Байбазар Ербақы, қоғам қайраткері, тіл күрескері: «Қуаныш пен қасірет, қайғың да – тіл!»

Байбазар Ербақы, қоғам қайраткері, тіл күрескері: «Қуаныш пен қасірет, қайғың да – тіл!»

Байбазар ағамен біздің отбасымыз көптен бері араласатын. Жары Сәлиманы қолтықтап жыл сайын Алматыға демалысқа келіп кететін еді. «Қарғалы» сауықтыру шипажайына кәсіподақ ұйымының атынан жолдама алып демалатын. Ағаның жасы 80-ге тақап қалса да қимылы ширақ, салауатты өмір салтын ұстанып, өзі спортпен айналысатын. Ол кісіні 100 жасайтын шығар деп жүретінбіз. Жары Сәлимамен ол оқушы, бұл ұстаз боп жүргенде танысыпты, «өзім сабақ берген шәкіртімді алып алдым» деп күліп жүретін. Байбазар ағалар келсе, балалар да «біздің ата-әжеміз келді!» деп қуана қарсы алатын. Ерекең де Жаңаөзенге іссапарға барса, ағаның үйіне соқпай кетпейтін. Келін, балаларының, немерелерінің бәрін таниды, қысқасы, туыстай араласып кеттік. «Келесі жазда отбасыларыңмен Маңғыстау жаққа келіңдер, пір Бекет атаның басына апарамыз, Каспий теңізіне шомыласыңдар, Жаңаөзенді көрсетем, қыдырасыңдар» деп айтып жүретін-ді. Бірақ амал не, асыл ағамыз арманына жете алмады... Бір қонаққа барып келе жатқанда Сәлима тәте екеуі жол апатына түскен. Байбазар аға сол жерде тіл тартпай қайтыс болып кетеді. Ал жары бірнеше ай «комада» жатып, есін жимастан бұл дүниеден өтті. Марқұмдардың жатқан жерлері жайлы, жандары жаннатта болсын!

Ширек ғасыр бойы Маңғыстау өңірінде Байбазар Ербақы жай мұғалімнен мектеп директорына дейін қызмет істеді. Кеңес өкіметі кезіндегі әділетсіздік, ұлтын, тілін кемсітушілік жан дүниесі бай азаматты іштей ширықтырып жүреді. 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі Байбазарды күрескерлік саясат әлеміне әкеледі. Қазақ тілінің өзінің облысында, қаласында өркен жаюына зор үлес қосады. 1989 жылдан бастап «Қазақ тілі» қоғамын басқарып келді. Осы жылдары орыстілді балабақшаларды қазақша тәрбиеге, ісқағаздарын қазақшалауға, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауда өлшеусіз үлес қосты. Байбазар ағаның бір жағынан жазған журналистік, жазушылық шығармалары жетерлік. Күрес жылдарындағы, әсіресе тіл майданындағы отты оқиғаларды өз еңбектеріне арқау етеді. Біз «Ана тілі» газетінің сол кездегі тілшісі Ертай Айғалиұлы мен Байбазар Ербақының №30, 18 шілде 2002 жылы шыққан сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Байбазар ағамыз – көше атын беруге лайықты жан

Жаңаөзен қаласының әкімі Қайнарбаев Жансейт Исаханұлына

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ербақы Қанат Байбазарұлынан

 

Өтініш хат

Құрметті Жансейт Исаханұлы!

Мұнайшылар қаласы Жаңаөзеннің әкімі болып тағайындалғалы бері, қаламыздың дамып-өркендеуіне атсалысып жатқаныңыз, қалаңызға шын жанашыр екендігіңіз әлеуметтік желіде де, ел аузында да өз көрінісін табуда. Осындай қаламызға жаны ашитын жергілікті іскер азамат ретінде Сізге жұмысыңызға сәттілік тілеп, алғысымызды білдіре отырып, еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілінің күрескері, марқұм әкем Ербақы Байбазар Ербақыұлы жөнінде бір өтініш білдіргім келеді.

