Референдум

«Аққу ғұмырлы тағдыр»

«Аққу  ғұмырлы  тағдыр»

Шығыс Түркістанда өткен ғасырдың елуінші жылдарының өзінде қазақ интеллигенциясының шоғыры қалыптасты. Кейін бұл интеллигенция өкілдері сол 1980-90 жылдары Шыңжаңдағы қазақ руханиятының, мәдениеті мен өнерінің, ғылымы мен білімінің шарықтап дамуына айрықша әсер етіп қана қоймай, өздері де өлшеусіз үлес қосты.

Олар Шыңжаңда тұратын көрнекті ғалым, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жанболаттың сөзімен айтқанда, осы жолда майлық та, сулық та болды. Шыңжаңдағы сол қазақ интеллигенциясының аса көрнекті өкілдерінің бірі – мәдениет пен өнердің аса көрнекті ұйымдастырушысы, белгілі аудармашы, сан қырлы өнерпаз Мерхамит Құрбанов.

Бұл кісінің есімі маған студент кезімнен таныс. Өз заманында аты сан тарапқа жайылған сан қырлы өнерпаз Мерхамит аға туралы аңызға бергісіз әңгімелердің шет жағасын 1990 жылдары ести бастадым.

 

Аты аңызға айналған тұлға

Бірде белгілі дизайнер Фарида Мерхамитқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме тақырыбы – шетте жүрген қандастарымыз, Шыңжаңдағы қазақтар мен ондағы интеллигенция, сондай-ақ оның әкесі Мерхамит Құрбановтың өмірі мен өнері жайлы өрбіді.

Біздің әңгімеміздің осылай өрбуінің бір себебі – есімін бала кезден естіген, бірақ жан-жақты білмеген тұлға туралы тереңірек танысу еді. Тағы бір себебі – қай заманда да, қай жерде өмір сүрсе де ұлтқа қызмет еткен адамдардың өнегелі өмірі, қаншама жылдар зулап өтсе де, бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болып, олардың рухын дәріптейтіні еді. Өйткені ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен тұлға ешқашан ұмытылмауға тиіс.

Сол аға буынның уақыттың ағысымен көмескіленіп бара жатқан ғибратқа толы өнегелі өмір жолы кейінгі жас буын үшін де өнеге болып қала беретіні сөзсіз. Екеуара сұхбат барысында кейіпкерімнің әкесіне деген шексіз сағынышы мен перзенттік махаббаты, әрине, мені де бейжай қалдырмады. Ол толқып отырып сөйледі. Өмірден ерте кеткен әкеге деген таусылмас шексіз сағыныш оның кірпігін ұсақ жас тамшыларымен жуғандай болды. Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, аудармашы Дидахмет Әшімханұлы: «Адамзаттың тарихы қағазбен келген, қағазбен қалады да» депті. Біз де сол Дидағаң айтпақшы, келесі ұрпаққа өнеге болар тарих беттерінің бір парасын, тұлға болмысын ақ қағаздың бетіне түсіруге тырыстық.

– 1962 жылдың тамызында Құлжадағы Іле облыстық мал шаруашылық техникумын бітіріп, Шәуешекке оралған Бәтима Бекетайқызы өлке орталығы Үрімшіден Шәуешекке жаңадан қызметке келген Тарбағатай ауданының үкімет аппаратында аудармашы болып істейтін менің әкеме танысады. Онымен жақын таныса келе, жас жігіт сымбатымен де, мінезділігімен де, зиялылығымен де, өнерпаздығымен де анамның жүрегінде от тұтатқан болар. Сонымен екеуі екі-үш жылдай қыз-жігіт болып жүріп, 1965 жылдың жаңа жылында шаңырақ көтереді, – деп бастады әңгімесін менің кейіпкерім.

Біздің атамекеніміз – Семей облысының (қазіргі Абай облысы) Мақаншы өңірі. Менің аталарым 1870 жылдары патшалық Ресейдің қысымына шыдамай, теміржол салуға жастарды шақырғанына қарсылық білдіріп, Шәуешекке ауып барып, сонда мекендеп қалған. 

