Журналист болғым келеді

Журналист болғым келеді

 

         Болашақта кім боламын? Үлкен өмірге аяқ басатын кезім келіп жетті. Осы сәтте жасаған таңдауым  алдағы өмірімнің, жарқын болашағымның кепілі болады емес пе?! Олай болса, салғырттыққа жол жоқ. Саналы жан ретінде, кім болғым келетінін таңдау, мені  өзгелер секілді сан толғанысқа түсіріп, әуре-сарсаңға салмады. Себебі  кім болғым келетінім анық: таңдауым – журналист мамандығы. Иә, иә, мен үшін олар – халықты ақиқат ақпаратпен қамтамасыз ететін, жаңалықтың жаршылары! Болашаққа бағдар беретін арманымды тұрақты мақсатқа айналдыру жолында әрекеттерімді бастап-ақ кеттім. Жоспарлы түрде межелі мақсатқа жеткізетін жобаларымды ойластырып, ізденіп, мектеп өміріндегі атқарылған істер, жүзеге асырылған шаралар туралы жазып, іздену үстіндемін.

       Журналистика  мықтылар майданы. Журналист болуды әркім-ақ арман етуі мүмкін. Ал нағыз журналист болу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол тынымсыз еңбек, үнемі білім жетілдірумен бірге арнайы кәсіби толысуды талап етеді. Бүгінгі заманды ақпарат алмасусыз елестету мүмкін емес. Ал ақпаратты құр біліп немесе қолданып қоя салмай, оны талдап, мәні мен маңызын зерттеп-зерделеп барып ұсыну керек.  Мәнді ақпарат  – қоғам мүшелерінің саналы тіршілік етуіне бағдар беретін өзектілігімен, идеялық тереңдігімен айқындалатын дерек, мәлімет, шынайы пікір, толғамды тұжырым. Ақпаратты сұрыптап, жауапкершілікпен қолдану ерекшелігін ескерер болсақ, журналистика саласының жоғары қажеттілігін бірден түсінеміз.

Журналистика ұғымының алғаш рет Францияда пайда болғаны тарихтан белгілі. Кейіннен бұл сала көпшілік үшін маңызды саналып, қоғамдық сананы дамыту құралына айналды. Қазақ даласына журналистика XIX ғасырда енді. Сол кезеңде ағартушылықты мақсат еткен қазақ зиялылары – Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсариндер ұлттық баспасөздің іргетасын қалаушылардың бірі болды. Олар өз еңбектері мен көзқарастары арқылы елдің сауатын ашып, санасын оятуға жол ашты.

Қазақ баспасөзі тарихында ерекше орын алатын алғашқы басылымдардың бірі – Түркістан өлкесін зерттеу мақсатында шыға бастаған «Түркістан уәлаятының газеті». Сондай-ақ, Орынборда жарық көрген «Торғай» газеті, ұлттық еркіндік пен жаңғыру идеяларын көтерген «Қазақ», «Серке» сынды газеттер сол дәуірдің қоғамдық пікірін қалыптастырып, халықты жаңа ой-санаға жетелеген басылымдар болды. Аталған басылымдар тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, халықтың мәдениеті мен дүниетанымының жаңа кезеңге өтуіне себепші болған идеялық-танымдық алаңға айналды.

Қазақ журналистикасының қалыптасуы мен дамуында бастауында тұрған алғашқы басылымдардың рөлі зор. Олар халықтың рухани жаңғыруына ықпал етіп, ұлттық идеяны нығайтуға қызмет етті. Қазақ журналистикасының бұл бастау көздері бүгінгі БАҚ үшін тарихи негіз ретінде аса құнды.

    Журналистика – маңызын ешқашан жоғалтпайтын, қоғаммен бірге дамып, жаңарып отыратын ерекше сала. Бүгінде ақпарат көздерінің саны шексіз. Блогерлердің белсенділігі, әлеуметтік желінің қарқыны артқан заманда әр адам ақпарат таратушыға айналды. Дегенмен, бұл журналистің орнын алмастырады деген сөз емес. Керісінше, ақпарат ағыны үдеген сайын оны сараптап, шындықты екшеп жеткізе алатын кәсіби маманның қажеттілігі арта түсті.

