Адамзатқа ортақ мекен – жер жұмыр,
Әр пенде үшін туын тігер нық тұғыр.
Отан, жерін қорғаймын деп мерт болып
Кеткен жоқ па қан майданда сан ғұмыр.
«Сөзде – жүйе, жерде – кие бар», – деген
Бұрынғылар жауға қылыш сермеген.
Үйде туып, түзде өлген боздақты
Туған елі таза арулап жерлеген.
Сонда туып, сонда басқан қадамын,
Жер әуелден тал бесігі адамның.
Бертінде ғой жер межесін белгілеп,
Әрбір елдің қойғаны ала бағанын.
Сызылса да көп елдің жер картасы,
Әркімге ыстық өз жерінің тау-тасы.
Отырғаны ел боп жеке әр ұлттың
Біле-білсек, осы жердің арқасы
Жері жоқ ұлт – жетімек жан баяғы,
Маңдайына тиген тағдыр таяғы.
Жалтаңкөз боп өткен елді бөтенге
Көзге ілмейді әлсіздер қыл аяғы.
Жерден қымбат ештеңе жоқ пендеге,
Ала алмайтын сатып пұлдап теңгеге.
Жер – барша елдің қазынасы, байлығы,
Оны сатса, үндемейін мен неге?
Жер қалған жоқ ешкімге де мұраға,
Ол деп төккен қанның құнын сұрама.
Жерсіз мына тіршілікте өмір де
Болмас еді-ау, миға салсақ, сірә да.
Жер ешқашан сатылмайтын құндылық,
Көтеретін көкке ұлттық ту қылып.
Жат пиғылдың тыю керек аранын,
Көкпарға сап жерді жүрген шу қылып.
Бойда барда ар-намысың, әл-күшің,
Ей, азамат, болмай жансыз тас мүсін
Елдігіңнің бас белгісі жеріңді
Баға жетпес зор құндылық деп түсін!..