Соңғы жылдары елімізде бала асырап алушылар саны артып, жетімдер үйі азайды. Мемлекет жетім балалар үйлерін жауып, отбасылық үлгіде тәрбие беретін мекемелерді көбейтуге мән бере бастады. Алайда аты өзгерген орталықтардың ішкі мазмұны өзгерді ме? Асыраушының қамқорлығына берілген қам көңіл балалар ананың аялы алақаны мен жылы құшағын аңсаған жанына жылу таба алды ма?
Елімізде жетім баланы бауырына басып, қамқор болғысы келетін жандардың көптігі қуантады. Бүгінгі таңда 4 000-нан астам отбасы бала асырап алу кезегінде тұр. Балалар үйінен кез келген баланы асырап алуға болады. Баланы асырап алудың патронат, қорғаншылық, қамқоршылық және толық асырап алу секілді түрлі құқықтық жолы бар. Қазақстандағы бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттіктің мәлімдеуінше, қажетті құжаттар тізімі электронды үкіметтің Egov.kz сайтында тұр. Барлық талаптарға сай болған бала асырап алғысы келген ата-анаға сот үкімі арқылы соңғы шешім қабылданады, яғни баланы алатын отбасы сот шешімі арқылы бекітіледі.
Мемлекет жетім балаларды «өзін толық адам ретінде» сезінуіне мүмкіндік беру үшін асырап алуға рұқсат етеді. Тағдырдың түрлі соқпағында ата-анасынан айырылған балалардың толық отбасында, мейірімге қанып өскені керек. Асырап алушы отбасы қамқорлығына алған балаға психикалық, физикалық, материалдық, рухани жағынан қолдау көрсетуге дайын болуы тиіс.
Қазір республикада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 23 063 бала бар, олардың 81,5%-ы асырап алушы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Статистика деректеріне сәйкес, 2011 жылдан бері елімізде 114 балалар үйі жабылған, яғни 10 жыл бұрынғы 210 жетімдер үйі 2 есе азайып, 96-сы ғана қалған. Бұл жетімдер үйін түгелдей жауып тастауды мақсат еткен еліміздің жетістігі. Балалар құқын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина балар үйінің азаюын балаларды қамқорлыққа алушылар санының артқанымен байланыстырады. Дұрыс, жетімдер үйінің азайғаны, тіпті болмағаны жақсы. Алайда асыранды баланың жан жарасын жазып алар ата-ана болу қолдан келе қояр ма екен?
«Жетім көрсең, жебей жүр» деп өсиет еткен халық үшін бір жетімнің болса да көз жасының құрғағаны құптарлық іс. Кез келген бала балалықтың бал дәмін сезіп, алаңсыз күлуге, бақытты болуға құқылы. Бірақ... Жетім балалардың да туа бітті мінезі, түрлі қылығы бар. Бәрі бірдей мейірімді, ақылды, көнбіс бола бермейді. Бала асырап алғысы келген жандардың ниеті дұрыс болғанымен, бір-біріне бөтен бала мен ата-ананың түсінісіп кетуі оңай емес. Мейірім мен сабыр, ізгілік пен парасат болмаса бәрі бекер. Өкініштісі кейбір ата-аналар асырап алған баласын балалар үйіне қайтадан апарып тастайды.
Тастанды тағдырдың талайына көніп, кері қайтқан балалар саны бүгінде барлық асыранды балалардың 20%-ын құрайды. Тіпті кейбір балалар мұндай ауыртпалықпен бірнеше рет бетпе-бет келетін кездері де болады. Мәселен Қостанай облысында апалы-сіңлілі екі қыз 10 жылда жеті мекеме мен екі отбасын ауыстырған. Шымкентте 1,5 жасар кезінде асырап алған баланы 16 жылдан кейін отбасы кері қайтарған. Онсыз да жаны жаралы баланың жүрегін қан жылатып, жетімдер үйіне қайта апарып тастаудың ауыртпалығын кез келген бала көтере алмайды. Психологиясы сыр беріп, жағдайы ауырлайтын жағдайлар кездеседі. Баланың болашаққа деген сеніміне сызат түседі.
– Өзін керексіз, қоғамға қажетсіз сезінген бала «туған ата-анам да, асырап алған ата-анам да менен бас тартты. Демек мен ешкім емеспін», – деп болашақ арманын жоғалтады, – дейді психолог Жаңагүл Тұрманова. Не істемек керек?
Мемлекет баланың отбасында өскенін қалағанымен, бір-біріне етене жақын болып кете алмаған бала да, ата-ана да психологиялық күйзеліске түсіп, қиындыққа тап болады. Адамның адамға деген сеніміне сызат түседі.
– Балалардың кері қайтарылуына көбіне асырап алушылардың психологиялық дайындығының жеткіліксіздігі себеп болады. Кейбірі «асырап алғаныма рахмет айтсын» деген оймен баладан қатаң тәртіп талап етеді. Балалар үйінде отбасы жылуынан жырақ, аурасы ауыр ортада өскен бала жаңа ортаға келген соң ерекше мейірім күтеді. Оларға үнемі жылы жымиып, түсіністік танытпаса болмайды. Сондықтан ересектер баланың жай-күйіне үңіліп, түсінуге тырысып, отбасына бейімделу жолындағы қиындықтарды еңсеретін жол табуы тиіс, – дейді балалар құқы-ғы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин.
Ересектер алдымен «баланы не үшін асырап алуым керек, жаны жаралы баланың жанын жадырата аламын ба?» деп өз-өзіне сұрақ қоюы керек. Ол үшін мемлекет қолдауымен «Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан құрылған «Бала асырап алу» жөніндегі ұлттық агенттікке жүгінуге болады. Сондай-ақ 2020 жылы «Неке және отбасы» туралы кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, бала асырап алуға ниетті ата-ана арнайы мектепте оқып, сертификат алуы және бала асырап алу агенттіктерінің тіркеуінен өтуі тиіс. Яғни арнайы мектепте оқыған ата-ана асырап алған баласының тарапынан туындайтын кез келген қиындыққа төзуді үйренуі керек. «Ана үйі» қоғамдық қоры өкілдерінің айтуынша, кеңес алуға келген ата-аналардың 50%-ы ғана ата-ана мектебінен өтуге келіссе, мектепте оқыған ата-ананың алғашқы жылдары 23%-ы ғана бала асырап алған. Қазір 53%-ы бала асырап алады екен.
«Бес саусақ бірдей емес», сол сияқты бала асырап алған ата-аналардың да ниет-пиғылы әр түрлі. Кейбіреулер баланы асырап алғаны үшін төленетін ай сайынғы ақшаға қызықса, кейбіреулер түрлі жұмысқа жегіп қоятын жағдайлар кезігіп жатады. Естеріңізде болса 7, 9 және 14 жастағы асырап алған балаларына кірпіш көтертіп, ауыр жұмысқа салған ата-ана Қылмыстық кодекстің 110-бабындағы 2-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды қинау) бойынша жауапкершілік арқалап, балалар кері қайтарылған болатын. Осындай жағдайлардан бірде-бір жетімдер үйі жоқ шетелдің тәжірибесіне үңілуге тура келеді. Баланы кері қайтару жөнінен Ресей – 10% болса, Еуропа елдері – 8%-ды құрайды. Ал біздің елімізде жоғарыда айтқанымыздай, бауырға басқан баланы өгейсітіп, кері қайтаратындар – 20%.
Министр Асхат Аймағанбетов: – «Біз 2022 жылдан бастап балаларды отбасына орналастырудың тағы бір балама түрін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіби немесе біз оны фостерлік отбасы деп атаймыз. Қазір бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге осы жұмысты талқылап жатырмыз. Жақын арада оны ұйымдастыра аламыз деп үміттенемін», – деді. Негізгі мақсат – жәутеңкөз жетімдерді қайта-қайта тастанды күйге жеткізбей, біржолата бақытты бола алатын ортада тәрбиелеуге басымдық беру.
– Фостерлік отбасылар арнайы дайындықтан өтеді. Бала бұндай отбасында өз ата-анасы басына түскен қиыншылықтан құтылғанша немесе жаңа асырап алушы отбасы табылғанша тұрады. Әрине әр балаға жеке-дара қамқорлық қажет. Сонда олар өздерінің керек екенін, қоғамда орны бар екенін сезінеді. Бала үнемі отбасының назарында және қамқорлығында болады. Бұндай отбасы мемлекетке жұмыс істейді. Бұл – өте тиімді әдіс, – дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.
Иә, түптеп келгенде әрбір бала мемлекеттің қамқорлығын сезінгені жөн. Ел тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта талай қаракөздеріміз мұхит асып, шетелдіктерге асыранды болды. Сол жылдары елімізде бала асырап алу жөніндегі 20-ға жуық шетелдік агенттік жұмыс істеді. Жетім балаларды елде қалдыру жөнінде бірде бір агенттіктің құзреті болмаған. Тек 2012 жылы ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексі күшіне енгеннен бастап елімізде бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болды. Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметі бойынша, соңғы 20 жылда 8963 бала шет ел отбасына берілген. 2019 жылы 8 бала шекара асса, 2020 жылы ешқандай бала шет елге берілмеген.
Жетім – елге аманат. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренер» дейді. Олар жыламасын десек, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мейірім мен қайырымға толы қасиетінен аттамай, бабалар аманатына адал болу парыз. Бастысы анасын бала іздеп аңырамаса, баласынан бас тартып аналар адаспаса екен дейміз.