ЖАНҒА САЯ, ДЕРТКЕ ДАУА «ШОҒАНСАЙ»

ЖАНҒА САЯ, ДЕРТКЕ ДАУА «ШОҒАНСАЙ»

Екі киіз үйден 

басталған  

кәсіпкерлік

 

1993 жылдан «Жібек жолы» ЖШС-де Сәрсемхан аспаз, отағасы Алдан күзетші болып еңбек етті. Сол жерде жүріп, туризм саласының қыр-сырын үйренді. Атап айтқанда, туристерді қабылдау, қонақ күту, туған өлкенің көз сүріндіретін табиғи сұлулығын тиімді пайдалану бағытында мол тәжірибе жинақтады.

1990 жылдардың соңында елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты Алдан мен Сәрсемхан өз кәсібін бастауға тәуекел етті. 1998 жылы екі киіз үй, бір ағаш үймен жерді жалға алып, алғашқы демалыс орнын ұйымдастырды. Бұл бүгінгі елге белгілі болған «Шоғансай – Әлішер» экотуризм кешенінің алғашқы бастамасы болатын. Әлішер – Алдан мен Сәрсемханның кенже ұлдары. Он жасында қайтыс болған балаларының есімін кәсіпке беруі – ата-ананың перзентіне деген мәңгілік сағынышы мен есімін ұмыттырмау ниетінен туғаны анық.

Екі киіз үйден бастау алған шағын кәсіп уақыт өте келе үлкен туристік демалыс орнына айналды. Алдан мен Сәрсемхан бұл істі табыс көзі ретінде ғана емес, туған жердің көрікті табиғатын халыққа таныстырудың және елге қызмет етудің бір жолы деп білді. Кәсіптің алғашқы жылы оңай болған жоқ: жер телімін рәсімдеу, жарықтандыру, құрылыс жүргізу, инфрақұрылым жасау, демалыс орнының жұмысын жолға қою сияқты көптеген шаруаны ерлі-зайыптылар бірге атқарды. Осы тұрғыдан алғанда, «Шоғансайдың» тарихы – ауылдық жердегі отбасылық кәсіпкерліктің қалыптасуының бір мысалы. Шағын отбасылық бастама біртіндеп туристік қызмет көрсететін тұрақты кәсіпке айналып, туған өлкенің табиғи әлеуетін жергілікті жерде экономикалық мүмкіндікке айналдырды.

2007 жылы туризм саласына арнайы лицензия алып, кәсібін одан әрі заңдастырып дамытты. Осылайша «Шоғансай – Әлішер» туризм-экотуризм бағыты қалыптасып, Райымбек ауданындағы алғашқы туристік демалыс орны ретінде танылды. Кейінірек ерлі-зайыптылардың балаларының қолдауы арқасында екі киіз үйден бастаған кәсіп кеңейіп, табиғат аясындағы толыққанды экотуристік кешенге айналды. 2014 жылдан бастап демалыс орны жазғы маусымда тұрақты түрде қонақ қабылдап, туристерге қызмет көрсете бастады.

Мұның өзі ауылдық аумақтарды дамытудың маңызды бағыттарының бірі – туризм арқылы ауыл экономикасын әртараптандырудың өмірдегі нақты көрінісі. Қазақстанның ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасында да ауылдық туризм, оның ішінде агро-, этно және экотуризмді дамыту ауыл экономикасын әртараптандырудың және жұмыспен қамтудың балама түрлерін қалыптастырудың бағыттарының бірі ретінде қарастырылған.

«Шоғансайдың» ерекшелігі – мұнда туризм табиғатпен етене байланыста дамыған. Келген қонақтар әсем табиғатты тамашалап қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, киіз үйде қонып, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін сезіне алды. Сондықтан бұл жерді тек демалыс орны ғана емес, табиғи және мәдени мұраны таныстыратын экотуристік нысан деуге болады.

Ұлттық тағамдар демекші, Сәрсемханның көрегендігінің, ұшқыр ойлылығының бір көрінісі – дастарқанда құрт, ірімшік, кілегей, кейде май, жент сияқты құнарлы ұлттық тағамдардың көрініс табуы десек, артық айтқандық емес.

