Сонау Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көктал ауылынан жаңа жыл алдында редакциямызға хат келді. Ауыл адамының зары десе де болады. «Менің сіздерге хат жазуымның себ е б і Байзақ аудан - дық сотының шешімі бойынша мемлекет пайдасына 1 821 389 теңге залал келтіріппін. Мен сот шешімімен келіспеймін, себебі көрсетілген соманы төлеуге шамам келмейді. Себебі жұмыссызбын. Асырауымда екі балам бар. Әйеліммен ажырасып кеткенмін. Әкем мен анам зейнеткерлер. Жеке меншігімде тұрып жатқан үйімнен басқа мүлкім жоқ. Жеке сот орындаушысы маған сот шешімін орындамаған жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымды ескертті.» Бұл Божбанов Қуаныш Темірланұлының түсініктемесі. Енді газетіміздің атына жазған Қуаныштың анасының зарын оқиық.
«Сәлеметсіздер ме, құрметті «Qazaqstan dauiri» газеті! Сіздерге үлкен өтінішпен осы газеттің оқырманы, ардақты ана Сәтжаманова Айман, хат жазып отырмын. Күйеуім Божбанов Темірлан екеуміз 8 ұл-қызды үйлендіріп, екінші балам Қуаныш, немерелерімізбен Байзақ ауданы Көктал ауылынан жер алып (2012ж) 10 жыл бойы арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып, кредит-қарызданып биыл кіргендей болып отырмыз. Осылай енді-енді есімізді жинай бастаған кезде ұлымыз тағдыр тәлкегіне ұшырады. Осымен 10 ай болды, Тараз қаласында Доғдырбек деген кісінің үйінен Көлбаева Нұржамал деген бас маманға осыншама балық керек деген соң, қарызданып 244 мың теңгеге 300 келі балық сатып алып, апармақшы болғанда алдын ала уәделескен адамдар табанда астында ұстап алып, «ары кетсе 5-10 мың теңге айыппұл төлейсің» деп ақ қағазға қол қойдырып алған. Айналайындар-ау, 10 ай болды бізді титықтатып бітті. Денсаулығымыз да жоқ, жүрек ауырады. Арнаулы ауруханада тіркеуде тұрамыз. Сәлеммен, аналарың Сәтжанова Айман»
Содан соң сот орындаушысының ресми ескертпесі жіберіліпті. Ендігі кезекте Қуаныштың оқиғаның қалай болғандығы жөніндегі сөзін (ватцап арқылы алдық) назарларыңызға ұсынамыз. «Мен 303 келі балық сатып алдым. 700-750 теңгеден. Ауылға, қала төңірегіне үстіне 50-100 теңге қосып сатып, бала-шағамды асырап жүргенмін. Сөйтіп жүргенде испенцияда істеп жүрген Нұржамал деген әйел «Құдалық болады, 2 қап балық аламын» деп сауда орталығына шақырды. Балықты таразыға тартып жатқанда оның қасындағы 4 жігіт құжаттарын көрсетіп, мені ұстады. 1 млн 800 теңге айыппұл салды. 303 келі балықты өздері алып қойды. 21 мың теңге соттың айыбын төледім. Ұстаған кезде 21 мың теңге айыппұл т ө л е й с і ң деді. Маған алдап ақ қағазға қол қойғызып алды. Мен 1 млн 800 теңге ақша төлейтінімді білмедім. Жаңағы балық алған кісі де «балық сатып алуға болады» деген құжат бермеді. Ол кезде мен құтылар едім. Жұрттың бәрі де сатып алып жүр ғой». Аңқау қазақты осылай алдап соққан. Осындай жасауға қалайша дәті барған? Біз заңды білмейміз. Қорыққаннан ақ қағазға қол қоя салған. Алдын ала ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Күнкөрістің қамымен байғұс жігіт арандап қалған. Бұл алаяқтық па, әлде заң жүзінде осылай ма? Қалай болғанда да жығылған үстіне жұдырық жасаған. Қазақ бір-бірін аямайды. Тек қалай жеуді, қалай бір-бірін бопсалауды алаяқтар шебер меңгерген. Енді ғана 10 жыл бойына салған үйіне кірген кезде кедей сорлыға мынадай пәле жабысып отыр. Ертең қатал сот пен сот орындаушы шиеттей бала-шаға паналап отырған ыңыршағы шыққан кедейдің үйін тартып алудан тайынбауы мүмкін. Бар болғаны 303 келі балыққа бола осыншама мол соманы айыппұл ретінде төлетпекке үкім шығарған сот неге қаталдыққа барған? Ауру, зейнеткер ата-ана, қос жетімді неге аямаған? Қыстың көзі қырауда сол шиеттей бала-шағаны үйлерінен дірдектетіп қуып шықса, таңданбай-ақ қойыңыз.
Біз осындай қаталдыққа, қатігездікке барғандардың дәлелді сөздерін естігіміз келеді. Жариялаймыз. Бірақ шындықтың, ақиқаттың жеңуіне қалай болғанда да қолымыздан келгенше күресеміз. Бұл оқиғаны білсе, «Аманат» партиясы және аудан әкімшілігі неге араласпайды? Осы істің оңынан шешілуіне, бастары шырғалаңға ұшырап қиналып отырған қарапайым жандарға осындай құзырлы орындар көмек қолдарын созады деп сенеміз. Бұл отбасының арғы тағдырлары жайлы газетімізде үнемі жазып, хабардар етіп отырамыз.
Бет қатталып жатқанда:
Мақаланы бетке дайындап жатқанда осы оқиғаға жанашыр болып жүрген ауылдағы штаттан тыс тілшіміз Әбітбек Жаңбыршиев бауырымыз қоңырау шалды. Сот болыпты. Әбекеңнің араласуымен айына азын-аулақ ақша аударып отыратын жағдайға жеткізген. Алданғандар редакциямызға алғысын айтып жатыр екен.