Жастарымыз Америкаға баруға неге құштар?

Жастарымыз    Америкаға баруға неге құштар?

Бұл мәселеде мемлекеттік бағдарлама да бар 

 

Арман болған Америка... Асқақ мақсатқа жетелеген Америка... Ең бастысы, мұхит асуға батыл қадам жасасаң, тіл білсең, ақшаң болса Америкада жұмыс істеп, емін-еркін демалып, саяхаттап, көкжиек танымыңды кеңейтіп, әрі қалтаңды қампайтып келуге жол ашық. Әсіресе, студент қауымы үшін үш ай жазғы демалысты «шексіз мүмкіндіктер» елінде өткізу басты мұратқа айналғалы қашан. Ол жақтың қайталанбас сәттеріне куә болған жастар қайтадан баруға аса құштар. «Work and travel USA» (қаз. Жұмыс және Саяхат АҚШ-та) халықаралық студенттік бағдарлама Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – жоғары оқу орындарының студенттеріне АҚШ халқының тұрмыс салтын, мәдениетін, тіршілігін, жұмыс пен саяхат арқылы көрсету. Бағдарламаның ұзақтығы ең көп дегенде төрт айды құрайды.  Бүгінде елімізде Американың түкпір-түкпірінен жұмыс тауып беретін компания саны оннан асып жығылады. Осыған қарап-ақ, біздің жастардың Америкаға жол тартуы жылдан-жылға артып отырғанын байқаймыз. Мәселен, былтыр үш мың студент өздері қалаған агенттікке құжат тапсырса, соның шамамен екі жарым мыңы әртүрлі штаттарға жұмысқа аттанған. Сондықтан, жыл сайын өтініш білдіретін студенттер саны артқан сайын компаниялар да өз тарапынан құжатты ерте тапсыруды міндеттейді. Дегенмен де, барлық агенттіктің шарттары бірдей емес. Мысалы, кейбір компаниялар құжаттарды рәсімдеп, барлығын ұйымдастырып, жұмыс, тұратын үйді тауып берсе, кейбіреуі жұмысты табу не студенттің өзі іздеуіне мүмкіндік беріп, екі түрлі пакет ұсынады. Жұмыстардың түрлері: мейрамханада, дүкенде, қонақүйде, бизнес орталықтары, аквапарк, аттракциондар паркі, супермаркет, т.б. әртүрлі ойын-сауық орталықтарында бармен, даяшы, аспаз, сатушы, яғни қызмет көрсету сферасы. Бағдарламаның басты талаптары: жоғары оқу орнының студенті болу және ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білу, оқу орнындағы GPA жоғарғы көрсеткіште болу керек. Бұдан басқа бағдарлама үшін ақша төлеу қажет. Америкаға бару үшін билет құнын есептемегенде екі жарым мың доллар кететін, ал бұл қаражат биыл үш жарым мың доллардан асып жығылды.  Мұның ішіне визаға кіру алдындағы дайындық, агенттіктің жұмысы, медициналық сақтандыру, жұмыс, үй тауып беру кіреді. Бұл қаражат әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін. Бағдарламаны АҚШ мемлекетінің департаменті өзара білім беру және мәдени алмасу заңына сәйкес басқарады. Бұл бағдарлама бүгінде қырықтан аса елде танымал. АҚШ елшілігінде жұмысқа барғалы тұрған студенттің қолына арнайы кітапша, карта беріледі. Онда жұмыс беруші тарапынан құқық бұзушылық орын алған жағдайда тығырықтан шығаратын байланыс нөмірі көрсетілген. Студенттер үшін виза алу да оңай шаруа емес, өйткені Америкадан келген тісқаққан кәсіби мамандар алдына аса дайындықпен бару қажет. Ең бастысы өзіңе сенімділік пен ағылшын тілінде мүдірмей жауап беруің аса қажет. Ал, екінші,  үшінші рет құжат тапсыруға барғандардың бағы жанғандары ғана кетеді, өйткені студенттер Америкада қалып қалады деген қорқыныш жоқ емес. Олай дейтініміз, жұмысқа барып, сол жақта  қалатын жастар да баршылық.

Қызығы мен шыжығы мол сапарды бастан кешкен, Нью-Гемпшир штатында былтыр үш ай жұмыс істеп келген студенттермен әңгімелескен едік. 