Арғы атам Құрманбайдан Байкенже, Мұхамеджан, Ахметжан деген үш ұл туған. Құрманбай атамның ескіше сауаты болыпты. Үлкені Байкенженің мәнжушадан недәуір сауаты болыпты да, Шәуешектегі жамбылдың (жергілікті іс жүргізу мекемесі) іс жүргізуші шабарманы болыпты. Бейжіңге Юань Шикай патшаның таққа отыру салтанатына қатысқан екі қазақтың бірі болатын. Бірі – осы менің Байкенже атам, енді біреуі – Алтайдан барған Зәкәрия төре еді. Содан болса керек, Байкенже атамды елдің бәрі «Шабарман» атап кетіпті.

Ал Мұхамеджан атамның ескіше сауаты болса керек, шаруаға пысық, епті кісі екен. Шәуешектен Семейге мал саудасын жасайтын сауда керуенін басқарыпты. Ахметжан атам біртоға, момын адам болғанға ұқсайды.

Менің атам – әкемнің әкесі Қабыл. Мұхамеджан атамның екінші ұлы Тұрсынғали атамды өзіңіз білесіз. Шыңжаңдағы алғашқы баспагерлердің бірі болған. Сонау 1950 жылдардың басында Шыңжаң жастар баспасының негізін қаласқан алғашқы редакторлардың бірі болған. Мұхамеджан атам – Тұрсынғали атамның кенже ұлы.

Құрбанов әулетінің үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы – Қабидолла, Тұрсынғали, Мерхамит 1951-56 жылдары атақты Шәуешек гимназиясында қатар оқыды да, студенттер мен мұғалімдердің арасында ағайынды Құрбановтар атанып кетеді. Бұл туралы Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» деп аталатын роман-эссесінде былай деп келтіреді:

«Құрбановтар туралы сөз болғанда есіңе еріксіз Шәуешек түседі. Қайран Шәуешек, талай қазақты түлетіп ұшырған ыстық ұя, құтты мекен еді-ау. Өзі дәл шекара бойында орналасқан (шекарадан жиырма-ақ шақырым). Фортты қала болатын, тоғыз жолдың торабында орналасқан».

Ежелден ішкі Қытай мен Сібірдегі орыс қалаларын жалғаған Орта Азиядан Сібірге шұбырған сауда керуендері тоқтамай өтпейтін айтулы бекет. Соған сай тұрған жері де керемет. Қаланы бірнеше жерден қарасулар кесіп өтеді. Тастаған таяғың тал болып өсетін сулы да нулы өлке.

Амал не, ХІХ ғасырдың 80 жылдары екі империя шекара сызығын тартып, енші бөліскенде қайран Шәуешек Қытай жағында қалыпты. Бұл қала экономикасы шарықтап дамыған сауда орталығы ғана емес, кейін Шыңжаңның мәдени орталықтарының біріне айналды. Оған себеп – шекараға жақындығы.

 

Бір-бір шырақ ұстаған оқымыстылар

Кеңестік дәуірде орыс шенеуніктерінің қысымына ұшыраған ұлт зиялылары Шәуешекке келіп паналады. Қолдарына бір-бір шырақ ұстағандай, білім мен рухтың жарығын ала келген оқымысты жандар Шыңжаңға құт дарытты. Мәселен, 30-жылдардың басында іргесі қаланған Шәуешек гимназиясын биікке көтеріп, еңсесін тіктеген де – сол зиялы қауым еді. Олар сондағы халықтың әлденеше ұрпағын тәрбиеледі. Кейбіреуі бертінге дейін келді. Мысалы, Тұрсын Мұстафин мен татар ұлтшылы, Қазан университетінің түлегі Хисан Баутин бізге сабақ берді.

Тарбағатай уәлаятының басқа аймақтардан озық болуы осы Шәуешек гимназиясының арқасы десек, артық айтқандық емес. Бүгін сөз болып отырған Мерхамит Құрбановпен осы гимназияның қабырғасында таныстым. Әлденеше сыныптары бар оқу орнында сегіз класқа кілең қазақ балалары топтасқан екен. Біз Мерхамит екеуміз сол сыныпта үш жыл бірге оқыдық. Бұлардың ауылдары қаланың іргесінде Сангүн деген селода болатын. Балалары мектепке өз уақытында барса керек, оның үстіне Абдолла деген ағалары қалада мұғалім. Құрбановтардың ертерек хат тануына сол кісінің ықпалы болғаны сөзсіз. Мен көргенде, гимназияда үш бірдей Құрбанов оқып жүрді. Олар бізден бір сынып жоғары оқитын. Тұрсынғали ертерек қызметке кірісіп кеткен. Қабидолла және бізбен бірге оқитын Мерхамит.