Бұл жерде туризм мен ұлттық құндылықтар өзара сабақтасып жатыр. Киіз үйде қону, ұлттық тағамнан дәм тату, ауыл тіршілігімен танысу, атпен серуендеу, алтыбақан тебу секілді мүмкіндіктер арқылы қонақтар қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен танысады. Яғни кәсіпкерлік нысан ұлттық мәдениетті сақтап қана қоймай, оны туристік өнім ретінде танытуға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде Қазақстанда экотуризмді дамыту табиғи аумақтарды сақтаумен қатар, жергілікті халықты қолдау және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру бағыттарымен байланыстырылып отыр. «Шоғансай» тәжірибесі осы бағыттың ауылдық жерде қалай жүзеге асатынын көрсететін мысалдардың бірі.

Сәрсемхан Райымбек аудандық іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі болып, аудан көлеміндегі кәсіпкерлік бастамаларға атсалысты. Бұл оның жеке кәсібімен шектелмей, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және қоғамдық өмірге араласуға да үлес қосқанын көрсетеді.

Сәрсемханның өмір жолындағы тағы бір маңызды қыры – әлеуметтік жауапкершілік. Көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолынан келгенше материалдық және моральдық көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларына белсенді қатысты. Адамға жақсылық жасау, қиындықта қолдау көрсету оның өмірлік ұстанымдарының бірі болды.

Еңбегі мен қоғамдық белсенділігі ескеріліп, облыстық және аудандық деңгейдегі Алғыс хаттарға, Құрмет грамоталарына және түрлі марапаттарға ие болды. Берікбаева Сәрсемхан Нұрбекқызы – Райымбек өңірінің кәсіпкерлік пен туризм саласының дамуына зор үлес қосқан іскер жан, туған жерінің әсем табиғатын сүйген, оны бағалай білген, ел игілігіне жаратқан көкірек көзі ашық азаматша, асыл жар, аяулы ана, ардақты әже.

«Шоғансай» тарихының тағы бір әлеуметтік қыры – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуы. Бүгінде демалыс орнында үш аспаз, сегіз даяшы, электрик жұмыс істейді. Бие сауатын адам жұбайымен, сиыр сауатын адам отбасымен осында тұрады. Сиыр сауған келіншек құрт, май жасайды, кір жуады, жинайды. Яғни туристік кешеннің айналасында орналастыру, тамақтандыру, ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау, тазалық және басқа да қызмет түрлері қалыптасқан.

Бұл – кәсіпкерліктің әлеуметтік маңызын көрсететін нақты мысал. Бір туристік нысанның дамуы бірнеше адамға ғана емес, бірнеше отбасыға еңбек етуге мүмкіндік беріп отыр. Ауылда тұрақты жұмыс орындарының қалыптасуы жергілікті халықтың табыс табуына және ауыл экономикасының жандануына ықпал етеді. Қазақстанның қазіргі ауылдық даму саясатында да жұмыспен қамтуды арттыру, шағын кәсіпкерлікті дамыту және ауыл экономикасын әртараптандыру маңызды міндеттердің қатарында.

Адам өмірінің қай жерден үзілерін ешқашан білген емес. Ол Алланың құзырындағы мәселе. Сол Сәрсемхан 2026 жылдың 6 тамызында жарық дүниені тастап, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.

 

Туризммен ұлттық құндылықты 

ұштастырған

 

Алдан мен Сәрсемханның сүйікті ұлдары Руслан жұмысы жөнінде былайша әңгімелейді:

«Адамның көп келуіне, сұраныстың артуына байланысты заманауи ғимарат керек болды. Көп ойландым. Ақырында осындай ғимарат салуды жоспарладым. Алматыдан өзбек жігіттерін жалдадым. Осы ғимаратты тұрғызуды бастап кеттік, екі жылда салынып бітті. 2022 жылы ашылуы болды. Ғимаратта 20 бөлме бар, 19 бөлме келушілерге арналған, бір бөлме тамақ пісіретін орын».

19 бөлмеге 60 адам сияды. Ауладағы екі қазақ үйді келушілердің сұранысына қарай жалға береді. Олар бала-шағасымен сол жерде жатады. Тамағын өздері ала келеді, бірақ біздің аспаздар пісіріп береді.