Өзіңіз білетіндей, қысқаша айтып өтсем, әкемнің мамандығы ұстаз болатын. Ол ширек ғасыр бойы Маңғыстау өңірінде жай мұғалімнен мектеп директорына дейін қызмет атқарды. Қаламыздың көптеген атқамінерлері осы әкемнің тәлім-тәрбиесінен өтті. Кеңес өкіметі кезіндегі әділетсіздік, ұлты мен тіліне жасалған кемсітушілік жан дүниесі бай әкемді күрескерлік жолға жетеледі. Қазақ тілінің облысымызда, қаламызда өркен жаюына зор үлес қосты.

1989 жылдан 2018 жылға дейін «Қазақ тілі» қоғамын басқарып келді. Осы жылдары орыстілді балабақшаларды қазақша тәрбиеге көшіруде, ісқағаздарын қазақшалауда, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауда өлшеусіз еңбек сіңірді. Қала ішіндегі сауда орындарының орысша, ағылшынша атауларының мемлекеттік заңнамаға қайшылығын әшкерелеп, көптеген нысандардың ана тілінде аталуына мұрындық болды. Бұл саладағы мақалалары қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып отырды.

Тіл майданындағы отты оқиғалар әкемнің «Ана тілім – киелім» кітабында бейнеленсе, «1989 жыл. Намысқа шапқан ерлерім» кітабында сол жылдардағы қазақ жастарының қаламыздағы озбырлық пен әділетсіздікке қарсы күресі баяндалады. Ал «Менің студенттік кездерім» кітабы жастарға білім алу жолындағы қиын да күрделі кезеңдер туралы сыр шертеді.

Кеңес Үкіметі кезінде «СССР еңбек ардагері», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай берілген «Қажырлы еңбегі үшін» және халыққа білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгілерінің иегері атанды. Тәуелсіздік жылдарында Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін «Маңғыстау облысына 40 жыл», мұнай-газ кешенінің дамуына қосқан еңбегі үшін «Маңғыстау мұнайының 50 жыл», Жаңаөзен қаласының дамуына қосқан жеке үлесі үшін «Жаңаөзен қаласына 40 жыл» ескерткіш белгілерімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі болды. 2005 жылы Астанада өткен Қазақтардың ІІІ дүниежүзілік құрылтайының мәртебелі қатысушысы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалімен марапатталған.

Жаңаөзен қаласының «Құрметті азаматы» атағын иеленді.

Атап өтетін жайттың бірі – әкем қаламыздың ономастикалық комиссиясының белді мүшесі ретінде көшелерге елімізге, облысымызға және қаламызға еңбегі сіңген азаматтардың есімдерін беру ісіне әділ әрі адал қызмет етті.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, қаламыздың дамуына қосқан үлесін, сіңірген еңбегін лайықты бағалау және азаматтарды қоғамдық қызметке ынталандыру мақсатында, қаламыздағы көшелердің біріне Ербақы Байбазар Ербақыұлының есімін беру жөнінде қалалық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынуыңызды сұраймын.

 

Өтініш иесі: 

Ербақы Қанат Байбазарұлы

 