Сөйтсек, бұлар бір атадан тараған үш ағайынды кісінің (Байкенже, Мұхамеджан, Ахметжан) балалары екен. Оқуға ынталы, ибалы, тәртіпті Мерхамиттың есте қалатын тағы бір қыры – өнерге бейім сазгер болатын. Ол музыкаға жан-тәнімен берілген талантты сырнайшы еді.

Әкемнің әкесі, Қабыл атам, өз заманында сегіз қырлы өнерпаз әрі сері болыпты. Дәулетті отбасының еркесі болған соң ба, сол заманның жақсы оқуын қалдырмай оқып шыққан көрінеді. Сол кезде әртүрлі мәдениеттер тоғысқан Шәуешекте татар мәдениетінің жағымды ықпалы ерекше сезілген. Өзіңіз де білесіз, Шәуешек үлкен сауда орталығы мен өркениеттің ошағы болғанын. Сол өткен ХХ ғасырдың басында, тұрғылықты қазақтармен қатар басқа ұлт өкілдерінің де білім алуымен, сол кездің өзінде озық ойлы, жаңаша біліммен қаруланған интеллигенция қалыптаса бастаған еді. 1917-18 жылдары Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, атақты Әсет ақынның Шәуешекте болғаны тарихта мәлім. Аталарымның отбасы қалалықтармен етене жақын, қоян-қолтық араласқан екен. Осындай етене байланыс Қабыл атамның музыкант болуына ерекше әсер етсе керек. Өзі де алғыр, құймақұлақ бала үйрене жүріп, көре жүріп музыкалық өнердің хас шебері болып өсті. Атаммен дос Сүлейменнің Кәрімі дейтін жігіт Шәуешек бетіне танымал, аты шыққан әнші, сері жігіт болған екен. Қабыл атам мандолинада ойнап, скрипкадан әуен төгілтсе, Кәрім әнге басқанда ауыл-аймақ сілтідей тынып, мүлгіп қалатын көрінеді. Атамның өзі жасаған мандолина мен скрипкалары Кеңес одағынан алдырылған аспаптардан кем түспейтін болыпты. Кейін Шәуешектен от электр стансасының салыну құрметіне ашылған көрмеге Қабыл атамның жасаған мандолинасы мен скрипкалары қойылыпты. Атамның ғұмыры қысқа болған, небары 37 жасында өмірден өтіпті.   

«Өмірге келдім еңбектеп 

Шалқалап әкем шықты үйден. 

Жетімдік тағдыр жетектеп

Қабағын жабады түксиген», – деп жырлаған дауылпаз ақын Қасымның тағдыры менің әкемді де айналып өткен жоқ. 

Әкеден ерте айырылған бала тым ерте есейеді. Анасы оны аналық махаббатқа бөлеп, әкенің жүрек жылуын сездіруге тырысты. Бала болса да анасына сүйеу болуға, бауырларына қамқорлық көрсетуге талпынды. Осы жерде айта кетейін, Мұхамеджан атам қайтыс болғаннан кейін оның кенже ұлы Тұрсынғали ағам да, Шабарман атамның (Байкенже атам) ұлы Қабидолла ағам да, менің әкем де Мұхамеджан атамның ортаншы ұлының тәрбиесінде өседі. Үшеуі де сол кісінің үйінде көбірек болып, тай-құлындай қатар өсті. Мектепті бірге бітіреді. Шәуешек гимназиясында 1950 жылдың басында қатар оқыды. Жаңа атам туралы айттым ғой, сондай бір өнерпаз әкеден туып, он жасқа дейін оның тәрбиесін көрген, өнегесін алған әкемнің өнерпаз болмауы мүмкін емес еді. Ол да атам сияқты музыканы жаны сүйді, мандолина, аккордеон, баянға  бала жастан құмар болды. Сол Шәуешек гимназиясында барлық пәндерінен үздік оқып қана қоймай, өнерпаз ретінде де мойындала бастады. Әкемнің Шәуешек гимназиясында бірге оқыған сыныптасы, Қазақстанның классик қаламгерлерінің бірі, қазақ халық жазушысы Қабдеш аға Жұмаділов: «Танцыға енді үйрене бастаған біздер Мерхамиттың гармонына билейтінбіз. Залдың төрінде қоңыраулы баянын құлаштай созып Мерхамит отырады. Параллель сыныптарда татар, өзбектің қыздары оқыды. Биді де қыздыратын – солар», – деп еске алады «Таңғажайып дүние» деп аталатын роман-эссесінде.

