Біраз жылдан бері проза саласына қалам тартып келе жатқан белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, біздің газетіміздің он жыл бойы Алматы облысында тілшісі болған Нұрила Дантайқызы Бектемірова 75 жасқа толып отыр. Әріптесіміз Нұриланы газет ұжымы мерейтойымен құттықтай отырып, өмірде сәттілік, шығармашылықта зор табыс, отбасына аман-есендік тілейді. Осындай қуанышты күндері жазушы апаймен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Нұрила Дантайқызы, ұзақ жылдар бойы проза саласында шағын әңгіме, новеллалар жазып келесіз. Оқырмандардың көңіліне қалай жол сала білдіңіз?
– Жұртшылықтың, оның ішінде оқырмандарымның ыстық ықыласына көп рақмет. Бұл мен үшін өте құнды әрі бағалы. Себебі әрбір жазушы-қаламгер өзінің оқырмандарымен қауышып, тығыз қарым-қатынаста болса, соғұрлым ақиқаттан алыс емес, көркем тілді, шынайы дүниелер жаза алады. Соңғы жылдары Астана қаласынан грантпен жарық көрген «Күн түнекті сейілтеді» және Алматы облыс әкімінің қолдауымен шыққан «Өмірдің өзі жазған әңгімелер» атты жинағымды кітапсүйер қауымның жылы қабылдағанын жақсы білемін. Жалпы осы әңгімелердің жазылуында да өзіндік бір мұң мен сыр бар. Естеріңізде шығар, бұдан біраз жыл бұрын көңілімізге қара түнек орнап, үй қамақта отырғанымыз, қаншама ғұлама адамдар, таныстар мезгілсіз келген қара індеттен өмірден көшкені әлі жадымызда. Өзекті өртеген өкініш пен шарасыздықты бастан кешірдік. Ажалсыз адам жоқ қой. Мені сол кезде қатты алаңдатқаны біраз жазылған әңгімелерім шашылып қалады-ау деген бір мазасыз ой еді. Бар күш-жігерімді жинап, ой көгінде шарықтап жүрген қиялдан емес, өмірден алынған оқиғаларды қағаз бетіне түсірдім. «Ауған солдаты» деген әңгімемнің баспасөз бетінде жарияланған күні-ақ бір ауған соғысына қатысқан әжептәуір жасқа келген жігіт ағасының менімен хабарласқаны таңғалдырды. Оқырмандар әңгіме оқиды екен-ау деп қалдым. Ол кісі тек қана хабарласқан жоқ, ақиқатты жазғаныңыз үшін Сізге алғыс ретінде бір жылқы атадым дейді. Бұл шағын ғана әңгімеге бір жылқы көп қой деген пікірімді білдірдім. Бірақ, көңілім өсіп марқайып қалдым. Маған материалдық емес, моралдық қолдауы жағы қатты әсер етті.
Кейін жиі-жиі Алматыға барып ем алуыма тура келді. Осындай күндердің бірінде бір хирург жігіт менің жазушы екенімді біліп, өз басында болған оқиғаны екі ауыз сөзбен айтып берді. Оның екі ауыз сөзі негізінде бір сәтте «Адамның күні адаммен» деген әңгіме өмірге келді. Естуімше, дәрігерлер қауымы түгел оқып, қатты риза болыпты. Айта берсем, жинаққа енгізілген әрбір әңгімемнің өзіндік жазылу тарихы бар. Барлығы дерлік өмірде болған оқиғалар негізінде өрілген. Сонысымен ерекше болып, оқырман жүрегіне жол салған шығар.
– Әдебиеттің сеңгірлі шыңына екінің бірі ту қадамайтыны анық. Өрнектелер өлеңнің нарқы өзге болса да, прозадай бекзат жанрдың мехнаты көп деп естиміз жазушылардан. Жалпы әдебиетке қалай келдіңіз, жазушылыққа қалай ойыстыңыз?
