Жылына 100 жатақхананы қалай салуға болады?

Жылына 100 жатақхананы қалай салуға болады?

Елімізде техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарына деген сұраныс күн санап артып келеді. Президент Қ.Тоқаев бұл мәселені жолдауда да тәптіштеп берді. Соның бірі – білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие беру. Одан кейінгі түйткіл – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Төменде осы мәселелерге қатысты ойын білдірген ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың пікірін беріп отырмыз.

«Біз ауылшаруашылығы саласы бойынша шикізат өндіруде дүниежүзінде алдамыз. Бірақ экономиканы жолға қою үшін құр шикізат күйінде ғана емес, оны өңдеп, өнім шығару да керек. Кеңес дәуірінде бізді тек шикізат шығаруға ғана бейімдеді.

Тек соңғы жылдары ғана ЖОО-ны ғылыми-техникалық құралмен, жаңа зертханалармен жабдықтау қолға алынды. Қазір 20 лаборатория ашылды. Мемлекет тарапынан грант саны көбейді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемде ең жоғары техникалық оқу орындарына грант бөлініп жатыр. Массачусетс, Гарвард, Кембридж университеттеріне есік ашылды. Елімізде де гранттың 70-80 пайызы техникалық мамандықтарға берілуде. Шамалы болса да, тәжірибе жиналды. Бірақ талай дүниені іске асыра алмай келеміз. Өйткені, дайын өнім саласында бәсеке өте мықты. Шетелден экспертизадан өту, сертификат алу өте қиын. Білімге қатысты кез келген жиында баяндаманың 80 пайызы балабақша мен мектепке арналады. Ал, колледждер мен жоғары оқу орны, ғылымға аз уақыт бөлінеді. Шын мәнінде, ғылым саласындағы мәселе аз емес. Ғылым саласын басқаратын бұрынғыдай Ғылым академиясы жоқ. Ғалымдар, ғылыми сарапшыларға сөз берілмей қалады. Сондықтан бұл саланы бөліп, қарастыру дұрыс деп ойлаймын. Ғылыми-зерттеу институттары ғана емес, кәсіпорындардың мәселесі де жетерлік. Қазір кәсіпорындардың бес пайызы өздерінің жаңалықтарын енгізіп отыр. Сонда ғылым өзінше, кәсіпорындар өзінше әрекет етуде. Әрқайсысының бағдарламасы басқа. Бізге керегі – екеуін ұштастыру. Біз жас мамандарды, ғалымдарды не үшін оқытып, дайындап жатырмыз? Мәселен, Оңтүстік Кореяны алсақ, инновация бойынша қазір Қытай мен Жапонияны басып озды. Осы 48 млн халқы бар Кореяда 59 мың ғалым PhD докторантурада оқиды. Бізде жиырма есе аз. Ал халқымыз олардан үш есе ғана төмен. Қазір біз бакалавр білім бергенге мәзбіз. Бұл толыққанды білім көрсеткіші емес. Ғылыми зерттеу саласын дамытатын болсақ, нағыз мамандар керек. Оларды тек PhD докторантурада оқытады, дайындайды. Біз бұған қазір көңіл бөлмесек, көштің соңында қалып, жаңа өнімді дамытатын маман таппаймыз. Мұның бәрі министрге айтылды

