіріс бөлігін күшейту, қарыз саясатын қайта қарау және бюджеттің теңгерімі мен тұрақтылығын қалпына келтіру болып табылады, – делінген құжатта.
Бетті дайындаған – Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК