Ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға қаражатты қайдан алды?
Өткен жұмада елеулі екі жаңалық болды. Екеуі де Үкіметке қатысты. Екеуі де Үкімет тізгінін ұстап отырған «ақ жағалы» мырзалар төңірегінде. Екі оқиға да заң шығарушы орган болып саналатын Парламент Мәжілісі залында болды.
Мәжілістің жалпы отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланды. Оған Үкімет мүшелерін бастап келген Премьер-министр Асқар Маминнің өзі қатысты. Өйткені бюджет мәселесі өте өзекті тақырып. Кіріс пен шығыстың есебі, жаңа жобаларға бөлінетін қаржыны игеру т.б. мәселелер жетерлік.
Үкімет мүшелерінің заң жобасына қатысты баяндамалары аяқтала сала, белсенді депутаттар қолға күнде түсе бермейтін дөкейлерді қыспаққа алды. Сұрақ-жауап барысында депутат Жәмила Нұрманбетова вице-премьер Ералы Тоғжановтан ревакцинация жасау үшін вакцина қандай ақшаға сатып алынатынын сұрады. Негізі үш жылдық бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған көрінеді.
«Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда арнайы қаралды. Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен, екіншіден, жиырмадан аса елдің тәжірибесін ескере отырып, қарашаның үшінші онкүндігінен Қазақстанда ревакцинацияны бастауға шешім қабылдадық. Инактивті вакцина алғандар үшін ревакцинация 6 айдан кейін, ал векторлық вакцина салдырғандар үшін 9 айдан кейін басталады. Оның ішінде алғы шепте жүретін азаматтар – дәрігерлер, ұстаздар, 60 жастан асқандар ревакцинациямен толық қамтылады. Жылдың соңына дейін 100 мың адамға, келесі жылы 2 миллион адамға қайта вакцина салынады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстан халқы вакцинамен толық қамтамасыз етіледі», – деп жауап берді Тоғжанов.
Депутат ханымды қайдам, бұл жауапқа Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қанағаттанбаған сыңай танытты: «Ералы Лұқпанұлы, басқа сұрақ қойылды ғой. Комиссия қалай жұмыс істеп жатқанын біз ақпарат көздерінен естіп, біліп отырмыз. Нақты сұрақ қойылды. Ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға 2022-2024 жылдарға арналған бюджетте қаражат қарастырылмаған. Қай қаражатқа сатып аласыз?», – деді спикер.
«Қаражат резервтен алынады», – деді Тоғжанов. «Кімнің резервінен? Асқар Ұзақбайұлының ба?», – деп сұрады Нығматулин. «Жоқ, үкіметтің резервінен алынады», – деп нақтылады Тоғжанов.
«Солай айту керек қой. Комиссия қалай жұмыс істеді, неше вакцина, оның бәрін біз білеміз. Құрметті үкімет мүшелері, тікелей сұрақтарға тікелей жауап беріңіздер. Лекцияны басқа аудиторияда оқисыз. Түсінікті ме?» – деп ескерту жасады Нығматулин. Айтпақшы, бұл жолы Мәжілістегі отырысқа БАҚ өкілдері 2020 жылғы наурыз айынан бері алғаш рет оффлайн режимде қатысып отырды.
Үкіметке «3» қойды
Екінші «қызық», қызық емес-ау, шыжық, Мәжілістің пленарлық отырысынан кейін орын алды. БАҚ өкілдері Премьер-министр Асқар Маминге бірнеше сұрақ қоймаққа оқталды. Алайда Үкімет басшысы журналистердің сұрағына жауап бермей, асығыс екенін аңғартып, қасқиып тартып отырды. Сол аралықта журналистер Премьер-министрге: «Үкімет пандемиямен қалай күресіп жатыр?», «Үкіметтің отставкаға кететін уақыты келмеді ме?» деген тәрізді сұрақтар қойып үлгерді. Бірақ сұрақтың бәрі жауапсыз қалды. Ел Үкіметін басқарып отырған шендінің журналистерден қашуын әркім әр саққа жүгіртуде. Әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары белсенді. «Қазақ тілін білмегесін, ұялып қашып бара жатыр. Әйтпесе сөзге шешен кісі ғой» деп мысқылдап жатқандардың қарасы көп. «Не айтады? Қайта ұяты бар екен. Халыққа тура қарауға жүзі шыдамай, қызарып кетіпті. Аясаңдаршы» деп араша түсіп жатқандар да кездесуде. Тіпті кейбір адамдар «Журналистерден қашқан Үкімет, демек елдің жағдайына түкіргені бар. Отставкаға кетсін» деп те жазып жатыр.
Елдің сөзі Парламент Сенатының құлағына жеткен тәрізді. Асқар Мамин басшылық ететін Үкіметті отставкаға кетіру туралы қос палаталы парламенттің Сенатынан саңқ еткен «қыран дауыс» естілді. Бұған да шүкір.
«Биліктің басты міндеті – азық-түлік бағасын төмендету. Бірақ өндірушілер тарапынан әдейі жасалып жатқан әрекет секілді көрінеді. Егер министрлер кабинеті инфляцияны тоқтата алмаса, оны басқа адамдар істеу керек. Менің ойымша, егер билік берілген тапсырманы дұрыс орындай алмаса, онда отставкаға кетуі қажет. Ал әзірге олардың жұмысын «3» деп бағалаймыз», – деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед.