Алтын арқау (эссе)

Алтын арқау (эссе)

Біреу өмірден озған әкесінің құрметіне ұлан-асыр ас беріп, Құран оқытып жатса, енді біреу күнге шағылысқан күмбез орнатып жатады. Мұндайда Ақсұлтан деген атам: «Әркімнің өзінікі өзіне жөн», – деп жататын.

 

Тағдыр соқпақтары

Биыл әкемнің дүниеге келгеніне 95 жыл екен. Мен елге келгеннен кейін 40 жыл бойы аумай ұстаздық қызмет еткен сол асыл жанның рухына бағыштап, 2010 жылы «Жыр мұнара» деген кітабымды баспадан шығарыппын. «Әке деген кім? Ол қандай жан?» деген сынды сауалдарға жауап беріп жатпасам да, маған дейін қолына қалам алған ақын-жазушылар әке жайлы майын ағызып, суын тамызып жеткізгені белгілі. Десе де, ғаламдануға бет алған, дамыған, өркениетке ұмтылған, жан-жағымыздағы елдермен, ұлттармен шарпысқан бүгінгі күнде ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып, ата-бабамыздың салт-дәстүрімен тәрбиелеп ержеткізуде әкелердің жауапкершілігі, рөлі өте зор. Сол себепті де еліміз осы жақтарда «отбасы» туралы, әкенің, ананың отбасындағы «теңдігі» мен «міндеттері» туралы заңдар шығарып, қаулылар қабылдап жатады. Сондықтан әкенің рөлін отбасының әрбір мүшесі терең сезінуі керек. Сол үшін де мен жоғарыда аталған «Жыр мұнара» кітабымда:

 

Жетегіне еріппін-ау басымды бір шайқамай,

Қалай ғана есейткенсің уақыт деген  сайтан-ай.

Кеше ғана бозбала едім, бозборан боп жүгірген,

Әке болып қалыппын-ау өзім-дағы  байқамай.

 

Кім біледі өмір деген сонысымен  мәнді ме,

Айтылмайды жігіт кезгі желігі   көп ән міне.

Балалы боп жүргеніңді көрсем  деуші ед жан әкем.

Әке болу расында екен қиын әңгіме.  

 

Әкем Әбдіманап Жүнісханұлы 1930 жылы наурыз айында ҚХР-дың Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданы, қазіргі Талды қалашығы, Мыс қыстағында дүниеге келген. Атасы Қараш Кірдебайұлы қаракөк жылқысымен танылған Күнес өңірінің атақты байларының бірі екен. «Бай байға, сай сайға құйған» сол заманда тұтас Іленің Гуандайы (әскери шендісі) болған Қызайдың Сасан биінің немересі Масұт Тергеусізұлы Әбеухан деген жалғыз қызын Қараштың екінші ұлы Әблақатқа ыңыршаққа мінгізіп береді (бойжеткен қызды жас балаға ұзатуды ыңыршаққа мінгізіп беру дейді екен). Әбеухан әжеміздің жасы күйеуі болған Әблақат атамыздан 9-10 жасқа үлкен көрінеді. Ол кісі Әблақат атамыз қашан кәмелетке толғанша түзге отырғысы келсе қорықпас үшін далаға ертіп шығып, ұйықтап қалса көтеріп апарып орнына жатқызып жүріпті. Қараш бабамыз келе жатқан заманның соғар желін алдын ала байқаған ба, жоқ әлде жай сәйкестік пе, жылқысын малшы алып бақтырмай, өзінің үлкен ұлы Жүнісханға бақтырыпты. Міне, осы кез сол кездегі Гоминдаң үкіметінің басшысы болған Шың Шысайдың қара ниеті қабынып, қаһарына мініп тұрған 1936 жыл екен. Ол Шыңжаңдағы саны аз ұлттардың атқа мінерлерін құрылтай ашамын деген сылтаумен Үрімжіге жинап алып, түгелге жуық түрмелеп жатыпты. Сол қатарда Масұт Тергеусізұлын да түрмеге тоғытады. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ жанынан малын аяған ба? Қараш бабамыздың бар малы сүйікті құдасы Масұтты түрмеден шығарып алуға параға кетсе керек. Сол кездегі жұтып жатса жұмырына жұқ болмайтын обыр қоғамның құмайлары Масұттың туыстары мен құдасы Қараштың бар малын алса да, сол адал малдары Масұтты құтқаруға жарамапты. Есесіне Қараштың екі ұлы Жүнісхан мен Әблақат та сол малдан дым қалмай, жүген ұстап қалады.

Ол елдің тарихы қанша терең болса, соған сәйкес әккі, алаяқ саясаты да сонша жымысқы болып келеді. Олардың сені жақсы көрген болып басыңды сипап отырып, саныңды бұрап жұлып алатын, немесе сені өлтіру үшін у беріп алып, қимағансып, құшақтап жылап отыра қалатын аярлықтары тарихтан қалыптасқан тәсілдерінің бірі. Сөйтіп, Жүнісханның әкесінің жылқысын баққан, бұл күнде сіңірі шыққан кедей болып қалған кейпін ескергенсіп, 1954-1955 жылдарға келгенде баласы Әбдіманап Жүнісханұлын Құлжа қаласындағы «Ерлер гимназиясына» оқуға жібереді. Әкем оны 1957 жылы бітіреді.

 

ӨМІРГЕ САЛҒАН СОЛАЙ ЖОЛ СОРАБЫН

Міне, содан әкем Әбдіманап Жүнісханұлының ұстаздық өмірі басталады. Сол жылдары әкем Мұхан, Мәден деген молдалармен бірге өзінің туған жері Мыста «Мыс мектебі» деген бастауыш мектептің іргетасын қаласады. Кейіннен бұл бастауыш мектеп оқушылар санының артуы, оқытушылар құрамының толығуымен үлкейіп, орта мектеп болып құрылады. Біз әне сол орта мектепте оқыдық.

Үкімет қызметкерлерінің жұмысы қай елде де, қай қоғамда да ұйымның біртұтас орналастыруына саналы бойсұнуымен табысты болмай ма. Әкеміз өзі жасаған қоғамның біртұтас басшылығына қатаң бойсынып, үкімет қайда жұмсаса, сонда барып, қандай қызмет жүктесе, соны адал атқарып, өзі туған халқының ұрпағы үшін қалтқысыз қызмет ете білді. Ол Күнес ауданының бас-аяғында Үшкептер, Бестөбе, Шегірбұлақ, Сорбұлақ сынды жерлердегі 6-7 мектепте оқытушы, мектеп мүдірі сынды жауапты қызметтерді істеп, 1990 жылдарға дейін 40 жылға жуық мезгілде қоғам үшін 1000-ға жуық шәкірт тәрбиелеп, аудан, аймақ, облыс, өлке жағынан бірнеше мәрте үздік ағартушы, іскер басшы болып сыйланып, грамоталармен марапатталады.

1991 жылдары бастауыш мектептің «Республикалық үздік ағартушысы» деген құрметті атақпен зейнетке шықты. Ол кісі тәрбиелеген шәкірттердің арты өзі туған жерінде саналы малшы, сапалы дихан болып, халық игілігі үшін қызмет атқарса, алды сонау Қытай орталығы Бейжіңдегі «Орталық ұлттар университетінде», «Орталық ұлттар баспасында», Үрімжідегі әр дәрежелі өлкелік мекемелерде, одан бері облыстық, аймақтық, аудандық, ауылдық орындарда әр сала мамандары ретінде сол елдегі қазақ халқының өсуі мен өркендеуіне маңдай терін төгіп, ақыл-парасаты мен жүрек қандарын сарқа жұмсап келеді.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар...

Ұстаз бен шәкірттің арасында мәңгі үзілмейтін жіп сияқты бір алтын арқау болады. Оны көбінде ұстаздың шабытты дәрісін аса бір ыждағатпен тыңдайтын ұғымтал оқушының арасындағы терең сүйіспеншілік қалыптастырады. Шәкірт ұстазының мұндай дәрісін өмір бойы ұмытпаса, ұстаз да сабағын беріле тыңдаған мұндай оқушысын ауық-ауық есіне алып, бар үмітін соның әрбір қадамынан күтіп отырады. Өмірде сол бір шәкірті жақсы нәтижеге жетсе немесе елдің алқауына бөленіп жатса, ұстаз сол шәкірті әкесінен артық қуанбаса, кем қуанбайды. Әкемнің бойынан мұндай қасиеттерді көп көрдім. «Алтын қайда жатса да жарқырап жатады» немесе «Қап түбінде біз жатпайды» деп сол шәкірттерін бізге мақтанышпен үлгі етіп отыратын.

