Ғылым мен білім саласына баса назар аудару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айтыла бастағанына да бірнеше жыл өтті. Дегенмен сол мақсатты орындау жолында қатысты мекемелер сөзден іске көше бастағаны қуантады. Қазіргі таңда өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласындағы жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны нығайту жолында біраз шаруалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде аймақтардың экономикасының дамуына, студенттердің алаңсыз білім алуы мен өңірлік ерекшелікке ие мамандықтарды дамытуда мемлекеттің жолға қойып отырған жақсы мүмкіндігі дер едік.
Естеріңізде болса, былтыр қазан айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақмола облысына жұмыс сапары аясында аймақ басшылары мен активтері бас қосқан үлкен жиналыста аталған тақырып төңірегінде тұшымды ойларымен және болашақ жоспарларымен бөліскен болатын. Саясат Нұрбек мырза өз сөзінде өңірдің өз ерекшеліктеріне қарай мамандар даярлау еліміздің нақты жағдайына негізделген дұрыс шешім екендігін алға тартқан еді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға басымдық береді. Оны жергілікті өзін-өзі басқару мен әкімшілік жауапкершілікті едәуір кеңейтетін саяси-әкімшілік реформалар саласында жасалған қадамдардан байқауға болады. Бүгінде экономикалық және инвестициялық саясатқа емес, өңірлерге баса назар аударылады және жоғары білім беру жүйесі осы трендтермен үйлестірілуі керек. Сондықтан қазіргі кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі бірінші кезекте өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға, олардың әлеуетін арттыруға және өңірлерді дамытудағы рөліне басымдық береді. Өйткені күшті университет – бұл жергілікті экономика мен индустрияның дамуы байланысты болатын күшті кадрлар», – деді Саясат Нұрбек мырза.
Бұл еліміздің жоғары білім беру саласын дамытуға бағытталған стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады. Негізі, шетелдерде де осы тәжірибені басшылыққа алатыны бар. Мысалы шығыстағы көршіміз Қытай елінің Жыжияң провинциясы – елдегі ірі шай өндіретін орталықтардың бірі. Өлке орталығындағы Жыжияң университеті осы ерекшелікті пайдалана отырып, Шай факультетін ашқан. ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері керегесін кеңейте түскен бұл факультет Кеңестер одағы, АҚШ, Үндістан, Кения, Жапония қатарлы елдерге де талай мамандар даярлап берген екен. Қазір бұл факультет – әлемдік деңгейдегі Шай мамандығын оқытатын бірден-бір оқу орны. Мұндағы басты себеп те белгілі. Бұл аймақтың климаты жанға жайлы, егіс алқаптарында шайдың алуан түрі өсетін қолайлы ортасы болғандықтан, шай өндірісі жақсы дамыған өңір болып есептеледі. Өлке орталығындағы танымал оқу орны болып табылатын Жыжияң университеті осы ерекшелікке негізделе отырып, өздерінің брэндтерін қалыптастыруға көңіл бөлген. Онда шайды өсіру, баптау, жинау, өңдеу, нарыққа шығару, шаймен емдеу секілді сан-салаға бөлінген кафедралар жұмыс істейді. Біз бұл мысалды жәй ғана таңдап алған жоқпыз. Кәдімгі шайдың айналасында осыншама мамандықтарды оқыту естіген адамға таңданыс туғызуы мүмкін.
Факультетте бірнеше негізгі мамандық түрлері бар. Әрі олардың барлығы шаймен қатысты. Ол ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті, сауданы, әдебиетті, ғылымды, медицинаны және басқа пәндерді қамтиды және медицина, фармация, тамақтану, тамақ өңдеу, машина жасау, тарих, әдебиет және т.б. академиялық сипаттамалармен тығыз байланысты. Шайтану мамандығының зерттеу объектілерінің барлығы «шай» өсімдігінің төңірегінде шоғырланған деп айтуға болады. Шайдың кішкене бөлігінде 1000-нан астам биологиялық белсенді компоненттер бар екен. Шай өсіруден бастап өңдеуге, химиялық компоненттерді зерттеуге және шәйды кешенді пайдалануды зерттеуге дейін, сонымен қатар шай өнеркәсібінің экономикасы мен мәдени зерттеулеріне дейін кеңейген. Оның білім жүйесі пренатальды шайды қамтиды. Өндірістік және өндірістен кейінгі ауылшаруашылығы, оның өнеркәсіптік тізбегі, негізгі, екінші және үшінші салалар арқылы өтеді. Шайтану ғылымының мамандықтарына шай ағашының биотехнологиясы және ресурстарын пайдалану, шай химиясы және функционалдық құрамдас бөліктерін дамыту, шәй өндірісінің инженериясы және сапасын бағалау, шай өнеркәсібінің экономикасы мен мәдениеті кіреді. Сондықтан шайтану ғылымының зерттеу ауқымы өмір туралы ғылым, заманауи ауылшаруашылық ғылымы, ақпараттану, тамақтану, заманауи медицина және әдебиет сияқты көптеген салаларды қамтиды.