Жаңаөзенде ана тілін көтерген азамат

Қатал мінезді талапшыл Байбазар аға шынында да ана тілін қорлағандарды аямайды. «Тілім үшін кейде жеке марапаттаған шақырулардан да бас тартамын» дейді ол. Қазір көп жерлерде «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдары өмір сүруін тоқтатты. Ал Байбазар аға төрағалық еткен «Қазақ тілі» қоғамының ұйымы істеп тұр. Ұйымның араласпайтын саласы жоқ десе де болады. Бұл ұйыммен әкімшілік те, қаладағы барлық мекемелер де санасады, ақыл сұрайды, кеңеседі. Еңбекқор, іскер азамат бәріне көмектеседі. Ал жарнапұлды қазақ тіліне жанашыр жандар өздері-ақ жинап береді. Ол Балықшы ауданы, Ортаеспе ауылында дүниеге келген. Ат жалын тартып мінгеннен бастап көптеген әділетсіздіктерді көреді. Солардың ең бастысы – тілінің мүшкіл жағдайы оның жанын жай тапқызбайды. Желтоқсан, одан үш жыл өткен соң Жаңаөзен көтерілістері... сол жылы «Қазақ тілі» қоғамы құрылады. Сексен тоғызыншы жылдан бері күрескер де, қайсар жан талай рет отқа түссе де алған бетінен қайтқан емес.

– Аға, сіз «Жоқ, ол емес, соңғысы Жаңаөзен көтерілісі болар» деп газетке мақала жаздыңыз. Алайда қызыл империяның әр-әр жерінде бұрқ-бұрқ еткен көтерілістердің шығуына бірден-бір қозғаушы күш Желтоқсан көтерілісінің Жаңаөзен көтерілісіне де түрткі болғаны ақиқат.

– Иә, оған сөз жоқ. Желтоқсан көтерілісінің маңыздылығы да осында. Жаңаөзен көтерілісшілеріне де рух беріп, ұшқыннан жалын лаулатқан Желтоқсан көтерілісі деуге әбден болады.

– Биыл он бес жыл болғалы отырған Желтоқсан көтерілісі кезінде Жаңаөзенде толқулар болған жоқ па?

– Көтеріліс жөнінде біз желтоқсанның 18-інде естідік. Мектепке келсем у-шу. Алдымен көтеріліс туралы естідік. Әрине, сол хабардың өзін өңін айналдырып берді. «Бір топ бұзақылар» дей ме? Бірақ ішіміз сезді, бір үлкен дүмпудің болғанын. Түске таман мектебімізде милиция қаптап кетті. Әлдекім листовка іліпті. «Қазақтар, азат болыңдар!» деген бұл листовка бүкіл қаланы дүрліктірді. Листовканы жазған баланы да тапты. Ізбасаров деген оныншы сыныптың оқушысы екен. Апарып қамады. Кейін босатты да, «оныншы сыныпты бітіргізбесін» деген шешім шығарды. Біз Ш. Төлендиев екеуміз бұған қарсы болдық. «Егер нашар оқыса, шығарайық» деп шешімді өзгерттік. Жаңаөзен қаласының Алматыда оқып жүрген студенттері көтеріліске қатысқаны туралы нақты деректер бар...

– Жаңаөзен көтерілісі туралы «Ана тілінде» кеңінен толғап жаздыңыз. Осы көтерілістің айтылмай қалған тұстары бар ма?

– Бұл көтерілісті біз Маусым көтерілісі деп те жүрміз. Желтоқсан көтерілісі Кеңестің мызғымас идеологиясын тас-талқан етті. Бұл идеологияға деген, империяға деген күдік, сенімсіздік пайда болды. Жаңаөзенде ол кезде қазақтар азшылықта еді. Кавказдықтар қаланың қойма, дүкен тәрізді майлы, ақшалы жерлерін қолдарына ұстады. Астамшылық күшейді. Жергілікті халыққа менсінбей қарады. Бұрын да бұған ызаланған жастар арасында қақтығыстар жиі ұшырасатын. «Екінші Грозныймыз!» дейтін таулықтар қаламызды билеп-төстеп.

