Жұрт жемқорлық туралы айта бастаса, ойыма ылғи атам айтқан мына ертегі түседі. Жалықпасаңыз айтып көрейін. Ерте-ерте-ертеде, ешкі жүні бөртеде, бір үлкен ел болыпты. Ол елдің атын сырт елдер Көкбөрі елі деп атапты. Сол жерде, сол елде үлкен алтын сарай болған көрінеді. Сарайдың сырты көздің жауын алатын әдемі болса, іші сондай қорқынышты еді. Қорқынышты болатын себебі, ішінде жеті басты аждаһа бар екен. Аждаһа елді қорқытып, күн сайын көп мал, тамақ әкелуді талап етеді. Одан бөтен аждаһа алтын, күміс дей ме, әйтеуір, асыл заттарға құмар екен. Ауық-ауық гүрілдеген аждаһаның дауысы да сондай қорқынышты болыпты. Балалар оның дауысынан қорқып, далаға шықпапты.
Ел кедейленіп, жүдей бастапты. Айтпақшы, халықтың ішінде де небір батырлар бар ғой. Солар бес қаруын асынып, халықтың батасын алып, аждаһаны құртпаққа аттанады екен. Ал оларды аждаһа от шаша қарсы алып, қылғытып жұта салады. Сөйтіп, дүлей аждаһаға қарсы келетін ешқандай күш болмапты. Халықтың жағдайы күннен-күнге нашарлай беріпті. Мал мен байлықтан жұрдай болып, қырылуға бет алыпты. Бұған көңіл аударып жатқан аждаһа жоқ. «Әкел, әкел, әкел!» деген қаһарлы даусы жер-жаһанды басына көтеріп, аждаһаның араны ашыла беріпті. Қорыққан, үрейленген ел барын жинап, күнделікті белгіленген уақытта апарып беріп тұрыпты.
Кеудесінде намысы бар батырдың бәрін аждаһа жұтып, жоқ қылыпты. Ел тұйыққа тірелген өте ауыр шақта аждаһаға қарсы ешкім ештеңе жасай алмапты. Күні де түн, түні де түн болған халықтың зарлы дауысынан жер қарс айырылып, аспанға қара бұлт үйіріліпті, толассыз қара жаңбыр құйыпты. Ел бүкіл әлемнің әміршісі Құдайға сыйынып, жалбарыныпты. Күндердің күнінде көрші елдің бірінен бала батыр шығыпты. Сол замандағы дәулермен күш сынасып, батырлармен жекпе-жекке шығып, бала батыр солардың бәрінен айдыны асыпты, ешкімді бет қаратпапты.
Бір күні бала батыр бір кемпірдің жалғыз баласын өлтіріп қойыпты. «Әй, қаңғыбас жетім!» – депті кемпір долданып, – «Сенің елің бұл емес. Кезінде анаң аждаһадан қашып, осында келіп еді. Ішінде сен бар екенсің. Анаңның айтуынша, сенің батыр атаңды да, әкеңді де, ағаларыңды да сол аждаһа жұтыпты. Ол елдің аты Көкбөрі деген болады. Күшің сыймаса, сонда бармайсың ба, жалмауыз-ау!» – деп жер төпелеп жылапты. Анасын қорқытып бәрін біліп алған бала жолға шығыпты. Талай-талай белден, талай-талай елден асқан бала батыр ақыры Көкбөрі елінің шетіне келіпті. Бүкіл әлем білетін Көкбөрі елі босып кетіпті. Халқы аштан қырыла бастапты, көп шаһарлары қаңырап бос қалыпты. Жолдың шетінде мұңайып отырған бір шалдан бала батыр жөн сұрапты. Шал осы Көкбөрі елінің шетінде алып алтын сарай барын, сол сарай ішінде алып аждаһа барын, соның салып жатқан ылаңын айтып беріпті.