Бие сауатын адам жұбайымен, сиыр сауатын адам отбасымен осында тұрады. Сиыр сауған келіншек құрт, май жасайды, кір жуады, жинайды. Үш аспаз, сегіз даяшы, электрик бар. Қажетсінгендерді атпен серуендетеміз. Бильярд ойнайтын бөлме бар. Сыртта алтыбақан орнатылған. Балалар ойнайтын ойын алаңқайлары бар. Орыс моншасы күні бойы жанып тұрады. Келушілер таңертеңнен кешке дейін моншаға түсіп жатады. Төрт уақыт саумал беріледі. Аспаздар асты уақытында пісіріп, үстелге өздері әкеліп береді.

Осы деректердің өзі «Шоғансайдың» қарапайым демалыс орнынан қызмет көрсету аясы кең туристік кешенге дейін өскенін аңғартады. Мұнда туризм, ауылшаруашылығы, ұлттық тағам өндірісі, қонақжайлық және демалыс қызметтері бір-бірімен ұштасып жатыр.

Руслан бұрын қалада тұрған екен. Әкесі жүрегіне ота жасатып, ауыр жұмысқа жарамай қалған соң демалыс орнына келген. Аграрлық университеттің экономика факультетін бітірген. Қалада бес жыл экономист-бухгалтер болып еңбек етті. Төрт баланың әкесі, үлкені 11-де, кішісі 6 жаста. Русланның келіншегі Шынар Атырау облысы, Құрманғазы ауданының тумасы. Шынар Аграрлық университеттің тамақ технологиясын бітірген.

Русланның ағасы Арслан Спорт және туризм академиясын бітірген. Қаратоған ауылындағы орта мектепте де жұмыс істеп, 2019 жылы қайтыс болды.

Демек, «Шоғансайдың» қалыптасу тарихынан ұрпақ сабақтастығын да көруге болады. Ата-ананың бастаған кәсібін балалары жалғастырып, оны заманауи талапқа сай кеңейтіп отыр. Бұл – отбасылық кәсіптің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор.

«Шоғансай» демалыс орнының қалыптасу тарихы қысқаша осындай. Есту басқа, көру басқа. Шоғансай десе көз алдыңа биік таулар, жап-жасыл қарағайлар, жап-жасыл әлем елестейді. Табиғаттың көркемдігі жаныңа нұр құяды. Көңіліңді көктемдей құлпыртады. Таңғажайып табиғат теріс ойларға орын қалдырмайды. Дүниені, әлемді тек жақсы жағынан көресің. Табиғаттың өзіндей табиғи, таза жанды болғанға не жетсін!

Шоғансайға Аман Тасыған тағы басқа танымал тұлғалар жыл сайын келіп демалады. «Мұзарт» тобы да қонақ болған.

Аман Тасыған былай дейді:

«Қаланың шуынан шаршағанда, ауылды, табиғатты аңсағанда Шоғансайға келеміз. Себебі алдымыздан анамыздай күтіп алатын Сәрсемхан апамыз бар және өзің де, көзің де тоймайтын тамаша табиғат бар. Өзіміздің үйге келгендей аунап-қунап жатамыз. Дастарқаны даладай нағыз қазақи дастарқан. Құрт, майы, кілегейі, ірімшігі бар».

Осы бір сайға жайғасқан «Шоғансай» демалыс орнына келіп тынығамыз. Сондай-ақ ауырып ем іздеген, тазаланғысы келген жандарға саумал, қымызы бар. Монша дейсіз бе, тауға шығып серуендейсіз бе – бәрі мүмкін. Ғажап табиғаттың бір бөлшегіне айналғыңыз келсе, Алматы облысы, Нарынқол ауданында орналасқан «Шоғансай» демалыс орнына келіңіз.

«Шоғансай» демалыс орнына сонау Германиядан, Франциядан тағы басқа шетелдерден қаншама туристер келіп жатыр. «Шоғансайды» көрген де арманда, көрмеген де арманда».

Сіз де келіңіз, құрметті оқырман!

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі,

Алматы облысы

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27534
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27041
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44384
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40128
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44724