Елдос Балтабекұлы, жалпы көз аурулары дәл қазіргі уақытта жас пен кәрінің арасында кең таралып, асқынып тұр десек те болады. Осының себебі неде?
– Алдымен көз аурулары дегеніміз не, соған тоқталып өтсем. Ол көздің көруінің нашарлауынан, оның сәуле сындыру күшінің ақауларынан (алыстан көргіштік, алыстан көрмеушілік, астигматтық, дальтонизм) пайда болатын және іштен туа біткен аурулар. Тіпті соңғы кездері іштен туа біткен ауру – су қараңғы (глаукома) мен көз жарақаттары жиі кездесуде. Көз ауруларының пайда болуына механикалық (әртүрлі жарақаттар алу т.б.), физикалық (шаң-тозаң, үшнитротолуол тозаңдары мен булары т.б.), химиялық (күкіртті сутек, мышьяк т.б. әсері) және физикалық-химиялық (ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, жарық т.б.) факторлар да әсер етіп жатыр. Әдетте көз ауруларының жиі кездесетін түрлері: басыр, бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу т.б. Көзге ақ түсу, лейкома бұл – көздің қасаң қабығының ауруы. Ол көбінесе жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан пайда болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабықта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітеді. Мұның салдары көздің нашар көруіне соқтырады. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне және оның көлеміне де байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалуы мүмкін. Көзге түскен ақ дәрі-дәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық операция жасалады. Ішкі органдар мен жүйелердің аурулары да көз ауруларына әкеп соқтырады. Мысалы, қоян көз, бадырақ көз, Аргайлл Робертсон белгісі т.б. Емделмеген көз аурулары көздің көруін нашарлатып, соқырлыққа да апаруы мүмкін. Қазір жас пен кәрінің арасында көз ауруының өршуі теледидар, ұялы телефон, смартфондарға көп қарағанның әсері, ноутбук, компьютер алдында қимылсыз бір орында ұзақ отыру, таза ауада демалмау, жарықтың жеткіліксіздігі деп ойлаймын.
– Жалпы сіз еңбек етіп жүрген аурухана қаладағы тұрғындарға жедел көмек көрсететін танымал мекеме десе де болады. Өзіміздің, балаларымыздың басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, сонда көмекке жүгінеміз. Отбасымызда 2-3 отаны да осы ауруханада жасаттық. Қызметтері де көңіл көншітерлік.
– Иә, №12 орталық қалалық клиникалық аурухананың құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болыпты. Көптеген жылдар бойы емхана еліміз бойынша ересектерге арналған стационарлар арасындағы Ұлттық рейтингте алдыңғы орында тұр. Міне, 50 жылдан астам уақыт бойы Орталық қалалық клиникалық аурухана тек Алматы қаласының ғана емес, еліміз бойынша медицинаның біліктілік саласының көшбасшысы болып келеді. Бүгінде Орталық қалалық клиникалық аурухана негізі еліміздегі емдеу мекемесінің жетекшілік ететін және медицина мамандарының шеберлері орналасқан ұйымының бірі. Қазіргі кезде ауруханада 1200 адам, оның ішінде, 220 дәрігер, 450 мейірбике, 268 кіші медицина қызметкері және басқа қызметтегі 230 адам жұмыс істейді.
Орталық аурухананың тарихына келер болсақ, 1971 жылы науқастарға шұғыл көмек көрсету мақсатында 120 орындық көз ауруларының екі бөлімі ашылды. Тәжірибелі мамандар қажет болған соң, 2 қалалық ауруханадан қызметкерлер шақырылды. 1994 жылы 35 орындық ақылы бөлім ашылды. Ал 2010 жылдан бастап қосымша 10 орындық күндізгі емдеу бөлімі жұмыс істей бастады. 2012 жылы 30 орынға кеңіп, хирургиялық оталар жасалды. 2018 жылдың ақпан айынан бастап 2 микрохирургиялық бөлімді қосып, бір клиникалық офтальмологиялық қызмет көрсету бөлімін аштық. Офтальмологиялық бөлім – қала бойынша науқастарға жедел көмек көрсететін бірден-бір орталық. Бізде отаны заманауи озық технологиялармен жабдықталған аппараттармен жасайды.
Жанарлары суалған жандарға жарық сыйлап, күндіз-түні тынбай еңбек етіп, елдің алғысына бөленіп жүрген мына әріптестерімнің еңбектері шексіз: Абдраимова Гүлзат Талғатқызы, бөлім меңгерушісі, Исабеков Батыр Мусергалиевич, Ерсариева Жадыра Дәулеткелдіқызы, Шырынбеков Нұрсұлтан Әнуарұлы, Құттыбай Шахмардан Сапарұлы, Менделеева Айнұр Дүйсенбекқызы, Қабылбекова Әлия Қайратқызы, сондай-ақ қабылдау бөлімінен Тауырбаев Қасымхан Тауырбайұлы, емханадан Рахымбердиев Дархан Әбдіжапарұлы, Қалмаханова Гүлфайруз Сұлтанханқызы т. б.
– Елдос, өзіңіз білесіз, жақында сіз менің көзіме ота жасадыңыз. Қолыңыздың жеңіл екендігін науқастардан естіп, сізге келдім. Шүкір, ота жақсы өтті. Алғысымыз шексіз! Енді аз-кем өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Мен 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық университетті бітірген соң, Атырауда біраз қызмет еттім. 2015 жылдан бері Алматы қаласына ауыстым. Мамандығым бойынша осы №12 қалалық ауруханада офтальмолог-хирург болып қызмет істеп келемін. Ал 2018 жылдан бері ақылы күндізгі бөлімнің меңгерушісімін. Катаракта, глаукома, көздің торлы қабығы т. б. аурулар бойынша мыңдаған оталар жасадым. Әрине, аурудың жағдайына байланысты әртүрлі асқынулар болып тұрады. Бәрі жақсы, керемет деп айтуға болмайды, кейде науқастар дер кезінде дәрігерге қаралмай, өткізіп алады. Міне, осының бәрі көздің көрмеуіне әкеп соқтырады. Дәрігер ретінде айтарым, «Көз – адамның айнасы» деп бекер айтпаған ғой, сондықтан әрбір жан көзін аялап, сақтауы тиіс. Жанарыңыз нашарлады ма, ерінбей бірден қаралыңыз. Біз күндіз-түні науқастарды қабылдап, емдеуге әркез дайынбыз. Өйткені бұл – біздің міндетіміз.
– Уақыт тауып, бізге сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Әрқашан халықтың денсаулығы үшін адал қызмет ете беріңіздер!