Бала батыр таңғалыпты. «Осыншама үлкен елден бір аждаһаны өлтіретін бір батыр шықпағаны ма?» – деп сұрапты қариядан. «Ой, балам-ай! Батыры жоқ болушы ма еді? Құртам, жоямын деп кеуде қаққан талай батыр сол аждаһаның ішінде жатыр. Алтын сарайға кірген сол батырлардың кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ. Менің екі батыр ұлым да сол алтын сарайдан шықпай қалды. Аждаһа бәрін жұтып жатыр. Елдің жағдайын көріп отырсың. Осы елдегі талай шаһарлар, ауылдар қаңырап бос қалды. Қара бұлттай төнген талай-талай бәле-жаладан аман келген, аман өткен, ғасырлар бойына сыртқы жау елдердің талай дүлей шабуылдарынан ұлы жіңгір қан қасап соғыстардан қорғана білген, айбатын бүкіл әлем мойындаған даңқты Көкбөрі елі қайдағы бір аждаһадан жойылып, жер бетінен жоқ болады дегенге сенгім келмейді. Бірақ шындық солай. Даңқы жер жарған Көкбөрі елі атамекенін тастап босып, жан-жаққа кетіп жатыр. Бүйте берсе бұл өңірде ел қалмайды. Көкбөрі елі құриды, балам!» – деп қария ақ сақалын жас жуып жауап беріпті.
«Ендеше, ол аждаһаны мен құртамын!» – дейді жас батыр ашуы бойына сыймай. «Ажалыңа асықпа, балам. Сенен де мықтылар, сенен де өткен батырлар аждаһаның оп-оңай жемі болған. Сенің күшің жетпейді», – депті қарт мұны аяп. «Жоқ, ата! Халқымды қорғай алмасам, оған қалқан бола алмасам, мен несіне жер басып жүрмін? Сол батырлардан менің жаным артық па? Менің атам да, әкем де, ағаларым да елінің намысы үшін, бүтіндігі үшін шәһит болыпты. Егер мен қорқып бұғып қалсам, менің батырлығым, азаматтығым, адамдығым қайда? Елім үшін, елімнің рухы құламауы үшін мерт болсам арманым жоқ. Әрине, мен ол құбыжық аждаһаға өлу үшін бармаймын, оны өлтіру үшін барамын. Нар тәуекел, ата, батаңды бер!» – деп жас батыр жүрелей отыра қалып, қолын жайып, ақ сақалды қариядан бата сұрапты.
Батасын берер алдында қарт алабұртқан баланы тоқтатып, ақылын айтыпты. «Балам! Біз Көк Тәңірісіне сыйынған Көкбөрі еліміз. Сен бағана дұрыс айттың. Елім үшін, елімнің рухы құламауы үшін мерт болсам арманым жоқ дедің. Өте дұрыс! Және дұрыс айтқан нәрсең қандай батыр болсын жауға өлу үшін бармайды, өлтіру үшін, жеңу үшін барады. Жауыңды аясаң, ол сені өлтіретінін есте тұт! Ал өлтіру үшін не керек? Жауыңды тек қана қара күшіңмен ала алмайсың. Түлкі бұлаң әдісің, айлаң болмаса, жау берісе қоймайды. Ертеде бір патша бабаң болған. Сан түрлі әдісті, айланы үйреткен аз әскермен-ақ алып елді қорқытып, ықтырып тұрған. Әдіс-айлаға қоса жауға деген суарылған кегің болсын көкірегіңде, ол сенде бар. Енді бір есте тұтатын нәрсе және басты нәрсең қандай қиындық, ауыртпалыққа, қандай ен байлыққа кенелсең де, ұшырасаң да, артыңда тұрған, күйзелген, саған бар үмітін, арманын артқан еліңді ұмытпа! Елің артқан сенімді бойтұмар етіп жүрегіңде сақта, ұлым! Нағыз байлығың, ол – халқың. Қалған байлыққа ешқашан қызықпа! Ол – сиқыр. Мен ғасыр жасаған адаммын. Бірақ өмірімде мұндай тұйыққа тірелген жан емес едім. Осы өмірімде бұдан асқан айлалы, бұдан өткен қорқынышты да айбарлы жау көрген емен. Елдің де, ердің де істер шарасы таусылып тұрған шақ қазір. Ел іргесі бұзылды. Қалай ойлансам да мен бұл жауға айла таба алмадым. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» демекші, сен ақыл-айласын табарсың, аждаһаны жеңіп табаныңа басарсың. Ал мен тілеулесіңмін, халқың да тілеулес. Ендігі сенен бір өтінішім, бата ешқайда қашпас, аз уақытқа бөгеліп үйден дәм тат, күш жина. Мына алдыңда қалт-құлт етіп әзер аяғына мініп тұрған қарт атаң кезінде басынан сөз асырмаған шешен, елін талай тығырықтан шығарған көсем, талай жаудың көкірегіне найзасын шанышқан батыр да болған. Қолымнан келгенше әскери өнерімді үйретейін. Жауға жалаң қолмен барма!»
