Елімізде жаңа өнеркәсіптік саясат қарқын алып келеді. Өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі таңдағы ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу, сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет екенін атап өтті. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша тоқталды. Осыған орай соңғы жылдары бірқатар мемлекеттік бағдарлама іске асырылып, 2023 жылдың наурыз айында 2023-2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Үкімет сағатында баяндаманы жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде бәсекеге қабілетті, өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін құруды мақсат тұтқан индустрияландыру саясаты кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, ол аталған саясатты іске асырудың құқықтық негізін, саланың басымдықтары мен іске асыру құралдарын айқындаған. Осы орайда ел экономикасында тіркеліп жатқан оң нәтижелерге тоқталған министр депутаттар назарына бірқатар нақты санды ұсынды.
– Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің үлесі ағаш өңдеу секторында – 38%-ға; машина жасау саласында – 25,4%-ға; жеңіл өнеркәсіпте – 12,2%-ға және құрылыс индустриясында 6,1%-ға артып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылға қарағанда 11,2%-ға көбейіп, 1,7 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсуіне өзге көлік құралдарын өндірудегі инвестициялардың 7 есеге (теміржол машиналарын жасау: локомотивтер, вагондар, жартылай вагондар, платформа); киім өндіруде 5,6 есеге; жиһаз өндіруде 4 есеге; автокөліктер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінде 3,5 есеге ұлғаюының арқасында қол жеткізілді. Өткен жылдың 12 айындағы көрсеткіш бойынша өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты 25,3 млрд долларды құрады, – деді Қ.Шарлапаев.
Өнеркәсіп саласын дамытуда экологиялық тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазақстан Париж келісімі аясында көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға міндеттеме алған. Осыған байланысты өндірістік кәсіпорындарды жаңғырту, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру және «жасыл» технологияларды енгізу бойынша нақты шаралар қабылдануда. Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану өнеркәсіптің экологиялық әсерін азайтудың негізгі жолдарының бірі болып отыр.
Кәсіби кадрларды даярлау да маңызды факторлардың бірі. Бүгінгі таңда техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты мемлекет білім беру жүйесін өнеркәсіптің заманауи талаптарына бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Оқу орындары мен кәсіпорындар арасында әріптестік орнату арқылы дуальді оқыту жүйесі енгізіліп, студенттердің тәжірибеден өтуіне жағдай жасалуда.
Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясаты ел экономикасын дамытуға тың серпін береді. Инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы Қазақстан өңдеу өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл стратегиялық бағыт елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуіне негіз болып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етпек.