 

Студенттер әсерімен бөліседі

Нұрсалбек Ақнұр, Қазақ – Ресей Медициналық университетінің 3-курс студенті:

– Мен үшін АҚШ сан түрлі табиғатымен, көпұлттылығымен, қызық тарихымен есте қалады. Бір барғанда бәрін сезіп көру қиын, келесі ретте соның орнын толтырғың келіп, қайта баратындайсың. Ол жақтан ағылшын тілімдегі деңгейім айтарлықтай көтеріліп, өзіме сенімім артты, бұрыннан естіп, біліп жүрген жерлерді өз көзіммен көріп, саяхаттап, ерекше эмоцияларды сезіндім, әлемнің түкпір-түкпірінен достар таптым, олармен әлі де хат алысып тұрамыз. Танысқан адамдар әрқашан көмекке ұмтылады, сұрақ-жауапқа ашықтығы ұнады, әңгімешіл, соған қарамастан өте сақ болғандары ұнады. АҚШ-қа бармай тұрып та, қайтып кеткеннен кейін де туындаған сұрақтарыма жұмыс берушім кешіктірмей жауап беретін. Шын мәнінде Қазақстанға келгенде «культурный шок» сезінбедім. Бір айтатыным, бізде халықтың айлық жалақысы тамақ, киімінен артылмай жатады, ал Америкада жұмыскерлер орта табыспен жақсы өмір сүріп, саяхаттауға да ақшалары жетіп артылады. Мен тап болған жұмыс, жұмыс берушім, сол жақтағы координаторлар сұрақтарыма, айтқан өтініш, ұсыныстарыма толықтай кері байланыс жасады. Өз жұмыстарына берілген, қатаң және көңілді адамдар болды, жалақымызды да кешіктірмеді, ыңғайлы тұрғылықты жермен қамтамасыз етіп, апта сайын дүкенге апарып тұрды. Табиғаты тамаша Нью-Хемпшир штатымен таныс болсын деп, апталық сапарлар ұйымдастырды. Визаға дайындық бір апта уақыт алды, жалпы қойылатын сұрақтарға жауап дайындап, консулмен интервьюге дайындалып жүрдім, іштей қорықтым, ойымда диалог құрап жүрдім. Әрине, виза алу оңай емес, арман қуған біраз студент жылап шыққанда, көңілің алабұртып толқисың. Үш ай жұмыс істеп, саяхаттап елге оралдым. Болар-болмас жалақымен күнелтіп жүрген, айлығы шайлығынан артылмайтын жақындарымды, таныстарымды, жалпы халықтың жағдайын көріп аядым. Өйткені, олар төрт-бес жылда тірнектеп жүріп табатын ақшаны, көбіміз үш айда тауып келдік. Студенттердің көпшілігі материалдық жағдайын жақсарту үшін де шетелге баруды армандайды. Мысалы, көлік алсам, үй алсам, кредитімді жапсам деген тілек.

 

Айжан Жаненова, Қазақ – Ресей Медициналық Университетінің 3-курс студенті:  

– АҚШ көпқырлы және өте ауқымды мемлекет. Адамдары, мәдениеті, табиғаты сан түрлі болып келеді. Америкада сол бір бостандықты сезінесіз. Өміріңіз көркем түске боялғандай болады. Бұл елге бару миллиондаған адамдардың арманы. Америка бәріне қолжетімді мемлекет емес, билет алып ұшып кете салатын. Сан мыңдаған адам өмірін қатерге тігіп заңсыз баруға тырысады. Неліктен бәрі Америкаға ұмтылады? Себебі, бұл елде еңбек бағаланады, заң күші жоғары, өмір сүру сапасын тез жақсартуға болады. Әркім Америкаға әртүрлі мақсатта қайта барғысы келеді. Ал мен саяхаттау үшін қайтадан барғым келеді. АҚШ-тың батыс бөлігін саяхаттағанда керемет эмоциялар алдым, соны қайта сезінгім келеді. Менің ойымша, көпшілік қайталанбас эмоциялар үшін барғысы келеді.

Мен АҚШ-қа біздің студенттерге қарағанда кештеу бардым. Негізі Қазақстанда нағыз ұшу маусымы мамыр айынан басталатын еді. Оқудағы мәселелерге байланысты бір айға қатарластарымнан кешігіп ұштым. Бірақ, бұл маған жақсы ақша табуға кедергі болмады. Мен және құрбым Нью-Хемпшир штатында, Глен қаласында ойын-сауық саябағының ішінде орналасқан  фуд кордта (food court)  аспаз болдық. Біз алты күн жұмыс жасап, бір күн демалатынбыз. Жұмыс қалыпты жағдайда таңғы 8-ден кешкі 7-ге  дейін болатын. Сағатына $14 төлейтін және онымен қоса чаевые (tips) алатынбыз. Кейде бізге қосымша сағаттар (extra hours) беретін. Ең бастысы, жалпы программаға кеткен $5000 ақшаны ақтап алдым. Онымен қоса, АҚШ-тың батыс жағына саяхат жасадық, техника және брендтер алдық. 

