Жекеменшік иесіне тексеріс басталды

Жекеменшік иесіне тексеріс басталды

Осы уақытқа дейін газет көтеріп жүрген Кемертоған мәселесі жалғасын табуда. Ауылдағы қазіргі жағдайды қысқаша естеріңізге сала кетейік. Алматы облысы Кемертоған ауылының халқы бірнеше жыл бойы су мен электр энергиясына жауапты жеке мекеменің тарапынан опық жеп отыр. Жылда жырға айналған жарық пен су мәселесі Кемертоған ауылының тұрғындарын әбден қажытып жіберген. Электр энергиясының жиі өшуіне байланысты тұрмыстық техника күйіп, түкке жарамай қалған. Ал жарыққа жауапты жекеменшік иесі ешқандай техникалық шарттарды елемей, тұтынушыларға тиісті қызметті жоғары бағамен сатып келген.

– Электр жарығына ай сайын төлеп отырмын. «Қаңтарда 400-ден артық вольт жақтың» дейді. Алдыңғы айларда  көрсеткіш аз болған. Тіпті олардікі дұрыс дегеннің өзінде, қайда төлейтінімді айтпайды, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Ақкүріш Алманова.

– Халықты тыңдамайды. Жарық күнде өшеді, үйдегі техниканың бәрі күйіп кетті, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Марат Қарамырзаев.

Жергілікті халықтың айтуынша, 35-тен аса үйді қамтып тұрған трансформатор ешқандай нормаға сәйкес келмейді. Мегаполистің іргесінде тұрып жатқан Кемертоған халқы 2-3 жылдан бері сапалы су мен жарыққа жарымай отыр. Жел тұрып, жаңбыр, қар жауса, жандарын шүберекке түйіп отыратын көрінеді.

Тұрғындар тіпті тұтынып отырған судан күмәнданып, арнайы сараптама жасатқан. Нәтижесі бойынша тіршілік нәрі ішу түгілі, ауыз шаюға да жарамайтын болып шықты.

 

 

– Суды сараптамаға да апардық, ішуге жарамсыз. Осы ауылда үш жылдан бері тұрамын, бұл суды ішпеймін. Тек еден жуғанда пайдаланамыз, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Данияр Бекзатов.

Шиеленіскен түйіннің жалғыз шешімі – көшелерді мемлекет меншігіне қайтару. Алайда кооператив басшысы мұнымен мүлдем келіспейді. «Жерімді бермеймін, ұнамаса кетіңдер» деп, жұрт жиналған жерге келіп, дау көтеріп, тілшілердің жұмысына кедергі келтірді.

– Осы жерде 50 учаскем бар, 4-5 баламның атына 10 учаскеден бөліп қойдым. Тұтынушы кооперативі ретінде жұмыс істеп жатыр. Су, жарық бар. Құжаты жоқ деген түрлі әңгіме айтып жатыр. Үкіметке жерді бүгін-ертең өткізбеймін, – деді жеке кәсіпкер Нурпия Калелова.

Ауылдағы 35-тен аса үй кооператив басшысы түбіртек беріп, ресми шот ашпайынша, жарық пен суға ақша төлеуден бас тартып отыр. Калелова ханым 6 айдың ішінде құжатын үш рет өзгертті. Қазір кооператив ашты, кворум жоқ, 17 квартал тұрғындарының 98 пайызы кооперативке кірмеген.  Ауыл ішінде стандартқа сай емес, квартал тұрғындарының өміріне қауіпті скважина тұрғаны да бірнеше мәрте айтылды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов мырзаға да көрсетті.

Тілшілермен бірге аудан әкімдігінен жауап алуға барған халыққа құзыреттілер жаңа инженерлік желілерді орнату жобалары әзірленіп жатқанын айтты. 

– Жерді мемлекет меншігіне өткізеді, әуелі шешім шығарамыз. Бермеген жағдайда, сот арқылы сатып аламыз, – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев.  

Айта кетейік, уәкілетті органдар кооператив басшысының жұмысына бұған дейін бірнеше мәрте айыппұл салған. Сондай-ақ 4 сәуір күні Алматы облысынан арнайы комиссия жіберілген болатын. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев бастаған отырыста Алматы облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасы, «Алатау жарық» компаниясы, Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті, Алматы облысы жер қатынастары басқармасы және Алматы облысының прокуратурасының өкілдері қатысты.  Комиссия мүшелерімен бірге халық белсенділері және жекеменшік иесі Калелова ханым да қатысты. Қоғам белсендісі Жұматаева Раушан халық тұрғындарының жанайқайын айтып, бірнеше сауалдарын меншік иесіне жолдаған болатын. Алайда Калелова Нурпия өзінің қорғаушысымен құр сөзбен ғана қорғанды. Ешқандай дәлел мен фактілері жоқ. Қарасай ауданы әкімі орынбасарының «Договорларыңыз бар ма?» деген сұрағына «бар» деп жауап беріп, іс жүзінде көрсете алмай абдырап қалды. Құр айқайға салып, тығырыққа тірелген меншік иесі, рас па, өтірік пе, білмейміз, бәлкім бұл мәселеден шығу үшін ауырсынған кейіп танытып, «жедел жәрдем» қызметкерлерін шақырып, жиналыс болған кабинеттен шығып кетті. Ары қарай халық комиссия мүшелерінен құр уәде мен сөзді қойып, ауылға жаяу жүріп, жағдайды өз көздерімен көрулерін талап етті. Өкінішке орай, облыстан келген комиссия ауылға бармай,  айтылған кемшіліктерді көзбен көрмей, «тайып тұрды».

Жоғарыда атап өткен барлық басқармалар барған жоқ, кейбіреулері жарты жолдан тайып кетті, осыдан-ақ олардың жауапкершіліктерін түсіне беруге болады. Тек қана облыстан келген прокурор мырза бұл жағдайға бей-жай қарамай, халықпен бірге соңына дейін болып, барлық тіркелген заңбұзушылықтарды басшылық пен уәкілетті органдарға жеткізуге уәде берді.

 Қазіргі таңда Калелова ханым жарық беруден уақытша бас тартты. Ендігі кезекте тұрғындарды жарықпен қамтамасыз ету тікелей жергілікті әкімшілікке міндеттеліп отыр. Ал халыққа ендігі жерде күтуден басқа амал жоқ. Келген комиссия көп ұзамай бір нәтиже шығарар деген ойдамыз. 

 

 

 

Тағы бір келеңсіз жайттың беті ашылды

 

Біздің Кемертоған ауылында бұл күндері барлық су мұнаралары мен құдықтары жекеменшік иелерінің қолында. Рұқсатсыз құдық қазылды, кейбірі тұрғындардың есебінен, кейбірі өз қаражатымен скважина бұрғылап, суды сатып жатыр. Олар суды бұрғылау және сату жөнінде кімнен рұқсат алды? Олар техникалық ауызсу ретінде сатады. Бұл масқара емес пе?! Суға мемлекеттік меншік құқығын бұзғаны үшін айыппұл төлеп, жер қойнауын мақсатты пайдаланбағаны үшін жауапқа тартылмағаны жөнінде фактілер бар. Бұған не дерсің?! Жекеменшік иелерінің бұл жасағаны заңды ма? 

Кемертоған ауылы тұрғындарының мәселесі үнемі біздің газетіміздің назарында болады, халықты мәселеден хабардар етіп отырамыз.

Рауан Мутаир

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1138
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7183
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11044
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7247
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7394