Сондай шәкірттерінің бірі, өзінің ауылдас інісі Мұқаметжан Оспанұлы болатын. Ол кісі Бейжіңдегі «Ұлттар университетінде» оқытушы болып істеді. Оның оқытушылық кәсібінде жеткен жетістігі, алған ғылыми атағы, сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Сол жақтағы қазақтар ол кісінің адамдар арасындағы қарым-қатынасын, қарсысында отырған кісіні өз сөзіне сендіре алатын иландыру қуатын, дипломатиялық шеберлігін аңыз қылып әңгімелеп отыратын. Шыңжаңның көптеген қаражаты орталықтан, Бейжіңнен бөлінетіндіктен, оны алып шығу аждаһардың жұмыртқасын алып шығумен парапар болатын. Шыңжаңдағы атқа мінерлер алдағы жоспарларына істететін қаражатын алу үшін Бейжіңге барғанда көбінде осы Мұқаңды ертіп кіретін. Ал Мұқаң кірген жерде бітпейтін іс болмайтын. Мұқаңның ішінара Шыңжаң атқа мінерлері бітіре алмаған ұлы-қаусар істерді сармайдан қыл суырғандай етіп бітірген еңбегін әңгімелеп, сол кісі қол салып бітірген ұлы-ұсақты жобалар бүгін де сақылдап жұмыс істеп тұр дегенде әкем: «Айналайын-ай! Бала кезінен кісіге жұғымды еді», – деп балаша қуанып отыратын. Бұл әңгімелер бізге Мұқаметжан Оспанұлын көз алдымызға күрмеуі көп күрделі істерді оңай шеше қоятын Төле бидей етіп елестетіп жіберетін.

Алматының Көкбазар жағында жұмыс істеп жүргем. Базарәлі деген досым бір басқосуға шақыра қалды, келістім. Талғар жақтан Кекбазарға әкем Әріп келе жатыр еді, сол кісіні ала келсең қайтеді деді, тағы бір тапсырма жүктеп. «Жарайды» деп тұрғанымша, ол кісі де келді. Сәлем бердім.

– Қай баласың? – деді, ақсақал қарияларға тән дағдымен.

– Әбдіманаптың баласымын, – дедім.

– Қайсы Әбдіманап? Әлгі жақсы Әбдіманап па? – демесі бар ма. «Я» дей де, «жоқ» дей де алмайтын сұрау ғой.

– Жақсы Әбдіманабыңыз кім? – дедім сәл кейістікпен. Ыңғайсыздау сұрағанын өзі де түсінді-ау деймін. «Әлгі... әлгі Бейжіңдегі...» дей берді. Түсіне қойдым. Әбдіманап Әбеу деген кісіні айтып тұр екен. Ол жақсы Әбдіманабыңыздың ұстазы болған, одан да жақсы Әбдіманап деген кісі бар. Сол кісінің баласымын, – дедім қырсығыңқырап. Болды енді дегендей қылып, қызара бір күліп алды. Айтарымды айтып, шалекеңді бір жерге апарғаннан кейін кейістігім тарап, ары қарай өзімді дұрыстап таныстырдым. Айтпағым, ел аузында «жақсы Әбдіманап» атанып жүрген бұл кісі де сонау Бейжіңдегі білдей мекеменің білікті қызметкері, менің әкемнің шәкірті болатын.

Әкемнің мақтанышпен аузынан тастамай отыратын шәкірттерін санамалай берсек жетерлік. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығады деген қазақпыз ғой. Жүзден шыққан жүйрік десек те, мыңнан шыққан тұлпар десек те жарасатын шәкірттері – отбасындағы екеуі бірдей Шыңжаң халық радиосында қызмет істеген Жармұқамет Шайақыметұлы мен Жібек Базарбайқызы деген кісілер еді. Жәкең сол радиоға қытай қазақтарының өмірінен түрлі мазмұнда, түрлі жанрда репортаждар жазып таратумен бірге өзінен кейінгі жас журналистердің жазғандарының эфирге шығуына редакторлық етіп, сол жастардың да күні ертең өзі сынды мықты журналист болып шығуы үшін өзінің игі ықпалын тигізіп келген аға редактор, сақа қызметкер. Ал апайымыз Жібек Базарбайқызы сол радионың дикторлық кабинасының отымен кіріп, күлімен шыққан, жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталман диктордың өзі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, өткен ғасырда қазақ елінің радиосында Сауық Жақан апамыз қандай рөл атқарса, Шыңжаң халық радиосында Жібек Базарбайқызы апайымыз тура сондай рөл атқарған, қытай қазақтарының құмарта тыңдап, қуана әңгімелеп отыратын адамына айналған кісі болатын. Сауық апамызды білмедім, Жібек апайымыз керек жерінде сахнаға шығып, ән де шырқап, отырған жерін нұрға бөлеп, жырға бөлеп жүретін думаншыл кісі. Қырлы хрустальдай қай жағынан қарасаңыз да сәуле шашып, жарқырап көрінетін бұл апайымыздың мұнан өзге де жақтары өз алдына бір-бір еңбек. Әкеміз Әбдіманап бізге осы кісілердің мектептегі оқып-үйренуін, тәртібін, қоғамға шыққаннан кейінгі атқарған қызметін үнемі бізге үлгі қылып отыратындықтан, біз де қолымызға қалам алып, осы кісілердің артынан еріп кеткен сияқтымыз.

