Жиддадағы басқосу қандай түйінді шешті?

Жиддадағы басқосу қандай түйінді шешті?

Қазақстанның  ұстанымы – бейбіт келіссөздер

 

Сирия жерінде ішкі тұрақсыздық басталған сонау 2011 жылдан бері қарай қазақ елі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге үндеп келеді. Бажайлап қарасақ, сонан бері қарай жауласқан, дауласқан тараптарды бір үстелдің басына жинап, өзара бітімге келуге шақыру жағында Қазақстан нақты қадамдарға көбірек барғаны белгілі. Оның бір айғағы – Әлемдік гео-саясат тарихында Астана процесі деген атпен қалған диалог алаңы болмақ. 2017 жылы қазақ елі «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Тұрақты емес мүше» деген статусты қабылдады. Әрине, оның барлығы да Қазақстанның әлемдік аренадағы бейбітшілікті жақтайтын ұстанымын, шынайы істерімен дәлелдей білгенінің арқасында келген абырой еді. Ал, Таяу шығыстағы тұрақсыздықтарды реттеуге келгенде қазақ елі өз астанасын диалог алаңы ретінде ұсынды. 2015 жылы Сириядағы оппозициялық топтар Астанаға жиналыс өткізді. Бұдан бөлек қазақ елі қаржысы мен гуманитарлық көмегін де аяған жоқ. Яғни Қазақстанның жаһандық бастамалары дейтін үлкен тақырыптың астында осындай істер атқарылып жатқан еді... Сирия жөніндегі 22-ші халықаралық кездесу Астанада 2024 жылы өтті. Барлығында бір мақсат еді. Ол – Сириядағы дағдарысты шешіп, Таяу Шығыстағы гуманитарлық жағдайды қалыпқа келтіру.

Енді әуелгі сөзімізге қайтып оралайық. 2025 жылғы 7 наурызда – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Сауд Арабияның Жидда қаласына ат басын тіреп, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің Палестина мен Сириядағы жағдайға арналған төтенше сессиясына қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ-ның баспасөз қызметі хабарлады. «Іс-шараға қатысушылар қазіргі геосаяси жағдайды, ислам әлемі бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер мен қауіптерді талқылады, сондай-ақ Газа секторын тез арада қалпына келтіру және Сириядағы жағдайды тұрақтандыру қажеттігін атап өтті. ҚР СІМ басшысы өз сөзінде Қазақстан Сирия дағдарысына басынан-ақ жіті назар аударып, Астана процесі аясында келіссөздер алаңын қамтамасыз еткеніне назар аударды. «Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді Сирия халқының мүдделерін ескере отырып, Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін белсенді қадамдар жасауға шақырамыз», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Палестина мәселесіне қатысты ең өзекті мәселенің ХАМАС пен Израиль арасындағы тұрақты атысты тоқтатуды қамтамасыз ету екені баса айтылды. Қазақстан екінші кезең бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер бейбітшілікке, қауіпсіздікке, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларының негізінде Палестина мемлекетін құруға жол ашады деп үміттенеді. Іс-шара мұсылман елдерінің Палестина және Сирия халықтарымен ынтымақтастығын, сондай-ақ өңірдегі жағдайды тез арада реттеу үшін белсенді әрекетке ұмтылуын көрсетті.

Осылайша қазақ елі өзінің барлық қақтығыстар мен қайшылықтарды бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Шындығында да қанды қасап қырғында, қару-жарақ сататын санаулы елдерден басқа ешкімнің пайда таппасы белгілі.