Жас батыр қарттың өтінішін орындап, оның үйінде болып дәм татты, күйзелген елін көрді, көкірегіне кек уытын жинады. Жүз жасаған дана қариядан бес қаруды қалай қолданудың небір әдіс-айлаларын көңіліне тоқыды. Бойына қуат, білегіне күш жинаған жас батырын баптап, тілеуін тілеп, батасын беріп аспанмен таласқан алтын сарайдағы қаһарлы аждаһаға дана қария аттандырып, ақ жолға салды.
Жусан исі аңқыған атамекеннің саф ауасын кеудесін толтыра жұтқан батыр дулығасы жалтылдап аждаһамен жекпе-жекке аттанған сәтте таң рауандап атып келе жатқан болатын. Жолай арбасы шиқылдап, түйесі бақырып, жылқысы кісінеп, ауған, еңсесі түскен ақтабан шұбырынды елін көрді. Ашу буып, кек оты ұшқындаған жас батыр ана шеті мен мына шеті айшылық жер кең-байтақ Көкбөрі жерін қанатты тұлпармен үш күн, үш түнде ұшып өтті. Сол кезде алыстан, үлкен төбенің басында орналасқан күн көзімен шағылысып жалтылдап, көзді қарықтырған алып алтын сарайды көрді. Естіген жанның төбе шашы тік тұрар гүрілдеген қорқынышты дауыс тауларды сілкіндіріп, бұлттарды үркітіп тұрды. Әрбір гүрілді дауыстан кейін алтын сарайдың үстіне лапылдаған жалын шығып тұрды. Тұлпарының демін баспай, жер тарпытып, жас берен батыр сыртқы қақпаны найзасымен шанышып, қалқанмен дүрсілдете қақты.
– Өлім шашқан аждаһа! Қақпаңды аш! Сенің ажалың келді! Араныңа найза тыққалы, алмас қылышыммен жеті басыңның қанын шашыратып кескелі келдім. Алтын сарайыңмен бақұлдас, қанішер, жауыз аждаһа! – деді батыр қырандай шаңқылдап. Сол сәт гүжілдек дауысы жер жарған күлкі естілді.
– Ха-ха-ха! Ақымақ пендемісің деген! Келсең кел, өліміңе асықсаң, қақпаны аш та кіре ғой, ажал қойныма ене ғой. Сенен де мықты, сені жүз орап алатын небір батыр келген мұнда. Келген де қайта шықпаған. Бұл жерге келген пенделер қайта шықпайды. Өйткені, бұл жерден қайта шығатын кері жол жоқ. Жеңсең де, жеңілсең де бұл арадан шыға алмайсың. Ешқашан, ешкімге бас имеген Көкбөрі елінің ажалы осы алтын сарай! Естідің бе, ақымақ пенде, еліңнің ажалы – алтын сарай! Ха-ха-ха! – Аждаһаның күлкісінен таулар сілкініп, ақ бөркі түсті, бұлттар үркіп жасын төкті.
– Жоқ-жоқ, қанішер аждаһа, қателесесің. Сен өлесің, алтын сарай қирайды. Көкбөрі елі мәңгілік өмір сүреді.
