Жақында ОКҚ-де Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы туралы баспасөз конференциясы болып өткен еді. Әкімнің сөзіне сенсек, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, алға қойылған мақсаттарды орындау жолында жамбылдықтардың қол жеткізген табыстары да жаман емес екен. Төменде баяндамада айтылған кейбір нақты мәліметтерді оқырман назарына ұсына кетуді жөн көрдік.
– 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп (0,8%), құрылыс (22,6%), тұрғын үй (3,5%), сауда (2,5%), көлік (13,6%) және байланыс (8,8%) салаларында оң динамика қалыптасты. 727,8 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, – деп бастаған Ербол Шырақбайұлы Әулиеата өңірінде өңдеу өнеркәсібінде қосылған құны жоғары тауарларды дамыту және қолда бар шикізатты пайдалану басты басымдық болып қала беретіндігін айтты. Осы тұста өңір басшысы «Экономикадағы өңдеуші сектордың үлесі 65,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің екі негізгі өсу нүктесі – химия және құрылыс индустриясы», – дей келіп, сөзіне дәлел ретінде облыс көлеміндегі химия өнеркәсібі кәсіпорындарда өндірілген 212 млрд теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз еткендігін, соның есебінен мемлекет бойынша химия өндірісінің 24 пайызы Жамбыл облысына тиесілі болып отырғандығына айрықша тоқталып өтті. Қазір республика бойынша облыс кәсіпорындары 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар өндіреді екен.
Бізге бұрыннан таныс бірнеше өндіріс ошақтары өз шаруаларын онан ары дамыта түсіпті. Соның ішінде «Жамбылдың гипсокартоны» деген есіммен елге кеңінен таныс болған құрылыс материалын айрықша айта кету керек. Өйткені Қазақстандағы гипстің 87 пайызы, портландцементтің 13 пайызы Әулиеата аймағындағы өндіріс ошақтарынан шығарылады. Бұл жердегі табиғи мүмкіндік Қазақстандағы гипстің барланған қоры (50 млн тонна) бойынша ең бай кен орны – «Үлкен-Бұрылтау» Жамбыл облысында орналасқандығы болып отыр. Дегенмен қолда барды кәдеге жарата білудің өзі еңбек, үлкен тәуекелмен келетіндігін де ұмытпаған жөн.
Құрылыс материалдарын өндіру жағында цементтің үлесі де жоғарылаған. Ал ендігі жылдан бастап «Alit Holding» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын (қуаты – 150 мың тонна), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС гипсокартон шығаратын (қуаты – жылына 22 млн шаршы метр) зауыт құрылысын бастайтындығын айтты Ербол Шырақбайұлы.
Мемлекет басшысының баса дәріптеп отырған тағы бір саласы инвестиция тарту екені белгілі. Бұл жағында Жамбыл облысы аумағында көптеген жағымды жаңалықтар бар көрінеді. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, келешекте инвесторлардың қатысуымен бұдан да үлкен жобалар басталмақшы екен. Ал қазірдің өзінде «бір терезе» қағидаты жолға қойыла бастаған.
– Жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестициялық қоржында 6,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 3,3 трлн теңгенің 80 жобасы бар, оның он тоғызы (2,8 трлн теңге) шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Атап айтқанда, ірі серіктестердің қатарында Qazaq Soda (кальцилендірілген сода), EuroChem (минералды тыңайтқыштар), Knauf (гипсокартон), Shagala mining (мыс өндірісі) бар.
10 айдың қорытындысы бойынша 149,7 млрд теңгеге 21 кәсіпорын іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді, – деді Ербол Шырақбайұлы.
Жалпы Жамбыл облысы аумағында экономиканың әр саласында жақсы өсім байқалып отыр. Бұдан бөлек ауылшаруашылығы саласында, өнім өндіруде де жақсы нәтижелерге жеткен. Ал әлеуметтік сала, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бірқатар бастамалар жүзеге асып, ауылдастардың кәсіп жасауына қолайлы жағдай туғызылып жатқан көрінеді.
Әкімнің баяндамасынан кейін кезек журналистердің қатысуымен сұрақ-жауап бөліміне көшті. Біз өз тарапымыздан Жамбыл өңірінде мәдениет пен өнер саласы өкілдеріне, соның ішінде қалам ұстаған қауымға қарата әкімдік тарапынан қандай жағдайлар жасалып жатқандығын сұрадық.
– Біз өңіріміздегі мәдениет пен өнер саласындағы адамдарға, ақын-жазушыларымызға, жастарға қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Мысалы жақында Мұхтар Шахановтың тұрған үйінің қасында жақсы бір шара өткіздік. Желтоқсан айында ұлы қаламгерлеріміздің атында түрлі конкурстар ұйымдастырып, премиялар беруді көздеп отырмыз. Жалпы өңіріміздегі жас қаламгерлерімізді де қолдап-қуаттауды тоқтатпаймыз, – деді облыс әкімі.
Әлеуметтік салаға, оның ішінде ұлтымыздың болмысына тікелей қатысы бар тағы бір сұрақ той-думанның төңірегінде өрбіді. Жақында ғана облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық Ардагерлер кеңесі аймақ көлемінде ас пен тойды ретке келтіру, ысырапшылдықтың алдын алу, тойдағы салт-санамыз бен болмысымызға мүлде қайшы келетін дарақылықтарды болдырмау туралы жиналыс өткізіп, жақсы бастама көтерген еді. «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газетінің «Ауыл аманаты – ел аманаты» бірлескен экспедициясын бастап, Әулиеата өңірінде сапарда жүрген «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы да бұл жиналысқа қатысып, келесі ойларын ортаға салған болатын. Кезекті конференцияда облыс әкімі бұл туралы қолға алып жатқан жұмыстарға да тоқтала кетті.
– Жақында өңірге белгілі асабалар мен қоғам белсенділерін жинап, біраз мәселелерді талқыладық. Есептеп көрсек, апта соңындағы демалыс күндері 30000-ға жуық адам той тойлайды екен. Негізі тойдағы ысырапшылдықты азайтып, оған жұмсаған ақшаларды жас жұбайлардың қажетіне жаратса тіпті жақсы болар еді, – деді Ербол Шырақбайұлы. Жақсы бастамаларыңыз күллі қазақ жеріне жайылып, өнегесі елдің есінде қалсын деп тіледік біз.
Жиналыс барысында әкімнің келтірген сандық мәліметтерімен мемлекеттік статистикалық мекемелердің таратқан деректері арасындағы айырмашылықтардың үлкен екендігін алға тартып әкімнің кейбір сөздеріне күдік келтірген әріптестеріміз де болды. Дегенмен қысқа уақыт ішінде әрбір түйінге арнайы тоқталудың мүмкін еместігін айтқан Ербол Қарашөкеев барлық сұраққа жауап беруге, керек болса істеліп жатқан жұмыстардың басына апарып көрсете алатындығын сеніммен айтты.