Міне, дамудың өзіндік жолына түсіп, әлемдік экономиканың көшбасшылығына таласып отырған Қытайда оқу орындары осылай дамып жатыр. Бұл мысалды келтірудегі мақсатымыз да түсінікті деп ойлаймыз. Қазір мемлекеттік саясаттың негізі бір бағыты ғылым мен білім саласына арналып отыр.
«Кадрларды даярлау жүйесін жергілікті қажеттіліктермен синхрондау керек», – дейді министр мырза. «Оны жүзеге асырудың нақты құралы бар – өңірлік Мамандықтар атласын дайындау. Идеясы өте қарапайым: өңірдің жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау жүйесі белгілі бір саладағы экономика құрылымына сәйкес келуі керек. Мысалы, Ақмола облысы. Бұл – индустриалды-аграрлық өңір. Астық өндіру, етті және сүтті ірі қара мал өсірумен және азық-түлік өндірумен қатар, облыста уранды байыту, алтын өңдеу және машина жасау салалары дамыған. Туризм саласында айтарлықтай өсім байқалады», – деді министр. «Мұндағы тілге тиек болған мамандықтар әуелі жергілікті жоғары оқу орындарында дайындап, талапкерлер облыстан тыс жерлерге кетпесе, қажетті білімді осында алып, тиісті жұмысқа орналасса, бұл дұрыс болар еді», – деген ой айтады Саясат мырза. Дегенмен өңірлік ерекшелікке ие мамандықтарды дамытуда тек қана сол аймақтың түлектерін қабылдай беру де жарамайтындығын айта кетер едік. Мұнда өзге аймақтардан да талапкерлер келіп оқуы тиіс. Бастысы сол сала, аталған аймақта жақсы дамыған, білім беру жүйесі мен практикалық базасы қатар дамығандығын еске ұстаған жөн. Мысалы Маңғыстауда бидайдың тұқымдарын зерттеуге көңіл бөлгеннен гөрі, мұнай, теңіз, балық шаруашылығы, кен өңдеу саласына басымдылық берілгені жөн. Алайда аграрлық саланы тастап қоюға да болмайды. Бұл салаға қажетті мамандар Көкшетауға келіп білім алып, қайтып барып, жергілікті жердің жағдайына қарай зерттеулер жасап, өндірісті қолға алса құба-құп болар еді.
Саясат Нұрбек өз сөзінде Павлодар облысында жүзеге асқан тәжірибені тілге тиек етті. Павлодар облысында кәсіби-техникалық білім беру деңгейінде сынақтан өткізілген өңірлік Мамандықтар атластарын әзірлеу жобасы аясында Ертіс-Баян өңірінде кешенді жұмыстар атқарылып жатыр екен. Қазір облыстың оқу орындарында аймақта сұранысқа ие 40 жаңа мамандық анықталған. Осы 40 мамандық бойынша колледждерге арналған 25 жаңа оқу бағдарламасы әзірленді, олар бойынша 15 колледж студенттері білім алып жатыпты.
Негізі біздің елде мұндай тәжірибе мүлде жоқ деуге келмейді. Мысалы Атырау облысында мұнай саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орындары өнімді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ендігі жерде шетелдердің ЖОО-ларының бөлімшелерін елімізде ашуды ортаға қойып отыр. Бұл өз кезегінде жастардың Қазақстан аумағында жүріп-ақ әлемдік деңгейдегі оқу орындарының білімін иеленуіне таптырмас мүмкіндік дер едік.
Қазақстан аса ірі аграрлық мемлекет есептеледі. Ендеше, осы салаға қажетті мамандарды даярлауда агро-техникалық оқу орындарына басымдылық беріде бастағаны белгілі. Бұл бастамалар алдағы уақытта өз жемісін беретін болады. Бұдан тыс мұнай-химия өнеркәсібі, геология, кен байыту салаларын дамыту да мемлекеттің стратегиялық жоспарларының қатарында тұр. Осылайша кең-байтақ даламыздың әр өңірінде, өзіндік ерекшелікке ие даралығы бар мамандар дайындайтын оқу орындары біртіндеп қалыптасатын болады. Бұл болашақтың биігін бағындыруға деген алғашқы қадамдар жақсы нәтиже береріне сенім мол.