Жас батыр гүрзісімен ұрғанда қақпаның күлі көкке ұшты. Ауыздарынан жалын шашқан аждаһа да батырды жолатар болмады. Ол аждаһаны айнала шауып жүріп, қылышымен шапқылады, найзасымен түйреді, гүрзісімен соққылады, садақты қарша боратты. Екеуі үш күн, үш түн шайқасты. Алтын сарайдың алдындағы ат шаптырым алаң қанға толды. Екеуінің арпалысқан шаңынан күн көзі тұтылды. Аждаһаның жетінші басын үшінші күн дегенде жас батырдың алмас қылышы мойнының түбінен шауып түсірді. Бұрынғы бұрынғы ма, қан өзенше ақты. Үш күн, үш түн шайқасу оңай ма, батыр да әбден шаршады. Аттан түсуге ғана үлгерді. Аш күзендей бүгіліп, найзасына сүйеніп, жүресінен отырған күйі қайран батыр қалғып кетіпті.
Біреу түрткенге ояна қалса, мұны өңкей хордың қыздарындай сұлу қыздар қоршап алыпты. Алдымен батыр қай жерде тұрғанын айыра алмай қалды. Жаңа ғана аждаһаның басын шапқанын біледі. Өлген аждаһа қайда? Өзенше аққан қан қайда? Алтын сарай орнында тұр екен. Аждаһа жоқ. Қанның орны да көрінбейді. Оның орнына мөлдір сулы әуіз пайда болыпты. Әуіздің ортасында тасқа айналған аждаһаның аузынан су сарқырай ағып тұр. Айнала неше түрлі жеміс ағаштары. Аяқ астының бәрі асыл тастармен көмкерілген. Бұлбұл құстар сайрайды. Батыр аң-таң. Маржан тістері аппақ сұлу қыздар оны сүйемелдеп, сыңғыр-сыңғыр күледі. Бір сұлу қыз алтын ыдыспен сусын ұсынды. Батыр тартып жіберіп еді, сусын дегені шарап екен. Алпыс екі тамырына қан жүгірген батырдың шаршағаны ұмытылып, көздері шоқтай жайнады.
Екі айдай сұлу қыз мұның қолтығынан демеді.
– Жеңісіңіз құтты болсын, батыр! Енді Көкбөрі елі өмір сүретін болады. Аждаһаны сіз өлтірдіңіз. Нағыз батыр сізсіз!
– Сізсіз! Сізсіз! – деді қыздар шулап. Жаңағы шараптың әсері ме, әлде мынау мақтау сөз көңілін өсірді ме, жас батыр масаттанып, масайрап қалды. Жаңа ғана тұлпарын сұрайын деп ойлаған. Енді: «Ол қайда қашар дейсің?» – деп марғауланып қалды.
– Жүріңіз, хас батыр. Сізді бай дастарқан күтіп тұр. Ауыз тиіңіз дәмнен!
– Ауыз тиіңіз дәмнен! Ауыз тиіңіз дәмнен! – деп қыздар екі қыздың соңғы сөздерін сыңғырлай дауыстап іліп әкетті. Жеңістен кейін дәм татқанға не жетсін! Оның үстіне қарны ашқан болу керек, ішегі шұрылдап қоя берді.
Оһо, не деген бай дастарқан! Алтын сарайдың үлкен бөлмесінің іші гүл-гүл жайнайды. Қабырғаларда балауыз шамдар жанып тұр. Еденге кілем төселіп тасталған.
– Жоғары шығыңыз, батыр! – Аппақ аққулардай тізіле қалған ару қыздар қол қусырып тұр. Қалың көрпешенің үстіне күмп етіп отырғанын біледі. Қыздар мұның қолдарын қимылдатпай-ақ өздері тамақтың неше түрін кезегімен аузына тосады. Арасында шарап. Әбден тойды. Өмірінде мұндай тоймаған шығар.
– Батыр, ән тыңдаңыз! Демалыңыз! – Сызылған ән кетті. Жас батырдың денесі босап, балбырап, рахатқа батты. Домбырамен күй тартылды. Қыздар майысып би биледі. Бір кезде бәрі тоқтады.
– Батыр, мына алтын сарайды араламайсыз ба? Бұл алтын сарай енді сіздікі. Мұның ішінде бәрі бар. Ол байлықтың бәрі сіздікі!