Айтпақшы, жазғанымызды қиналмай жариялар баспамыз бүгінде әлеуметтік желі болды ғой. Биылғы жылы «YouTube» әлеуметтік желісінде «Қызыл көйлек» деген эпикалық шығармам жарияланған. Соны осы Жармұқамет ағамыз оқыпты.

– Жарайсың, інім! «YouTube»-тағы шығармаңды оқып шықтым. Солай сүйкемесең менің ұстазымның баласы болармысың? Ол кісі тұтас зейін-зердесін алдындағы оқушыларына арнаған дарынды да еңбекқор жан еді ғой! – деген кезде төбем көкке екі елі жетпегендей күй кештім. Әрине, менің шығармамды мақтағаны үшін емес, қалыптасып, ысылып қалдық қой. Күллі Шыңжаңға аты мәшһүр журналистің сонау жарты ғасыр алдында бастауыш мектептегі ұстазын аса бір құрметпен есіне алып тұрғаны шынымен де мені қатты тебірентті.

 

 «Аш жүр,  тоқ жүр, тек жүр...»

Әкеміз Әбдіманап Жүнісханұлы өзі жасаған қоғам мен шәкірттеріне өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, анамыз Қасылия екеуі, кіндіктерінен өрбіген алты ұл, екі қызын тәртіпке, пәктікке, адалдыққа баулып отырды. Сөйтіп, әкеміз Әбдіманап бәріміздің де қоғамнан өз үлесімізді алуымыз жолында аянбай тер төккен анамызға адал жар, балалары бізге аяулы әке бола білді. Ол кісі ең ауыр талапты алдымен бізге қоятын. Ұзақ жылғы өмірінде көрген-білгенінен алған мол тәжірибелерін бөлісумен қатар, халқымыздың ғасырлар бойғы қорытындыланған: «Аш жүр, тоқ жүр, тек жүр» деген маржан сөздерін, ұлы Абайдың:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой – 

бес асыл іс білсеңіз.

Өтірік, өсек, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ – 

бес дұшпаның көнсеңіз, – деген ақылдарын жаттату арқылы жадымызға мықтап шегелеп, бойтұмардай етіп бойымызға сіңіріп жібергендігі соншалық, өтірік пен мақтаншақтыққа толы мына қоғамда көз алдымызда жүрген әлдекімдердің қалың елдің алдына шығып, беті бүлк етпей өтірікті соғып тұрғанда солар үшін бетіміз дуылдап, құлағымызға дейін қызарып кеткен кездері болды.

 

ӨМІР ӨЗ АРНАСЫНАН АУЫТҚЫМАЙДЫ

Өмірде қуаныш пен қайғы қашанда егіз екен ғой! Мен ата мекеніміз Қазақстанға аттанарда тұтас әулетіміз қуаныштан шағын той ұйымдастырдық. Әкем ауыл ақсақалдарын шақырып, ақсарбас атап сойып: «Барған жеріңе балдай батып, судай сің!» – деп ақ батасын беріп, аттандырып, артынан бізге де тезірек жетуді нәсіп етсін деген еді. Амал нешік, мұндағы қағазбастылық пен бюрократиялық, ол ойлаған ойымыздың жүзеге асуына тұсау болды.

 Сол тұста:

Әке, жасың келіп қалды білемін,

Сәл дімкастау отан деген жүрегің.

Жеткізсем бе деп ем сені ертерек,

Келтіре алмай келем соның бір ебін.

Тыңдамайды мұнда кісі бөтенін,

Содан жұмыс бітіруің өте мұң.

Түсінбейді сыртта жүрген ел үшін,

Отан деген қанша қымбат екенін, – деп күйініппін. Сөйтіп жүргенде қарттықтың қара дүлей науқасы әкемді құрсаулады.