Журналист – жай ғана хабар таратушы емес, қоғамдағы идеологиялық көзқарасқа әсер етуші тұлға. Оның сөзі дәлдік пен жауапкершілікке негізделеді. Ал бүгінде интернетті еркін меңгерген кез келген адам ақпарат тарата алады. Бірақ ол ақпараттың шынайылығы мен салдары үшін жауап бере ала ма? Фейк, яғни жалған мәліметтің зияны қаншалықты екенін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Осындайда кәсіби журналистің құны арта түсетіні сөзсіз.

Мен өзімнің болашақ мамандығым ретінде журналистиканы таңдадым. Бұл салаға қатысты «журналист болу өзекті емес», «керегі шамалы» деген пікірлерге бейжай қарай алмаймын. Мұндай көзқарастар жүрегіме ауыр тиеді, себебі журналистиканың мәні мен маңызын түсінетін адам үшін бұл мамандық – жай кәсіп емес, миссия.

Менің бұл мамандыққа қызығушылығым бала кезімнен, теледидардан басталды. Үнемі жинақы, өз-өзіне сенімді, көркем мінезді жаңалық жүргізушілерге қарап тамсанатынмын. Олардың дауысы, сөйлеу мәдениеті, образы мен үшін шабыт көзіне айналды. Ал түрлі аймақтардан репортаж жасап жүрген телетілшілердің еңбегіне қарап, нағыз кәсіби шеберлікке тәнті болдым.

Әрине, бұл мамандықтың оңай емес екенін де ұғына бастадым. Қауіп-қатерге толы сәттері де, жауапкершілігі мол сәттері де бар. Дегенмен, нағыз маман болу тек жайлы жұмыс орнымен шектелмейді. Қиындықты жеңіп, шындықтың ізін қуған, қоғамға шынайы қызмет еткен адам ғана табысты журналист бола алады.

Сондықтан мен үшін журналистика – тек арман емес, жүзеге асыруды мақсат еткен өмірлік бағыт. Бұл саланың жүрекпен таңдалатынына, жүрекпен атқарылатынына сенемін.

Журналистика – мен үшін жай мамандық емес, халқымның тағдырына, қоғамның тынысына ықпал ете алатын үлкен мүмкіндік. Ақпарат майданында өз жолын қалыптастырған, шынайылық пен жауапкершілікке негізделген бұл саланы таңдаудағы басты мақсатым – елімнің әл-ауқатын көтеруге, халықтың үнін жеткізуге өз үлесімді қосу. Егер мамандығым арқылы ұлтыма қызмет ете алсам, бұл – мен үшін баға жетпес бақыт.

Менің бұл салаға бет бұруым – тек қызығушылық емес, терең ойланған, нақты мақсатқа құрылған шешім. Қазақ баспасөзінің абыройын асқақтатып, оның қоғамдағы орнын қайта бекіту – өзіме жүктеген маңызды міндеттердің бірі. Кезінде ел санасын оятқан, ұлт мүддесін көздеген тарихи басылымдардың бүгінгі күнгі беделін жаңғырту, газеттің әлі де құнды әрі сенімді ақпарат құралы екенін дәлелдеу – менің шығармашылық ұстанымымның бір парасы.

Болашаққа нақты мақсатпен қадам басу – табысты таңдау кепілі. Сол себепті, журналистикаға деген бетбұрысым – кездейсоқ таңдау емес, арман мен жауапкершіліктің тоғысынан туған батыл шешім. Қазір сол мақсатқа жетуге санаулы ғана күн қалды. Алдағы уақытта, ұлт сөзін сөйлей алатын, қоғамның мұңын тыңдай алатын журналист болуға бар күш-жігерімді арнаймын.

 

Жанерке АЙДОСҚЫЗЫ,  

Алматы облысы, Райымбек ауданы,

 Сарыжаз ауылы А.Сәрсенбайұлы атындағы мектептің

11-сынып оқушысы

 

 

17.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16518
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16370
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31545
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30164
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33757