– Дүниеге шыр етіп келген әр адамның өзіне ғана тән белгілі бір әлемі болады. Ол әлемде тек өзің ғана өмір сүресің. Қуанасың, ренжисің, мұңаясың, жылайсың, күлесің, жұбанасың. Күнделікті өмірде кездесіп отыратын сан алуан жарық дүние суретін көңіл көзімен көріп, ой таразысына саласың. Жақсысы мен жаманын айырасың. Дұрысын, бұрысын зерделейсің. Жалпы жас күнімнен менің басты ерекшелігім кітапқұмарлығым болды. Қолыма түскен барлық ақын-жазушылардың шығармаларын күн-түн демей оқып, арман-қиял жетегінде жүретінмін. Быжы бекетінің ауыл кітапханасындағы екі мыңнан астам кітапты оқып, оқып қана қоймай, ондағы сан тақырыпқа өрілген оқиғаларды сарапқа салып, кейіпкерлерімен бірге күйзеліп, бірге қуанғанымды қайтерсің? Жалпы бір сөзбен айтсам, сауаттары шамалы теміржолшы Дантай әкем мен Уатай анамның тағылымды тәлім-тәрбиесінен басқа, мені ақын-жазушылардың шығармалары жақсылыққа үйретіп, жаманшылықтан жиретті десем, артық айтқандық емес. Қазіргі кезде шығармашылық кітаптардың бетін ашып қарамайтын кейбір адамдарға қарап, жаным ашиды. Күнделікті түйсіксіз, ойсыз, жүйесіз оқиғаларды жарнамалап, көз алдарына дайындап әкеліп көрсететін смартфондардан олар қандай тағылым алады? Жұдырықтай құрал ішіндегі дүниелер жастарды ойлау қабілетінен, тұжырымдама-қорытындылар жасаудан айырып, уландырып жатыр емес пе? Әрине, бұл жөнінде пікірталастар жетерлік. Бұл бөлек әңгіме екені белгілі.
Жас күнімнен бастап сансыз дәптерлердің бетін шимақтағаным анық. О баста өлең құрастырдым, әзіл-сықақ жаздым, сол кездегі «Ара» журналының бәйгесін жеңіп алдым. Одан келе новелла, әңгіме жаздым. Сол жылдары «Лениншіл жас» газетіндегі «Өмірдің өзі новелла» деген айдармен талай деректі дүниелерім жарық көрді. «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында шағын әңгімелерім жарияланды. Баспасөз саласы мен үшін нағыз мектеп болды.
Жан дүниеңдегі туа біткен дарын ешқайда көшпейді де, өшпейді де екен. Қызметтен, отбасылық өмірден қолым сәл қалт етсе ойымда көлкіп жүрген дүниелерімді қағаз бетіне түсіріп жүрдім. Ол кезде кітап шығару бір қиямет-қайым еді. «Ұялған тек тұрмас» деген әзіл-сықақ әңгімелерім сонау Москвадан мақұлданып, «Жалын» баспасынан жарық көрді. «Тамаша» әзіл-сықақ театрында екі-үш қойылымдарым қойылды. Бір сөзбен айтсам, еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуі қаламгерлер үшін бір сара жол ашты. Кеңес заманындағы «ананы жазба, мынаны жазба» деген шектеулер тоқтатылып, шығармашылықпен айналысатындарға бір кең тыныс ашылды. Көп жылдардан кейін алғашқы жинағым сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың қолдауымен «Нұрлы өмір – сырлы өмір» деген атаумен «Арыс» баспасынан жарық көрді. Ол кісіге қатты ризамын. Бір сәтте таралып кеткен бұл жинағымды оқырмандардың жылы қабылдауы мені шексіз қуанышқа бөледі.
– Қазақ әдебиеті әлемінде өзінің сүрдек-сүрлеуін салған Нұрила апайымыз бүгінгі таңда қандай шығармалар жазып жатыр?
– Менің, жаңа айтып өткенімдей, хикаят-әңгімелерімнің негізі өмірден алынады. Қазіргі кезде «Өмірдің өзгермейтін жұмбағы» деген хикаяттың жобасын жазып қойдым. Бұл шығармамның кейіпкерлері өмірде болған, жанымда жүрген достарым еді. Амал нешік, екеуі де өмірден көшіп кетті. Бұл дүниедегі жұптық ғұмырлары, махаббаттары о дүниеде де жалғасқан шығар, кім біледі? Алайда олардың боямасыз өмірі, өзара таза сүйіспеншіліктері, сезімдері, адалдықтары, сыйласымдықтары мені еріксіз қатты толғандырды. Сондықтан бүгінгі күні сүйіп қосылып, ертеңіне сәл қиыншылықтың ала бұлты бастарына үйірілсе ажырасып кетіп жататын жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен осы шығармамды жаздым.
