Ассамблеяны тарату деген – саяси таяз көзқарас

Ассамблеяны тарату деген – саяси таяз көзқарас

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деп жиі айтамыз. Бірақ «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» деп хакім Абай айтқандай, біздің айтып жүрген бірлігіміз қай бірлік? Бірлік, ынтымақ туралы сөз қозғалғанда, кейде Қазақстан халқы Ассамблеясының ойға оралатын кездері болады. Қоғамда ассамблеяға қатысты әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Біреулер ассамблея тарасын, пайдасыз ұйым десе, біреулер ассамблеяның ел бірлігін қамтамасыз етуде атқарып жатқан жұмысы өлшеусіз деп жатады. Сондықтан ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы, мақсат-міндеті қандай, бізге жалпы ассамблея керек пе деген сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов мырзаны әңгімеге тартқан едік.  

– Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесіне қандай мақсат-міндеттер жүктелген? Қоғамдық келісім кеңесі қазір қандай жұмыс атқарып жатыр? 

– Жалпы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы жөнінде айтатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғам институттарын, саяси үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын біріктіріп, қазақстандық сәйкестік, ұқсастық, тепе-теңдік жасайтын бірлестік деп айтуға болады. Қоғамның негізгі мақсаты – халықтың азаматтық қоғам институттарының, жергілікті билік ұйымдарының өзара байланыс, қарым-қатынастарының жұмысын жақсарту. Сондай-ақ қоғамдық келісім ұлттық бірлікті нығайтатын іс-шаралар атқарып, түрлі жобалар дайындайды. Ең бастысы елдегі бірлік, өзара түсіністік мәселелері болып саналады. Текетірес, шиеленістерге жол бермеу, олардың алдын алатын жұмыстарды жасау және белсенді азаматтардың көмегімен қоғамдық мониторинг жүргізу, медиация, қайырымдылық іс-шараларын жасау, түсінбеушіліктерге жол бермеу мәселелерін қарастырады. Осындай идеологиялық шараларды кеңінен қамту үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстары да кеңінен жүргізіледі. Сонымен бірге қоғамдық келісім, жастарға патриоттық тәрбие беру, отаншылдық, мемлекетшілдік мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына да атсалысады. Әсіресе тіл, рухани жаңғыру тағы басқа бағдарламалардың орындалуына өз үлесін қосып келеді. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазақстан халық Ассамблеясы хатшылығы ұйымдастырған жеті қоғамдық келісім кеңесінің филиалдары жұмыс істейді. Олар: «Ақмола вагон жөндеу зауыты», «Астана орманы», «Астана СуАрнасы», «Цесна астық», Көктал ықшам ауданында, қалалық «Достық» үйінде орналасқан. Бұл қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі жұмысы – билік пен халықтың арасына «көпір» болу. Қаладағы осы жеті кеңеске сол маңда жақын орналасқан ұжымдардың жұмысшы қызметкерлері де тартылады. Бірігіп іс-шаралар, «дөңгелек үстел», қайырымдылық акцияларын өткізеді.

Түрлі этнос өкілдерінің өзара қарым-қатынасына ерекше мән беріп, отаншылдық, мемлекетшілдік патриотизм мәселесі күн тәртібінде негізгі орын алады. Қазір біркелкілік мәселесіне ерекше көңіл бөлудеміз. Әлемдегі геосаяси жағдайдағы өзгерістер көп этносты Қазақстанға кері әсерін тигізбесе дейміз. Ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас қашанда күрделі. Бұл бір күнде шешімін таба қоятын, күшпен басып, тәртіпке шақыра салатын мәселе емес. Сондықтан ұлттық біркелкілікті қалыптастыру негізгі мақсат десек, қателеспейміз. 

XXIX сессия Ассамблеи народа Казахстана началась в Нур-Султане

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша этномәдени орталықтар туралы да айтып берсеңіз... Қанша этномәдени орталық бар?