Америкада адамдар үшін перспектива көп. Амбицияң болса, карьера қуып, бизнес ашу сөз емес. Әрбір жұмыс үшін Америкада лайықты түрде төленеді. Тамақ өнімдері қолжетімді бағада. Біздегідей жалақының 50%-ы тамаққа кетпейді. Көлік барлық американдықтарда бар десем болады, олар үшін қол жетпейтін арман емес. Адамдарына келетін болсақ, ашық, эмоциясын жасырмайды, жасқаншақтық жоқ. Маған жалпы табиғаты, тұрғындары, еңбекақысы, үй жағдайы, бірге істеген достарым ұнады. Бір байқағаным, адамдары тазалыққа ұқыпты емес. Осындай адамдармен бір бөлмеде тұру маған қиынға соқты.

 Ең бастысы, біздің бағымызға орай жұмыс беруші өте жақсы адам болды. Координаторлар да бағыт-бағдар беріп, түсіндіріп, барынша көмектерін аямайтын еді. Қосымша сағаттарды сұраған әр студентке беруге тырысатын. Ешқашан ұлт, дін, нәсілге қарап бөліп-жарған емес. Жұмыста ешқандай қысымға тап болмадық. Жалақымызды дұрыс уақытында беріп тұрды. Американдар үшін үйді сатып жіберіп, үй-көлікпен (дом на колесах) саяхаттау, саналы түрде балалы болмау, саналы түрде үйленбеу (жалғыздықты таңдау) оларға таңғажайып зат емес, олардың қалыпты өмірі. Біз үшін бұл ессіздік сияқты көрінеді. Олар біреу үшін өмір сүруге тырыспайды, ел пікірі оларды қызықтырмайды, өз қалауы бойынша өмір сүреді десем болады. 

Әрине, ең шешуші сәт ол виза алу кезінде болады. Арманың бір консулдың «your visa is approved» сөйлеміне қарайды. Консулмен сұхбаттасу 7 сәуір күніне тағайындалған еді. Консул сұрақтарды ағылшынша қоятындықтан,  сұрақты түсініп, жауап бере алатындай жақсы деңгейде болу керек. Студент өте көп еді. Алғаш кіргендер шыға бастады. Бірі қуанса, бірі жылап жатты. Эмоцияның барлық спектрін сезіндім. Менен бұрын АҚШ-та серік болатын құрбым кірді. Ол шығып: «Айжан, мен виза алдым!» – деп секіріп қуанды. Кезек маған да келді. Құдды президентпен кездесетіндей бастан-аяқ тексерді. Сұрақ қойып бастады: қайда, қандай мамандықта оқисыз, қандай пәндерді оқыдыңыз, қай жерге жұмысқа бара жатырсыз, міндеттерім, АҚШ-тағы құқықтарымды сұрады. Бәріне жауап бердім. Консул үнсіз қағазға жазып жатты да, сол бір армандаған «your visa is approved» деп, штампты тарс еткізді. 

«Америкада J1 студенттері, иммигранттардан да қазақтар көп, дегенмен, Қазақстан жайлы екінің бірі біле бермейді. Қазақстан десем, Пакистан, Узбекистан деп қайта сұрақ қояды...». 

Бұл Жансаяның Америкадағы жазылған күнделігінен алынды. Жүрген жерін суретке түсіріп, қызықты оқиғалар мен көңіліне алған сәттерді күнделік етіп жазу бойжеткеннің сүйікті ісі еді. Әрбір жазбасы оның нәзік жанды, кең пейілді, ақкөңіл, айналасына шынайы күлкі сыйлай білетін, өмірді танып білуге деген құштарлығы басым, болашаққа жасаған қадамы асқақ, тек еңбектенуді ғана білетін жан екенін айқындай түседі. Жансая армандай білетін, оны іске асыратын табанды да жігерлі, тәуелсіз қыз еді. Кішкентай ғана жүрегі «елім» деп соққанымен, бір айдан кейін мұхиттың арғы жағынан қаралы хабар жетті.  Жансая осы жылдың мамырында арнайы студенттерге арналған work and treval программасымен Оңтүстік Королина штатына үш айға жұмыс істеуге виза алған болатын. Ол Астанадағы М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің 3-курс студенті еді.