– Сіздікі! Сіздікі! – деді шулап сұлулар. «Жоқ! Ол менікі емес. Ол елдікі!» – деп айтқысы келсе де шараптың әсерінен бе, айта алмады.
– Тұрыңыз, батыр! Алтын сарайыңызды аралаңыз. Қызығына батыңыз. Жүріңіз! Жүріңіз! – деп қыздар қоятын болмады. Масаң тартқан батыр жаңа жүрген баладай әлтек-тәлтек басып, қыздардың хош иісті құшағына құлай берді. Батырға енді бәрібір еді. «Ең бастысы аждаһаны жеңдім ғой. Енді неге демалмасқа?! Алтын сарай менікі болмағанда кімдік болмақ?! Ол шынында да менікі. Мынау сұлулар да менікі».
– Менікі! Бәрі менікі! – деді батыр масаттана айқайлап. Күлкісімен сыңғыр-сыңғыр теңге дөңгелетіп қыздар батырды жетектей жөнелді.
– Міне, батыр! Міне, мынау үйілген алтын-күміс, інжу-маржанның бәрі сіздікі! – Батыр көзін ашқанда таң-тамаша қалды. Сандық-сандық небір асыл тастар көздің жауын алып, қат-қат жиналып тұр, үйіліп жатыр.
– Мәссаған! Мынаның бәрі менікі ме? – деді батыр таңдана сұрап.
– Әрине, сіздікі! Ұстап көріңіз, ұстап көріңіз! – Қыздардың мақпалдай жұмсақ дауыстары батырдың көңіліндегі күдігін сейілтіп жіберді. Мұншама байлық шынында да кімнің де болсын есін шығарып жіберетін еді. Көздері оттай жайнаған уыздай жас жігіт мұндай ен байлықты ертегілерден естігені болмаса көрген емес еді. Абдырап тұрып қалды.
– Сіз бүкіл әлемнің патшасы боласыз. Уыстап алып қызықтаңыз. Сонда алтынның буы денеңізге тарап, рахатқа батасыз, патшам!
Батыр енді қыздарды тастап, қолдарын соза үйілген байлыққа жайлап кетіп бара жатты. Кенет құлағына өзіне ақылын айтқан, өнерін үйреткен, батасын берген дана қарттың жарықшақ қоңыр дауысы келгендей болды.
«Қандай қиындық, ауыртпалыққа ұшырасаң да, қандай ен байлыққа кенелсең де, артыңда тұрған, күйзелген, саған бар үмітін, арманын артқан еліңді ұмытпа! Елің артқан сенімді бойтұмар етіп жүрегіңде сақта, ұлым! Нағыз байлығың – халқың. Қалған байлыққа қызықпа. Ол – сиқыр!»
Жас батыр кілт тоқтады. «Сиқыр» деп күбірледі. «Шынымен байлықтың сиқыры бойымды ала бастағаннан сау ма?» Ол жол ортада ойланып тұрып қалды.
– Патшам, неге тұрдыңыз? Ең болмаса уыстап көрмейсіз бе, інжу-маржан, алтын, жақұт, күміс! Содан кейін теріс қарап кете беріңіз, мейлі. Қызық емес пе, қолмен ұстап көрген. Ертең өкінесіз. Бұл байлыққа сіз өз еңбегіңізбен, көзсіз батырлығыңызбен жеттіңіз. Өлер аждаһа өлді. Одан сіздің еліңізге келер-кетер зиян жоқ.
Енді шынында да осы жатқан асыл тастар ма өзі? Әлде алдау ма, арбау ма? Менің күмәнім бар.
– Көріңізші, ағатай, қолыңызбен. Ертең еліңізге осы қолыңызбен таратасыз, шашу шашасыз. – Артына бұрылып қарағанда айдай сұлу қызды көрді. Жүрегі дір етті. «Не деген ақылды қыз. Даусы қандай әдемі. Бағаналы бері мен неге көрмегем?! Шынында да мынау жатқан не деген байлық! Шынымен асыл тастар ма өзі? Көрейін. Қолмен ұстағанда тұрған не бар?»