Жалпы отбасылық драмалар бұл өмірде жетерлік. Жасыратын несі бар, ұлдың да, қыздың да тәрбиесі «өзімбілемдік» деңгейде екенін көзіміз көріп, біліп жүрміз. Байлық пен барлықты елпектеткен уақыт жастарды «бақай есептілікке» үйретіп жатыр. Қазіргі кезде «агашкалардың» жетегінде жүрген қыздар мен екі жеп биге шыққысы келетін, оңай олжа іздеген жігіттердің бар екенін айтып жаңалық ашқым келіп отырған жоқ. Мен өзім жазған барлық қамшыбасар-тұжырымдарымда айтудан бір шаршап көрген жоқпын. Біз мынандай кең-байтақ жер көлемін иеленіп отырған қазақ деген өте аз ұлтпыз. Ұрпағымыздың ұлағатты, білімді, ілімді, қыздарымыздың инабатты, ізетті, әдепті болуы үшін бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Әрине, біздің елімізде бай мен кедейдің арасы алшақтап кетті. Бұл өзінше бір бөлек тақырып.
Тағы бір шығармам «Жазықты-жазықсыз» деп аталады. Бұдан бірер жыл бұрын «Qazaqstan dauiri» газетінің тапсырмасымен Боралдайдың маңында орналасқан әйелдер жазасын өтеп жатқан колонияға барған едім. Ондағы көрікті қыздар мен жап-жас әйелдерді көріп, жаным шошыды. Бәрінен бұрын заңды белінен басып, қылмысқа барған қазақ әйелдерінің қарасының көп екенін көріп, көңілімді қандай қара түнек басқанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көптеген іс құжаттарымен танысып, олармен әңгімелескенімде көп жағдайда отбасылық драмалар салдарынан қылмысқа барған әйелдердің өкініштерін, қайғы-мұңдарын естіп жағамды ұстадым. Қазақтың талай нәзік жанды әйелдері бала сүйіп, ұрпақ тәрбиелеудің орнына темір тордың арғы жағында өздерінің біліп, білмей жасаған қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатыр екен. Бұл қоғамның емдеуі табыла бермейтін дертіне айналғаны жаңалық емес. Олар жазасын өтеп шыққан соң қоғамдық ортада өз орындарын таба ала ма, жоқ әлде қара судың тұңғиығына батып кете ме, ол жағы кімге болсын беймәлім. Ал, менің шығармамда жазықсыз жазықты болып, жазасын өтеп шыққан әйелдің жолында кездескен қиыншылықтарын жеңіп, өзін-өзі жоғалтпағаны туралы сюжеттер жетерлік. Бұл қылмыс жасаған әйелдердің жиынтық образы ретінде берілген, адам қандай жағдайда болса да адам болып қалуы керек деген түйіні бар дүние.
Тағы бір айта кетейін дегенім, жуырда «Өткен жылдың жаңа әндері» атты жыл қорытындысында мен мәтінін жазған «Жетісудың бір қызымын» атты ән ерекше аталып, сыйлық алдық. Әннің әуенін жазған қазақтың тамаша талантты сазгері Серікжамал Әжібекова. Жалпы бұл сазгер шығарған туған ел мен жерге арналған отансүйгіштік әндер республика, облыс көлемінде кеңінен танымал. Оның ішінде «Батыр аға – Нұрмолда», «Туған елдің Қалқасы-ай» және тағы басқа әндердің сөзін жаздым. Ал, Жетісудың атақты сазгері Әли Алпысбаевтың көрермен тыңдаушылар арасында ерекше бір ыстық ықыласқа ие болған «Досым», «Қазағым», «Көгілдір Көксу», «Ай күнім», «Ана туралы баллада» және тағы басқа әндерінің мәтіндері де менің қаламымнан туған. Үш ән республикалық байқауда лауреат атанды. Әрине, бұл барыста ерекше айтарым менің емес, сазгерлердің еңбегінің жемістері дер едім. Олардың көрермен халық үшін жазған сазды әуендері әрдайым Жетісудың төрінде шалқи берсін!
– Басылым беттерінен, порталдардан Сіздің заман, ұлы үдерістер туындатқан келеңсіздіктерге, кереғар жайттарға батыл үн қатып, азамат әрі қаламгер ретінде жанайқайыңызды ашық айтып келе жатқаныңызды оқып-көріп отырамыз. Айта алмаған, жаза алмаған шындықтарыңыз бар ма?
