Нысанның сакралды кеңістік ретіндегі мәні, ұлттық идеологиямен сабақтастығы, Амал мерекесі, Көрісу дәстүрі, Қарашаңырақ, Қарақазан, Ұран от, Көкбөрі, Ана бейнесі секілді ұғымдармен байланысы қарастырылады. Сонымен қатар Отпан таудың республикалық деңгейдегі ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысан ретіндегі мәртебесі «Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығының маңызымен бірге танылғанын ескеруіміз керек.
Сакралды кеңістік, Адай Ата, Отпан тау, ұлттық идеология, Амал мерекесі, Қарашаңырақ, этномәдени мұра.
Қазақ халқының дүниетанымында жер – тек табиғи кеңістік емес, ол ұлттың тарихи жадын, рухани сабақтастығын және мәдени кодын сақтаушы қасиетті ұғым болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Маңғыстау өңіріндегі «Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығы – қазақ халқының сан ғасырлық рухани тәжірибесін, дүниетанымдық жүйесін және ұлттық идеясын тоғыстырған бірегей сакралды кеңістік ретінде айрықша маңызға ие болды. Бұған «Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығы және оның тұжырымдық (концепциялық) бағдарламасы негіз болды.
Адай Ата тұлғасы қазақ ұғымындағы қарашаңырақ концепциясының жинақталған бейнесі болып табылады. Қарашаңырақ – әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани тірегі, ата-баба аманатының символы. Адай Ата бейнесі арқылы әке, ата-баба, атамекен, туыстық жүйе, шежіре мен тарихи жады біртұтас мазмұнға ие болады. Ол – ұлттың рухани өзегін сақтаушы, тарихи сабақтастықты жалғаушы тұлғалық бейне. Қазаққа ортақ шежіре, ұлттық ұстаным, қарашаңырақ ұғымының киесіне айналды. Бұл алашқа ортақ барлық бабалар рухына, ұлттық қағидаға деген құрмет. Түп тамырында Қазақ атаның үні мен тұтастыққа деген аманаты жатыр.
Отпан тау – осы рухани мазмұнның кеңістіктік көрінісі. Түркі дүниетанымында тау киелі ұғым саналып, Жаратқанға жақын, рухани тазалық орны ретінде қабылданған. Отпан тау да осындай қасиетті мекен ретінде ел жадында сақталған. Тарихи деректерде бұл жерде ел басына күн туған шақта ұран от жағылып, халықты бірлікке шақырғаны айтылады. Ұран от – қазақ қоғамындағы елдік пен ерліктің, тұтастық пен рухтың символы. «Алаш батыры», «Таңбалар әлемі» секілді танымдық алаңдарды ашсақ, шыңырау құдықтың өзегін тауып, осы тараптағы тарихи мәдениетімізді оятсақ, керемет, келелі іс бітер еді. Бұл дәстүр Отпан таудың тек географиялық нысан емес, ұлттық санадағы сакралды орталық екенін айғақтайды.
Отпан тау арқылы жаңғырған Амал мерекесі мен Көрісу дәстүрі – қазақтың көне рухани мәдениетінің бүгінгі күнмен өзектестігін көрсететін айқын мысал. Амал – табиғаттың жаңаруы мен адам жанының тазаруын білдіретін, кешірім мен татулықты дәріптейтін мереке. Көрісу – тек амандасу емес, ұлттың ішкі бірлігін бекітетін әлеуметтік-рухани институт. Бұл дәстүрдің кең көлемде жаңғыруы Отпан таудың ұлттық рухты біріктіруші орталыққа айналғанын көрсетеді.
Қазақ дүниетанымындағы Қарашаңырақ пен Қарақазан ұғымдары Отпан тау кешенінде терең мағыналық мазмұнға ие. Қарашаңырақ – үш жүздің рухани бірлігі, ұлттың ортақ үйі болса, Қарақазан – береке мен ынтымақтың, халықтық тұтастықтың белгісі. Бұл ұғымдар этно-мәдени орталықтың идеологиялық негізін құрап, оны ұлттық бірегейліктің символына айналдырады.
Көкбөрі бейнесі – түркі халықтарының еркіндік пен тектілікті білдіретін көне символы ретінде Отпан тау кеңістігінде айрықша мәнге ие. Ол ұлт рухының мызғымас негізін, тарихи жадының үзілмегенін білдіреді. Ал Ана бейнесі – өмірдің бастауы, жер-анамен астасқан киелі ұғым ретінде кешеннің рухани-философиялық мазмұнын толықтырады.
Отпан тау аумағында орналасқан Ақсарай кешені – ашық аспан астындағы дала мұражайы сипатындағы бірегей мәдени кеңістік. Ол көшпелі өркениеттің сәулеттік, дүниетанымдық және мәдени үлгілерін жинақтап, ұрпаққа жеткізетін рухани орталық қызметін атқарады.
Осы тарихи, рухани және мәдени негіздерді ескере отырып, «Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығының Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын сакралды нысан ретінде танылуы толықтай заңды әрі ғылыми тұрғыдан негізделген шешім болып табылады. Бұл кешен ұлттық идеологияны нығайтуға, тарихи жадты сақтауға, ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіруге қызмет етеді.
Ақтау қаласы














