Жолдауға шынайы қолдау керек

Жолдауға шынайы қолдау керек

Президентіміз жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын тағы да жолдайды. Жолдауда,  әрине,  ел экономикасын көтеру,  шикізат өндірісі мен отандық өнім өндіруді ұлғайту,  ел экономикасына инвестиция құю, шетелдік инвесторларды тарту,  ауылшаруашылық мәселелерін шешу, әлеуметтік проблемалар, экология мәселесі, құқық қорғау мен сотқа, ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселелердің,  жалпы елдің саяси-экономикалық,  қоғамдық, әлеуметтік  мәселелерінің бәрі айтылады.

Одан басқа Қазақстанға АЭС салу,  соған байланысты референдум өткізу,  аудандарда аудан әкімін сайлау мәселесі де сөз болды. Бірақ жыл сайын Президент Жолдауы жолданады, жергілікті атқару және өзін-өзі басқару органдарына нақты тапсырмалар қойылады. Солар орындалып жатыр ма? Ол тапсырмалар қатаң түрде орындалып жатса, неліктен барлық салада жылдан-жылға дамудың орнына кері кетіп, құлдырап барамыз? Неліктен елімізде заңдылық сақталмай, жең ұшынан жалғасу тыйылмай, зардабын қарапайым халық тартып отыр? Неліктен осы Жолдауда жолданатын жақсы тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынбай,  сиырқұйымшақтанып,  жергілікті облыс,  аудан әкімдері «жергілікті  жерде өздері патша,  өздері Құдай» образына кіріп, қоғамда әділетсіздік орнатып отыр? Олар Президентке бағынғылары келмей ме, әлде Президенттің беделін түсіру үшін Президент тапсырмаларын орындауда керенаулық танытып отыр ма? Жергілікті орындардағы заңдылықтың сақталуын қадағалауға тиіс Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Прокуратура, Сот, Ішкі істер органдары неліктен жергілікті атқару органдары жол беріп отырған заңсыздықтарға көз жұма қарап, солардың жетегінде жүріп, өздері заңсыздық пен әділетсіздікке жол беруде?

Президентті біз қолдағанмен, жергілікті атқару органдары қоса қолдамаса, ешқандай жұмыс жүрмейді. Көптеген жерлерде Президент тапсырмасын орындауды талап етушілерді қудалау, қолдан интрига ұйымдастырып, сотқа сүйрелеу, әділетсіз сот шешімдерін шығару орын алып отыр. Оларды қорғайтын ешкім жоқ. Мұндайда халық кімге сенерін,  кімнен көмек сұрарын білмейді.

Қазақстанда АЭС салу мәселесін алайық. Әлеуметтік желіде халықтың біразы  қарсы болып жатыр. Осыдан бірнеше жылдың алдында АЭС мәселесі айтыла бастаған тұста «Қазақстанда АЭС-ты салуға 4 мердігер компания бойынша таңдау жүргізіліп жатыр. Олар: қытайлық CNNC, кореялық KHNP, ресейлік «Росатом» және француздық EDF» деген мәлімет таратылғаны есімізде. Дегенмен ел ішінде мұны қалайда ресейлік «Росатом» салады деген сөз көбірек айтылып жатыр. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Ресейдің көрші елдермен саяси-экономикалық қарым-қатынасын, көрші елдердің ішкі саясатына   араласып, тіпті, Ресей саясаткерлерінің Қазақстан тарихы,  қазақ халқы туралы айтқан келеңсіз сөздерін ескере отырып, Ресейдің Қазақстанда АЭС салуына қарсымын! Жоғарыда айтқанымнан бөлек,  соңғы отыз жылда жемқорлықтың шырмауына шырмалған Ресейде де Қазақстандағы секілді білімі мен ғылымы дамымай тұрған ел. Ертең олар салған АЭС жарылып,  апат болмасына кім кепіл? Ресейге АЭС салдыру бүкіл Қазақстанның тағдырын Ресейдің қолына ұстатып қою, қайтадан бодандықтың қамытын мойнымызға кию деп есептеймін! 