Меніңше, қаржыны нағыз қажетті ғылыми жобаға бөлген жөн. Қазір ғалымдар тарапынан түсіп жатқан пікір көп. Болашағы жарқын кей жоба өтпей қалады. Мәселе – жобалардың комиссияда қаралатындығында. Ал ондағылар әртүрлі мамандық иелері. Экономикаға қатысты жобаны филологтар бағалайды. Бұл қалай? Біз: «Әр саланы өз маманы қарап, бағасын берсін, бұлай болмайды. Мұны жабық кабинетте он адам ғана отырып шешпесін. Ашық пікірталасқа салып, бәріміз бірге талқылайық», – дедік. Оңтүстік Кореяда солай екен. Бәрі тыңдап, бірге таңдап, дауыс береді. Бұл мәселені де министр ескеретінін айтты. Біз республика бойынша ғылымға жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын ғана бөлеміз. Қазір кейбір мұғалімнің жалақысы 700 мың теңгеге жетеғабыл. Ал ғылыми-зерттеу институтының қызметкерінің жалақысы – 80 мың теңге. Сосын ғылымда кім қалады? Ғылымды дамытамыз десек, олардың жалақысын көтеріп, лабораторияларын жаңалау керек. Дәл осы жайтты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке айттық. Ғылыми қызметкерлердің жалақысын екі есеге көтереміз деді. Бұл да жеткіліксіз. АҚШ-ты айтпағанда, Ресейдің ғылымға бөліп отырған бюджетімен салыстыруға мүлдем келмейді. Ғылымды жан-жақты қаржыландырып, зертханаларды жабдықтап, кадр дайындауды қолға алмасақ, құрғақ сөзбен ештеңе шешпейміз. Нарықтық экономикада дүниежүзілік жаһандану кезінде ғылымның қай саласын дамытуымыз керек? Мысалы, Германияда көбінесе химия өнеркәсібіне қатты көңіл бөледі. Сәйкесінше, химияны тереңдетіп оқытатын оқу орындары мен химия ғылымын терең дамытқан. Тіпті, оларды қаржыландыратын инвесторлар көп. Сондай-ақ, машина жасау өнеркәсібі қарқынды жұмыс істейді. Сол сияқты біз де әр салаға шашырамай, біреуін мықтап қолға алып, дамытсақ нәтижесі көрінер еді. Айталық, ауыл шаруашылығына көңіл бөлсек. Ет өндіруге қаншама қаражат бөлініп жатса да, елде ет өнімі жеткіліксіз. Бидайды алсақ, оны егетін жердің құнарлылығы Украина, Ресеймен салыстырғанда төмендеп кеткен. Малға жайлы жердің көбін егіске айналдырып жібердік. Одан егін де бітік шығып жатқан жоқ. Мәселен, Латын Америкасы елдері Парагвай мен Уругвайда жылқының етін жемейді. Олардан бізге жыл сайын 2 мың тонна жылқы еті келеді. Сол жылқыны өзімізде де өсіруге мүмкіндік бар ғой. 3 мың тонна тауық етін де шетелден әкелеміз. Бізде тауық өспей ме? Оған көп ақыл керек емес қой. Бұл нені білдіреді? Ауыл шаруашылығын бұл саланы түсінбейтін адамдар басқарады. Біз өз артықшылығымызды көрсете алмай отырмыз. Енді билік жаңа Қазақстан құрамыз деп жатыр ғой. Бар жақсылықтан содан үміттіміз.

Сосынғы мәселе, бізде студенттерді жатақханамен қамту мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, жекеменшік оқу орындарының кейбірінде жатақхана жоқ. Мұны президент халыққа жолдауында айтты да. Мәселені қалай шешуге болады? Мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының оқуы үшін грант беріп отыр. Бұл да үлкен жеңілдік. Қазір Өскеменде 300 орындық жатақхана бос тұр. Атырауда да орын көп. Бірақ бәрі Алматыға келеді. Ал Орал, Атырауда жекеменшік оқу орындарының бағасы – 100 мың теңге. Алматыда өте жоғары. Таңдау мүмкіндігі көп. Әр адам шамасына қарай көсілу керек қой. Қазақ десе өзімізге тиеді, көмек сұрап, жылайтын да өзіміздің қазақтар. Балаңды жоғары оқу орнына оқытуға шамаң жетпесе, колледжге оқыт. Сонда экономикаға кім ақша бөледі? Зертханаларды кім ашады? Шын мәнінде, жастардың көбі жекеменшік емес, ұлттық университеттерге оқуға түскен. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 29 мың студент келді, бірақ бар болғаны 11 мың орын бар. Иә, грант саны көбейді, «бірақ жатақхана қайда?» деген заңды сұрақ туады. Мәселен, Назарбаев университетінің бір студентке бөлген жылдық бюджеті 180 мың АҚШ доллары екен. Ал Гарвард университеті 40 мың доллар бөледі. Сонда Назарбаев университетінің жарты жылдық бюджетін қысқартсақ, жыл сайын 100 жатақхана салуға болады. Әлгі жекеменшік оқу орындарында кім білім алып жатыр? Біздің елдің азаматтары емес пе? Айналып келіп жекеменшік оқу орындарына тиіседі. Жау ретінде көреді. Біле білсек, бюджеттің 86 пайызын жекеменшік кәсіпорындардың қаржысы құрайды. «Тұран» университетінің өз жатақханасы бар. Бізде оқитын студенттердің 80 пайызы – қаланың баласы. Бізге оқытушылардың жалақысын көбейтіңдер деп жатыр. Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарынан 3 мың оқытушы мектепке кетіп қалыпты.

Қазір мектептегі мұғалімдердің жалақысы оқытушылардыкінен асып кетті. Бір мемлекет, бір қоғам ғой. Биліктің мектеп мұғалімінің мәртебесін көтереміз дегені дұрыс, бірақ бәрі әділетті болу керек. Айталық, География институтында жұмыс істейтін ғылыми қызметкермен салыстырғанда мектепте сабақ беретін география пәнінің мұғалімі он есе артық еңбекақы алады. Сонда ғылыми-зерттеу институттары кімге керек? Одан да жаба салсын да. Осы жағын ақылға салып, неге ескермейді?» – дейді Рахман Алшанов күйініп.  

Африза АЙТБАЕВА
07.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 76
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 598
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 715
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 627
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 637

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8773
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8173
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11402
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9156
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10387