– Қалада 21 этномәдени орталық бар. Бұның ішінде 20 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан  ұжымдар да бар. Олардың ішінде шешен-ингуш орталығы, татар-башқұрт орталығы, поляк, неміс, корей және тағы да басқа көптеген мәдени-этникалық орталықтарды атап айтуға болады. Мәдени-этникалық орталық басшылары да білімді-білікті, беделді азаматтар. Мысалы: «Возрождение» неміс қоғамының басшысы Берг Игорь Вернерович, корей этномәдени бірлестігінің басшысы Хон Атама Геннадьевич, шешен-ингуш «Вайнах» этномәдени бірлестігінің басшысы Солсанов Башир Уматгереевич, «Polacy» қоғамдық бірлестігі ұжымының басшысы Роговская Елена Артемовна, «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігінің басшысы Агаев Видади Умудоглы, өзбек мәдени-этникалық бірлестігінің басшысы Пулатов Шерзод Аббозович сынды басқа да азаматтар бар. Бұл азаматтар – Қазақстанның патриоттары. Олар өздері басшылық ететін орталықтарда жан-жақты жұмыс жасап, патриоттық тәрбиеге, мемлекеттің тіліне, елдегі тыныштыққа, бірлікке көп еңбек сіңіріп жүр. 

– Әр этностың өзіндік тарихы, мәдениеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, тілі, діні, ділі бар. Әр этностың ұлттық құндылықтарын қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен, жалпы адами құндылықтармен үйлестірудегі ассамблеяның рөлі қандай? 

– Ассамблеяның негізгі жұмыстарының бірі қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау болып саналады. Мемлекеттік тіл, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әсіресе домбыра шерту, күй тарту, қазақша ән айту сияқты байқаулардың бәрі де мемлекет құрушы қазақ халқының ұлттық құндылықтарына деген сүйіспеншілікті дәріптеуге жатады. Қазақ халқы мәдениетінің ерекшеліктерін жас ұрпақтың бойына сіңіруде ассамблеяның еңбегі орасан зор. Атап айтсақ, бүгінде ассамблея барлық іс-шараларды мемлекеттік тілде бастап, мемлекеттік әнұранмен  аяқтауды дәстүрге айналдырған. Мұның өзі мемлекетшілдік, отансүйгіштік, патриотизмнің негіздерін қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету тұрғысынан да басқаларға үлгі-өнеге болып отырғаны жасырын емес.

– Жалпы аналар кеңесін, ақсақалдар кеңесін, медиация институтын ассамблеяның құзырына берудегі мақсат қандай деп ойлайсыз?

– Бұл іс-шараларды ассамблеяға ешкім берген жоқ. Біз өзіміз заңға сәйкес ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі таңда ассамблея құзырындағы медиация институты жақсы жұмыс істеп келеді. Яғни істі сотқа жеткізбей шешімін табатын мәселелерді реттеу арқылы заң жүзінде, адвокат шақырып, мәселелерді алдын ала келісімге келу арқылы бейбіт жолмен шешу жолдары қалыптасты. Сонымен қатар тәлім-тәрбие, салт-дәстүрді сақтау мәселесінде ассамблея жанындағы Аналар қоғамының атқарып жатқан игі істерін санамалап атап айтуға болады. Бұлардың барлығы ассамблея жұмысын жан-жақты дамытуға тікелей әсер етеді. Қалалық ассамблея сіз атап айтып отырған ұйымдарды ғана емес, басқа да көптеген бірлестіктердің басын қосып отыр. Біздің 21 деп  айтып отырғанымыз, ассамблеяға тіркелген этномәдени бірлестіктер ғана. Бірақ қалада одан да көп бірлестіктер бар. Дегенмен олардың барлығы бірдей ассамблеяға мүше емес. Өйткені ассамблеяға мүше болу үшін олар өздерінің жұмыстарын  көрсетіп, алға қойған мақсаттарын дәлелдесе ғана қалалық ассамблеяға мүше бола алады. Қазір ассамблея хатшылығында этномәдени бірлестіктерді аккредиттеу жүріп жатыр. Комиссия отырысында этномәдени бірлестіктің бір жылдық жұмысы тыңдалады. Жұмысты сұрыптап талдау нәтижесінде этномәдени бірлестікке баға беріледі. Сол нәтижеге байланысты ассамблеяға мүшелігі анықталады. 

Қалалық ассамблеяға қарасты 56 шығармашылық ұжым бар. Бұлар негізінен би, вокал, балалар ансамбльдері және басқа да өнер жанрларында жұмыс істейді. Бағдарламаларында міндетті түрде мемлекеттік тілдегі әндерге, қазақ халқының биі мен өнеріне ерекше мән береді. Әсіресе патриоттық, отаншылдық байқауларды көптеп ұйымдастырады. «Алтын күн», «Қазақ халқына алғыс» күні, «Қош келдің, әз Наурыз!», «Мемлекеттік тіл және рәміздер», «Достық тұтқасы» сияқты және  басқа да байқаулар жастарды  патриотизмге тәрбиелейді.