 

Ол отырыстың гүлі, ғажап сазгер еді...

Әкем 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірген соң, Қытайдың атақты Пекин педагогикалық университетінің физика факультетіне оқуға қабылданады. Алдымен 1956-57 жылдары Бейжіңдегі Орталық ұлттар институтының дайындық курсында бір жыл қытай тілін оқып, зерделілігі арқасында қысқа уақыт ішінде қытай тілінде еркін сөйлей алатын, сауатты жазып, аудара алатын деңгейге жетеді. Бұнда келген соң да өнерпаздығымен, бауырмалдығымен студенттер ортасында танымалдылыққа ие болды. Сол ұлттар университетінің дайындық курсында бірге оқыған курстас досы, баспагер Ахмет Дауди былай деп еске алады. 

«Бірде 1957 жылы 4 мамырда (бұл күн Қытай жастарының еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылған жастар қозғалыс ретінде аталып өтетін мемлекеттік мереке) сол кездегі Кеңес одағының ірі саяси қайраткері, атақты маршал (аты-жөнін ұмыттым) Бейжіңге сапарлай барады. Құрметті қонаққа Жұң нан Хайда Қытай басшысы Мао Цзедун (Мао Зыдоң) үлкен қонағасын береді. Сол салтанатты шарада әкем аккордеонда орыстың әйгілі «Антошка» би әуенін құйқылжыта ойнағанда, жасы егде тартқанына қарамастан, атақты маршалдың өзі орнынан тұрып, жиылған жұртты тамсандырып, билей жөнеледі. Өнердің құдіреті деген ғажап! Сонда атақты маршал әкемнің арқасынан қағып, ол әуенді қайдан үйренгенін сұраған екен. Осы арада тағы бір ұлы тұлғамен кездесу сәтін еске алады Ахмет аға. 

1956 жылы ШҰАР-дың бірінші хатшысы Ваң Ын Маомен және үкімет төрағасы, атақты Сәбпыдин Азизпен (Бұл кісі – ұйғырдың көрнекті саяси қайраткері, әдебиетші ғалымы, ақын, «Шыңжаңда өткен 50 жыл» атты кітаптың авторы) Бейжіңге барған сапарында астанада оқитын Шыңжаңдық студенттер мен жастарды, сондай-ақ сол жерде қызмет істейтін Шыңжаңдық кадрларды шақырып, 8 наурыз мерекесіне арнап үлкен салтанатты кеш ұйымдастырады. Кештің қонағы сол кездегі Қытай үкіметінің премьер-министрі, қытай халқының ұлы перзенті Жоу Ынлай (Джоу Эньлай) болады. Осы кеште әкем аккордеонмен Шыңжаңдағы аз санды ұлттардың әуендерін нақышына келтіріп әуелеткенде, әсем әуенге еліткен жаны нәзік премьер ортада тұрған әдемі киінген қазақ қызын (бұл атақты  Таңжарық ақынның қызы Шара Таңжарыққызы еді) биге шақырып, аккордеонның сазымен тербелді дейді.

Дайындық курсты бітіріп, Пекин педагогика университетінің физика мамандығында оқып жүргенде Пекин консерваториясының бір профессоры әкемді арнайы іздеп келіп, оны консерваторияға оқуға шақырады. Бірақ ол бақыт әкеме бұйырмапты. Өзі  басқа мамандықта оқи жүріп музыкалық білімін жетілдіріп, музыкант Мерхамит, баяншы Мерхамит, аккордеоншы Мерхамит атаныпты. Содан көп жылдан кейін, менің бойжетіп қалған кезімде әкемнің: «Әттең, сонда сол профессордың сөзін тыңдап, консерваторияға барғанымда ғой», – деген ішіндегі бір өкінішін айтқаны есімде.

Әкемнің аға досы, қолжазбатанушы ғалым, арабтанушы Мақсұт аға Шафиғи (пейіште нұры шалқысын): «Мерхамит кім десеңіз, қазақша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Алла Тағала бойына барлық өнерді де, зердені де берген. Өзі музыкалық аспаптардың – домбыра дейсіз бе, қобыз дейсіз бе, римади, скрипка дейсіз бе, дыбыс шығаратын ішекті аспаптардың қай-қайсының да шебері болатын. Сырнайға әуесі алабөтен еді. Қайда жүрсе де осы өнерімен көзге түсіп, абыройға бөленіп, атаққа ие болды. Біз 1956-62 жылдары Пекинде студенттік өмірімізді бірге өткіздік. Оның жалынды жас өміріне куә болдық. Сол Пекинде оқып жүргенде студент жастардан ұйымдасқан музыкалық топ та құрдық», – деп еді бір әңгімесінде. «Ол музыкант қана емес, суретшілігімен де белгілі болды. Оның салған картиналары кәсіби суретшілердің салған картиналарынан еш кем емес еді», – дейді Мақсұт аға.

