Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында өткен Astana Media Week 2022 «Жаңа дәуір – жаңа медиа» тақырыбындағы медиа апталыққа 150-ге жуық отандық және халықаралық сарапшылар қатысып, 30-ға жуық пікірталас алаңына жиналды. Әртүрлі пікірталас алаңындағы пленарлық сессияларда БАҚ-тың еркіндігі, медиасауаттылық, журналист мәртебесі, ақпаратқа қол жеткізу еркіндігі, PR мамандардың қоғаммен белсенді байланыс орнатуы секілді тақырыптар талқыланды.
Жалпы алғанда, «Жаңа дәуір» дегеннің не екені белгілі, ал «Жаңа медиа» деген не? Ол қалай қалыптаспақ?» деген сауалдарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы Айбек Теміров:
– Еліміздің тұрғындары мен негізгі аудитория ватсап, тикток желілеріне бейімделіп келеді. Енді оларды қалай бағыттаймыз, қалай пайдаланамыз? Оларға қандай контент ұсына аламыз? Өйткені Мета әлем ол жаңа бір құбылыс, жаңа бір әлем болып саналады, – деді. Яғни мета әлем дегеніміз – виртуалды шындық кеңістігі бізді цифрлық әлемге жетелейтін өз ішінде жекелеген заңдар мен экономика жасайтын біртұтас мемлекет. Демек қолында смартфоны бар кез келген интернет тұтынушы мета әлем тұрғынына айналады деген сөз. Cтатистикаға сәйкес елімізде интернет тұтынушылардың 63 пайызы әлеуметтік желіні ақпарат алу үшін пайдаланады. Әсіресе 16 мен 64 жас аралығындағылар қазірдің өзінде цифрлық технологияға тәуелді. Яғни қазірдің өзінде 63 пайыз тұрғын мета әлемнің табалдырығында десек, қателеспейміз.
Үш күнге созылған медиа апталықтың екінші күні «Жаңа дәуірдегі кәсібилік» форумына арналды. «Бас редакторлар форумының» ашылуында «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 15 жыл толғанын атап өтті. М. Тоқтағазиннің айтуынша, еліміздің 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары мен жетекшілерінің басын қосқан ерікті қоғамдық бірлестік 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосфераны нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті қалыптастыру, қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты дамыту. Сонымен қатар қазір тиісті министрлік әзірлеп жатқан БАҚ туралы заңға сала мамандары мен медиасарапшылары тарапынан ұсынылатын талап-тілектерді талқылап, еліміздегі БАҚ-тың және журналист мәртебесі туралы заңның қабылдануына тиісті деңгейде әсер етуді мақсат етіп отыр.
Astana Media Week 2022 медиа апталығы аясында «Бас редакторлар клубы» берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, жиында дәстүрлі және жаңа медианың серіктестігі мен бәсекелестігін дамыту, өңірлік БАҚ-тарды қалай сақтап қалу мәселелерінен бастап, кадр тапшылығы, классикалық журналистиканың бүгінгі ахуалы, журналистердің айлық жалақы мәселесі, жалпы медиасауаттылық және баспасөзге жазылу, газет-журналды тарату, цифрлық журналистиканың даму мүмкіндіктері секілді саладағы қордаланған түйткілді мәселелерді талқылады.
Форумда баяндама жасаған «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр медиа саланың, соның ішінде баспасөз саласының авторлық қаламақысын қайтару және журналист статусын бекіту секілді өзекті мәселелерге тоқталды.
– «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген шындық. Сондықтан дәстүрлі басылымдардың бәрін цифрлық жүйеге көшірейік деген қиындау мәселе. Жақсы сайттар жасалып жатыр, бірақ тиражы көп газеттердің өзінің сайты ашылмайды. Тағы бір ең өзекті түйін – жалақы мәселесі. Айлық төмен болғаннан кейін кадр мәселесі де күрделеніп келеді. Жас журналистер жоқ. Журналиске құрмет болмаса, мамандыққа сұраныс та болмайды. Қоғамның санитарлары – журналистер. Қоғамды дамытамын десек, журналистика институтына көңіл бөлу керек. Бас инженері мен бас редакторы оңбай, қоғам алға баспайды. Медиа сауат мектептен басталуы керек дейді. Егер оқушы газет-журнал оқымаса, медиасауат қалай қалыптасады? Қазір газет-журналды насихаттауға болмайды. Сонда қалай қоғам сауатты болмақ? – деді Еркін Қыдыр.
Бүгінгі күні журналистика саласын тығырыққа тіреп отырған негізі мәселе дәстүрлі БАҚ пен интернет ресурстар арасындағы тайталас, мета әлемдегі медианың дамуына сәйкес қазақша контентті қалыптастыру мәселелерінен туындап отыр. Қазір дәстүрлі классикалық журналистиканы сақтап қалудың маңыздылығы да артып келеді. Себебі ақпараттық технология қарыштап дамыған ХХІ ғасырда адамзат баласы қағаз басылымдарға қарағанда интернет желілерінің тұтынушысына айналып үлгерді.