Жігіт орнынан қозғалды. Көзін арбаған жалт-жұлт еткен асыл тастар шынында да сиқырлы еді. Сол қолын асыл тастарға созды. «Ол – сиқыр! Ол – сиқыр!» деген қарттың қоңыр даусы шыққандай болды. Айбарлы жауға шапқанда дірілдемеген батырдың қолы дірілдеді. «Бір уысын алып қалтама салайын. Халқым алдымнан шыққанда шашу етіп шашайын» деп ойлады да, сол қолымен асыл тастардан көсіп бір уысын алды. Сол сәт артынан тарғыл-тарғыл қорқынышты күлкі естілді.
– Хи-хи-хи! О-о, бейшара пендем! Сен де жеңілдің. Сен де енді менің кезекті құрбандығыма айналдың. Хи-хи-хи! – Батыр артына бұрылып қарағанда жүрегі тоқтап қала жаздады. Жаңағы сұлу қос күрек тісі ақсиған, шаштары селеудей-селеудей селдіреген, ірің-ірің көздері қып-қызыл, түрі қорқынышты мыстан кемпірге айналып кетіпті. Ар жағындағы ару қыздар мүйізді, үсті-басы жүн-жүн жын-шайтандарға айналып кетіпті. Басқа адам болса жынданып немесе жүрегі жарылып кетер ме еді, кім білсін?! Батыр бойын тез жинап алды.
– Ей, пендем! Енді сен де аждаһаға айналасың. Мұнда келген із бар да, шыққан із жоқ. Болмаса сені жүз орап алатын батырлардың ішінде де аждаһаны жеңгендері болған. Бұл байлықты, асыл тастарды ұстаған адам аждаһаға айналады. Жер басып жүрген пенделердің бәрі бірдей. Мынау көздің жауын алған асыл тастарды көргенде есінен айырылып қалады. Солардың ішінде сенің жүйкең мықты екен. Бірақ сен де жеңілдің. Сенімен бірге бүкіл Көкбөрі елі жер бетінен жоғалады. Біз сенімен бірге енді бүкіл әлемді жаулап аламыз. Көкбөрі елі енді жын-шайтандар елі деп аталады. Сен бұдан былай аждаһасың! Хи-хи-хи! – деп мыстан кемпір рахаттана күлгенде алтын сарай дірілдеп кеткендей болды.
– Жоқ! Көкбөрі елі мәңгілік өлмейді. Мен аждаһа болмаймын, жын-шайтандардың алжыған кемпірі, – деді уысындағы алтын тастарды шашып жіберген жас батыр, ұшып түрегеліп.
– Ей, ақымақ пенде! Қолыңа қара! Сен аждаһаға айналып барасың. Енді көп өтпей аждаһаның қаны бүкіл денеңе, миыңа, жүрегіңе тарайды. Жүрегің тасқа айналады. Қолыңа қара, аждаһам! Хи-хи-хи!
Сұмдық! Батыр жаңа ғана асыл тастар уыстаған қолы аждаһаның жүн-жүн, сояудай тырнақты алдыңғы аяғына айналып бара жатқанын көрді. Қолы ебедейсіз ұзарып, жүн-жүн қорқынышты тері жайлап жоғары көтеріліп барады екен. Аңқау, аңғал батыр істің насырға шапқанын білді. Бағана өзі шайқасқан аждаһаның кім екенін ұқты. Талай тығырықтан шыққан дана қарттың ойы жетпеген нәрсенің не екенін, халықтың батыр ұлдарының неге қайтып оралмайтынын жан-жүрегімен сезгенде батыр жылап жіберді. Жылап жіберсе де, бұл жігіт боркемік, ез адам емес еді. Қас-қағым сәтте ширығып, қатайып алды. Қынынан алмас қылышын жарқ еткізе суырып алды да, ойланбастан жаңа ғана алтын ұстаған, бірте-бірте аждаһаның алдыңғы аяғына айнала бастаған қолын шауып жіберді.
