«Жайырдың жалғызы»–елінің аңызы Ақын Жәркен Бөдештің туғанына - 80 жыл

«Жайырдың жалғызы»–елінің аңызы Ақын Жәркен Бөдештің туғанына - 80 жыл

«Жайырдың жалғызымын» деуді жер бесікке бөленгенше аузынан тастамаған қазақтың аймаңдай ақыны Жәркен Бөдештің 80 жылдығы Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан аталып өтпекші. Кезіндегі арғы беттің қанды қақпанынан қашқан бұланайдай қазақ елінен тиянақ тапқан жалын жүрегі жырға толған ол тауқымет тартқан тағдырлы ақын. Лағыл жырларымен жұртын таңдай қақтырып өтті. Алайда түрлі себептермен мемлекеттік сыйлық бұйырмаған маңдайының тәлейсіз болғанына өкінсе де, халқының әспеттеуіне марқайды, медет тұтты, өміршең жырларына сенді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» ордені бұйырды, оған да шүкір, місе тұтты. Туған жер десе ішкен асын жерге қоятын, ұйқы мен күлкіден қалатын жанкещі де бейуаз, адал да аңғал, қажырлы да қарапайым жан еді. Өйткені оның туған жері қазақтың атақонысы, бөлінбес бөлшегі болатын. Ар өзегінен ақтарыла көл-көсір төгіле, қабырғасы сөгіле, көкірегін қарс айырған өксігін тия алмай егіле жырлайтын. «Туған жерім» деп еңіреп, жанар таудай жарылып, шырт ұйқысынан оянатын. Сосын, дамылсыз қызылкүрең жалын бүркіп, лаулап өртенетін. Қашан сөнерін де білмейтін... Иә, оның өлеңдегі рухы да мәңгі лаулай бермесе, ешқашан сөнбек емес!

Марқұммен етене жақын араласқан адаммын. Бір жағы рулас рухани інісі болғандығым себепті салт бойынша сүйегін арулап жууға түстім. Өзінен бұрын ол дүниеге ерте аттанған кенже ұлы Айдар мен өзінің артынан кеткен үлкен ұлы Айбынның да сүйегіне түскен болатынмын. Ақын ағамызды соңғы сапарына шығарарда, жиналған қаралы қауымға жанарына жас ірке тұрып жоқтау өлеңін оқыған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ақын Бауыржан Жақып тебірене сөйледі. Ол: «...Қазірге дейін талай ақындарымыз өмірден озды. Алайда әлеуметтік желіде Ж. Бөдешті жоқтап жарыса өлең арнаған қалың ақынды көрмеген екенбіз. Әлемдегі барша қазақ ақындары түп қопарылып жоқтап жатқан сияқты!» – деп таңданды. 

Сол кездегі «Жұлдыз» журналының бас редакторы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай терең толқыныспен: «Ғаламат ақынымыздан айырылдық. Қабырғамыз сөгілуде. Ол кешегі қайталанбас жырауларымыздың бүгінгі жалғасы еді!» – деді. Расында, оның саф алтындай сарынды жырларынан мәйектенген, әсіресе туған жерін сағына, зарыға толғаған жырларының орны бөлек. Өзге ақындардан кездеспейтін риясыз жүрек лүпілін өз жан-дүниесінен төгілдіріп жазғанын ел сезінді. Халық өз ақынын аңызға айналдырды десек артық болмас! Туған жер туралы өлеңдерінің кейбіреуіне үңілейік:

«Туған жерден кеткелі,

Сағынышым көп тегі.

Айға қарап ұлыған,

Мен бір жалғыз көк бөрі.

Айға қарап ұлысам – 

Ай сарғайып батады.

Күнге қарап ұлысам – 

Күн сарғайып батады.

Таңға қарап ұлысам – 

Таң сарғайып атады.

Тауға қарап ұлысам – 

Тас сарғайып қалады.

Суға қарап ұлысам – 

Су сарғайып ағады.

Сарғайтпайтын заман жоқ,

Адал аз да, арам көп.

Ұрлығы көп заманда 

Ұлымасқа амал жоқ» («Санадағы сарын» атты таңдамалы екі томдығының 1-кітабынан).