 

Талқыға түскен түйіндер

 

Жиддадағы кезекті жиналыс Таяу шығыс елдерінің БАҚ-тарындағы өте-мөте басты жаңалықтардың біріне айналды. Біз өз тарапымыздан, Саудия сайттарында жарияланған жаңалықтардан соқалап отырып түсінгенімізді оқырмандарға айта кетуді жөн көрдік. Жиналыста ИЫҰ-ның бас хатшысы Хусейн Ибрахим Таха баяндама жасаған. Ол сөйлеген сөзінде Палестина халқының өз жерлерінде қалу құқығын қолдаумен қатар, Араб Лигасы саммитінде қабылданған Газа секторының қайта құру жоспарын да қолдайтындықтарын білдірді. Бас хатшы Таха бұл жоспардың Израиль мен Палестина екі мемлекеттің де қолдауына ие болу үшін, ықпалдастырылған саяси және экономикалық жол шеңберінде барлығынан қажетті қаржылық және саяси қолдауды жұмылдыруды талап ететін ортақ және шынайы көзқарас екенін атап өтті. Әрі Израильдің қабылданбайтын әрекеттері мен палестиналық босқындар ісін жою талпыныстарының қауіптілігі туралы ескертті. Бас хатшы Таха Газада тұрақты атысты тоқтатуға, Израиль күштерін бүкіл Газа секторынан шығаруға және гуманитарлық көмек жеткізу және босқындардың үйлеріне оралуына көмектесу үшін күш-жігерді арттыруға шақырды. Таха сонымен қатар Палестина Үкіметіне өз міндеттерін орындауға мүмкіндік беруді, Палестина жерлерінің, соның ішінде Газа, Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимнің бірлігін сақтауды, шұғыл көмек көрсетуді, экономиканы қалпына келтіру және қайта құру бағдарламаларын жүзеге асыруды және палестиналықтарды халықаралық қорғауды талап етті.

Палестина премьер-министрі және Сыртқы істер министрі Мұхаммед Мұстафа Палестинадағы оқиғаларды талқылау үшін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесі ұйымдастырған Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысында сөз сөйледі. Мұстафа Палестина Үкіметінің халықаралық ұйымдардың қолдауымен қайта құру жоспарының орындалуын қадағалайтын және үйлестіретін тәуелсіз қайта құру органын құратынын және бұл органның қаржылық және әкімшілік жағынан тәуелсіз болатынын, білікті тұлғалар кеңесі басқаратынын және оның есеп-шоттары ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес қаржылық тексеруден өтетінін айтты. Премьер-министр Мұстафа Газаны қайта құру жоспарын араб және ислам елдерінің ортақ жоспары ретінде қабылдауға шақырды.

Мұстафа жоспардың сәтті болуының Израильдің шабуылдарын тоқтатуына, қоныс аударғандардың қайтарылуына, Израиль әскерлерін шығаруына, шекара қақпаларының ашылуына, атысты тоқтатудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, құрылыс материалдары мен қажетті құрал-жабдықтардың кіруіне рұқсат беруіне, сонымен қатар қаржылық қолдау көрсетуіне байланысты екенін атап көрсетті. Мұстафа Газаны қайта құру жоспарының сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтіндерін білдіріп, бұл жоспардың Газа мен бүкіл Палестинаға қайта құрудың негізін салумен қатар, Израильдің бұғауынан құтылып, тәуелсіз Палестина мемлекетін құрудың негізін қалайтынын айтты. Министр Мұстафа Ислам ұстанымының бірлігі Палестинаға ұжымдық міндеттеме екенін және Израильдің менмендігіне қарсы тұру және аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде тиімді құрал екенін баса айтты.

Мұстафа сонымен қатар Газа, Батыс Шерия және Иерусалимдегі палестиналықтардың Палестина жерлерін басып алған израильдіктердің артып келе жатқан лаңкестік әрекеттерімен, сондай-ақ Израильдің жүйелі шабуылдары, мәжбүрлі қоныс аудару, этникалық тазарту және киелі жерлерге үздіксіз шабуылдарымен бетпе-бет келгенін атап көрсетті. Премьер-министр Мұстафа палестиналықтар өздерінің заңды құқықтарына, атап айтқанда, астанасы Иерусалим болатын өз жерлерінің толық егемендігіне қол жеткізгенше Израильге қысымды күшейту және Израильге саяси, дипломатиялық, құқықтық және экономикалық қысымды арттыру үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге шақырды.