Мұндайды күтпеген мыстан кемпір бастаған жын-шайтандар шыңғырып далаға қашты. Қылышы жарқылдаған батыр жігіт қолынан қан аққан күйі ақырып, ол да далаға ұмтылды. Қайран ер үлгермеді. Сиқырмен тұрғызылған алтын сарай гүрс-гүрс құлап, әп-сәтте алып төбеге айналды. Жас батырдың денесі сол төбенің астында қалады. Көкбөрі елінің дана қарты халқын ертіп келіп, батырдың денесі қалған сол биік төбеге тағзым етіпті деседі. Ол төбе кейін ел басына күн туғанда хандар, билер, батырлар, қалың бұқара жиналып ақылдасатын, кеңесетін қасиетті төбе болыпты деседі. Міне, Саламат аға, ертегім осылай аяқталады. Сіз жалыққан боларсыз. Бірақ осы ертегіде ойланып қарасақ, көп мән жатқан жоқ па? Қазіргі өміріміз, халықтың ауыр тұрмысы, жоқшылығы нені меңзейді? Біздің еліміз неге соншама кедей? Соншама жеріміз бар, кенге бай, алтын, күміс тәрізді алмас тастарды сықыр-сықыр басып жүріп осындай бейшара халге жеткен, азапты өмірді басынан кешіп жатқан халық неге осындай мүшкіл халге жетті деп ойлайсыз? Біздің байлығымызды кім тасып жатыр, кімнің қалтасына түсіп жатыр?
Көкбөрі елінің жалғасы қазақ халқында небір батыр да, данышпан ақылды адамдар көп. Оның әрқайсысы елін басқаруға лайық жандар. Бірақ олардың көбісі дүниеқоңыздық жолына түсіп, өз құлқынының жағдайын ойлап кетті. Жаңағы ертегіше айтсақ, аждаһаға айналып, өз халқынан, ұлтынан жеріп, теріс жолға түсіп отыр.
Мәселен, біздің ауылдың жағдайын хатымның басында босқа келтірген жоқпын. Жеп-жеп басшылар кетті. Енді жейтін ештеңе қалмап еді – ешкім бастық болғысы келмейді. Зардап шегетін баяғы қарапайым халық. Қазір байлар жоқ емес, бар. Бірақ оларда бауырмалдық жетіспейді. Бауырмал адам дүниенің, халқының қадірін біледі. Жақсылық пен жамандықтың, асылдық пен масылдықтың ара-жігін айыра алады. Халқына жаны ашыр еді.
Уақыт өте келе байлар халқын бір түсінер деп өзіңді-өзің жұбатасың. Ол қашан болады? Оған дейін халқымыз баяғыдағы аштық жылдарындағыдай қырылып қалмай ма? Оның бетін әрмен қылсын. Пәлен ғасырдан кейін тәуелсіздігін алған елім мен өлсем де құрып, жойылып кетпесе екен деп Құдайдан тілеймін. Ертегідегі хас батырша халқым үшін құрбандығы болайын деген ойға бекідім. Бірақ одан халыққа келер не пайда бар? Ал мен өлдім дейін... Одан халқымның жағдайы түзеле ме? Әрине, жоқ. Сонда біз не істеуіміз керек? Тіптен таудай алып ағалардың қолынан да түк келмей жатыр.
Халқымның маңдайына тек қана ауыртпалық, қасірет, қиындық қана жазылғаны ма деп ойлаймын кейде. Оның осы жағдайын ойлағанда ойыма әр нәрсеге алданғыш кішкентай сәби келеді. Бойы дардай, ойы сәбилік деңгейден неге өспей қалған деп күйінемін. Қазіргі адамдар сияқты әлемдегі мемлекеттер де өздерінің ішкі жағдайы үшін, баюы үшін, кімді де аямайды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп ата-бабаларымыз айтып кеткендей, заманаға сай әрекет жасамасақ, ертең қазақ халқы жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін.
МҰҚАҒАЛИ НҰРТАЙ,
Қызылорда облысы
Жалағаш ауданы Аққыр ауылы,
9-сынып оқушысы