Ақын – көк бөрі. Ұлыған сайын шерменде көңіліндей құбылған табиғат сары түске айналған. Сағыныштан сарғая ұлу еді. Ол аздай, адалы аз, арамы көп сарғайтқан заманы да онан бетер ұлыта түскендей. Сарғайтқан  сағыныш пен заман шендесіп кеткендей. Сағынышындағы кеңістік пен уақыт өбіскендей образдалған. Арнасына сыймаған бұла тасқын деген осы болар.

Шексіз сағыныш дертінен мазасызданып, «жауыр» болған ақынның «Жайыр тауын» жауындай көріп жабығатын тұстарына да куә боламыз. Бұл шынтуайтында тіл жетпейтін, қайталана да бермейтін шексіз жақсы көрудің жаулығы еді. 

Мысалы:

«Жайырды бек-бек сағындым,

Көкірегім толған сағым, мұң.

Тірі жетім етерлік,

Тәңірім, саған неғылдым?!

Ілестім неге шайтанға,

Ашынғасын айтам да:

Жайырдан басқа анам жоқ.

Жайырдан басқа панам жоқ.

Дертінен кеттім жауыр боп,

Жайырдан басқа жауым жоқ» («Санадағы сарын» атты таңдамалы екі томдығының 1-кітабынан).

Жайырдың тумасы, даңсалы да дауылпаз күйші, әйгілі сазгер, ақын, журналист Ғизат Сеитқазин марқұм, 1990 жылы жерлесі Ж. Бөдеш туған жеріне барғанда жылап қауышқан екен. «Сағыныш» қатарлы бірнеше өлеңіне өлмес әндер жазып, халық жүрегіне бірден ұялатқан-ды. Бұл әндердің халық әніне айналып, кең таралғаны соншалық, сахна төрінен, отырыс ортасынан түспей айтылып келеді. Әсіресе, 60-жылдары арғы беттен Қазақстанға үдере көшкен, туған жерін зарыға аңсап жүрген қарттарымыз тыңдағанда, көңілдері босап, жанарларына сағыныш жастарын алатынын үнемі көреміз. Жүрек тербейтін қоңыр әуен шығандаса, өміршең өлең шумақтары әлемнің қырықтай еліне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың санасында сары майдай сақталып, жатталып  қалған. Сол «Сағыныштың» текстіне көз жүгіртейікші:

Ұқсайсың меніменен бір туғанға,

Ұқсайды мінез-құлқың, түр-тұлғаң да.

Анамның саусағының табы түскен,

Ағатай, жанқалтаңда құртың бар ма?!

 

Сағынған сағынышым бар басымда, 

Ауылдан артық жаннат бар ма сірә?!

Өреден ірімшігін ап қашатын,

Сағындым кезқұйрығын, қарғасын да.

 

Сағындым сахараның жел өпкенін,

Сағындым сахараның қыз көктемін.

Сағындым салқын күзде қоңыраулатып, 

Қайтатын аққу, қаздың тізбектерін.

 

Аман ба, ауыл-аймақ жұртымменен?

Аман ба, мен білетін бір түп емен?

Боздаған боз даланың буыршыны ем,

Жанымды ащылатшы құртыңменен!  

Ж. Бөдештің туған жерге арнаған өлеңдері бір сарында емес, сан қырынан өріліп, алуан ойларға жетелейді. Тың тіркестер салтанат құрып, тентек теңеулермен образдалады. Саралы тіл мәнерімен құнарланады. Қазақы өмірдің қанық бояуы, бай дәстүрі, салт-санасы, қоңыр мінезі қолмен қойғандай табиғи таңбаланады. Ақын сағынышын ширыға паш етіп, «ауылым әудем-ақ жерде ғой, шіркін-ау, жеткізбегені-ай!» дегендей налыған сыңайын жеткізе танытса, шекарасыз ауған бұлтпен, соққан желмен де жетіп барардай құлшынатынын қайтерсіз?! Сөйтеді де тағдырға жалынышты үмітін артады. Өлеңінің құдіреті де осы шынайылықта, табиғилықта, нағыз сүйіспеншілікте, өмешегі үзілердей шырқау ынтызарлықта жатса керек! Оның «Әудем жер» деген өлеңі Ғ. Сейтқазиннің  күйші, сазгер ұлы – Думан Ғизаттың бірегей әнімен әлемді шарлағалы қашан! Енді осы өлеңге зер салалық:

Көкжиегі тұтасқан тау мен көлге,

Менің туған ауылым әудем жерде.   