1961 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, Шыңжаңға қайтып келген соң Үрімші қалалық Шыңжаң педагогикалық университетінің жанындағы тәжірибе орта мектебіне оқытушы болып орналасады да, бірнеше жыл жоғары сынптарға физика пәнінен дәріс оқиды. Бұл жылдар  Қытайдағы 1957-58 жылдардан басталған оңшылдыққа қарсы стиль түзету қозғалысының жалғасып жатқан кезі болатын. 

1958 жылы әкемнің әпкесі Меңтай апам белгілі жазушы журналист, Құлжадан шығатын «Іле» газетінің тілшісі Оразанбай Егеубаевпен шаңырақ көтеріп, әжем мен әкемнің бауырлары, Азанбай ағаның әке-шешесі бәрі бір шаңырақта өмір сүріп жатты. 1962 жылы Оразанбай ағам «сенімсіз, шетке байланған» делініп, халық жауы аталып, саяси қудалауға түседі. Меңтай апам да пошта мекемесіндегі жұмысынан шығарылады. Артынан Оразанбай ағам Тарымдағы еңбекпен өзгерту лагерінен бір-ақ шығады. Тірідей жарынан айырылып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Меңтай апам буынып, түйініп, отбасын алып, Шәуешектегі Мұхаммеджан атамның қарашаңырағы саналатын көне тамүйіне көшіп келіп паналайды. 

Сол кезде өлке орталығы Үрімшіде қызметте жүрген әкем Үрімшіде де, ел жақта да жағдайдың қиындап, күрделеніп бара жатқанын сезеді де, анасы мен бауырларына, Меңтай әпкесі мен жиендеріне қорған болуды ойлап, Үрімшіден Шәуешекке қызметке ауысып келеді. Тарбағатай аймақтық әкімшілік  мекемесінің аппаратында аудармашы болып қызметке тұрады. Бұл 1962 жыл болатын. Осы жерде жүріп анаммен танысып, отбасын құрып, шаңырақ көтереді. «Заман – соққан жел, дүние – үлкен көл» (Абай) демей ме, жаңағы 1957 жылдан басталған саяси толқын бәсеңдегендей болғанымен, 1966 жылы басталған мәдениет төңкерісі дауылы заманның астаң-кестеңін шығарды. Елдің ішіндегі оқыған азаматтар «сасық буржуазияшыл элемент» делініп, бастарына қағаз қалпақ кигізіліп, қудалауға түсті. Ол кезде жазықты адамдар үшке бөлінеді екен. Біріншілері – шетпен астасқан қылмыстылар, бұларға жаза ауыр болған. Екіншілері – мансап ұстаған ата-бабаларынан қолында билік үзілмеген байлардың тұқымы, олардың қолындағы байлықты күшпен тартып алып, өздерін еңбекпен түзету лагеріне жіберіп отырған. Үшіншісі – еңбекпен тәрбиелеу, онда төменгі сатыларға жіберіліп, қатаң бақылауда ауыр еңбекке жеккен. Менің әкем осы үшінші топқа еніпті. Осылайша сасық буржуазияшыл зиялы деген саяси жаламен әкем Қарақабақ  деген жерде еңбекпен түзеу лагерінде болады да, оқуды жаңа бітірген  анам Шәуешекте қалып қояды. Кейін 1977 жылдың соңында Қытай билігіне ұлы реформатор Дэн Сяопин келген соң жылымық орнап, демократияның жылы лебі есе бастайды. Кешегі қуғынға түскен зиялылар ақталып, еркіндікке шығады.