Жылдар бойы Ресейдің Украинаны өз дегенінен шықпайтын қылып, өзіне бағындырмақ болып, газбен шантаж жасағанын,  газды біресе беріп, біресе бермей,  біресе бағасын көтергенін ұмыттыңыздар ма? Ресей саясатының аяғы неге соқты?  Агрессиялық соғыс деген бір-ақ ауыз сөз. Бір ауыз сөз болғанмен, артында қаншама өмір, тағдыр,  қирау,  жетімдік тұр. Ойланатын мәселе. Ертеңгі күні ол АЭС-ке жөндеу қажет болса да Ресейдің аузын арандай ашатыны түсінікті. Бұл болашақ ұрпаққа қалдыратын үлкен бас ауру болмақ. 

Егер ғылым-білімі, экономикасы дамыған, басқа елді экономикалық жолмен бағындыру саясатын ұстанбайтын елдердің Ұлттық компаниялары салатын болса, өз басым қарсы емеспін. 

Кейде жергілікті атқару органдары алақандай аудан орталығын қоқыс пен арам шөптен арылта алмай, қаланың тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын санитарлық-гигиеналық талаптарға сай ұстай алмай отырғанда Қазақстан АЭС  жұмысын жолға қойып,  жүргізе ала ма деген күдік те көңіл түкпірінде жатқаны жасырын емес. Біз,  ауыл тұрғындары, елде жүріп жатқан өзгерістер мен жұмыстарға өз ауданымызда жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарап баға береміз. «Қазақстанда әділдік бар ма? Жоқ,  өйткені ауданда әділдік жоқ. Қазақстанда жемқорлық азайды ма? Жоқ,  өйткені ауданда жемқорлық азайған жоқ. Қазақстан дамып келе ме? Жоқ, керісінше, өйткені ауданымыз тозып барады»  деген түсініктеміз. Себебі еліміздегі әр адам әділдікті,  заңдылықтың сақталуын сезініп,  өзі тұратын жердің дамуы мен көркеюін көргенде ғана Қазақстанның дамып,  әділетті,  заңды қоғам орнай бастағанына сенеді.

Ең алдымен ұсақ әкімшілік территорияларға іскер, адал, жұмыс ыңғайы мен заңдардың талабын орындай алатын, халықтың үнін ести алатын әкімдерді сайламай, елдің Қазақстанның бүгіні мен болашағы туралы түсінігін өзгерту мүмкін емес.

Сөз соңында билік орындарына бұрыннан айтып келе жатқан талабымды тағы да ескерте кетпекшімін! Халықтың үніне құлақ асыңыздар, (Президенттің «Халық үніне құлақ астатын мемлекет» Тұжырымдамасы көздеген мақсатына жеткен жоқ деп есептеймін) заң аясында жұмыс істеңіздер, жемқорлық пен сыбайластықтың, жағымпаздықтың тамырына балта шабыңыздар! Әлеуметтік наразылықтың соңы саяси наразылыққа ұласатынын ұмытпаңыздар! «Қаңтар оқиғасының» сұйық газдың қымбаттауына қарсы наразылықтан басталып, аяғы соны пайдаланған күштердің ықпалымен саяси наразылыққа әкелгенін есте сақтаңыздар! Соған дейін де әлеуметтік желі бетінде Премьер-министр Асқар Маминге қарата осы пікірімді талай жазған болатынмын. Халық үніне құлақ асатын Үкімет болса, мүмкін мен секілді талай адамның күн сайын айтып жатқан пікірлерін ойланар еді.

Ертеңгі Жолдауды асыға күтеміз. Сонымен қатар Президент Жолдауындағы тапсырмалардың орындалуына Президент Әкімшілігі мен Үкімет қатаң бақылау орнатады деп үміттенеміз... 

Шолпан ҒАББАСОВА, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы
04.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 41
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 572
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 686
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 600
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 609

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8746
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8146
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11375
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9129
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10360