– Қоғамда ассамблея таратылсын, пайдасыз ұйым деген көзқарас қалыптасқан. Бұл пікірге қандай уәж айтасыз?

– Тәуелсіздікті жариялау оңай, ал мемлекеттің жан-жақты қалыптасып, өркениет көшіне еруі кез келген ұлттың қолынан келе бермейді. Әлемде үш мыңнан асатын үлкенді-кішілі  ұлт болса, соның 197-сінің ғана мемлекеттік құрылымы бар. Сондықтан мемлекетшілдіктің жауапкершілігі орасан. Әсіресе Қазақстан тәрізді 300 жыл бодандықта болып, бүгінде 100-ден аса этникалық топтары бар мемлекет құрушы ұлтқа түсетін ауыртпалық өте көп. Басқа этнос өкілі болса да, Қазақстанның азаматы болғаннан кейін, оларды шеттетуге құқығымыз жоқ. Біз қайта мемлекетті құрушы негізгі ұлт болғандықтан, солардың барлығын өзіміздің бауырымызға тартып, тәрбиелеп, біркелкілікке жеткізуіміз керек. Сондықтан қазіргі жағдайда Қазақстанның байлығы да, Қазақстанның болашағы да біздің ұлтаралық қарым-қатынасымыздың дұрыс жүргізілуінде. Осы ұлтаралық қарым-қатынастағы ассамблеяның, ассамблеяның қасынан құрылып отырған қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңесінің, жастар «қанатының» және басқа да медиация сияқты ұжымдардың жұмыла жұмыс істеуі біздің бірлігімізге, елдігімізге, мемлекетіміздің нығаюына үлкен әсерін тигізеді. Иә, көбіне ассамблея деген үлкен адамдардың бас қосатын бірлестігі, жиналатын жері болып көрінетіні бар. Дегенмен ассамблеяның жұмысы жастарға негізделген. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде жаңа жас буын дүниеге келді. Бұл азаматтардың барлығы тәуелсіз Қазақстанда туып, тәуелсіз Қазақстанда білім алып, тәуелсіз Қазақстанда еңбек етіп отыр. Сондықтан негізгі жұмыстың барлығы да жастармен байланысты.

Ал жастардың біркелкілікке, отаншыл патриотизмге, отансүйгіштікке көзқарастары мүлдем басқа десек, қателеспейміз. Жекелеген кейбір жұмыстарға тоқталатын болсам, отаншылдық патриотизм тәрбиесіне мән берген кезде жастардың сана-сезімі, қарым-қатынасы, мемлекеттік құрылымға көзқарасы  қалыптасады. Шындап келгенде, бұл – үлкен сала. Идеологиялық жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Әсіресе тәрбие мәселесінде этникалық, яғни ұлтаралық қарым-қатынас деген жан-жақты, күрделі мәселе болғандықтан, бұған дұрыс көзқарас қалыптасуы керек деп ойлаймын. Сондықтан қоғамдық келісім кеңесінің барлық жұмысы бүгінде халық арасынан кеңінен қолдау тауып отыр. Әлемдегі саяси өзгерістер, мемлекетаралық қарым-қатынастар, әлемдік экономикалық дағдарыстардың барлығы да дамыған интернет заманында халықтың алаңдаушылығын  туғызуда. Ал осы мәселеде ассамблеяның алатын орны ерекше. Иә, кейде халық арасында ассамблеяның керегі қанша, оған қаншама қаражат бөлініп жатыр деген көзқарас айтылады. Теледидардан да айтылып қалады... Жоқ. Мәселе онда емес. Мәселе идеологияда. Мәселе мемлекеттің саясатында, мемлекетшілдікте. 

Ассамблеяның «Жастар қанаты» соңғы жылдары саяси акцияларға белсенді араласуда, әсіресе жақында өткен референдумда ерекше көзге түсті. Жастар «Қазақ тілі – бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Қасиетті парыз» секілді көптеген шараларды ұдайы өткізеді. Бұл шаралар отаншыл патриотизмді қалыптастырады. Мұның барлығы бізге, елімізге, мемлекетімізге, бірлігімізге қажет дүниелер. 