Тайби аралындағы теңізді қызықтаған Жансая Түркия елінен келген құрбысымен батып бара жатқан күн мен ақырын ғана тербелген суды тамашалап тұрғанда, аяқ астынан қатты жел соғып, теңіздің асау толқындары екі қызды суға тартады...  Болған оқиғаны түркиялық құрбысы Шаввелдің анасына жазған хатынан оқиық. «Бәріне қатты өкінемін. Мен әлі күнге дейін біз бастан кешкен нәрсеге сене алмаймын. Демалыс күні жеті қыз Саваннаға дүкенге бардық, қаланы аралап, тамақ іштік. Содан кейін Тайби аралына жол тарттық. Бәріміз жақсы уақыт өткіздік. Біраз уақыт бірге суда болғаннан кейін, қалған бес қыз жағаға шықты. Жансая екеуміз теңіздің шетінде отырып сөйлестік. Мен одан «ең бақытты сәтін сұрадым, ол осы сәт ең бақытты сәтім» деп жауап берді. Мен үшін қазақ және орыс әндерін шырқады, бұл оның соңғы сөздері, әндері екеніне әлі сене алмаймын. Осыдан кейін мен оған қалғандарына барайық дедім. Ол теңізге тағы бір рет оралғысы келді. Толқындар күшейе түсті. Толқын жақындағанда біз секірдік. Бірақ кенеттен толқындар желмен жүйткіп күшейе түсіп, айнала қараңғылана бастады. Жел күшейді. Қас пен көздің арасында дауылды толқын бізді суға қарай алып кетті. Жансая қатты қорқып кетті, өйткені оны толқын сүйреп бара жатқан еді, оны жанұшыра бірнеше рет ұстауға тырыстым, бірақ ол мені төменге тартты. Ол: «Көмектес, Шаввел!» – деп айқайлады. Көмектесе алмағаным үшін өзімді кінәлаймын. Содан кейін жартастарға қарай жүзуді ойладым. Егер жартастардан ұстай алсам, оны ұстай алар едім. Толқын мені тастарға соқты. Денем тырналып, қатты соққы алдым, бүкіл денем қанға боялды. Жартастарға жеткенде адамдардан көмек сұрадым. Олар мені құтқару үшін жүгірді. Мен барлығына Жансая туралы айттым. Оларға біздің тұрған жерімізді көрсеттім, Жансаяны он бес минутта су көлігінің көмегімен тауып, ауруханаға апарды.  Түнімен дұғада болдым. Таңертең Жансаяның дүниеден өткенін білдік. Бәріміз қатты қайғырдық. Ол керемет адам болды. Мен оны қатты сағындым».  Қас-қағым сәтте ажал құрығы Жансаяны осылай алып кетті.                                        

«Жансая үйдің тұңғышы, 5-6 жасынан әріп танып, көбейту кестесін жатқа айтатын. Өте алғыр, мектепті де «Алтын белгіге» бітірді. Қазақ туризмін дамытуды армандайтын. Жанып тұрған от еді, жарқыраған жұлдызым еді, өмірге құштар, бәрін танып-білсем, көрсем, саяхаттасам деген асқақ арманына жете алмай арманда кетті. Былтыр алты ай Түркия елінде жұмыс істеп  келген еді, биыл Американы көріп келейінші деп өтінген соң жіберіп едік, бірақ сөйлескен кезде үнемі Америка ұнамады, Түркия жаныма жақын дейтін. Мүмкін бір жамандықты іші сезді ма екен... Тапқан ақшамды жинап Астанадан үй аламын деп армандайтын. Аман болғанда қараша айында Испанияға білім алуға кетер еді, грант иесі атанған еді», – дейді анасы Жазира. 

Амал бар ма?! Жансаяның группалас құрбылары оны «sunshin» деп атайтын болған, ағылшын тілінен аударғанда «шуақ шашқан, күн жарығы» деген мағынаны береді.  Ол дінге өте жақын болғанын, ораза тұтып, намаз бастауға ниетті болғанын айтады. «Әртүрлі мақсат қоямыз, жоспар құрамыз, пендешілікке салынамыз, бір күнге емес, бірнеше жылдарға кіршіксіз жоспарлар қоямыз, алайда Алланың өз жоспары бар екенін ұмытпайық», – деп жазған екен Жансая күнделігінде. Иә, жаратылушы әлсіз пенде ғанамыз, ертеңіміз белгісіз... Жаратушысына мінәжат етуді қалаған жүрегі мәңгілікке жай тапты. Алла Тағала панасына алсын алтын қызды! 

Жазирамен бірге жыладық, шын қайғырдық, жылы жұбатулар айттық, қолымыздан келер сол ғана. Құрбымды осы жазба, естелік арқылы қайғысын сәл де болса сейілте алсам, мықты, саналы, білімді перзент тәрбиелеп, өсірген ата-ананың еңбегін көпшілік  білсе деген тілек қана. Ата-ана  жүрегіне тығылған өксік, үздіксіз жас, тереңге батыратын қайғы уақытша болсыншы. Алладан сабыр, күш-қуат, амандық! Амал қанша, армандаған Америкаға барып, табытпен оралған Жансаяның қазасы көпшілікке ауыр тиді. Бар тапқаныма Астанадан үй алсам деген мақсатты арқалап барған еді, жас ғұмыр қиылды...             

Салтанат БАКЕЕВА

11.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 200
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 36
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 215
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 215
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 232
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 215
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 203
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 198
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 222
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 211
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 219

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10496
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9477
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12712
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11681
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16695