– Әрине, өзім он жылдан артық қызмет атқарған «Қазақстан-ZAMAN» газеті бетінде әртүрлі қоғамда болып жатқан кереғар жайттарға байланысты 50-ге жуық «Қамшыбасар- тұжырымдарым» жарық көріпті. Ар жағын айтпағанда, осы бірер жыл бұрын болған Қаңтар оқиғасы ақыл-есі сау адамның да қабырғасын қайыстырып кеткені ақиқат. Қатты қынжылдық. Мен қазақ жастарына сенемін деген тұлғалардың сөзіне ден қойып, іштей қуанып жүретінмін. Алайда, көрінгеннің қолшоқпарына айналған біраз жастарды көргенде көңілім су сепкендей басылды. Ешкім олардың ауызын жауып, қақпақ бола алмайды. Айтсын, сөйлесін, олардың құқығын ешкім шектемейді. Олар үшін ақпарат құралдарының да есігі айқара ашық қой. Ал, ғимараттарды қиратып, өртеу, мүліктерді тонау алаңға барған көптеген қазақ жастарының атына кір келтірді емес пе? Айта алмаған, жаза алмаған шындығым да бар. Ел шетіне жау келсе жайдақ атқа мініп шабатын талай жастарымыз бір сәтте қалайша ақылдарынан «адасып» қалды? Бұл оқиғадан дұрыс қорытынды жасау қоғамның алдағы міндеттерінің бірі болуы тиіс.
– Журналист, аудандық кеңестің депутаты болып еселі еңбек еттіңіз. Мемлекеттік қызметтің салмағы ауыр. Сіздің шығармашылығыңызға журналистік жол, депутаттық қызмет сынды дүниелер кері әсерін тигізген жоқ па?
– Ақиқатын айтсам, депутат болып сайлануым лауазымды қызметім үшін қажет болды. Он жеті жыл сайланбалы орын, таратылғанға шейін атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқардым. Ондағы қол жеткізгенім барлық отырыстар мен сессиялардың қазақ тілінде өтуіне ықпал еттім. Одан кейін аудандық әкімі аппаратында жалпы бөлім бастығы қызметін атқардым. Ісқағаздарын қазақ тіліне көшіруде менің үлесім зор болды. Жалпы 40 жыл бір мекемеде табан аудармай қызмет атқарыппын. Сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Менің шығармашылығыма депутаттық қызмет те, журналистік қызмет те жақсы ықпал етті деп толық айта аламын. Себебі менің жұртшылықпен тікелей қарым-қатынасым болды. Мен өзімді сол қараша халықтың бірімін деп санадым. Олардың алдына түсіп озбадым, жолдарын кесіп өтпедім. Үлкенді сыйладым, кішіге құрмет көрсеттім. Болмысымда тәкаппарлық деген мінездің жұрнағы да жоқ. Өзгерген жоқпын. Әлі де сол қалпымдамын. Оны барлығы біледі.
– Сізді не алаңдатады, қандай дүние күйіндіреді? Қандай игілік марқайтып, жан дүниеңізге тыныштық әкеледі?
– Мені кейде күйіндіретіні: неге біздің қазақ ұлты бір-біріне алакөз болып, ауызбірліктері азайып барады? «Жау жоқ деме, жар астында» дейді атамыз қазақ. Жастарымыздың бойына туған елге, жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру үшін не істеу керек? Қазақ тілі қазаққа ғана керек, қазақ ұлты ешқашанда орыс немесе неміс бола алмайды деген қағиданы біз қашан түсінеміз?! Сыбайлас жемқорлық пен бармақ басты, көз қыстылық, парақорлықты неге қоғамнан алыстата алмай дал болып отырмыз? Қазақта «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген сөз бар. Батпандап кірген жаман әдет-қылықты қасықтап шығара алмай отырғанымыз ақиқат қой. Көңілім осыған алаң. Адал жолмен мал тауып, күн көруге болатынын қараша халық дәлелдеп отыр ғой.
Неғылса да үміттің сәулесін өшірмейік. Жаңа Қазақстан еліміздің төріне береке-бірлік, мол нәсіп, тыныштық, бейбіт өмір әкеледі деген бір игілікті сенім көкжиекке тігілген Көк туымыз бар. Атамыз қазақ екені рас болса, біз бәрін жеңе білеміз! Әлі күнге шейін балалықтан арылмаған көңілім мынандай жыр жолдарын жазды. Әрі әуен болып шырқалып кетті...
– Өмірім – әнім,
Өнерім – сәнім,
Сезімім – сырым,
Жүрегім – нұрым,
Көгімде – жырым,
Көңілім – жаным,
Туған ел, саған
Арнадым бәрін.
– Емен-жарқын, бүкпесі жоқ әңгімеңізге көп рақмет!
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