 

Кетсе-дағы бар байлығым, бар малым,

Нар тәуекел сол сапарға арнадым!

Жоқ деп едім ұлым сенің артыңнан,

Алатауға жетіп өлсем арманым, – деген әке  арманы да, бала талпынысы да адыра қалды.

Қуалаған жоқ туған жерден мені ешкім,

Осында қой.

Бара алатын емеспін.

Бата бердім ал өзіңе, жан балам,

Қабырғаммен ұзақ-ұзақ кеңестім.

 

Алласына алды да сәл сыйынып,

Деді әкем, қимай ұзақ қиылып:

Жібермеді ұмтылғанмен

Амал не!

Туған жердің топырағы бұйырып.

 

Онан ары,..

Онан ары жоқ құлақ.

Жанарымнан кетті жасым атқылап.

Тауым құлап,

Бәйтерегім сұлады!

Суық хабар шартарапқа  шақпылап....

 

Сөйтіп, 2002 жылы әкеден айырылдық. Ол кісі елге көшудің, келгеннен кейін не істеп, не қоюдың бас жобалаушысы еді. Алға қойған мақсат, көздеген мұрат, жобалаған жоспар – бәрі быт-шыт болды. Ендігі бірден-бір жол – екіжақтылық болмай, анамызды көшіріп әкеліп, не көрсек те бір жақта көру болды. Себебі сол тұстағы екі елдің жағдайы – біздің үйдегі жасаған жоспарымыздың түзде жүзеге аспайтындығын дәлелдеді. Сонымен, 2003-2004 жылдары анамызды көшіріп әкелдік. 60-тан асқан кісі. Бұл жақта таныс-білісі аз, жат ел, жат жер. Өмірлік жолдасы өмірлік бола алмай, туған жерде қалды. Ол кезде елде визалық режим. Жыл сайын виза аштырып, туған жерге барып, бауыр-туыстың жанында болып тұрды. Алайда ол да анамыздың көңіліне медеу бола алмады. Себебі әр барған сайын туыстар ол кісіні қанша жерден құшақ жая қарсы алғанымен, үйлеріне қондырып, күткенімен, өз үйіндей болмаған көрінеді. Кезінде сол ауылда өзінен кейінгілерге қорған ана бола білген ана, қыдырса жанында балалары еріп жүрді демесеңіз, шалы жоқ еді. Енді «бәлен күні біздің үйге барыңдар» дейін десе, шалы екеуі бірге салған ұядай үйі де әлдеқашан сатылып кеткен. Сыңарынан айырылған аққу құс өзі ұшып-қонып жүрген айдын көлінен жалғыздықтың кесірінен қалай жерісе, анам да туған жерінен солай жеріп қайтып жүрді.

Баяғыда мен сияқты бір бейбақ анасын арқалап Меккеге тартыпты дейді. Әбден арып-аршып келе жатса, жолда кездескен бір қария үйіне бастап барып, қонақасы беріп, әлгі баланың жолына азық-түлігін қамдап, жолға салмақ болып қалжыңдап: «Анаңды арқалап жүре бересің бе?» – десе керек. Сөйтсе арқалап жүрген анасы кейіп: «Е-е! Оны түсінетін бала қайда?» – депті деген тәмсіл бар. Бұл жердегі әңгіме кемпірдің шалсырап жүргенінде емес, баласының «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөздің мағынасына жете алмауында болып тұр ғой.

Біз ол күйді сезіндік, түйсіндік, түсіндік. Сол үшін де:

Асыл анам, әлемдегі ардағым!

Өзің үшін қардан әппақ қарғамын.

«Қосағыммен қоса ағарсам»  деуші едің,

Орындалмай қалды-ау! 

Сенің арманың.

 

Басқа тағдыр салғаннан соң жан шыдап,

Қайратыңды жүр ме екенсің  қамшылап.

Қойныңдағы немереңнің бетіне,

Таң атқанша жасың жүрме тамшылап, – деп күйзелдік. Сөйткен анамыз да ұзақ жасай алмады. Он жыл толмай, әкеміз жасаған жасты жасап, әкеміздің артынан аттанып кете барды.

Тағдырдың жазуымен біреуін туған жердің, біреуін туған елдің топырағына табыстадық. Алла бейіштің төрінен нұрларыңды шалқытсын аяулы асыл жандар!         

Әбдібек ӘБДІМАНАПҰЛЫ,

ақын, журналист

 

05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455