 

Жабылған жаладан ақталып, АЙТЫС өнеріН дамытқан

Сол орайда әкем де  кешегі жабылған жаладан, жағылған күйеден ақталып, Шәуешек аудандық мәдениет мекемесіне қызметке келіп, біраз жыл кітапхана секторын басқарып, кейін мекеме бастығына көтеріледі. Осы қызметке келген бетте ол ұлт руханиятының жауһарларын түгендей бастайды. Ел  арасынан халықтың ән-күйлерін, жыр-дастандарды, фольклорлық мұраларын жинастырып, оны зерттеп, жүйеге түсіріп, том-том кітап құрастырудың қамына кіріседі. Сол 1970 жылдардың соңында қазақтың айтыс өнерін тірілтіп, ел ішіндегі айтыскер ақындарды іздеп тауып, Шыңжаңда тұңғыш рет айтыс ұйымдастырады.

Шәуешек қаласының Шаша ауылында да тұңғыш ақындар айтысын ұйымдастырады. 1985 жылы Тарбағатай аймақтық мәдениет басқармасына жауапты қызметке келгеннен кейін Тарбағатай аймағының 7 ауданындағы айтыскер ақындардың басын қосып, тұңғыш рет ақындар айтысын Сауан ауданының атақты Ұлужан жайлауында өткізді. Белгілі халық ақындары Бердіхан Абайұлы, Жамалхан Қарабатырқызы секілді кіл жүйріктердің халыққа танылған тұсы болатын.

Тарбағатай аймағының мәдениет саласын басқарған жылдарында бұқаралық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді. Аудандарда ойын-сауық үйірмелерінің ашылуына тікелей жетекшілік жасады, Шәуешектің талантты өнерпаздарын жинап, кәсіптен сыртқы атақты «Дүбек» ансамблін құрды. Бұл Шыңжаңдағы алғашқы кәсіптен сыртқы ансамблі ретінде бүкіл  Қытай еліне  танылды. Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 100 күйі» деген үлкен еңбектер құрастырып, баспаға дайындады.

Ол кісінің үлкен еңбегінің бірі – ел ішіндегі жас таланттарды байқап, оларды аймақ, аудандардағы мәдениет ошақтарына жұмысқа тартып, Іле облысының көркемөнер мектебі және Шыңжаң көркемөнер институты, орталық музыка институтын, Бейжің, Шанхай, Шиан консерваторияларына оқуға жіберіп, сол таланттарды үлкен өнер жолына салды. Бүгінде сол кезде бұл кісі талантын танып, жолын ашқан сол жастар Алаш жұртына белгілі өнерпаздар – әнші Гүлнар Абдоллақызы, Жанат Тоқтасынқызы, Бақыт Бешенқызы, Ақан Бақшайұлы, Құрманбек Әлімғазыұлы, белгілі күйшілер Уран Ақатай, Еркін Ергенұлы тағысын тағылар.

 «Иә, алпысқа келсек екен енді біздер» деп ұлы Мұқағали ақын армандаған сол алпысқа ол ілінбей кетті. 1993 жылдың 12 желтоқсанында, өзі туған жері Шәуешегінде мәңгілік сапарға аттанды. Одан бері де 30 жылдан аса уақыт зулап өте шығыпты.

Адам ұрпағымен ғана емес, еткен еңбегімен де мың жасайтынына көзіміз тағы бір мәрте анық жетті. Өзінің бар саналы ғұмырын қазақ руханияты мен өнерінің өркендеуіне арнаған, қаншама жас таланттың жолын ашқан, қарапайым ғұмыр кешкен парасатты тұлғаның өнегелі өмір жолы қай кезде де болашаққа қол артқан жас ұрпаққа өнеге болатынына сіз бен біздің еш күмәніміз болмаса керек.

Иә, уақыт өткен сайын айлар аунап, жылдар жылжып, заман алмасқан сайын күні ертең тоқсан жылдық, жүз жылдық мерейтойы келе жатқан сан қырлы өнерпаздың, сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның, қазақ руханиятының аса үздік ұйымдастырушысы Мерхамит Құрбановтың өмірдегі де, өнердегі де бейнесі жарқырай көрініп, тұлғасы асқақтап, өзі ғұмыр кешкен тарлан Тарбағатай тауларындай биіктей түсері хақ. Өйткені асқар таулар алыстаған сайын аласармайды, биіктей түседі.

Біз ұлы өнерпаздың, асқар тау әкенің рухына басымызды иеміз. Біздің бұл жазбамыз бүгінгі жас ұрпақтың сіздің қабіріңізге салған бір уыс топырағы, рухыңызға бағыштаған оқыған Құранымыз болсын. Пейіште нұрыңыз шалқысын!

 

Сержан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

Рақымжан Отарбаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

 

18.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23930
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23601
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40907
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37018
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41268