Облыс орталығында 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу туралы семинар-кеңес өтті. Жиынға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, аудан әкімдері, өңір диқандары, ғалымдар мен сала мамандары қатысты. Семинар-кеңесті ашқан облыс әкімі өңірдегі егіс науқанына дайындықтың маңыздылығын атап өтті. Кейін Айдарбек Сейпілұлы елдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы туралы баяндама жасады. Өз сөзінде министр өткен жылдың шаруалар үшін оңайға соқпағанын, биыл бұл жағдай қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдануы керек екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 5 жылда ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру үшін аталған салаға қатысты бірқатар кездесулер өтті. Оның нәтижесінде ауылшаруашылығы саласында жүйелі мәселелер анықталды. Соның біріншісі – статистикалық деректердің бұрмалануы. Көп жыл бойы әртараптандырудың тек қағаз жүзінде жүргізіліп келгенін мойындауымыз керек. Бүгінде бұған жол бермеу үшін арнайы топ құрылып, солтүстік облыстарда жұмысын бастады. Екіншіден, агротехнологияны қолданудың төмен деңгейі. Атап айтқанда, тыңайтқыштарды қолданудағы қажеттіліктің 21 пайызы ғана орындалуда. Ұсынылған ауыспалы егіс ережелері сақталмайды, егілетін тұқымның сапасы нашар. Элиталық тұқымның үлесі төмен, бидайдан басқа дақылдар бойынша шеттен келетін тұқымға тәуелдіміз. Көкөніс тұқымдары түгел дерлік сырттан жеткізіледі, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше, техниканы жаңарту мәселесі де өзекті. Жыл сайын технопарктің тек 4 пайызы ғана жаңартылады. 2,2 млн гектар суармалы алқапты пайдалану мүмкіндігіне қарамастан, іс жүзінде тек 1,5 млн гектар алқапта суармалы әдіс қолданылады екен. 30 жылда су үнемдегіш технологиямен жабдықталған алқаптар көлемі 312 мың гектарға ғана жеткен. Соның салдарынан шығымдылық төмендеп, өнімнің өзіндік құны жоғарылаған. Сол себепті жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерінің нарықтағы бәсі төмен. Көрші елдің тауарымен бәсекелесу үшін шаруалар астық өнімділігін гектарына 20 центнерге жеткізулері керек.
Айдарбек Сапаров мал шаруашылығы саласында да түйткілдер бар екенін атап өтті.
Бүгінде елдегі ірі қараның орташа салмағы, сүттілігі басқалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Оған негізгі себеп мал азығының дұрыс дайындалмауы, жануарлардың генетикалық потенциалының төмендігі, қаржыландырудың аздығы. Тағы бір мәселе – өңдеу кәсіпорындарының толық қуатында жұмыс істемеуі. Мысалы, қант зауыттары шикізаттың жетіспеушілігінен тек 6 пайыз қуаттылықта жұмыс істеп тұр. Өзге кәсіпорындардың қуаттылығы 6-40 пайыз аралығында. Министр елдегі ветеринария мен фитосанитарияның да кенже қалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл салалардағы жағдай оңалмаса, отандық өнімді экспорттау қиындыққа тап болуы мүмкін.
Аталған мәселелерді шешу үшін жол картасы әзірленген. Мамандар өңірлердің климат жағдайын, өнімді өткізу жолдарын ескере отырып, жоспарлы жұмыстар жүргізуде.
Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасап, өңірдегі егіс науқанына дайындық жұмыстары жайлы айтты.
– Биыл өңірде 4,5 млн гектарға тұқым себіледі. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 3,4 млн, майлы дақылдар 751 мың, жемазықтық дақылдар 379 мың, картоп 26, көкөніс 5 мың гектар. Жүргізілген талдаулар жерге қажетті жауын-шашын жауғанын көрсетті. Ылғалдың мол болуы егіс науқанына қолайлы жағдай туғызып отыр. Биыл 256 мың тонна минералды тыңайтқыш себу межесі қойылды. Осылайша біз 2028 жылға дейін ғалымдар ұсынған деңгейге жетеміз. Тыңайтқыш сатып алу бойынша жұмыстар Жамбыл, Уәлиханов, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда төмен. Өңірде су үнемдеу технологиясының көмегімен суармалы алқаптар үлесін арттыру қолға алынды. Биыл суару ауданы 9,4 мың гектарға жеткізіледі. Есіл өзенінің мол су қорына қарамастан, біз өз әлеуетімізді тиімді пайдалана алмай отырмыз, – деді Марат Иманбайұлы.
Өңір басшысының бірінші орынбасары шөп дайындаудағы түйткілдерді де атап өтті. Мал азықтық шөптердің шектік 7-8 жыл мерзіміне қарамастан, өз шабындықтарын 20 жылдан астам уақыт бойы жаңартпай келе жатқандар бар екен. Уәлиханов ауданындағы мал азықтық алқаптардың 90 пайызы ескірген. Құрамында ақуыз бен протеині мол кей дақыл түрлері мүлде өсірілмейді. Осының бәрі биыл қыста бірнеше ауданда жемшөп тапшылығын, қымбаттауын туғызды.
Жиын барысында Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев сөз алып, аудандағы көктемгі егіске дайындық жұмыстары туралы баяндады. Кейін А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Тимур Савин мамандар ұсынған үздік сорттар туралы айтып берді. Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылығы тәжірибе стансасының директоры Виталий Заика өңірдегі ауа райы туралы болжамдарын айтып, түрлі дақыл түрлерін егу бойынша кеңес берді. «Атамекен-Агро» кәсіпорнының басқарма төрағасы Кинтал Исламов агроқұрылымның егіс науқанына дайындығы, саладағы мәселелер туралы ойымен бөлісті. Ал Омбы аграрлық ғылыми орталығы директорының орынбасары Павел Поползухин орталықтың ғылыми жетістіктері мен қазақстандық шаруалармен байланысы жайлы баяндама жасады. Жиын қатысушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, сауалдары мен ұсыныстарын жолдады.
НҰРСАЙЫН ШӘРІП,
Солтүстік Қазақстан облысы