Ал ассамблеяны тарату дегенді саяси саяз көзқарас деп айтар едім. Өйткені мемлекеттің дамуы, оның экономикасына, саяси жүйелі құрылымына және идеологиясына байланысты. Осы үш құрамдас бөліктің бірі ақсайтын болса, онда ол мемлекетте қарқынды даму деген болмайды. Ол мемлекетте ерте ме, кеш пе, бір саяси дағдарыс болады. Идеология, үгіт-насихат, тәлім-тәрбие жоқ жерде мемлекеттің жалпы дұрыс дамуы мүмкін емес. Халықаралық заңдар бар, олардың орындалуы, құқықтық мәселелер, мұның барлығы да мемлекеттің ішкі саясатына, ішкі құрылымына, мекен етуші халықтардың бірлігіне, ішкі тұрақтылық пен толеранттылық, ынтымақтастыққа байланысты. Ішкі бірлік болмаса, ол мемлекеттің беделі болуы мүмкін емес. 

Тағы бір мәселе – этномәдени бірлестіктерге көп ақша жұмсайды деген мәселенің өзі ұят нәрсе. Сол этномәдени бірлестіктердің жұмысына біздің қазақтардың араласып, барып көріп, танысуы шамалы. Шақырғанда келмейді. Этномәдени бірлестіктердің жұмысын бағалап, қайырымдылық шараларының барлығын қарап отыратын болсаңыздар, олардың қоғамдық негізде жалақы алмай, өз еркімен жұмыс істегеніне көз жеткізер едіңіздер. Бұл жұмыстардың барлығы меценаттардың көмегімен жасалады. Этномәдени бірлестіктер өздері ақша тауып, өздері іс-шараларды өткізеді. Елдің тыныштығы мен бірлігіне атсалысады. Қазақ «Көрмес, түйені де көрмес» дейді. Біз тек істелген іске сыншы болып, кемшіліктерді ғана айтамыз. Кейбір жекелеген адамдардың, жекелеген этнос өкілінің кейбір қылықтарын бүкіл этносқа жаба саламыз. Ол дұрыс емес. 

– Бір сөзіңізде қайырымдылық шараларына қатысты айтып қалдыңыз... Қаражат жөнінде... Меценат, демеушілер туралы түсіндіре кетсеңіз.

– Қайырымдылық мәселесіне байланысты айтар болсам, жыл сайын этномәдени орталықтар миллиондаған теңгеге акциялар өткізеді. Жетім балаларға көмек көрсететін «Баға жетпес сыйлық» акциясы,  «Қазақстан – берекелі шаңырақ», яғни көпбалалы жанұяға көмек акциясы тағы басқа шаралар көптеп ұйымдастырылады. Осы шаралардың барлығына мемлекет, әкімшілік тарапынан бір тиын да шығын шықпайды. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласындағы этномәдени бірлестіктер 40-50 млн қаржы көлемінде қайырымдылық көмегін жасайды. Мысалға 2019 жылы 49 млн теңгеге қайырымдылық акциясын өткізсе, 2020 жылы 43 млн теңгеге, 2021 жылы 45 млн теңгеге, биылғы жартыжылдықта 17 млн теңгеге қайырымдылық акциясы өткізілді. Шарипов Хасан Халматович, Солсанов Куреш Баширович, Исмаилов Сайяф Бахрам Оглы, Янхузов Даут Хасанович, Рудой Наталья Михайловна, Хамхоев Сайфудин Султанович сияқты меценаттарды атап өтсек болады.

Осындай қаншама атқарылып жатқан жұмыстарды «Құмға құйған судай» жоққа шығару ұят нәрсе. Тағы айтар болсам, біз идеология мәселесінде көп нәрсені ашық айтуымыз керек. Қазіргі геосаяси жағдай бойынша, мысалы Украинаны алайық, ондағы шиеленіс  Ресейдің көп жағдайдағы көзқарасын ашып отыр. Мысалы: Украинада 7-8 млн орыс ұлтының өкілі бар екен.  Осы 7-8 млн орыс ұлтының көпшілігі, яғни 90 пайызға дейінгісі  қолдарына мылтық алып, Украинаны қолдап, Ресей әскеріне қарсы соғыс жүргізіп жатыр. Бұл нені көрсетеді? Меніңше, бұл – сол елдегі идеологиялық саяси этникалық мәдени жұмыстардың дұрыс жүргізілгенінің нәтижесі.

Біз «қасқыр намыс, қой мінезді» халықпыз ғой. Дегенмен істеп жатқан іс-шараларға тек сыни көзқараспен емес, оны бағалап, түсіністікпен қарағанда ғана өзіміздің алға қойған мақсаттарымызға абыроймен жетеміз. Ал біздің мақсатымыз – мемлекетімізді күшейту. Мемлекетімізді күшейту бірлікке байланысты. «Бірлік бар жерде тірлік бар», түсіністік бар жерде болашақ бар.

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541