Әудем жерге жетесің «әу!» дегенше,

Астыңдағы тұлпарың зау желгенде.

 

Көктем келсе жанардың жауын алып,

Сай-саланы шалғынның қауы жауып,

Алатаудан булығып ауған бұлттар, 

Әудем жерге жауады ауық-ауық.

 

Көңіл шіркін қайтеді, босамаса?                                                            

Босағанда көз жасы жоса-жоса.

Жетісуға жеткенде боталайды, 

Әудем жерден боз інген бошаласа.

 

Адам ұшып жатқанда ғарышқа тік,

Алыс емес әудем жер, таныс бақыт.

Барып-келіп жүрейік сағынғанда,

Жібермеші, тағдырым, алыстатып! 

Кіндігі туған жерге байланып, мүлде үзілместей шиыршық аттырған сағынышы ақынның бақыты мен қасіретіне айналғанын байқаймыз. Бақыты – өлмес өлең тудырғаны, қасіреті – cарқылмас сағынышы. Тоқсан толғанған сайын арналы да салалы саңлақ жырлары бөлекше іңкәрлік, қайталанбас образды ой, тапқыр да ұшқыр сезімді пікір арқалап бара жатады. Туған жерге туын тіккен азаматтық арын жете аңғартатын, ешбір ақыннан бұрын байқалмаған ғаламат тапқырлығы қайран қалдыратын оның «Туған жер» өлеңін бүгінгі таңда жаттамағандар аз сияқты. Әсіресе, жат ел, жат жерлерге қоныс аударған елдің жастары жарыса айтады. Ақынның бұл өлеңі сағыныш өзегін өртеген зарығының, тот баспастай ақыл-парасатының қымбат жауhары, өзіне ғана тән қолтаңбасы, өзгермес аксиомасы іспеттес. Шабытына мінгендегі ой мен тілінің шарықтауы лирикалық кейіпкер «менді» аязымен жуындырса, «туған жердің бал қызы» бұрымымен буындырса, жыланы «шырылдатып» шақса, доңызы «қан-жоса қып» жарып кетсе, қасқыры сүйегін кемірсе, шіркін, армансыз болар едім деген махаббатын жайып салады. Туған жер үшін жанын пида етуге сақадай сай тұрады. «Меннің» туған жер сынды жадылап алар сиқыр да тылсымды жан-тәнімен сүюінің мұнан өзге жетер шегі сірә жоқ сияқты ма, қалай өзі?!  Қанеки, көз жүгірте зер салалық:   

Туған жердің қар-мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердің бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

 

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені.

Туған жердің жыланы, 

Шырылдатып шақ мені.

 

Туған жердің шеңгелі,

Тырна аямай бетімді.

Туған жердің желдері,

Аузыма құй өтімді.

 

Туған жердің доңызы,

Қан-жоса қып жарып кет.

Туған жердің қоңызы,

Домалатып алып кет.

 

Туған жердің қасқыры,

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас, құмы,

Сені осылай сүйемін! (Қазақстан ақындарының таңдамалы өлеңдері – «Сүмбіле», «Іле халық баспасы», 1994 – Күйтің).

Міне, көріп отырсыздар, мұндай теңеуі тосын, ойы терең, формасы өзгеше өлеңдерді Жәркен Бөдештен көптеп табуға болады. Ол оқырмандарымен, артынан ерген іні-бауырларымен барынша жақын болды. Адалдық пен аңқаулық, шынайылық пен тазалық оның бірден-бір басты қасиеті. Өзінің табиғатына тартқан жырлары да көптің көңіліне жетіп, жүректеріне қонып жататын. Сондықтан болар, Жәркен Бөдеш: «Мен ақын емеспін, менің тағдырым ақын» деген сөзді үнемі айтып жүретін.  Ол ғасырлардың тасасына өтіп бара жатқан жыраулардың бүгінге үзілмей жеткен заңды жалғасы еді. Тамыры тереңге тартып, халықпен біте қайнасқан тағдырлы ақын өнер әлемінен ойып тұрып орын алды. Ол ұрпақтар іздеп жүріп оқитын ақын екені даусыз. 

Болат Құрманғажыұлы ӘКЕЖАН, ақын, жазушы, сыншы, ҚЖО-ның мүшесі
25.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372