 

Газаны қайта құру жоспары мақұлданды

 

Жиддадағы кезекті жиында 4 наурыз күні Каирде өткен Араб Лигасы саммитінің нәтижелері мен Мысыр дайындаған Газаны қайта құру жоспарының қабылдануы туралы шешім қабылданды. Бұл қарар халықаралық қауымдастық пен аймақтық және халықаралық қаржы институттарын жоспарға қажетті қолдауды тез арада беруге шақырып, Палестина халқының мемлекет құрудағы заңды ұмтылыстарын жүзеге асыру үшін тұрақты және әділ шешімге саяси жол ашудың маңыздылығын атап өтті.

Қазір әлемде Газаға арналған жоспарлар бір-біріне кереғар екі бағытта айтылып жатыр. Оның бірі Газаны қайта құру, босқындардың өз жерлеріне қайта оралып, туған жерлеріне ту тігуін  қолдайтын жоспар болса, екіншісі АҚШ президенті Дональд Трамптың Газаны АҚШ бақылауына алуы туралы «басқаша» жоспар еді. Трамп 2025 жылы 4 ақпанда Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында АҚШ-тың Газа секторын «басып алатынын» және оған «иелік ететінін» айтып еді. Газаның қазір толығымен жойылатын аймақ екенін айтқан Трамп Газадағы палестиналықтардың көрші елдерге, әсіресе Мысыр және Иорданияда салынатын жаңа қоныстарға көшуінің әлдеқайда жақсы болатынын алға тартты. АҚШ президенті Трамп сонымен бірге «Газаны Таяу Шығыстың Ривьерасына айналдырғысы келетінін» мәлімдеді.

Ал, 4 наурызда Мысыр астанасы Каирде Араб Лигасы өткізген кезектен тыс Араб Лигасы саммитінде қабылдаушы ел палестиналықтарды өз жерлерінен ығыстырмай, Газа секторын қайта құру жоспарын ұсынды және мүше елдер оны қабылдады.

ИЫҰ-ның кезекті жиналысында сөз сөйлеген Мысыр Сыртқы істер министрі Бадр Абдель-Ати араб жоспарының қабылданғанын жоғары бағалап, отырыстан кейін келесі қадамның бұл жоспарды Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей және Қытай сияқты халықаралық тараптар қабылдайтын халықаралық бағдарламаға айналдыру екенін айтты. Абдул Ати: «Бұл біз жұмыс істейтін бағыт және біз барлық тараптармен, соның ішінде Америка Құрама Штаттарымен байланыстамыз», – деді.

PS: 4 наурыз күні Каир қаласында Араб лигасының кезекті саммиті өткен еді. Онда  Газада ұзаққа созылған атысты тоқтатуға қол жеткізу және Израильдің аймақтан толық шығуы үшін Газадағы атысты тоқтату келісімінің орындалуын аяқтау мәселесі сөз болған еді. Саммитте Мысыр әзірлеген Газаны қалпына келтіру жоспары қабылданды. Жоспарда палестиналықтарды ешқайда көшірмей-ақ қираған аймақты 5 жыл ішінде қайта құру керек деген тармақ бар еді. Жобаны жүзеге асыру құны мөлшермен 53 миллиард долларды құрайды. Алайда Израиль мен Америка Құрама Штаттары бұл жоспардан бас тартқандарын жариялап, АҚШ президенті Дональд Трамптың жоспарында табандылық танытатындықтарын мәлімдеді.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
13.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕ
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі - 01.04.2025 142
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
Жамбыл облысы әкімдігі - 01.04.2025 192
ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 66
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ  ТӨЛЕБИЛІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 245
ШАРДАРАЛЫҚ ЗІЛТЕМІР ШЕБЕРІ ТҰҢҒЫШ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 54

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 3570
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 3778
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 18700
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 17384
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 20805