Көтеріліс стихиялы түрде басталды. Маусымның 16-сы күні кеште би алаңында қазақ қызын бір таулық биге шақырады. Ол шықпайды. Астамсыған таулық оны шапалақпен тартып жібереді. Осы шапалақ таулықтарға бәле болып жабысады. Теңіздей толқып тұрған жастарға бұл хабар тез тарайды. Ұмытып барады екенмін, бұл оқиғадан екі-үш ай бұрын қаланың басшысы Бекбосыновқа бір топ жастар хат жазады. «Жұмыссызбыз...» дей отырып, олар бар шындықты жайып салады. Бір ай уақыт береді. Енді, міне, аяғы мынадай оқиғаға ұласады. Төбелес. Көше-көшедегі таулықтардың дүкендерін, дүңгіршектерін біздің жастарымыз сол түні жайпап өтеді. Екі жерге өрт қояды. Машиналарын қиратады. Ол түні қала ұйықтамай шығады. 17 маусым. Таңертең қалалық комитеттің алдына микрофон орнатып, жастар митингі жасайды. Хадиша деген келіншек өткір-өткір сөйлейді: «Қазақ жастарына жұмыс керек. Таулықтар тайып тұрсын. Қала басшылары мұны істей алмаса, толық кетсін!» Сағат он-он бірлерде орталық көшенің бір жағында қазақтар, бір жағында таулықтар тайталасы басталды. Қазақтар көбейіп, оларды ығыстыра бастады. Таулықтар үй-үйдің арасымен қашты. Кеште Жаңаөзен аспанында гүрілдеп самолеттер, вертолеттер пайда болды. Жазалаушы отрядтар қаптады.

18 маусым. Таулықтар түнде көше бастайды. Оны біз кейін білдік. Бес қаруын асынған жазалаушылар сап түзеп тұр. Халық қарақұрым болып көбейді.

– Қантөгіс осы уақытта болды ма сонда?

– Иә. Біздің жастар енді солдаттармен текетіреседі. Олар қорқытпақшы болып аспанға оқ атады. Мұндай кезде олардың тәжірибесі бойынша көтерілісшілер жер жастануға тиіс. Бірақ жаңаөзендіктер тізе бүкпек түгілі қасқайып солдаттардың өздеріне айбар көрсетеді. Ызаланған солдаттар тіке оқ атуға мәжбүр болады. Жараланғандар, тіпті өлгендер болғанымен, көтерілісшілер қайтпайды. Жүздеген жаралылардың көбісін үйлеріне, ауырларын ауруханаға жібереді. Түнде таулықтарды түгелдей жасырын түрде көшіреді. Қалған оқиға газеттерімізде түгел баяндалған. Әбіш Кекілбаев бастаған зиялы топ жастарды тоқтатты. Көтеріліс қазақ жастарының жеңісімен аяқталды. Қаламызда тыныштық орнады. Қазақтар мұнай және қалған байлыққа өздері ие бола бастады. «Қазақтар мұнай шығара алмайды» деген теріс пікірдің тас-талқаны шықты. Тез арада жастарды оқытып, жұмысқа орналастыруда Махамбет Батырбаев бастаған жігіттердің еңбектері орасан.

– Енді ана тіліміз үшін күрес басталды. Сол жылы Республикамызда «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Аға, сіз қоғамның алғашқы құрылтайына қатыстыңыз ба?

– Мені де делегат етіп шақырды. Құрылтай қазан айында Алматыда опера театрында болды. Оның алдында зор шайқаспен қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін бергендігі жөнінде қуанышты хабар бүкіл республиканы аралап кетті. Халықтың рухы көтеріліп, теңіздей буырқанып жатты. Наурызымыз келді. Дініміз оралды. Тәуелсіздіктің самалы есті. Құрылтайдағы менің әсерім көл-көсір еді. Зор қуат, рухани күш алып қайттым. Мұнай, байлықты қолға алғанымызбен, қаламыздағы балабақша, мектеп, мекемелердегі ісқағаздары орысша. Біз алдымен балабақшаларды қазақшалауға бетбұрдық. Енді құрылған «Қазақ тілі» қоғамы ұйымын жергілікті орындар, мекемелер менсінбеді. Қалада ол кезде 50 мыңдай халық бар. Оның 80 пайызы қазақ. Соған қарамастан, он төрт балабақшаның бәрі орысша. Бастықтары негізінен орыс ұлты. Оларды қазақшаға аудару оңайға соққан жоқ. Ата-аналармен үй-үйді аралап сөйлестік. Өтініштерге қол қойдырттық. Кейбіреулер қорқып қол қоймады. Тіпті бірде: «Елді зорлап жатыр» деп бір жігітімізді қамап та қойды. Осы жерде зор ерлік көрсеткен халыққа білім беру басқармасының төрайымы Маңдайлы Қашаубаеваны ерекше атаған жөн. Махамбет Батырбаев та сөзге келмей бір балабақшаны қазақша етуге қол қойды. Алғашқы жеңісіміз бізді жігерлендіргенімен, Маңдайлының үстінен арыз қардай жауды. «Өзенмұнайгаз» басқармасының бастығы Батырбаев Махамбет ол арыздарды тыңдамай қойды. Ағиба Қатешова деген журналист қызымыздың белсенділігін, сол кездері тізе қосып бізбен бірге жүргенін ерекше атағым келеді.