«Медиа дамыту қоры» КҚ бас директоры, журналист Жайнагүл Төлеміс:
– Цифрлық журналистика жөнінде бұдан 40 жыл бұрын айтыла бастаған болатын. Жаһан бойынша 5-6 жыл бұрын дәстүрлі БАҚ саласындағы мамандар, журналистер жаппай коммуникация, пиар саласына кете бастаған болатын. Сондықтан бұл қазақ қоғамындағы ғана емес, жаһандық проблема. Ал қазақ баспасөзін сақтап қаламыз десек, салалық газеттерді, аймақтардағы БАҚ-ты ұстап қалу керек. Меніңше, ел болып, ұлт болып қалу үшін жергілікті жерлердегі салалық басылымдарды сақтап қалудың маңызы зор, – деген ойын ортаға салды.
«Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы:
– Газет кімге арналады және газеттің миссиясы қандай? Жас буын қазір газет оқитын адам бар ма деп сұрайды. Неге бұлай болып жатыр? Жалпы бізде үгіт-насихат солай жүргізіліп жатыр ма? Әлемге қарайтын болсақ, немістер 60 пайыз дәстүрлі газет оқиды. Ал ағылшындар ағылшын банк, ағылшын парламенті тұрған кезде ағылшын газеті тұрады деп отыр. Бұл деген не? Жалпы газеттің негізгі миссиясы – ағартушылық. Қоғам дамыған сайын адамның санасында, адамның қабылдауында проблема бола береді. Біз неге «Өзіміз отырған бұтақты өзіміз кесеміз»? Газет-журналға жазылмай, газет-журнал оқымай, қалай сауатты боламыз? –деді.
Сонымен қатар Қазақстандағы 25 университетте журналист мамандығын 4 мыңға жуық студент оқып жатыр. Бірақ маман жоқ дейді форумға қатысушылар. Өйткені қазір журналистердің айлығы өте төмен.
– Газет оқылмайды емес, оқылады. Алайда мектептерге барып, газет-журналға жазыл деп айта алмайсың. Егер мектепке баспасөзге жазыл деп барсаң, қолыңды қайырып алып кетеді. Тағы бір мәселе – өңірлерде маман жоқтығы. Себебі журналистің айлығы 100 мыңға жетпейді. Журналист не мемлекет, не бюджет қызметкерлеріне жатпайды, ешкім емес. Не үйдің кезегіне тұра алмайды, – деді «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан.
Иә, журналистердің айлығын көтеру мәселесі айтылғанымен, қалай көтеру туралы механизмдерін ұсынбаса, «жабулы қазан жабулы күйінде» қала бермей ме? Айлық мәселесін заңмен бекітпесе, әупірімдеп газет шығарып отырған әсіресе жекеменшік редакциялар қызметкерлеріне қалай жоғары айлық төлейді? Осы орайда Абай Балажан:
– «Журналистердің мәртебесін БАҚ туралы заңға кіргіземіз деп жатыр. Ондай емес. Өз алдына журналист мәртебесі деген заңға қол жеткізуіміз керек. Журналиске заң шеңберінде арнайы айлық тағайындалып, ол жергілікті әкімдікке міндеттелуі керек. Әйтпесе газет құриды. Газетті құрту деген – мемлекеттің идеологиясын құрту. Мемлекеттің идeологиясын блогерлер емес, бас редакторы бар дәстүрлі және классикалық журналистика жасайды, – деді.
«Түркістан» газетінің Бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы:
– Өңірлік журналистиканы дамыту үшін, өңірлердегі оқу орындарында журналистика мамандығына оқытуды жалғастыру керек, журналистика бөлімдерін жабуға болмайды, – деді. Сондай-ақ Бауыржан Бабажанұлы мемлекеттік тапсырысқа байланған БАҚ-тардың тендерді жауып үлгеру мақсатында жанталасып, сапалы, оқылымды газет шығаруға мүмкіндігі болмай қалатыны туралы өзекті ойларын ортаға салды.
– Мемлекеттік тапсырысқа наурыз айында тендер өтсе, қуанамыз. Кейде ол мамыр, маусымға дейін созылып кетеді де, 12 айда игеруге тиіс тендерді 6 айда игеру керек болады. Сосын журналиске қаншама күш түседі. Көлемді жабу деген мәселе туындайды, – деді Б. Бабажанұлы.
PS: Жаңа медиа қалыптасуы үшін де алдымен дәстүрлі классикалық БАҚ-тың бәсін түгендеудің маңызы зор. Өйткені мемлекеттік идeологияны блогерлер жасамайды. Классикалық дәстүрлі журналистика қалыптастырады. Журналистің басты міндеті қоғамды нақты шынайы ақпаратпен жедел қамтамасыз ету болса, мета әлемде контент жасау үшін де нақты шынайы жедел ақпараттың бәсі басым болуы керек емес пе? Сондықтан журналистер дайындауда алдымен классикалық журналистиканың артықшылықтарына сүйену маңызды. Әлем мета кеңістіктегі жаңа медианың дамуына бет бұрып жатыр. Сондықтан Қазақ журналистикасын мета әлемдегі жаңа медиаға қосу үшін де классикалық журналистика дәстүріне жетік мамандарды тәрбиелеу керек. Сонымен қатар журналист мәртебесі, ақпарат алу құқығы, БАҚ туралы заң нақты ұсыныстар негізінде бекітілуі керек. Өйткені классикалық журналистика ар-ождан принципіне сүйене отырып, мемлекеттің идeологиясын қалыптастырады.
Форум соңында «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин форумға қатысушылардың барлық ұсыныстарын жинақтап, хаттама түрінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдайтынын жеткізді.