Балабақшалар енді біртіндеп қазақшаға ауа бастады. «Кадр жетіспейді» деген сылтауға да қарсы шаралар ұйымдастырдық. Маңдайлы қызымыз үйде жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді курстарға топ-тобымен оқытты. Көп ұзамай соңғы балабақшаны да қазақша еттік. Әрине, мекемелерде қазақша іс жүргізуге деген жұмыстар да қызу жүргізіліп отырды.

– Өзіңізбен бірге мекемелерді аралағанда біздің көргеніміз маңдайшалардағы жазулар тек қазақша екен. Тіпті мұнай және техникалық терминдерді де қазақшалап алыпсыздар. Жігіттер әлгі қазақшаланған терминдерді ауызекі сөздерінде қолданып айтқанда тіпті мерейлендік.

– Мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ. «Ойбай-ау, құжаттардың қазақшасы жоқ. Оны біз қайдан аламыз?» деп байбалам салғандарға алғашқыда ол құжаттарды, мәтіндерді өзіміз жасап, қазақшалауға мәжбүр болдық. Қазір, шүкір, бәрі бар. Сөздіктер жетеді. Сол кезде Мұрат Ізбергенұлы және басқа да жігіттердің туған тіліне жасаған қамқорлықтарын бөле-жара айтып кеткен жөн. Сол кезде басшылық орындарда істеген Жақсылық Жангазиев, Базар Ботабаев, Қосаман Жайлы деген жігіттер маған көп көмектесті. «Атамекен» деген телеарнамыз бар. Сонда істейтін Базар Ботабаев, Қосаман Жайлы деген жігіттер маған көп көмектесті. Қазірдің өзінде теріс мінез көрсеткендерді осы телеарна арқылы сынап, жұлқылап аламыз.

Тәуелсіздігімізге биыл он жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Менің ойым мынадай: мемлекетіміздегі кімге болсын, мейлі, мемлекеттік тілді білуді енді міндеттеу керек. Жалпақшешейлікті, ұзын арқан, кең тұсауды қоюымыз тиіс. Бір-бірімізді алдамайық. Бізде қазір қазақ тілін үйретуге толық мүмкіндік бар. «Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз» дегендей, енді несіне жалтақтаймыз? Тілімізді үйренбеушілерді, қарсыларды телеарналар мен баспасөз арқылы үнемі әшкерелеп отырса, жұмыс алға басады деп ойлаймын.

        

Редакциядан: Шынын айтсақ, осыншама зор еңбек сіңірген журналист, қаланың рухани саласына елеулі үлесін қосқан қоғам қайраткері Байбазар Ербақы ұмыт қалған сияқты. Бірнеше жылдан бері оның балалары қала әкімшілігіне хат жазып, әкелеріне көше атауын беруді өтінген екен, бірақ өтініш орындалмаған. Біз де бүгін сол хатты жариялап, қала әкімінен көше беруін өтінеміз.

Дайындаған – Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455